Елбасының курстасы Мақаш Тәтімовтің ескірмейтін естелігі

0
1291

Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігін қатар алған өзге республикалардан оқ бойы озып алға шығып, адам танығысыз да таңқаларлық әлемдік қауымдастық мойындаған бірден бір мемлекет болып қалыптасқан. Біз осынау заманауи елге қалай айналдық? Әрине, бірінші кезекте Алла, екіншіден, Елбасының жіңішке жолды саясаттан мүдірмей өте білген көрегендігінің арқасы дер едік. Әрі десеңіз, көпэтносты Қазақстан секілді елде саяси тұрақтылықты ұстау күрделі екені екінің біріне белгілі. Бұл әдеп-ережені Нұрсұлтан Назарбаев кім-кіммен де, қай елмен де қарым-қатынасын қалыпты дипломатиялық дәрежеде тең ұстай білді. Елбасы бойындағы алысты болжағыш осынау асыл қасиеттері туралы замандастары, қызметтестері өз естеліктерінде жазып та жүр.

Ал, біздің бүгінгі естелігіміздің жөні бөлек. Бұл – жиырмасыншы  ғасырдың еншісіндегі балаң жастық кезеңдерін қайыра еске салған емен-жарқын естелік болатын. Елбасымен Украинаның Днепродзержинск қаласына бірге аттанып, бірге оқып, жатақханада бірге тұрған, Нұрсұлтан Назарбаевтың жетпіс жылдық мерейтойына арнап «Елбасы және ел саны» атты кітабын жазған, бүгінде өмірден өткен демограф, саясаттану ғылымдарының докторы, марқұм Мақаш Тәтімовпен болған сол бір ескірмес естелік-әңгімені Елбасының сексен жылдық мерейтойына орай қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

«Дәм айдаса қалман, адам айдаса барман» демей ме, қазақ атамыз. Жол түсіп, дәм тартып, Украинаға бардық. Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі мәңгі есімізде қалды.

Бұл – 1958-1960 жылдар…

Иә, Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге Қазақстаннан 72-і бала жолдамамен аттандық. Оның біразы Шымкенттен, біразы Алматыдан, өзгелері басқа облыстардан еді. Арамызда 5 өзбек, 3 ұйғыр жігіті және бір-бірден кәріс, қырғыз, орыс жігіттері болды», – деп Мақаш аға өткеннен сыр шертіп, естелігін әрі жалғап еді…

«Біздерді үш мамандық бойынша үш топқа бөлді. Және осы үш топты басқарған үш староста да кейіндері есімдері елге белгілі азаматтар атанды. Бірінші топ, горновойдың старостасы – Елбасымыз Нұрекең болса, екінші топ, оператордың старостасы – Мақсұт Нәрікбаев, ал үшінші топ, кран-машинистерінің старостасы – Сатыбалды Ибрагимов еді.

Үш топ бойынша, қаланың дәл ортасындағы Прометей ескерткішінің қарсы алдындағы Пелина көшесі 9-үйде, яғни училище жатақханасының екінші қабатындағы үш бөлмеге бөлініп жаттық.

Меніңше, осы 72 баланың ешқайсысы да жаман болған жоқ. Әрине, бәрі бірдей металлург болып кетпесе де,  бәрі де білім қуып, өз орындарын тапты, өсті-өнді.

Училищені бітіріп келгеннен кейін де Теміртаудағы комсомолдар қалашығындағы екі қабат барактарда бәріміз бірге тұрдық. Арамыздағы нағыз металлург, шынында да Назарбаев болды. Ол өз мамандығын соңына дейін алып жүрді деп айта аламын.

Елбасының курстасы – Мақаш Тәтімов

Оқудан соң ол кезде Теміртауда қалу қиындау еді, себебі, завод толық жұмыс атқаруға дайын емес-тұғын. Сондықтан кейбіреулер басқа мамандықты жалғастыруға мәжбүр болды. Өзім де солай. Білімімді көтерем деп Мәскеуге оқуға кеттім.

Ал, сол 72 қазақстандық жігіттің есімдері елімізге танымалдары баршылық. Олар: еліміздің Жоғары Сот төрағасы болған Мақсұт Нәрікбаев; ірі кәсіпкер, Мәжіліс депутаты болған Сатыбалды Ибрагимов; техника ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер Қайрат Исламқұлов; ауыл шаруашылық маманы Ысмайл Оразбаев; кәсіпкер Замандун Имамдинов; фермер Бекболат Мұқаметжанов; агенство бастығы Қабидолла Сәрекенов; Республика радиотелеторабын басқарушы Айдархан Қасымбеков; журналист Ескендір Рахымбаев; ісмер Алтай Салимов; ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болған Естан Жүнісов, сондай-ақ зейнеткерлер Октябрь Гаитов, Әсетолла Каримовтер.

Өкінішке қарай, кей достарымыз – Баубек, Бәкір, Сауытбек, Ырысбек және Нартайдың термелерін нақышына келтіріп орындайтын, әрі биші Әбіләш Әбуовтер ортамыздан ертерек кетті».

Демограф ағамыз курстас-достарының бойындағы асыл қасиеттерін де термелеп жеткізуді ұмытпады: «Сатыбалдының бойында ұйымдастырушылық қабілет мықты болды. Мықтылығы сол кездің өзінде-ақ көзге ұрып көрінгендіктен біз оны топ старостасы етіп сайлағанбыз. Сатыбалды ақсақалдық жасымызға дейін арамызда старостамыз боп қала берді…

Өте зерделі азамат Қайрат Исламқұлов та, ұйғыр досымыз Замандун Имамдинов те қоғамдық істерге белсене араласатын көпшіл болатын.

Замандун Нұрсұлтанмен салмақ дәрежесі тең болғандықтан үнемі екеуі күресетін. Сатыбалды да күреске қатысатын, бірақ оның салмағы тура келмейтін. Осыны кейін мен Замандунге: «Ей, Замандун, сен не, болашақ Президентпен күресіп жүрсің, жығыла қалмайсың ба?» деймін ғой, сөйтсем ол: «Мен оның Елбасы болатынын қайдан білейін, білсем, жығылып қалатын едім ғой…» – деп әзіліме әзілмен жауап қайтарғаны бар.

Ал, Мақсұт (Нәрікбаев) бала кезінен спортқа бейім болған. Волейболды жақсы ойнайтын, баянды да жақсы тартатын, әрі ғажап билейтін.  Нұрекең өнерге жақын болғандықтан ба, Мақсұтты ылғи қасына ілестіріп  жүретін.  Әбіләш те осылармен бірге домбырасын алып, термесін айтып жүретін. Себебі, ол кезде билеп, әрі баян тартатын қазақ жастары тым аз еді. 

Соңғы жылдарға дейін Теміртаудағы «Испаткарметтің» кранын айдаған «Құрмет» орденді машинист, қатарласымыз Алтынбек Асановты бойы аласа, өз ісіне өте жауаптылығына қарай біздер оны қалжыңдап «Байпақ» деп атайтынбыз. Менің де «атым» болды. Ылғи қазақ жайында, қазақтың саны, тарихы туралы айтып жүретіндіктен бе, мені достарым «қазағым» деп атайтын».

Айтуға, еске түсіруге лайық болған 72 металлургтың ішіндегі бірден бір тұлға Ұлт Көшбасшысы екені белгілі. Мақаш ағамыз Елбасы-досы туралы былайша тебіреніп еді: «Кешегі сөз еміп, көбірек сөз тыңдап өскен буынның өкілі болғандікі ме, өткенге құрметпен қарайтын әдетім бар. Сенің бүгінгі жағдайың өткенді еске салып тұрғаны жақсы емес пе. Сол сияқты металлургтік мамандық – жастық шақтағы ең бір қимас достарымды, олармен алғаш танысуымды еске салады. Әсіресе,  Нұрсұлтанмен алғаш жақын танысуым қызық болған.

Жатақханаға енді ғана орналасып жатқан кезіміз, бір-бірімізді дұрыстап та білмейміз. Мамандық бойынша топ-топқа бөліп, бөлмеге орналастырған.

Жаңа оқу жылы басталды.

Бір күні таңертең ертемен дәретханаға баруға бөлмеден шықтым. Жатақхананың ұзынан-ұзын жатқан дәлізінде бір жігіт скакалкамен секіріп жүр. Ол кезде скакалканың өзі таптырмайтын қат зат қой. Жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқанда, таңғы сағат алтыда секіріп жүрген бұл кім деп таңқалғаным рас. Жанына жақындасам, горновойдың старостасы Нұрсұлтан. Басқалардың аты-жөнін білмесек те, старосталардың аттарын бәріміз білеміз.

Нұрсұлтанға жақындай бере амандастым. Ол да жаттығуын тоқтата қойып, қолын беріп амандасты. Өзімнен жарты бас биіктігі, кең маңдайлылығы, иықтылығы, сүйектілігі бірден көрініп тұр. Жалпы адамды мен балаң кезімнің өзінде танитынмын. Бұл өзімді асыра мақтағандық емес. Ішімнен «алысқа баратын жігіт екен-ау» деп едім. Амандықтан соң ол ары қарай жаттығуын жалғастыра берді, мен де баратын «жеріме» қарай жүре бердім. Міне, Нұрекеңді ең алғаш осылай көргенмін.

Сол кездің өзінде-ақ украиндық ұстаздарымыз Нұрекеңді мақтап: «Сендердің орталарыңда өте қабілетті жігіт бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев, бұл – Қазақстанның болашақ қоғам қайраткері», – дейтін. Әрине, ол сәтте біздер бұл сөздің терең мәнін түсінбейтінбіз.

1962 жылы жұмысшы-краншы болу ниетім күрт өзгеріп, Мәскеуге оқуға аттандым. Өзіме арман-мақсат болған демография саласын тереңдетіп игеруге біржола бет бұрдым. Ол қоғамда бұл саланы тек құрғақ статистика деп білетін.

Ал, Нұрекеңмен қол алысып, қайта кездесуіміз 30 жылдан соң, бейресми ұйымдардың жиналысынан кейін, өзіміз құрған «Азат» қозғалысына байланысты болды. Бұл 1990 жыл еді. Арада қаншама уақыт өтсе де, Нұрекең мені бірден таныды. Сонда Нұрекең мені демографияның маманы әрі Қазақстанның «Азат» атты азаматтық қозғалысының алғашқы негізін салушылардың бірі ретінде шақырып, ұзақ әңгімелесті. Мен сол сәтте досымның халқымыздың басындағы қиын демографиялық ахуалды жақсы білетінін және оның ауыр зардабын жуық арада түзетемін деген ізгі ниетін аңғардым. Сол кездесуде Мемлекет басшысына көптеген түйіткілді мәселелерді ашық жеткіздім.

Бір кезде Нұрекең қасындағы көмекшісі Ғаділбек Шалахметовке шыға тұруын сұрады да: «Мақаш, бірге оқыдық… Қандай мұқтаждығың бар?» – деді. Қапелімде қойылған сауалға жауап айта алмай қалдым. Айта алмау себебім, бұл сұраққа дайын емес едім. Әрі десең, мен бір нәрсе сұрауға барған жоқпын ғой. Сонда Нұрекеңнің: «Әй, Мақаш… сен баяғы Мақаш екенсің ғой», – дегені. «Баяғы Мақаш» деп, тек «қазақты, тарихты, қазақтың есебін ғана айтатын Мақаш» дегені ғой. «Менің алдыма әртістер келеді, ылғи атақ сұрайды. Қаламгерлер келеді, ылғи пәтер сұрайды. Бастықтар келеді, ылғи көлік сұрайды. Ал, сен ештеңе сұрамадың, саған ризамын. Сені үш айдан соң жұмысқа шақырамын», – деді Нұрекең. Шынында да үш айдан соң жұмысқа шақырды. 

1993 жылдың аяғында, аға сарапшы ретінде, Президент Аппаратына штаттық жұмысқа алындым. Осы жүйеде төрт жылға жуық жемісті еңбек атқардым.

Ғылыми-зерттеу жұмысына үлкен жағдай жасалынды. Тап сол кезде докторлық диссертациямды қорғауға дайындалып жүргенмін. Бірақ Нұрекең: «Тәтімов үлкен еңбектер жазды, еңбектері шет елге де танымал. Бұл кісі тіптен диссертациясын жазбай-ақ докторлығын қорғауға болады», – деп айтқан екен. Сөйтіп, диссертация жазбай, докторлық қорғауға рұқсат берілді. Бұның өзі атақтан да үлкен марапат болды. Расында, сол кезде он шақты кітаптың авторымын, қанша еңбектерім шет елде жатқан-тұғын. «Докторлығымды қорғадым» деп, қолымды жылы суға малып қоймадым. Докторлыққа дайындаған материалдарымның басын біріктіріп, бір кітапқа жинақтадым. Мұндай жеңілдік сирек мамандық иелеріне ғана беріледі екен. Тап осындай қорғауға Ақселеу Сейдімбек те, Мұрат Әуезов те сұранған болатын. Бірақ, олардікі ғылыми жұмыс емес деп жіберілмеді. Ал, менікі таза ғылыми еңбек болатын. Бірінші болып қорғадым, менен кейін ешкімге ондай қорғауға рұқсат етілмеді. Мұны бірінші рет айтып отырмын. Міне, Нұрекеңнің үлкен адамгершілік, тұлғалық қасиетін осыдан да аңғаруға болады. 

Аппаратта жүргенімде Нұрекең қазақтың өсіп-өркендеуін жіті бақылап, сұрап отыратын. Бірде Нұрекең: «Мақаш, қазақтың проценті қанша болды?» – деді. «48 пайыз!». «Әлі елуге жеткен жоқпыз ба? Ерте жеткізші соны!» – деді. Мұның себебін кейіндеу түсіндім. Қазақ тіліне мәртебе беру үшін қазақтың саны елу пайыздан асу керек екен. Арада бір жылдан соң қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.

Міне, жастық шақтағы сол әдемі байланысымыздың көрінісі әлі де жалғасын табуда. Ондайда өткенді еске алып, емін-еркін сыр ақтаратынымыз бар. Училище түлектері, біздер ешуақытта да Украинадағы балаң кезімізді, сол қаланы ұмытпақ емеспіз…

Қазақтың маңдайына бақ боп қонған досым әрі мемлекет басшысы Нұрекеңді нағыз Ұлт Перзенті дер едім. Нұрекеңнің тағылымында қазақи сабырлық, далалық даналық тұнып жатыр».

Қызжібек  ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here