Академик атындағы аудитория

0
2794

Рас, биыл іргетасының қаланғанына 32 жылға аяқ басқан азат еліміздің өсіп-өркендеуінде, әсіресе білім мен ғылым саласының кезең келбетіне сай дамуында өзіндік қолтаңбасы бар қайраткерлер аз емес. Өз тұсында жоғары оқу орындарын басқарып, соған бар күш-жігерін, білімі мен білігін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін жұмсаған тұғырлы тұлғаларға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Бүгін, 20 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде соның жарқын көрінісіндей игілікті дүние өрнектелді. Атап айтқанда, аталған университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебінде ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Әбенұлы өзінің өмір жолында Қазақстанның бес ірі жоғары оқу орнын басқарып, еліміздің экономика мен білім саласының дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, экономист-ғалым бүгінгі оқу процесінде маңызды болып табылатын рейтингтік-тестілік оқыту жүйесін енгізді. Саналы ғұмырын ғылым мен білім беру жүйесін дамытуға арнады. Көзінің тірісінде өзінің  ғылыми мектебін құрды. Айтулы тұлға 445-тен астам ғылыми  жұмыстардың, соның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Мемлекетіміздің дамуына, оның сыртында жоғары оқу орындарының уақыт талабына сай өркендеуіне қосқан ерен еңбектері үшін Кенжеғали Әбенұлы «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «Парасат», «Барыс», «Отан» ордендерімен марапатталып, «Жыл адамы» атанды.

Академиктің туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған тағылымы мол шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушы-профессорлар құрамы және БАҚ өкілдері қатысты.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ түлегі, көрнекті ғалым Кенжеғали Сағадиевтің жетістіктеріне тоқталып, «Кенжеғали Әбенұлы әрдайым жас ғалымдарға қамқорлық жасап, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Академик атындағы жаңа аудитория болашақ экономистерді, бизнес-менеджерлерді даярлау бойынша кәсіби шеберханаға айналады», – деп атап өтті.

Игі шарада ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, академик Сәбит Байзақов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры директорының бірінші орынбасары Светлана Мырзабекова, академиктің жары Нағытай Кішкенова және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.

«Қымбатты жарымның елімізге сіңірген еңбегі аз емес. Екі жетім бала болдық. Бірге қол ұстасып өмірді бастадық. Бес университетте ректор, ғылым академиясында президент болды. Соған дейін Алла тағаланың берген еңбегінің арқасында өсіп-өнді, бала-шағамызды қанаттандырды, ұрпағынан немере, шөбере көрді. Сыртта ол қатал сияқты көрінетін, бірақ үйімізде сондай жайдары, жайлы болды. Бала-шағамызбен бірге біз 61 жыл өмір сүрдік. Осындай құрмет көрсетіп отырған Жансейіт Түймебаев бастаған Қазақ ұлттық университетінің ұжымына, атсалысқан барша азаматтарға әулетімнің атынан аналық ақ жүрегімнен шыққан алғысымды айтамын», – деді академиктің жары.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Асан Сәтмырзаев та академик туралы естелік айтты.

«Өте талапкер, әділ, жастарға деген, ұжымға деген адамгершілігі де ерекше бірегей азамат еді. Біздің еліміз нарықтық экономика қатынастарына көше бастаған тұста ректор болып тағайындалған Кенжеғали ағамыз мені шақырып алып, тапсырма берді. «Біз мына Алматы халық шаруашылығы институтындағы экономикалық мамандарды, кадрлардың барлығын жаңаша талғам, талаппен дайындауымыз керек. Демек, біз мемлекетіміздің экономикалық бағыт-бағдарына қарай жаңаша оқу жоспарларын енгізуіміз қажет» деп бізді өзінің реформаторлық, жаңашылдық талаптарына бағыттады. Соңғы жылдарға дейін академик ағамыздың талаптарына сай жемісті жұмыс істеп келдік», – деді Асан Адасбекұлы.

Осылайша, ұлттық университетте Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевке құрмет көрсетілді. Жылдар өтер, ғасыр жаңарар, бірақ академиктің есімі уақытпен бірге жасай береді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here