Ортағасырлық Сарайшықтың Ұлық Ұлыс тарихындағы маңызы

0
2893

Бүгінгі тарих ғылымындағы шешімін таппай келе жатқан келелі мәселелердің бірі – Алтын Орда қалаларының бірегейі Сарайшық тарихы екендігі баршамызға аян. Расында, ортағасырлық зерттеулер, соның ішінде 1320-1338 жылдар аралығындағы Ибн Баттута, испандық Пасхалия еңбектері, анонимдік автор мен Ф.Б. Пеголоттидің екі сауда-саттық жазбасы, одан кейінгі ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Өтеміс қажының, Мұхаммед Хайдар Дулатидың,  Қадырғали Жалаиридің, Әбілғазының еңбектері және өзге де еңбектер Сарайшық жөнінде толыққанды мәлімет бермейді. Бұл жағдайда тарихшылар барлық деректік зерттеулерді қорытып, археологиялық зерттеулер материалдарын, картографиялық зерттеулер және ел ішіндегі аңыз әңгімелерді пайдаланады. Сонымен бүгінге дейін жарық көрген барлық материалдарды саралай келе, Сарайшық қаласының Алтын Орда дәуірі тұсындағы маңызды тұстарына назар аударғым келеді.

Сарайшық – Алтын Орданың, Ноғай Ордасының, Қазақ хандығының астанасы болғандығы туралы тұжырымдар. Ибн Баттутаның 1334 жылы Сарайшықты «Сараджук» деп көрсетіп, «Сараджук», «джук», яғни «кіші», онымен олар «кіші Сарай» дегенді білдіргісі келгені, Құрбанғали Халидтің «Бес тарихында» «Сарай, Сарайшық пен Хан ордасы қалаларының айналасына орналасқандықтан хан, ханзадалар билігі үзілмей жалғасып отырды» дегені, 1950 жылы Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Әлкей Марғұланның «Сарайшық, Ескі Сарай және Жаңа Сарай – бір-біріне жақын орналасқан үш Алтын Орда қалалары. Сарайшықтың атаулары, оның сарайлары, мешіттері бар бай феодалдық қаланың мәртебесін білдіреді. «Сарайшық» атауы осы қалада Алтын Орда хандарының резиденциясы болғандығын дәлелдейді» деген пікірі Сарайшықтың астаналық рөлін айғақтайды. Оған қоса Әбілғазы еңбегіндегі «Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнібекті хан көтерді, Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді, Сарайшық шаһарында таққа отырды», «Жәнібек хан өлгеннен соң Тебризден Бердібек хан Сарайшыққа келді. Үш күн аза тұтып, азадан соң барлық ханзадалар мен әмірлер жиналып, Бердібекті хан көтерді» деген тұжырымы мен ел ішінде сақталған аңыз әңгімелер – Жәнібек ханның қызының «Алтын қайығы», «Аққу көлінің» барлығы бірін-бірі толықтыра түседі. Бұл арада тарихшы В.Л. Егоровтың «В результате в монгольском обществе выделяется специфическая чиновничья прослойка, которая не кочует вместе с ханом, а оседает на постоянное жительство вокруг его стационарной зимней ставки. Таким образом, создается ядро оседлого населенного пункта, формирующееся вокруг дворца верховного правителя. Именно по такой схеме зарождения столицы Золотой Орды города Сарая свидетельствует и его название, которое переводится словом – дворец» дегенін толық құптауға болады.

Соңғы жылдары Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген белгілі археолог З.Самашев, В.Плахов Сарайшық қаласының жоспарсыз салынбағанын атап өте келе, «Үй сәулетіне, оның ішкі интерьеріне төменгі Еділ жағалауы, Хорезм және Сырдария өңірі қалаларының дәстүрі де біте қайнаған» деп жазады.

Егер біз сол замандағы хандардың көшіп жүретінін ескерсек, Сарайшық хандардың маусымдық резиденциясы болған. Бүгінде Сарай Батуды зерттеуші ресейлік археолог, профессор Е.Пигарев «Алтын Орданың алғашқы кезеңінде Сарай Бату мен Сарайшық бірдей астаналық рөл атқарды», Р.Почекаев «Сарайшық 1359 жылдардағы елдегі династиялық күрес тұсында астана болды» деп жазып жүр. Олай болса, «өзгелер» мойындап жазып жүрген «Сарайшықты Ұлық Ұлыс – Алтын Орда астаналарының бірі ретінде зерттеулерімізді дамыта түсіп, тұжырымдарымызды нақтылауымыз қажет.

Сарайшық қаласында лайықты Хан сарайы болған. Осы Хан сарайында Әбілғазы бойынша Жәнібек хан да, оның ұлы Бердібек те таққа отырса, белгілі ноғайтанушы В.В.Трепавлов осы тізімге Өзбек ханды да қосады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Хан сарайының орнын таба алмай келеміз. Мұның өзі Сарайшықта қазба жұмыстарының кешенді түрде жүргізілуін қажет етеді. Бүгінде татар ғалымдары Булгар қаласындағы Хан сарайында болған «Алтын тас», «Алтын тақ» мәселесін жиі көтеріп жүр. Ол да бізге ой тастауы тиіс.

