Жамбыл тойы – түркі халықтарының ортақ тойы

0
1417

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жамбыл апталығы аясында «Жамбыл және түркі әлемі» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Болгария, Башқұртстан және Саха Республикасынан танымал жамбылтанушы, әдебиетші, тілші ғалымдар мен оқу орнының білім алушы жастары қатысты.

Алқалы жиын ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Білім ордасының басшысы алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Жамбылға «адамдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи баға бергенін атап өтті. Сонымен қатар биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру жөнінде арнайы комиссия құрылғанына тоқталып, «Жамбыл тойы – түркітілдес халықтарға ортақ мереке» екенін жеткізді.

– Ағымдағы жылы Түркістан қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде қабылданған Түркістан декларациясында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мерейтойымен қатар атап өту жөнінде шешім қабылданған болатын. Осыған сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жамбыл мұрасын жас ұрпаққа насихаттауда, ұлы ақын шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосып келеді.

Биыл ақынның 175 жылдығына орай, ҚазҰУ-дың «Жамбыл» ғылыми-зерттеу орталығының атсалысуымен 10 томдық жарық көрді. Жинақты құрастырушы – белгілі қаламгер, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы.

Жамбыл мұрасын насихаттау бойынша тағы бір 10 томдық дайындалу үстінде. Бұл сүбелі еңбектің төрт томы көрнекті ғалым Жанғара Дәдебаевтың құрастыруымен басылды.

Жақында ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, түрік тіліне аударылған «Көроғлы» дастанының тұсаукесері өтті. Түркі халықтарына ортақ туындының Жамбыл жырлаған нұсқасы енген жинақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

мен Еуразия жазушылар одағына қарасты «Бенгу» баспасының қолдауымен жарық көрді.

Оқу орнымыздағы «Жамбыл апталығы» аясында кітап және сурет көрмесі, Жамбыл ұрпақтарымен кездесу, жыр кештері ұйымдастырылды. Сүйінбай – Жамбыл кесенесі мен музейіне арнайы экспедиция жоспарланып отыр.

Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев шығармаларын қайта сараптап, түркі әлеміне ортақ таныммен жаңаша зерделеудің уақыты келді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Жамбылдың 175 жылдығына орай елімізде атқарылған мәдени іс-шараларға шолу жасады. Атап өтсек, биыл ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көптомдықтар жарық көріп, телесериалдар түсірілді. Мерейтойға орай, «Жамбыл – 175» коллекциялық монеталары шығарылды. Көршілес елдер басылымдарында ақын туралы мақалалар жарияланып, шығармалары түрік тіліне аударылып басылды. Сонымен қатар вице-министр абыз ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында көптеген білім ошақтарында ғылыми конференциялар, фестивальдер мен жыр кештері ұйымдастырылғанын жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы конференцияға онлайн қосылып, бауырлас екі елдің қарым-қатынасы деңгейін көтеретін мәдени-рухани байланыстардың өзектілігіне мән берді. «Бүгінгі конференция ұлы даланың Гомері атанған ақын-айтыскер Жамбыл Жабаевтың рухына тағзым етіп, оның қазақ мәдениетіне және жалпы түркі мәдениетіне қосқан үлесін, үлкен рухани мирасын қайта еске алуымыз, оны дәріптеуіміз тұрғысынан өте маңызды деп есептеймін», – дей келе, елші

жыр алыбының түркі әлеміндегі орны мен ақын шығармаларын таныту мен насихаттау тұрғысында Түркияда жүзеге асқан жобаларды таныстырды.

Анкара төрінде, Кечиөрен ауданында кезінде Жамбыл Жабаев көшесі, ақынның ұстазы Сүйінбай саябағы мен ескерткіші ашылғанын тілге тиек етіп, бұл игілікті істе Түркияда елшілік қызмет атқарған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Жуырда сол көшеге ескерткіш тақтайша орнатылды. Анкарада ХVI халықаралық кітап көрмесі өтіп, оның шеңберінде 10-нан астам кітаптың тұсаукесері жасалды. Олардың қатарында Жамбыл жырлаған «Көроғлы» дастаны да бар.

Сөз соңында елші Жамбыл мұрасын дәріптеуге атсалысқан барша жандарға және бауырлас түркі жұртына ризашылық білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиында Болгария ғылым академиясының Этнология және фольклористика институтының профессоры Николай Вуков сөз алып, әлемдік фольклордағы жыраулық дәстүр және Жамбыл шығармаларының поэтикасы туралы баяндама жасады. «Осындай өзекті тақырып төңірегінде бірге талқылау жасап отырғанымызға өте қуаныштымын. Халық шығармашылығының жарқын өкілдері, оның ішінде бірегей қазақ ақыны жайлы зерттеуші ретінде өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісудің маңызы зор», – деді ғалым.

Ғылыми басқосудың түркі халықтарының татулығын нығайтудағы ынтымақтастық қызметін өз сөзінде ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Темірхан Тебегенов те атап өтті. Ол баяндамасында Жамбыл және түркі әлемі ақындарының шығармашылық үндестігі мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып, ұқсастықтарын жіктеп берді.

Сондай-ақ Түркияның Муғла Сыткы Кочман университетінің доценті Экрем Аян, Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирай, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сарапшысы, профессор Жұлдыз Оразбекова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымының кандидаты, профессор Анарбай Бұлдыбай және «Жамбыл» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмасбек Мәуленов сөз сөйлеп, жыр алыбының пір тұтқан ұстаздары мен ізінен ерген шәкірттері, ақындық қасиеті, түркі мәдениетіндегі өзіндік орны жайлы пікір білдірді.

Жиынға қатысушылар ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың соңында қалдырған мол мұрасы қай кезде де ұлтымыздың рухани қазынасы екенін тұжырымдады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here