Ұлы Жеңіс – 75: Қарты бардың жұрты бар

0
1146

Бала кезімнен есімде. Әжем күнделікті бітпейтін күйбең тірліктен сәл қолы қалт етсе, кірер бөлмедегі радиоқабылдағыштың тұсындағы орнына жайғасып, бірде ұршығын үйіріп, бірде жүн түтіп, бірде құрақ құрап, жамау жамап отырып, құлағы радиодағы хабарларда болатын. Түрлі концерттер мен радиоәңгімелерді қалт жібермейтін. Әсіресе, бірнеше күндер бойы жалғастырып берілетін әдеби шығармалардың бірде-бір эфирін өткізбей тыңдайтын. Сол шығармадағы кейіпкерлер үшін бірде қуанып, бірде жұбанып, тіпті кейде көзінің жасын сығып алып отыратын. Құдды бір сериал көргендей! Ондай хабарлар сиреп кеткен кездері бізді шақырып алып, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің әңгімелерін дауыстап оқытатын, осылайша рухани азық алатын.

Ән-күйлердің шығу тарихы, орындаушылары туралы бәрімізден көп білетін. Әннің сөзі мен мақамындағы өзгерістер, әртүрлі орындау ерекшеліктері туралы ойлары тіпті ерекше болатын. Осы кездері ойлап қарасам, әжемнің сол әңгімелері қазіргі жоғары білімді музыкатанушы мамандардың талдауларынан еш кем түспейді. Ол кездері бүгінгідей диктофон, смартфон дегендердің ешқайсы жоқ, бала емеспіз бе, қағазға жазып алып қалу деген де ойға келмеген. Осындай қарияларды үнемі аңсап жүремін.

Жақында қаланың қақ ортасында тұратын, ғасырға жуық жасы бар көмбе қариямен жолықтым. Бірнеше жылдардан бері төсек тартып жатса да, көзіндегі оты, көңіліндегі шуағы, ой-пікірінің өзектілігін жоймаған, қазақша айтқанда, сыры да, сыны да қисаймаған ақсақал. Сонау балалық шағынан иығына арқалаған елі мен ағайынның жүгін еш ауырсынбай күні бүгінге дейін көтеріп келе жатқан қазыналы қария.

Амандаса келген жанның баршасын жүзі жадырап қарсы алып, жарасымды әзілімен, парасатты әңгімесімен баурап алатын Олжабай қарияның күлімсіреген жүзіне қарап отырып, Эммануил Канттың «Жүзіңдегі жарқындық келе-келе ішкі жан-дүниеңді де жадыратады» деген сөздері есіме түсті. Қария өзінің науқасы туралы шығарған мына бір төрт шумағын айтқанда да көзінен де, көңілінен де еш мойығандық сезілмеді:

Бел омыртқадан жабысқан

Екі аяғым қалды басудан.

Өз денеме өзім ие бола алмайтын

Жарты адам болдым жатудан.

Әдетте, төсек тартқан қария кісіні көргенде, бойыңды билеп алатын аяныш сезімдері бұл жолы бізден мүлдем аулақ болды. Бұл, әлбетте, ақсақалдың ажарындағы ақжарқындық, бітіміндегі беріктік, табиғатындағы табандылықтың әсері болса керек.

ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен бірнеше ашаршылық, бірнеше соғыс, репрессия, қудалау, жеке басқа табынушылықтың түр-түрі сияқты бүкіл қайғы-қасіреттің бәрінің тірі куәгері болып, өмір мен өлім арасында жүрсе де, сол жүзіндегі жарқындықты сана-сезім, ақыл-ой шамшырағымен жандандыра білген тұлға отырды алдымда.

Осындай кісілерді көргенде, күнделікті болатын кейбір ұсақ-түйек түсінбеушіліктер мен реніштердің жүзімізді ғана емес, бүкіл жүйке-жүрек жүйемізді жаулап алуына мұрсат беріп қойған өзіміздің бүгінгі халіміздің барып тұрған әлсіздік екендігіне көзіңді жеткізгендейсің.

Күні кеше 75 жылдығы атап өтілген Ұлы Жеңісті тікелей жасаушылардың бірі Олжабай ата – Рахымжан Қошқарбаевпен бірге соғысып, Рахымжан атамыздың рейхстагқа ту тігуі жолында бірге атсалысқан, Жеңіс мерекелерінде киетін әскери мундирінің омырауы орден мен медальға толы хас батырдың өзі. Рахымжан атамызбен өмірінің соңына дейін үзеңгілес достығы, қарым-қатынасы үзілмеген, дастархандары бірге жайылған достар болған.

Өмір бойы ішкі істер саласында қызмет етсе де, қазақтың тарихы мен әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін еш жоғалтпаған, қандай заман болса да, ұлт тарихы, тілі мен мәдениетіне деген өзінің жанашырлық сезімін берік ұстанған Олжабай ата өмірінің әр кезеңдерінде қазақтың зиялы азаматтарымен жақын араласып, олардың арасында сыйлы болған адам. Сондай достары туралы айтқанда, атамыз тіпті арқаланып, арқасындағы жастығын қомдап-қомдап қойып отырды. Мен де «Әсте кезінде нағыз серінің өзі болғансыз-ау!» деп қоямын ішімнен. Расында да солай-ау. Досы Мұзафар Әлімбаев марқұмның:

Зояның арқасында өмір танып,

Бүгінде адам болдың Темірханов, – деген жолдарын еске алып, әбден күліп алды.

«Мұзафардың өлеңін айтқанда есіме түседі, қызым! Мен осы мынада көрсететін (төсегінің аяқ жағында ілулі тұрған телевизорды нұсқап) барлық қазақ концертерін көруге тырысамын. Қарным ашады, мүлдем. Біздің кезіміздегі әндердің көпшілігі ұмытылып барады. Тіпті айтылған күнде де, не әнін түсініп, не сөзін түсініп болмайсың. Қазіргі әншісымақтар әбден мазаққа айналдырып бітті. Анау кешегі Шәмші, Әсет, Нұрғисаның әндерін бірде тым созып, бірде жын ұрғандай тарсылдатып, шулатып айтатын әншілер көбейіп кетті. Сосын ән деген оның сөзі мен әуенінің авторларынан тұрмаушы ма еді. Басты құрмет соларда болмас па еді? Олардың есімдері аталудан мүлдем қалып барады. Сұмдық емес пе, бұл?! Бүгінгі тыңдарман әншіні ғана біледі, кейде тіпті әннің атауын да біле бермейді. Осы туралы айту керек, қызым, жазу керек. Әйтпесе, әбден үрдіске айналып кете ме деп қорқамын. Осыны жазшы, айналайын!» – деп, маған жымия қарап қойды да:

Ән айтарың бар ма өзіңнің? – деп тұтқиылдан сұрақ қойды. Менің сәл тартынған түрімді байқап, күтуші апайды шақырды да, қасындағы өз басым біле бермейтін заманауи бір аппаратты көрсетіп: – Қане, бір өлең оқып жіберші! – деді.

Апай төсектің бас жағында тұрған кітапты алып, бөлмеден шығып кетті. Ата маған қулана қарап: «Тссс, тыңда!» дегенше, дәл тұсымыздан өлең оқыған дауыс шықты.

Тағы да әжемнің радиоқабылдағышы түсті есіме.

Ғасырға жуық ғұмыры бар, халқымыздың мыңжылдықтарға созылған тарихынан біліп, тоқып, көргені бар қазыналы қарияның өмірге, өнерге, білім мен ілімге – бүкіл жаңалық атаулыға деген қайсар құмарлығы тамсандырды. Көңіл көркемдігі мен көкірек сәулелігінің сыры да осында жатса керек.

Әңгімесінің соңында Олжабай ата маған тағы да қуақылана бір қарап: «Адамның жан-жануардан айырмашылығы неде?» – деді.

Мен үнсізбін. Сұрақ баршамызға!

Қалдыгүл Жаныбаева

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here