Тоғыз жолдың торабы түйіскен Сарайшық ХІІІ-ХІV ғасырларда Еділ-Жайық аралығындағы ірі қалалардың біріне айналды. Қала ортағасырлық 1367 жылғы Пициганидің, 1459 жылғы Фра Маураның, 1562 жылғы Энтони Дженкинсонның, 1548 жылғы итальяндық картограф Джакомо Гастальдидің, 1593 жылғы Мәскеу патшалығының, ХVІ ғасырдағы австриялық тарихшы Сигизмунд Герберштейннің, 1674 жылғы француз тарихшысы, картограф Николя Сансонның, 1687 жылғы голландиялық саясаттанушы, картограф Николаас Витсеннің картасында көрініс табады.

Сарайшық құландыларын 1861 жылы зерттеген топограф А.Е.Алексеев оның аумағын 3 верст 350 сажен (бүгінгі өлшеммен 4,5 км2) деп анықтаса, Жайық бойы қалаларын ұзақ жылдар бойы зерттеген археолог Л.Л.Галкин орта ғасырда Сарайшық халқы 50 мыңнан көп емес деп жазған-ды. Егер Сарайшықты Сарай-Батумен салыстырар болсақ, зерттеуші В.Л.Егоров В.Г.Тизенгаузеннің еңбегіне (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. СПб., 1884) сүйеніп, Сарай-Бату қаласының көлемі шамамен 10 км2, ал халқы 75 мың шамасында болғанын дәлелдеді. Бұл салыстыру да Сарайшықтың Алтын Орданың астанасы болғанын қосымша айғақтайды.

Осы тұста Сарайшық Азиядан Еуропаға өтетін керуен жолдарының негізгі орталығы болды. 2021 жылы Ресей архивтерінен Сарайшық музей қорығы ғалымдары тапқан І Петр заманындағы картада Сарайшық – Қажы Тархан аралығындағы екі керуен жолында 10-12 елді мекен немесе керуен тоқтайтын жер болған. Соның бірін алғаш рет Сарайшық музей-қорығы археологтары 2021 жылы тапқандай. Оның аумағы шамамен 4-5 гектарды қамтиды. Ол жерден ортағасырлық қыш құмыралардың сынықтары, шығырлар, жүзіктер, қола айнаның сынығы, Ұлық Ұлыстық Өзбек хан тұсындағы 1 күміс дирхем, Өзбек және Жәнібек хандар тұсындағы 15 мыс пұлдар және сармат дәуірінің жебесі табылды. Өткен аптада конференцияға келген археолог ғалымдардың қатысуымен өткен «Ұлық Ұлыс керуен жолдары: Сарайшықтан Еділ бойындағы Сарайларға дейін» тақырыбындағы Далалық семинарда осы керуен жолы зерделенді.

Сарайшық қаласының ерекше маңызын ел билеушілерінің пантеоны да айғақтай түседі. Сарайшықтың Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілері мен даңқты тұлғаларының пантеоны болғаны мойындалғанымен, онда жерленгендер туралы бір ортақ пікір жоқ. Ол заңды да. Өйткені, ортағасырлық зерттеушілердің өздері әртүрлі пікір қалдырған. 1602 жылғы Қадырғали Жалаиридің «Шежірелер жинағында» Қасым хан «ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», 1665 жылғы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Тоқтағу хан «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан туралы «ол он жеті жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерленді» деп жазылған. Оларға қосымша Өтеміс қажының, Әбілғазының, Абдулғаффар Қырымидің және ноғай жырларындағы жанама деректерге сүйене отыра Сарайшықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір хан, Бердібек хан, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан жерленген деген болжам жасаймыз. Бұл мәселелер де өз зерттеушілерін күтеді. Сөз соңында, халықаралық жиынның маңыздылығын ескеріп, төмендегідей ұсыныстар бердім:

  1. Ұлық Ұлыстық Сарайшық қаласына қатысты әлемге шашырай орналасқан архив деректерін елге әкелу;
  2. Алтын Орда астанасы болған Қазақстандағы жалғыз қала Сарайшықта Бату ханға, Қазақ хандығының біртуар ханы Қасым ханға ескерткіш орнату;
  3. Сарайшық музей-қорығын еліміздегі негізгі Алтын Ордалық музейге айналдыру және ашық аспан астындағы музей жасау;

Қорыта келгенде, ортағасырлық Сарайшық қаласы ғылыми-туристік орталыққа айнала отыра, ортағасырлық мемлекеттілік тарихын қалпына келтіру арқылы Қазақстан Республикасының болашақ саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына қызмет етеді деп есептеймін.

Әбілсейіт МҰХТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here