Алатауды айналып өтпейтін төте жолдың елімізге пайдасы бар ма?

0
5618
Қолданыстағы «Алматы – Ыстықкөл» жолы және қарастырылып жатқан үш балама жол

Жайшылықта «қазаққырғыз бір туған» деп күпінетін «төскейде малы, төсекте басы қосылған» қазақ пен қырғызды Алатау мен Қаратау ғана бөліп тұр. Әрине, қос тау екі елдің алыс-берісіне, барыс-келісіне тосқауыл бола алмайтыны белгілі. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 796,2 млн долларды құрады. Ал, 2015 жылдан бері сөз болып келе жатқан Алматы – Ыстықкөл төте жолы ашылса, бұл көрсеткішті 1 млрд доллардан да асыруға мүмкіндік туады. Дегенмен, «саудада достық болмайтынын» ескеріп, Алатауды қақ жарып өтетін төте жолдың пайдасын қай елдің көп көретінін де есептеуге тура келеді.

ҚЫРҒЫЗДАР ТӨТЕ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА БІЛЕК СЫБАНА КІРІСТІ МЕ?

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Алматы – Ыстықкөл жолының құрылысын Азия даму банкі қаржыландыратынын хабарлады. Айталық, 15 қараша күні Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Әзиз Аалиев пен Азия даму банкінің Қырғыз Республикасындағы тұрақты өкілдігінің директоры Лао-Арайя Канопкан «Алматы – Ыстықкөл баламалы жолы» жобасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ілгерілету мәселесін қарап, оны іске асырудың техникалық, қаржылық, экономикалық аспектілерін талқылады. 

Әзиз Аалиев жобаны іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Азия даму банкінің өкілдеріне қолдау көрсететіндері үшін алғыс айтты.

«Жоба елдің туристік, көліктік және сауда әлеуетіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Министрлер кабинеті оны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді», – деген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары мемлекеттік органдарға оны тез арада іске қосу бойынша қажетті жұмыс жүргізуді тапсырды. 

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің мәліметінше, Қазақстанның Алматы қаласы мен Қырғызстанның Ыстықкөл облысын жалғайтын төте жол алдымен жол жүру уақыты мен құнын қысқартуға мүмкіндік береді, бұл өзара сапарлар жиілігінің артуына алып келеді. Осылайша, қырғыздар жылдар бойы сөз күйінде қалып келе жатқан жобаның «бойына қан жүгіртпек» екен.

Қазақстан, Қырғызстан және Азия даму банкі ортақ бір шешімге келсе, аталған жолдың құрылысы таңдалған бағыттың қиындығына байланысты 2025 жылы немесе 2029 жылы басталуы мүмкін.

АЛМАТЫ МЕН ЫСТЫҚКӨЛ АРАСЫ ҚАЛАЙ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ?

Азия даму банкі Алматы мен Ыстықкөл арасындағы уақыт үнемдейтін жаңа жолға арналған бағыттың үш нұсқасын қарастырып отыр.

Бірінші нұсқа – Алматы – Ұзынағаш – Кемин батыс бағыты. Ол үш қосалқы бағыттан тұрады. Айталық, Жаңа Қастек асуы арқылы (2 461 м), Масаншы арқылы (2 308 м) немесе ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын тауды тесіп өтетін үңгіме жол (тоннель) арқылы алматылықтар үшін Ыстықкөл «қол созым жерге» айналады. Бірақ, қалың қарға байланысты асулардағы жол қозғалысы жиі тоқтайтынын ескерсек, үшінші қосалқы бағыт ұтымды болып шығады. Себебі, тауды тесіп өтетін үңгіме жолдың арқасында төте жол қарлы бұрқасын күндері де ашық болады. Алайда, бұл бағыт тым қымбатқа түседі. Мысалы, Жаңа Қастек асуы арқылы қиыршық тастан жол төселсе – 81 млн доллар, асфальт жол төселсе – 94 млн доллар жұмсалады. Екінші қосалқы бағытта шығындар – қиыршық тас үшін 93 млн доллар, асфальт үшін 113 млн доллар. Ал, тауды тесіп өтетін үңгіме жол үшін 518 млн долларға шығындалуға тура келеді.

Екінші нұсқа – Алматы – Озерный асуы – Чон-Кемин – Күнгей Алатау – Бактуу-Долоноту – Шолпан-Ата тікелей бағыты. Озерный асуы (3 514 м) арқылы оның ұзындығы 85 шақырымды ғана құрайды. Бұл – Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын ең қысқа бағыт. Бірақ, ол үшін 3 мың метр биіктікте 16 шақырымдық тауды тесіп өтетін үңгіме жол салу керек болады. Әрине, күрделі нысанды осындай биіктікте салу оңайға түспейді. Оның үстіне бұл бағыт Іле Алатауы ұлттық паркі арқылы өтеді. Яғни, ұлттық парктің табиғи ландшафтысына, жануарлар әлеміне кері әсер етпей көлік қозғалысын ұйымдастыру қосымша қиындық туғызады. Жұмыстың осындай қиындығына байланысты шығыны да шаш етектен. Шамамен бұл бағытқа 578 млн доллар жұмсалады.

Үшінші нұсқа – Алматы – Түрген – Асы – Шілік өзенінің алқабы – Байсар-Ананьево аңғары. Бұл шығыс бағытының ұзындығы 216 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2 900 биіктікте 12 шақырымдық тауды тесіп өтетін үңгіме жол салуды талап етеді. Тағы бір кемшілігі – жолдың биіктігіне байланысты автобустар мен жүк көліктері тек маусымнан қарашаға дейін ғана қатынай алады. Өйткені, ауа райының жайсыздығына байланысты қалған уақыттарда көліктің бұл түрлеріне қатынау қауіпті саналады. Ал, жылдың төрт мезгілінде тек жеңіл көліктерге ғана қатынауға мүмкіндік болады. Жолдың құрылысына шамамен 468 млн доллар кетеді.

АУҚЫМДЫ ЖОБАНЫҢ ШЫҒЫНЫН КІМ ӨТЕЙДІ?

Байқап отырғанымыздай, Азия даму банкінің сарапшылары Алматы мен Ыстықкөл жолының құрылысына шамамен 81 млн доллардан 587 млн долларға дейін қаржы кететінін есептеп шығарып қойды. Бірақ, жобаны Азия даму банкі қаржыландырғанымен, банк есесін жібермейтіні белгілі ғой. Сонда бұл жолдың шығынын Қазақстан мен Қырғызстан қалай өтейді?

Екі ел халқының көкейіндегі бұл сұраққа Азия даму банкінің сарапшылары да бас қатырыпты. Қаржы институты Алматы – Ыстықкөл жаңа жолын салу шығындарын екі ел арасында қалай бөлуге болатыны жөнінде зерттеу жүргізіпті.

Алматы мен Ыстықкөл арасын жақындата түсудің жоғарыдағы үш бағытын ұсынған сарапшылар шығынды өтеудің де үш нұсқасын ұсынады. Бірінші нұсқа – шығынды аумақ бойынша бөлу; екінші нұсқа – шығынды әлеуметтік пайда тұрғысынан бөлу; үшінші нұсқа – шығынды экономикалық тиімділік тұрғысынан бөлу.

Енді Азия даму банкінің сарапшылары ұсынып отырған осы үш нұсқаны тарқатып жазайық.

Егер құрылыс шығындары аумақтық қағидат бойынша бөлінсе, батыс бағытының нұсқасында (тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз) негізгі шығынды Қазақстан көтереді, ал тауды тесіп өтетін үңгіме жолмен батыс бағытында және шығыс бағытында болса, онда шығын екі елге теңдей бөлінеді. Бірақ, тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз батыс бағыты Қазақстанға батыс немесе шығыс бағыттарға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Аумақтық қағидат бойынша бөлу кезінде шығыстардың негізгі бөлігі Қырғызстанның мойнына артылады.

Әлеуметтік пайда тұрғысынан бөлгенде жол құрылысының шығыны уақыт пен ақша үнемдеген жолаушылар есебінен өтеледі. Өйткені, жол ақылы негізде болады. Әрине, төте жолдан Қазақстан азаматтары да, Қырғызстан азаматтары да ұтады. Дегенмен, айыр қалпақты ағайындарға қарағанда қазақстандықтар төте жолмен көбірек жүретіндіктен, еліміз бұл құрылысқа да қаржыны көршілерге қарағанда көбірек құюына тура келеді.

Қос мемлекет үшін экономикалық тиімділік тұрғысынан құрылысқа кеткен шығындарды бөлу Қазақстан мен Қырғызстанның жалпы ішкі өніміне аталған жобаның қосатын үлесіне қарай негізделеді. Ал, жобаның Қазақстанға қарағанда Қырғызстанның жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі көп екенін ескерсек, онда шамамен шығынның 70%-ын Қырғызстан, 30%-ын Қазақстан өтейді.

ТӨТЕ ЖОЛДАН ҚАЙ ЕЛ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДА КӨРЕДІ?

«Саудада достық болмайтынын» жоғарыда жаздық. Қырғызды қазақ өзіне қанша жақын тартса да, қос тарап үшін де ел мүддесі бірінші орында тұрады.

Азия даму банкі Алматы – Ыстықкөл балама жолының Қазақстан мен Қырғызстан экономикасына қалай оң әсер ететінін де жариялады. Зерттеуге сенсек, төте жол бағытқа байланысты жыл сайын шамамен қазақстандық ЖІӨ-ге 31-165 млн доллар, қырғызстандық ЖІӨ-ге 53-439 млн доллар түсіреді.

Әрине, Ыстықкөлдің жағасында демалғанды ұнататын қазақстандық туристер үшін бұл жол тиімді. Олар уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Мысалы, қазір Алатауды айналып, Алматыдан Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласына баруға кемінде жеңіл көлікпен 6,5 сағат, автобуспен 8,5 сағат уақыт кетеді. Бұған қос елдің шекара бекетінен өтуге кететін уақытты қосыңыз. Ал, Алматы – Ыстықкөл бағытындағы төте жол ашылса, алматылықтар шамамен 460 шақырым жолды қысқартады. Екі тау жотасы арқылы өтетін төте жолдың арқасында Алматы мен Шолпан-Ата қалаларының арасы бар болғаны 85 шақырымды ғана құрайды. Яғни, 1,5 сағатта Алматыдан Шолпан-Атаға баруға мүмкіндік туады. Бірақ, ол үшін Азия даму банкінің құны 587 млн доллардан кем болмайтын екінші нұсқасының тікелей бағыты жүзеге асуы керек. Құны арзанырақ басқа бағыттар да жүзеге асса, уақыттан жолаушылар еш ұтылмайды. Себебі, Алматыдан Шолпан-Ата қаласына баруға шекара бекетінен өтетін уақытты есепке алмағанда 5 сағаттан артық уақыт кетпейді.

Иә, таяқтың екі ұшы барын ұмытпау керек. Алдымен жобаның еліміз үшін кемшілігінен бастайық.

Алматылық туристер үшін демалыс күндері Ыстықкөл жағасында демалуға мүмкіндік болғанымен, өзіміздің Қапшағай мен Алакөл алматылық туристерді жоғалтады. Яғни, ішкі туризм шығынға батады. Алматы қаласында 2 млн адам, Алматы облысында 2,1 млн адам тұратынын ескерсек, туристер ақшасы көрші елге ағылады. Сөйтіп, қазақстандықтар көрші ел қазынасының қалтасын қампайтады. Өйткені, алматылықтар үшін жол, баға, сапа жағынан Ыстықкөл Алакөлге қарағанда тартымды болып шығады.

Қапшағай мен Ыстықкөлді салыстыру орынсыз. Су қойманың аты – су қойма. Ол бәрібір табиғи көлге жетпейді. Ыстықкөлге Алакөл бәсекелес бола алады. Бірақ, Ыстықкөлдің алтын түстес құмды жағажайы оның пайдасына шешіледі. Бұл – бір. Екіншіден, Алакөл де Алматыдан қашық жатыр. Екеуінің арасы 490 шақырымнан асады. Жолдың да, инфрақұрылымның да, қызмет көрсету сапасының да жайы белгілі. Алматы мен Шолпан-Ата арасын жалғайтын төте жол ашылса, сөзсіз алматылықтардың таңдауы Ыстықкөлге түседі.

Ал, Қазақстан үшін жобаның артықшылығы неде? Басты артықшылық – Алматы халықаралық әуежайы қырғызстандық, тәжікстандық және өзбекстандық жолаушыларды өзіне көптеп тартады. Айталық, Қырғызстанның «Манас» халықаралық әуежайынан бес елдің қалаларына ғана тікелей рейс бар. Алматы халықаралық әуежайынан 15 елдің қалаларына тікелей рейспен ұшып баруға болады. Мысалы, қазір қырғызстандықтар мен тәжікстандықтар Оңтүстік Кореяға немесе Германияға Алматы арқылы ұшып барып жүр.

Азия даму банкінің есебінше, егер «Алматы – Ыстықкөл баламалы жолы» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын болса, жобаға инвестиция құйған жекеменшік компания шығынды жолға қызмет көрсету есебінен өтейді. Ақылы жолдың құны тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз – 10 доллар, тауды тесіп өтетін үңгіме жолмен – 10-20 доллар тұрады.

Баламалы жолмен жоғарыдағы бағыт нұсқасына байланысты күніне орташа есеппен 1 000-нан 6 800-ге дейін көлік құралы қатынайды. Әрине, оны 10-20 долларға көбейтсек, аз ақша шықпайды.

Азия даму банкі қолдап отырған бұл Алматы – Бішкек экономикалық дәлізінің арқасында барыс-келіс, алыс-беріс жүйелі жолға қойылады. Қаржы институтының болжамынша, қос елге 2040 жылға қарай 10 млн-нан астам туристер келеді. Есесіне, Қазақстан мен Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінде туризмнің үлесі артады. Бірақ, қырғыз туристерінің елімізге келуі екіталай. Демек, туризмнен алдымен айыр қалпақты ағайындар ұтады.

ЖОБАҒА ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫ НЕГЕ АСА ҚҰЛШЫНЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ?

Рас, Алматы – Ыстықкөл жолының құрылысы – жылдар бойы талқыланып келе жатқан жоба. Яғни, барлық тарап сөзден нақты іске әлі көшкен жоқ. 2015 жылы да бұл тақырып қызу талқыланғанымен, бәрі сөз күйінде қалды. Өйткені, бұл жоба Қазақстанға экономикалық тұрғыда тиімсіз саналады. Дегенмен, кейбір сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстанға мұндай ортақ жобалардың қажеттігін алға тартады.

Сондай пікірдегі сарапшының бірі – «Орталық Еуразияның трансшекаралық зерттеу желісі» қоғамдық қорының басшысы Денис Бердаков. Сарапшы ерте ме, кеш пе, бәрібір Бішкек пен Алматы өз әлеуетін біріктіретініне сенімді.

«Таяудағы 10-15 жылда бұл біртұтас толыққанды мегаполис ретінде өмір сүрудің жалғыз мүмкіндігі. Өйткені, қазіргі әлемде миллион тұрғыны бар қала мегаполис болып табылмайды. Экономикалық даму үшін үлкен нарық керек. Бұл бірлестіктің бір нұсқасы – Алматы – Бішкек – Ыстықкөл жоғары жылдамдықты темір жолы. Сонымен қатар, қазір қызу талқыланып жатқан Алматы – Ыстықкөл баламалы жолының құрылысы. Бұл жоба басқаларына қарағанда арзандау. Бірақ, бұл жобаны жүзеге асыруға қазір Қырғызстанда ақша жоқ», – деп санайды қырғызстандық сарапшы.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұрнағы күні Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Әзиз Аалиев пен Азия даму банкінің Қырғыз Республикасындағы тұрақты өкілдігінің директоры Лао-Арайя Канопкан «Алматы – Ыстықкөл баламалы жолы» жобасын талқылағанымен, жобаның Қазақстан тарапының келісімінсіз жүзеге аспайтыны анық.

Қазақстан бұл жобадан бас тартып отырған жоқ. Дегенмен, дәл Қырғызстан сияқты аса құлшынып отырмағаны да рас. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында Алматы – Ыстықкөл баламалы жолының құрылысы қарастырылмағанын мәлімдеді.

Министрлік өкілдері аталған жобаның тиімділігін бағалау үшін алдын ала зерттеулер Азия даму банкінің гранттық қаражатының қатысуымен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатқанын түсіндіріп, экономикалық зерттеулердің нәтижелері болашақта барлық тараптарға Алматы – Ыстықкөл жол құрылысы жобасын іске асыру тетігін неғұрлым нақты талқылауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Яғни, бұл бүгін-ертең қолға алынатын жоба емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байқап отырғандарыңыздай, Алматы – Ыстықкөл төте жолынан Қазақстан мен Қырғызстан экономикасы бірдей пайда көрмейді. Экономикалық тұрғыдан көл-көсір пайда көршілердің еншісіне тиеді. Сондықтан Қазақстан тарапы бұл жобаға асығыстық танытып отырған жоқ. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» жоба болғандықтан, еліміздің бұл ұстанымы дұрыс та шығар. Өйткені, асығыстық пен салғырттық сан соқтырады. Алдымен ел мүддесі ескерілуі керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here