Тақ пен бақ: Лукашенко билікте қала ма?

0
4746

9 тамыз күні Беларусьте кезекті президент сайлауы өтті. Аты кезекті болғанымен, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болатын түрі бар. Сайлау бітті. Осы елдің Орталық сайлау комиссиясы қазіргі Мемлекет басшысы Александр Лукашенконың электораттың 80 пайыздан астам дауысына ие болып, айқын басымдықпен жеңіске жеткендігін жариялады. Десе де, Беларусьтағы биылғы жылдың басты саяси додасының қызығы мен шыжығы осымен аяқталмайтын сыңайлы.

Сайлау нәтижесімен келіспеген ел тұрғындары күнде жаппай митингке шығуда. Мысалы, өткен жексенбі күні ел астанасы – Минск қаласында ірі екі шеру өтті. Біріншісі – Лукашенкоға, екіншісі – Тихановскаяға қолдау білдірді. Дегенмен, екіншілерінің үні қатты әрі сенімді шықты. Өйткені, бұл наразылық шеруге 200 мыңға жуық адам қатысқан.

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған дүрбелеңге басты себеп – азаматтар Александр Лукашенконың жеңісімен келіспейді. 26 жыл бойы президенттік тақтан түспей келе жатқан «Батька» өз отандастарына несімен ұнамай қалды? Тағдыршешті кезеңде тұрған бүгінгі Беларусьтің ахуалы қандай? Наразылық шерулері оң өзгеріске бастай ма, әлде?

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтарға жауап іздейді.

СОВХОЗ ДИРЕКТОРЫНАН – ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ДЕЙІН

Кеңес Одағы ыдырағаннан соң оның құрамында болған Беларусь әлеуметтік, экономикалық және саяси дағдарысқа тап болды. Егемендіктің елең-алаң жылдары бұл ел өзге посткеңестік мемлекеттер сияқты инфляцияға, жаппай тапшылық пен түрлі қиындықтарға тап болды. Осындай аумалы-төкпелі уақытта яки 1994 жылы Беларусьте алғашқы президенттік сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша 39 жастағы совхоз директоры Александр Лукашенко қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, тәуелсіз Беларусь мемлекетінің тұңғыш президенті болып сайланды.

Ол Конституцияға қолын қойып, ел халқына ант берген кезде Беларусьте заң басты рөл ойнайтынын, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін заңды қатаң сақтауы қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол елде жүргізіліп жатқан жаппай жекешелендіруді тоқтатып, барлық салада тәртіп орнатамын деп мәлімдеді. Десе де, жыл өтпей жатып жаңадан сайланған президент заңға өзгерістер енгізіп, оны өзіне ыңғайлы ете бастады. Атап айтқанда, Лукашенконың бастамасымен бірнеше жалпыхалықтық референдум өтті. Сарапшылардың пайымдауынша, аталған референдумдар президенттің құзіретін барынша кеңейтуге ықпал етті. Мәселен, 1995 жылғы алғашқы референдумнан соң Мемлекет басшысы парламентті тарату құқығына ие болды. Сонымен қатар, орыс тіліне беларусь тілімен қатар мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, ұлттық рәміздер өзгертілді. Бұған қарсылық көрсеткендер қудалауға ұшырады, қызметінен айырылды, айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Тіпті, із-түссіз жоғалып кеткендер де бар.

1996 жылы өткен екінші референдум Александр Лукашенконың құзіретін одан әрмен күшейтуді көздеді. Мемлекет басшысы парламенттің келісімінсіз министрлерді тағайындауды және қызметінен босатуды, өлім жазасы, жерді сату және сатып алу, тәуелсіздік мерекесін басқа күнге ауыстырудан бөлек, Конституцияға өзгеріс енгізіп, заңмен күші тең болатын декреттер қабылдау құқығын беруді ұсынды. Сондай-ақ, Конституцияны бұзған жағдайда президентті отставкаға жіберуді қарастыратын тармақты заңнан алынып тастау да қарастырылды. Әлбетте, тұрғындар тарапынан аталған ұсыныстар мақұлданды. 

Референдум қорытындысына Жоғары Кеңес, Конституциялық Сот пен Орталық сайлау комиссиясы түбегейлі қарсы шықты. Ал, оппозиция өкілдері бұған «мемлекеттік төңкеріс» деп баға берді. Референдум өткен күні Александр Лукашенконың Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Виктор Гончар қызметінен босатылды. Бұл – өрескел заңбұзушылық еді. Себебі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау және қызметінен босату парламенттің құзырында болатын. Президент Лукашенко Жоғары Кеңес, Конституциялық Сот сияқты заңдық құзіреті бар органдарды таратып, оны жаңадан құрды. Алайда, оларды халықаралық ұйымдар мойындамады. Көп ұзамай Беларусь президенттік-парламенттік басқару жүйесіндегі мемлекеттен президенттік республикаға айналды.

2004 жылы өткен референдумда бір мәселе қарастырылды. Ол – бір адамның президент болып сайлануын шектемейтіндей етіп Конституцияда бекіту һәм Александр Лукашенконың келесі президент сайлауына қатысуына мүмкіндік беру. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, Конституцияға сәйкес ол үшінші рет президент орынтағына жайғаса алмайтын. Десе де, референдум қорытындысы бойынша Беларусь азаматтарының 87,9 пайызы ұсынысты қолдап дауыс берген.

2006 жылы кезекті президенттік сайлауда Лукашенко 83 пайыз дауыс жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оппозиция сайлау нәтижелерімен келіспейтіндігін мәлімдеп, наразалық шеруге шықты. Шеру төрт күнге созылып, қауіпсіздік қызметкерлері 500-ден астам адамды тұтқындады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеді. Бұған қоса Еуроодақ пен АҚШ Беларуське экнономикалық санкциялар енгізді.

Осы орайда Еуропаның қақ ортасындағы бұл елде өткен президенттік сайлауларға шолу жасап өтейік. Тәуелсіз Беларусь тарихындағы алғашқы президенттік сайлауға жоғарыда тоқталдық. Екінші сайлау 2001 жылғы 9 қыркүйекте өтті. Лукашенко сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жете назар аудару, әлеуметтік жәрдемақы мен өнім өндіру көлемін арттыруға уәде берді. Сайлаудың алғашқы кезеңінде Александр Лукашенко 75,65 пайыз дауыс жинап, президенттік тағын сақтап қалды. ЕҚЫҰ бақылаушылары сайлау барысында халықаралық талаптар сақталмағандығын алға тартып, заң бұзушылықтар орын алғандығын мәлімдеді. Сайлау алдында және одан кейін елде наразылық шерулері өтті. Бірақ, көп ұзамай ол басылды.

Лукашенко 2006 жылғы 19 наурыздағы сайлауда электораттың 83 пайыз қолдауына ие болып, Беларусь президентінің тағына қайта жайғасты. Сайлау нәтижесіне келіспеген ел азаматтары президенттіктен үміткерлер Александр Милинкевич пен Александр Козулиннің жетекшілігімен жаппай наразылық шеруіне шықты. Ел астанасы Минсктегі 19-25 наурыз аралығында өткен митингке жалпы саны 30 мыңға жуық азамат қатысқан. Сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар Минскінің бас алаңына шатырлар құрып, өз ұстанымдарын білдіруге тырысқан. Төртінші тәулікте милицияның арнайы жасағы шеруге қатысушыларды күшпен таратты. 500-ден астам адам тұтқындалды, акцияға қатысқан ондаған адам зардап шекті.

Беларусьте 2010 жылғы 19 желтоқсанда төртінші президенттік сайлау өтті. 20 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконың 79,65 пайыз қолдауға ие болғанын жариялады. Сайлау нәтижесімен президенттіктен үміткер ретінде тіркелген кандидаттармен қатар, Еуроодақ пен АҚШ келіспейтіндігін мәлімдеді. Бұл жолы да ел тұрғындары шерулер мен наразылық акцияларын ұйымдастырып, сайлау қорытындысына қатысты азаматтық көзқарастарын білдірді. Деректерге сүйенер болсақ, 50 мыңға жуық ел азаматтары Александр Лукашенконы қатыстырмай сайлауды қайта өткізуді талап еткен. Алайда, арнайы жасақ наразыларды күшпен таратып, президенттікке үміткер жеті кандидатпен қатар жүздеген адамды тұтқындады.

2015 жылы өткен кезекті сайлауда Александр Лукашенко 83,49 пайыз дауыс иеленіп, бесінші рет президент болып сайланды.

САЯСИ ДОДА АЛДЫНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ

2020 жылғы сайлауда 55 үміткер бағы мен бабын сынап көрмекке ниетті екендігі белгілі болды. Президенттік тақтан дәмелілердің санының көптігі жағынан да биылғы саяси науқан тарихта қалмақ. Үміткерлердің арасында «Страна для жизни» YouTube арнасының авторы Сергей Тихановский, Белгазпромбанктың бұрынғы басшысы Виктор Бабарико, Жоғары технологиялар паркінің экс-жетекшісі Валерий Цепкало сияқты кездейсоқ адамдар да бар.

Орталық сайлау комиссиясы түрлі сылтаумен саяси додаға түсуге ниетті 40 адамның өтінішін кері қайтарды. Олардың арасында оппозиция атынан бақ сынауға бел буған Сергей Тихановский де бар. Осыдан кейін оның жұбайы сайлауға түсуге талпынып, нәтижесінде оның кандидаттығы ресми түрде бекітілді. Үміткер ретінде тіркелуге қажетті 100 мың қол жиналғаннан соң Светлана Тихановскаяның жақтастары көшеге шығып, наразылық акцияларын ұйымдастыра бастаған. Ресми деректерге сүйенер болсақ, сайлауға бір апта қалған кезде 60 мыңға жуық азамат шеруге шыққан. Митингке келген Тихановская президенттік лауазымға тағайындалған жағдайда елдегі барлық саяси тұтқындарға бостандық берілетінін мәлімдеді. Наразылық акциялары мен шерулерге қатысқаны үшін 100-ден астам адам жауапқа тартылып, әкімшілік жаза тағайындалды. Қомақты айыппұл да салынды. Ұсталғандардың қатарында зауыт жұмысшылары, блогерлер мен зейнеткерлер де бар. Қараша қауым елге жаңа басшы мен елеулі өзгеріс керектігін айтып, ұрандатты.

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫ САЙЛАУДАН ӨЗГЕРЕК…

Елдегі ең басты саяси дода алдындағы белең алған дүрбелең мен жаппай наразылық шерулері ел тізгінін 26 жыл ұстаған әккі саясаткер Лукашенконы тығырыққа тіреген сыңайлы. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, жуырда Беларусьтегі ішкі тұрақтылықты бұзу үшін арнайы келді деген сылтаумен бірнеше ресейлік тұтқындалды. Ресми ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ұсталған Ресей азаматтарын «ЧВК Вагнера» әскери компаниясының мүшелері деп таныды. Осыған орай шұғыл мәлімдеме жасаған президент Александр Лукашенко Ресейді «бөтен пиғылы» үшін айыптап, бұл оқыс оқиғаны «төтенше жағдай» деп жариялады. Сондай-ақ, мемлекеттік басшысы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне мәселені майшаммен қарап, жағдайды жете зерттеп-зерделеуді тапсырды.

Айта кетейік, «ЧВК Вагнера» ұйымының мүшелері Африка мен Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысқаны белгілі. Кейбір батыс ақпарат құралдары олардың Украина мен Сирия үкіметіне жасырын бағынатын күштерге көмек һәм қолдау көрсеткенін жазады.

Хош. Сонымен 9 тамыз күні сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясы қазіргі Мемлекет басшысы Александр Лукашенконың 80 пайыздан астам дауыс жинағанын ресми мәлімдеді. Ал, оның басты қарсыласы, оппозиция өкілі Светлана Тихановскаяға ел азаматтарының 10,12 пайызы дауыс беріпті. Бұдан бөлек, «Говори правду!» қозғалысының көшбасшысы Андрей Дмитриев – 1,21 пайыз, Беларусь социал-демократиялық Грамадасының төрағасы Сергей Черечень – 1,14 пайыз, Өкілдер палатасының экс-депутаты Анна Канопатская – 1,67 пайыз қолдауға ие болған.

10 тамызға қараған түні сайлау учаскелері жабылып, мемлекеттік экзитполдың алғашқы нәтижесі жарияланғаннан кейін Беларусьтің бірнеше қаласында наразылық шерулері басталды. Кейіннен ол жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Осы арада сайлаушылар дауысын өз бетінше есептеген оппозиция Светлана Тихановскаяның 80 пайыздан астам дауыс алғанын жариялап үлгерді. Минскіде наразы топ пен арнайы жасақ қақтығысып, қалаға әскери техника кіргізілді. Шерушілерді тарату үшін арнайы жасақ көзден жас ағызатын газ бен жарықшақты гранаталарды қолданған. Ресми мәліметтерге сенер болсақ, осы қақтығыстарда бір адам мерт болған. Дүрбелең кезінде 7 мыңға жуық адам ұсталып, тұтқындалғандарға «жаппай тәртіпсіздік» және «милиция өкілдеріне күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Десе де, ұсталғандардың 2 мыңға жуығы босатылған. Бұл туралы Беларусь ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Ал, оппозиция серкесі Светлана Тихановская елді тастап, Литваға кетті. Соңғы тәуліктерде наразылық акцияларына қатысушылар сапына дәрігерлер мен мұғалімдер, ірі өндіріс ошақтары мен зауыт жұмысшылары да қосылды.

Telegram-дағы Mash және Nexta арналары елдегі арнайы жасақ пен бейбіт тұрғындар арасындағы қақтығыс туралы кадрларды тәулік бойы жариялауда. Өткен сенбі күні Александр Лукашенко ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Бізді бейбіт акциялар және нарызылықтармен әлдилеудің керегі жоқ. Біз түбінде не болып жатқанын көріп отырмыз. Жақсы көріп отырмыз. «Түрлі түсті революцияның» әдіснамасын бәріміз оқыдық қой. Одан бөлек «түрлі түсті революцияның» әдіснамасында сыртқы жақтан араласудың элементтері пайда болыпты», – деді ол.

Лукашенконың пайымдауынша, көшеде жүргендердің басым көпшілігі мәселенің мәнісіне терең қарамайды, не болып жатқанын түсінбейді. Елде орын алып отырған жағдайды жаппай тәртіпсіздіктерді үйлестіріп, бағыттап отырғандар ғана түсінетіндігін айтады.

«Олардың кәсіби түрде жұмыс істейтінін көріп отырсыздар: әдейі қойылым қояды, фейк таратады. Менің Мәскеуде үйім бар екенін тауыпты-мыс. Қазір жария түрде айтамын: таптыңыз ба, ала қойыңыз. Менің Беларусьте ауылда тұратын ресми резиденциямнан басқа иелігімде ештеңе жоқ. Мен алдын күні елден кетіп қалыппын, не ауырып қалдым, енді өліп қалдым дегенді шығарды. Не үшін? Кімге керек? Біз бұған жол бермеуге тиіспіз», – деп мәлімдеді Александр Лукашенко.

«Батька» тәртіпсіздіктер одан әрмен белең алар болса, бұл Ресейге де қауіпті екендігін баса айтты. Осыған орай күні кеше Лукашенко Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды талқылады. Президенттер алдағы іс-қимылдың жоспарын түзіп, бір-біріне қолдау көрсетуге ымыраласқан сыңайлы.

Лукашенконың басты қарсыласы болған Светлана Тихановская да азаматтарға кезекті мәлімдеме жасады: «Елдегі ахуал тынышталып, қалыпты тірлікке көшу үшін және барлық саяси тұтқындарды босатып, тез арада заңнамалық негіз бен жаңадан президент сайлауын өткізу шарттарын әзірлеу үшін ұлт көшбасшысы ретінде шығып, жауапкершілікті алуға дайынмын. Сіздер маған дауыс бердіңіздер және не үшін дауыс бергендеріңізді де анық түсінемін. Біз 26 жыл бұрынғы қайталап келе беретін шеңберден шыққымыз келеді».

Президенттік сайлау науқан кезінде азаматтардың наразылық акциялары мен шерулерге шығуы Беларусьте қалыпты жағдай. Бұған дейінгі өткен саяси додаларда мыңдаған адамның қатысуымен бірнеше күнге созылған митингтер де өткен. Алайда, биылғы сайлау қарсаңындағы оқиғалар бұрынғы сайлауларға қарағанда өзгерек секілді. Ширек ғасырдан астам тұрақтылық үстемдік құрған бұл елдің болашағы әзірге бұлыңғырлау. Тағдыршешті кезеңде тұрған Беларусь халқы үшін дүрбелең мен бұлғақ оң өзгеріске бастаса құба-құп.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here