ҚазҰУ – еліміздің білім беру саласының көшбасшысы

0
1741

Кез келген елдің ұлттық инновациялық жүйесінде зерттеу университеттерінің ғылыми қамтымды экономиканың маңызды элементі ретінде атқаратын рөлі ерекше. Барлық танымал әлемдік жоғары технологиялық оқу орындары зерттеу университеттері базасында қарқынды дамуда және өз елдері мен өңірлерінің инновациялық даму тетігі рөлін табысты орындауда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті іргелі және қолданбалы зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, зерттеу университетінің моделін іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Қазақстандық экономиканы жаңғырту механизмін қалыптастыра отырып, университет қоғам мен бизнес үшін пайдалы зерттеулер мен әзірлемелерді орындайды. ҚазҰУ-дың ғылыми қызметін дамытудың негізгі бағыты іргелі зерттеу бағыттарын сақтау болып табылады. Университет бүгінде еліміздің басқа жоғары оқу орындарында теңдесі жоқ бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар ірі зияткерлік корпорация болып табылады.

Сондай-ақ, университет кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударады. Оқытушы-профессорлық құрамның штат саны шамамен 2,9 мыңды құрайды. Оның ішінде 1,2 мыңнан астам докторлар мен ғылыми кандидаттар және 350-ге жуық PhD докторлары еңбек етеді. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегерлері болып табылады. Бұл республика бойынша алғанда 20 пайызды құрайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS Quacquarelli Symonds – Graduate Employability Rankings агенттігінің халықаралық рейтингінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша 201-250 позициядағы жоғары оқу орындарының тобына кіріп, көшбасшы болды.

«Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша ҚазҰУ әлемде 55-орында. Бұл көрсеткіш университетті бітіргеннен кейін 12 ай ішінде толық немесе толық емес жұмыс істейтін түлектердің пайызын өлшейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша әлемде 120-орынға ие болды, ол қызметкерлерді жалдау туралы шешім қабылдауға қатысатын жұмыс беруші ұйымдардың 75 мыңнан астам өкілдерінің сауалнама нәтижелері бойынша есептелген. «Жұмыс берушілер мен студенттердің өзара әрекеттестігі» көрсеткіші бойынша жоғары оқу орны әлемде 134-орында.

QS талдау орталығының директоры Бен Соутер атап өткендей, «2022 жылғы QS түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша үздік университеттердің жаңа рейтингісіне алғаш рет қазақстандық үш ЖОО қатысты, олар жекелеген индикаторлар бойынша шын мәнінде жақсы нәтижелер көрсетті. Халықаралық мойындаудың мұндай деңгейі Қазақстан Республикасының барлық жоғары білім беру жүйесінде амбициялардың қарқынды өскенін айғақтайды».

Біздің университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен түлектері Қазақстан мемлекеттігінің дамуы мен қалыптасуына белсенді атсалысып келеді және алдағы уақытта университеттің одан әрі дамуы еліміздің адами капиталын және ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталуын қамтамасыз ету үшін бар күшін арнайды.

Рахметова Т.А.,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here