Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алатын адамдардың саны артатынын хабарлады.
Қазіргі кезде «Отбасы банкінің» «Бақытты отбасы» бағдарламасына үш санатқа кіретін адамдар қатыса алады. Олар – көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар. Алдағы уақытта бағдарламаға ата-анасыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар қосылады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша берілетін екі пайыздық ипотеканың бастапқы жарнасы – 10%, несие мерзімі – 18 жылға дейін. Қарыз сомасы бойынша да шектеулер бар. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда алынатын ең қымбат баспана құны – 15 млн теңгені, басқа аймақтарда – 10 млн теңгені құрайды. Осы ақшаға жаңадан салынған үйден де, ескі үйден де пәтер сатып алуға болады. Жеке тұрғын үй рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Екі пайыздық ипотека тек мұқтаж адамдарға ғана берілетін болғандықтан, табысқа қатысты талап та бар. Айталық, соңғы алты айда әрбір отбасы мүшесінің бір айлық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің (36 018 теңге) 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиісті, яғни әрбір мүшесіне келетін табыс 111 655 теңгеден артық болмауы шарт. Ал, отбасыда алты адам болса, бір айлық табыстың мөлшері 663 934 теңгеден асып кетпеуі керек.
Айта кетейік, биыл елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы 15 маусымға қарай басталады. Оған республикалық бюджеттен 51 млрд теңге бөлінді. Былтыр аталған бағдарлама бойынша көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасы санатына жататын 7 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады.