Мұражайдың мешітке айналуына кімдер қарсы?

0
3095

Түркияның мемлекеттік кеңесі Стамбулдағы Айя-София мұражайын қайтадан мешітке айналдыру бойынша халықтың пікірін тыңдады. Аталған кеңес 15 шілде күні шешім қабылдайды. Соңғы сөзді Түркия президенті Реджеп Эрдоған айтады. Дегенмен, негізі сонау 537 жылы қаланған тарихи нысанның қайтадан мешітке айналатынына ешкімнің күмәні жоқ. Ал, бұған әлемдегі христиандар, Еуропа елдері мен АҚШ неге қарсы шықты? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұраққа жауап іздейді.

Аталған сұраққа жауап беру үшін алдымен 1483 жылдық тарихы бар Айя-София мұражайының өткеніне тоқталу керек. Өйткені, о баста аталған тарихи нысан түріктерге тиесілі болған жоқ. VI ғасырда Әулие София ғибадатханасы византиялық император Юстиниан тұсында тұрғызылды. Осы 15 ғасыр ішінде ғибадатхана басынан небір тарихи жағдайларды өткерді. Византия, Латын және Осман империяларын көрді. Византия тұсында христиандардың құтты мекеніне айналды.  Дәл осы шіркеуде 1054 жылы христиан діні «Батыс шіркеуі» (католиктер) және «Шығыс шіркеуі» (православтар) болып екіге бөлінді.

Константинополь (Стамбул) қаласын Осман империясы жаулап алғаннан кейін 1453 жылы түрік сұлтаны ІІ-ші Мехмед шіркеуді мешітке айналдырды. Төрт мұнара тұрғызылып, «Айя-София» атауына ие болды.

XVI ғасырдың екінші жартысында сұлтандар ІІ-ші Селим мен ІІІ-ші Мұрат тұсында ғимараттың сыртқы келбетіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Содан XIX ғасырдың ортасына дейін, яғни 300 жылдай мешітте жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Әбден тозған тарихи нысаннан айырылып қалатын болғандықтан 1847 жылы сұлтан І-ші Абдул-Меджид күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға әмір берді. Сол кезде византиялық мозаикалардың сақталғаны анықталды (бұрын олар боялған болатын). Тарихқа қиянат жасағысы келмеген түрік сұлтаны өрнектердің басым бөлігін қалдырып, тек христиан әулиелерінің бейнесін қайта бояуға тапсырды.

Жалпы 623 жыл өмір сүрген Осман империясы 1922 жылы ыдырап, оның орнына Түркия Республикасы құрылды. 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің қолы қойылған Түркия үкіметінің декреті шықты. Декреттің күшімен Айя-София мешіті мұражайға айналды. Сөйтіп, тарихи нысанның жаңа ғұмыры басталды. Мұражай Стамбулдың бойтұмарына айналғанын да ешкім жоққа шығармайды. Былтыр Айя-София мұражайына әлемнің 3,7 млн туристі бас сұққан.

Соңғы жиырма жылдықта түріктер арасында мұражайды қайтадан мешітке айналдыру жөнінде әңгіме қызу талқыланып келеді. Бұл бастаманы мұсылмандар қолдағанымен, әлемдегі христиандар тарихқа қиянат жасалатынын алға тартады. Дегенмен, 2006 жылы мұражайды қайтадан мешітке айналдырудың алғашқы қадамы жасалғандай болды. Сол жылы мұражай қызметкерлеріне намаз оқуға арнайы орын бөлінді. Батыс елдері бұған қарсылық білдірді. Мысалы, 2007 жылы америкалық саясаткерлер мен кәсіпкерлер Әулие Софияның бастапқы мәртебесін қайтару мақсатында «Әулие Софияны босату кеңесін» (Free Agia Sophia Council) құрды.

Америкалық саясаткер Реймонд Бакли бұл үшін Түркия билігін қатты сынға алып, осылайша түріктер жалпы христиандардың, соның ішінде православтардың бетіне түкіргендерін ашық айтты.

Халықаралық «Әулие Софияны босату кеңесі» қозғалысының президенті Крис Спиру 2009 жылы ресейлік «Завтра» газетіне: «Мы стремимся, чтобы собор Святой Софии Премудрости Божией снова занял подобающее ему место как храм, священный для всего христианства, как мать всех церквей, как царственный храм православия – чем он и был до захвата турками-османами в 1453 году. Всё дело в том, что Святая София никогда не была мечетью и никогда не была музеем. Она всегда была христианским храмом, переделанным в мечеть султана-завоевателя, а затем и в музей. Считаю обязательным возвращение этого храма к своему первоначальному предназначению», – деп сұхбат беріпті.

2016 жылы қасиетті Рамазан айында қазіргі Айя-София мұражайында Құран оқылып, ол түрік телеарналарынан тікелей эфир арқылы көрсетілді. Христиандар қайта шу көтерді. Грекияның сыртқы істер министрлігі наразылық нотасын жолдады.

2018 жылы Түркияның Конституциялық соты жекелеген азаматтардың мұражайды мешітке айналдыру өтініштерін қанағаттандырмады. Дегенмен, 2019 жылы Түркия президенті Реджеп Эрдоған TGRT телеарнасына берген сұхбатында Айя-София мұражайының қайтадан мешітке айналуы мүмкін екенін, барлық дін өкілдері (туристер) оған тегін кіре алатынын мәлімдеді. Содан бұл мәселе халықтың талқысына қайта түсті. Жоғарыда айтқанымыздай, Түркияның мемлекеттік кеңесі Айя-София мұражайына қатысты шешімді алдағы 15 шілдеде қабылдайды. Ал, Түркия президентінің оң шешімді құптайтыны айтпаса да түсінікті.

Батыс елдері Түркияны тарихқа құрметпен қарауға шақырады. Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Түркия үкіметінен Айя-Софияның мұражай мәртебесін қалдыруды талап етті.

Өкінішке қарай, бұл жерде тағы да саясат алдыдан шығады. Өйткені, бұған дейін Реджеп Эрдоған егер АҚШ Таяу Шығыстағы Голан мен Иерусалимді Израильдің бөлшегі санап, палестиналықтардың құқығын шектейтін болса, онда Айя-Софияны мешітке айналдыратынын жасырмай айтып келді. Өздеріңіз білесіздер, Израиль де, мұсылмандар тұратын Палестина автономиясы да  Иерусалимді өзінің ресми астанасы санайды. Ал, Ақ үй Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындады. Яғни, енді Түркия президенті өз сөзінде тұруы керек.

Айя-София мәртебесін өзгерту арқылы түріктер ата жауы гректерге де соққы береді.

Майк Помпео сияқты кейбір саясаткерлер бұл шешімнің қате екенін айтып шектелсе, Грекияның Мәдениет министрі Лина Мендони сияқты «бұл діни және ұлтаралық араздықты қоздырады» деп қатты мәлімдеме жасаған шенеуніктер де табылды. Дегенмен, түріктердің гректерге қайтарар жауабы да дайын.

«Басқа-басқа гректердің бізді сынайтын жөні жоқ. Грекия өз еліндегі мыңдаған мұсылманның барлығына қарамастан, бірде-бір мешіттің ашылуына рұқсат бермеді. Оларға қарағанда бізде (Түркияны айтады), толерантты елде көптеген шіркеулер бар», – деп мәлімдеді Түркияның Сыртқы істер министрлігі.

Иә, Айя-София мұражайын мешітке айналдыруға христиан елдері түпкілікті қарсы. Бірақ, заң бойынша бұл түріктердің ішкі шаруасы, оған өзге елдердің араласуға еш құқығы жоқ.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here