Кедейдің әні ым-бап-бап, барады жұмыртқа қымбаттап…

0
1043

Жаңа жылдан бастап 10 жұмыртқаның бағасы бірден 700 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Өйткені, Үкімет енді бұрынғыдай жұмыртқа бағасын белгілемейді. Ал, жұмыртқа өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидия толығымен тоқтатылады. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың болмайтынына өкініш білдірген құс фабрикаларының иелері енді жұмыртқа бағасын екі есе көтеретіндерін ашық айтты.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 35 құс фабрикасының тек бесеуі ғана жұмыртқа өндірумен айналысады. Себебі, құс өсіруге, жұмыртқа өндіруге кететін үлкен шығындарға байланысты бұл саламен екінің бірі айналыспайды. Биыл жем-шөп бағасы екі есе, дизель отынының бағасы бір жарым есе қымбаттады. Яғни, келесі жылдан бастап субсидия төленбейтін болса, жұмыртқа бағасы да екі есеге артады.

«Қазір бөлшек саудадағы бір жұмыртқаның бағасы – 35 теңге. Егер субсидия алынып тасталса, біз жұмыртқаны кемінде 50 теңгеге сатуға мәжбүр боламыз», – дейді құс фабрикасы директорының орынбасары Александр Чесноков.

Осыған дейін мемлекет құс фабрикаларына бір жұмыртқа үшін 3 теңгеден субсидия төлеп келді. Өткен жылдан бастап субсидия көлемі екі есе қысқарды. Ал, келесі жылы мемлекет жұмыртқа өндірушілерге субсидия төлеуді доғармақ. Бұл жерде мәселе мемлекеттің құс фабрикаларына көмектескісі келмей отырғанында болып тұрған жоқ. Бар мәселе заңға келіп тіреледі. Неге десеңіз, елде жұмыртқа тұтынуға деген сұраныс пен ұсыныс артты. Ал, субсидия Қазақстан толық қамтамасыз ете алмайтын тауарларға ғана төленуі тиіс. Заң солай дейді.

«Егер Ауыл шаруашылығы министрлігінің нормативтік актілеріне өзгерістер енгізбесек, онда біз жұмыртқа үшін субсидия төлемейміз. Бұдан былай бағаны нарықтың өзі реттейді», – деп түсіндіреді Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Уәлібеков.

Өз кезегінде Құс өсірушілер одағы фермерлердің шілде айынан бері субсидия алмағанын айтады. Мұны жергілікті әкімдіктер ақшаның жоқтығымен түсіндіреді. Аталған одақтың президенті Руслан Шәріповтің сөзінше, көптеген құс фабрикалары субсидиясыз әлі де істерін дөңгелете алмайтын көрінеді.

«Қазір бір жұмыртқаны бөлшек саудада 35-40 теңгеден сатады. Бұл жемге кететін шығынды ақтамайды. Мұндай жағдайда қандай инвестор шығынға батып жұмыс істегісі келеді? Көбі күні ертең-ақ жабылады. Біз отыз жыл бойы келе жатқан өндірістен бір-ақ күнде айырыламыз», – деп күйінеді Руслан Шәріпов.

Сарапшылардың есебінше, елімізде қазірдің өзінде 10 құс фабрикасы жұмысын тоқтатты. Жем мен жанармай бағасының қымбаттауы кәсіпкерлерге қиындық тудыруда. Егер жаңа жылдан бастап субсидия төленбесе, онда 10 жұмыртқаның бағасы 700 теңгеге дейін өсіп, құс фабрикаларының жартысы банкротқа ұшырайды.

Біз бөлшек саудадағы бағаны айтып отырмыз. Ал, жұмыртқаның құны дүкен сөрелеріне жеткенше тағы қосылатынын естен шығаруға болмайды. Демек, жоғарыдағы факторлар жұмыртқа бағасының аспандап кетуіне алып келеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here