Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3 курс студенті Айзада Мүптілдә ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз орталығы хабарлады.
Өзбекстан астанасы Ташкентте жалауын көтерген бәсекеге Қазақстаннан 17 спортшы қатысып, бақты мен баптарын сынады.
17-25 сәуір аралығында өткен сары құрлықтағы бұл жарыс Токио Олимпиадасы алдындағы іріктеу турнирлердің қатарына жатады.
Айзада Мүптілдә жарысқа сайыстың соңғы күні шықты. 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз алғашқыда 118 келі зілтемірді көтеріп, жоғары нәтиже көрсетті. Сондай-ақ ол серпе көтеру сайысында да мықтылығын дәлелдеді.
Осылайша Айзада Мүптілдә жарыс жолында 269 келі көрсеткішпен Азия біріншілігінің қола медалін жеңіп алды.
Күміс медальды оңтүстіккореялық спортшы иеленсе, алтын медаль қытайлық ауыр атлетке бұйырды.
Жалпы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша, қазақстандық зілтеміршілер 7 медаль иеленді. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс, тағы үшеуі қола жүлде. Жарыс жолында отандастарымыз ел намысын 13 салмақ дәрежесінде қорғады.
– Қарсыластарым өте мықты болды. Барлығы жақсы дайындалған. Үшінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Техника жағынан аздаған қателіктер жібердім. Алла жазса, оны жөндейміз деген ниет бар, – дейді Айзада Мүптілдә.
Айта кетейік, Айзада Мүптілдә Қыздар университетінің Педагогика және психология жоғары мектебінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында 3 курста білім алады.
Спортшы бұған дейін де ауыр атлетикадан ел чемпионаттары мен әлемдік жарыстарда жүлдегер атанып, оқу орнының мерейін асырған болатын.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі