The Guardian, Le Figaro басылымдары қазақстандық вакцина туралы жазды

0
1964

Дүйсенбі, 26 сәуірде Қазақстанда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac вакцинасымен халықты вакцинациялау басталғаны туралы бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Солардың қатарында әлемге әйгілі The Guardian, Le Figaro газеттері де бар.

Қазақстан коронавируспен күресте өзінің отандық QazVac вакцинасының көмегіне жүгінгенін жазды Францияның 195 жылдық тарихы бар Le Figaro газеті. Күн сайын 330 мың таралыммен оқырманға таралатын байырғы газеттің жазуынша, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында алғашқы 50 мың дозасы өндірілген қазақстандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой телеарнаның тікелей эфирі арқылы алған. Атақты француз газеті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан – әлем бойынша өз вакцинасын шығарған бірнеше елдің қатарында» екенін білдірген пікірін және ресейлік Спутник V вакцинасын өз аумағында өндіруді қолға алған әлемдегі алғашқы ел екенін, Спутник V-мен халықты жаппай вакциналау басталғалы бері әрбір жиырмасыншы жергілікті тұрғынның екпе алғанын жазды.

Әлемге әйгілі тағы бір басылым – 200 жылдық бай тарихы бар британдық The Guardian газеті Қазақстан өзінің QazVac вакцинасымен вакцинациялауды бастағаны туралы ақпарат жариялады. Мұндай ақпараттармен әлемнің 10 тілінде ақпарат тарататын швейцариялық SWI порталы мен күнделікті малай тілінде шығатын Индонезияның Republika газеті де бөлісті.

Мадияр Әзизұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here