Жасұлан Мәуленұлы «Шалқар» радиосында қонақта болды (аудио)

0
2553

Өз кезінде отаршыл жұрт бір бүтін елді қырық руға бөліп билесе, келе-келе Кеңестер одағының тұсында тегін тергеп, таптық саясатты іске қосып, барынша өз ықпалын жүргізгені бәрімізге аян. Тіптен ғасырлар бойы қалыптасқан ел тізгінін ұстаудың мектептерін тас-талқан етіп күйретіп, құрықты зиялы қауымға салды. Бұл құрық ұлттық құндылықтарымызды дәйектер арғы-бергі дәуірлерге де үлкен зардабын тигізді. Мұнан да сорақысы сол, көптің көшін бастаған көсемдер мен елдің сауатын ашуға ұмтылған көзі ашық зиялыларымыздың есімдерін ұлт тарихынан сызып тастауға пәрмен бергізді.

Міне, сол тауқыметі мол дәуір алаш жұртын тағдырдың сынына аямай салса да, қазақ одан қаймықпады. Керісінше, одан әрмен алға ұмтылып, қазақ есімді халықтың және оның өзіндік үні барлығын өз басылымдары арқылы жеткізді. Сондай басылымның бірі, тұңғыш ұлттық-демократиялық, саяси-қоғамдық басылым «Қазақ» болатын. 

«Қазақ» – қазақтың «жаны» болып сөйледі!  Қазақы сөз, қазақы ой, қазақы таным, бәрі-бәрі газеттің түпкі санасында сайрап, оқырманын жаңа кеңістікке жетеледі. 

Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілсе, газеттің тұңғыш нөмірі 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көріп, алғашқы екі жыл бойына Орынборда аптасына бір рет, ал 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы үш мың, кейбір мәліметтерде сегіз мыңға жеткен газеттің бірінші редакторы – Ахмет Байтұрсынов болды. Сондай-ақ, «Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып алып оқығаны туралы деректер де кездеседі.  «Ұлттық керектерді» талап еткен «Қазақ» бес жыл ғана «ғұмыр кешіп», бас-аяғы 266 нөмірі оқырманға жол тартты.

Алаш қозғалысының саяси ұстанымын жариялап тұрған басылым тәуелсіздіктің таңымен қайта ортамызға оралды. Араға 88 жыл салып барып! Оған себепкер болған қаламгер – Қоғабай Сәрсекеев.

Иә, сөйтіп, Алаш арыстарының айтқаны келіп, армандары орындалды. Ақиқат жеңді! Қазақ халқының арманы мен ақиқатының арқасында «Қазақ» газеті бүгінде 110 жылдық мерейтойын тойлауда!  Бұл – айдыны кең, айбыны мықты ұлттық Рухтың мәңгілігі дер едік.

Ата басылымның өткені мен бүгіні туралы «Қазақ» газетінің бас редакторы, Ақпарат саласының үздігі Жасұлан Мәуленұлы «Шалқар» радиосының «Тарих тағылымы» бағдарламасында қонақта болғанда тарқатып айтты. Талант Арғынғали жүргізген бағдарламаның аудио сілтемесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бағдарлама сілтемесі: https://qazradio.fm/shalqarfm/kz/audios/55488 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here