Жағымпаздар жарысы / сатира /

0
1246

– Сүйінші, мырзалар, сүйінші, – деді қала әкімі, жағымпаздар жарысы қазылар алқасының төрағасы Қисық Түзелмесұлы залда отырғандарға қарап, – біз бүгін елімізде бұрын-соңды болмаған қуанышқа кенеліп отырмыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының «шешімімен» дүниежүзі бойынша жағымпаздар жарысын, яғни, конкурсын тұңғыш рет өткізу құрметі біздің елге, соның ішінде біздің қалаға бұйырды. Бұл үлкен жетістік, мырзалар! Аталған ұйым біздегі жағымпаздықтың зор қарқынмен дамуын демократияның жарқын көрінісі деп дұрыс бағалап отыр. Ал, бізде керісінше жағымпаздықты нашар, теріс қылық ретінде түсінеді. Біз батыстан көп нәрсе үйренуіміз керек. Соның бірі – сөз бостандығы. Оларда кім не айтамын десе де өз еркі. Бізде де жағымпаздар не айтамын десе де, қалай сөйлеймін десе де өзі біледі. Оларға да ешқандай шек қойылмайды. Қойылмағаннан бұрын бізде олар үнемі ынталандырылып, жігерлендіріліп, шабыттандырылып отырады. Сөз бостандығы дегеніміз осы, демократия дегеніміз осы.

Мырзалар, бүгінгі жарыс «сырт көздердің» назарында болғандықтан және олар бізді қайыршы ел екен деп ойламасын деп, әрі қайда «шашылмай» жатқан ақша деп «жағымпаздық» министрлігінен конкурс жүлдегерлеріне жүз елу миллион теңге бөлдірдік. Бас жүлде – жүз миллион теңге. Қанеки, ду қол шапалақтап жіберейік, мырзалар!

Мырзалар, бүгінгі жарысқа елімізге өте танымал, жағымпаздық атақтары аспандап кеткен қаладағы екі «дүлейді» қатыстырып отырмыз. Енді жарысымызды бастайық. Жарыс шарты бойынша қатысушылар өз бастықтарын мінез-құлқы, ата тегі, адамгершілік қасиеттері және басқа да ерекшеліктері туралы қысқаша кезектесіп мадақтаулары керек. Бірінші сөйлеу кезегі қаланың Шығайбай ауданының «құрметті» жағымпазы, жағымпаздық ғылымдарының докторы, академик Бұзаубай Құлжабайұлына беріледі.

– Ассалаумағалейкүм алтыннан ардақты, күмістен салмақты, арыстаннан айбатты, жолбарыстан қайратты, өз ісінің тұлпары, жігіттің нағыз сұңқары Қисық Түзелмесұлы, – деді мінбеге көтерілген Бұзаубай.

– Тоқтай тұрыңыз, – деді оған Қисық, – сіз мені емес, өз бастығыңызды мақтаңыз. Тақырыптан ауытқымаңыз. Мен мақтағанды жақтырмаймын.

– Уа, кемеңгерім, теңдесі жоқ асыл биім, мен үшін бүгінгі бас қазылыққа сіздей тау суындай таза, әділ, шыншыл, парасатты адамның сайлануы жүрегіме нұр құйып, кеудемді шексіз қуанышқа бөлеп тұр. Сізбен бір заманда, бір мезгілде өмір сүру, сіздің айналаңызда жүру, сіз жұтқан ауаны жұту, сіздің қасиетті қолыңызды сүю мен үшін, мен үшін ғана емес, бүгінгі ұрпақ үшін шексіз мәртебе.

– Бұзаубай Құлжабайұлы, қайталап айтамын, сіз мені емес, өз бастығыңызды мақтаңыз. Тақырыптан ауытқымаңыз.

– Ау, халайық, – деп Бұзаубай залға қарап айғай салды, – әділдігін өздеріңіз айтыңыздаршы. Өмірде осындай қарапайым, осындай кішіпейіл адам көрдіңіздер ме? Өзі қала әкімі бола тұрып, өзі «халықаралық маңызы зор», бас жүлдесі жүз миллиондық үлкен жарысты басқарып отырып, мені мақтама, өз бастығыңды мақта дейді. Бұл кішіпейілдіктің ең жоғарғы үлгісі, бұл парасаттылықтың шырқау шыңы. Мұндай керемет қасиет қайсымыздың бойымызда бар? Бұрын-соңды осындай ұлы адамды көргендеріңіз бар ма? Жасасын ұлылық, жасасын Қисық Түзелмесұлы!

– Рақмет, – деді Қисық, – менің бойымдағы азды-көпті қасиеттерімді тап басқаныңызға. Енді сәл кідіре тұрыңыз. Келесі сөзді «Көктемес» ауданының «құрметті» жағымпазы, ғылым кандидаты Жартыбас Шақшабасұлына берейік.

– Ассалаумағалейкүм, о, әулием, Қисық Түзелмесұлы, – деп қышқырды енді Жартыбас.
– Неге қышқырасыз? – деді оған Қисық.

– Алдымен айқайлап, өзіңізбен дұрыстап амандасып алайын дегенім ғой. Қалайсыз «көке», аяқ-қолыңыз аман ба? Халқымыз үшін аса қымбат қасиетті денсаулығыңыз жақсы ма? Құдайдан күнде жалбарынып тілейтініміз сіздің асыл денсаулығыңыз. Айдай сұлу алтын жеңгеміз күйлі ме?

– Жартыбас Шақшабасұлы, сіз тақырыптан ауытқымаңыз.

– Тақырыптың өзі не еді?

– Өз бастығыңызды мақтау.

– О, құдай, – деді Жартыбас, – тап қазір бізге сізден артық, сізге тең келер бастық жоқ. Сіз керемет қасиетті адамсыз. Менің бабаларымнан жұққан көріпкелдік қасиетім бар. Мен сіздің ішіңізге сыймай жүрген бір алапат құдіретті көріп тұрмын. Оны мен сіздің шоқтай жанған екі көзіңізден байқадым. Сіздің түпсіз терең көзіңіз, елім, жерім деп емірене соққан жүрегіңіз «айналасына» мейірімділік пен ізгілік шуағын шашып тұр. Біз сол шуақтан қуат аламыз, «гүлдейміз», жасарамыз. Рахмет, сізге! Сіз бүкіл елімізге танымал кемеңгер тұлғасыз, көреген басшысыз, ұлы саясаткерсіз. Сіз әкім болғаннан кейін тақыр жерге керемет қала орнаттыңыз. Сіз жүз жылдық жұмысты екі-үш жылда атқарып тастадыңыз. Халық сізге дән ризае!

– Керемет сөз, – деді Қисық, – керемет! Бірақ, бастығыңыз туралы да айтуыңыз керек еді ғой. Енді келесі сөз Бұзаукеңде.

– Уа, данышпанымыз, теңдесі жоқ тектіміз, көз тоймас көрнектіміз, сіздің ғажап күш-қуатыңыздың, жігерлігіңіздің, адалдығыңыздың, ұйымдастырушылық зор қабілетіңіздің, Отанға жан- тәніңізбен берілгендігіңіздің арқасында тақыр жерге қала орнатып қана қоймай, бүкіл қала халқының жүрегіне нұр құйдыңыз. Сіз құйған нұр шуақтан қаланың алжуға айналған кемпір-шалдарына ақыл кіріп, «кеуіп семіп» қалған жандары жасарып, көздеріне жас алып, сізді үнемі көргісі келіп тұрады, сағынады. Өздерінің шексіз алғысын, шынайы махаббатын көзбе-көз, ауызба-ауыз жеткізгісі келеді. Бірақ, сіздің алтын уақытыңыздың шектеулі екенін де жақсы түсінеді. Сондықтан қалаға сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, жүздеген мың жұртшылық атынан қала орталығында нар тұлғаңызды бейнелейтін зәулім ескерткіш орнатуды ұсынамын. Тек жұмысбасты болам деп шаршап қалмаңызшы, біз үшін аса қымбат денсаулығыңызды аяңыз, өтінем!

– Апыр-ай, неткен шешендік, – деді Қисық, – өзімді-өзім бағалай алмай жүр екем ғой. Ескерткіш деген керемет қой. Оны өзіңнің көзің тірі кезінде көргенге не жетсін?! Рақмет, Бұзауке! Ал, Жартыбас…

– О, бүгінгінің Бұқар жырауы Қисық мырза, бізде неше түрлі даналар да болған, отауызды, орақтілді шешендер де болған, көсемдер де болған. Бірақ, тап сіздей ғұлама адам болған жоқ. Сіздің қала әкімі ретінде қандастарымызға жасап жатқан қамқорлығыңызды айтып тауыса алмаймын. Осы мәселеге байланысты өткенде жасаған екі сағаттық баяндамаңызда сыртта жүрген қандастарға деген ыстық сағынышыңыз бен көл-көсір мейіріміңіз әр сөзіңізден сезіліп тұрды. Дауысыңыз да сондай жағымды әуенмен сұлу қыздың күлкісіндей сыңғырлап, кейде көлден ұшқан аққудай мамырлап шықты. Жан тебірентерлік сол сөздеріңізге соғылған шатырлаған шапалақ пен көзден аққан ыстық жаста есеп жоқ. Әр сөзіңіз алтын болып төгіліп жатты. Келбетті бейнеңіз көз алдымнан кетпей тұрды. Екі сағаттық баяндамаңызды қалғып кетпей, бастан аяқ мұқият тыңдадым. Арасында көзіме жас алып, өзіңізге білдірмей, өксіп-өксіп жылап алдым. Адамның жанын балқытар сиқырлы сөзді, бүкіл ішкі дүниеңді толқытар мейірімді дауысты алғаш рет сізден естідім.

– Бүгінгінің Бұқар жырауы дедің бе мені Жартыбас. Апыр-ай, артық кеткен жоқсыз ба? Адам кейде өз бойындағы қасиеттерді байқай бермейді ғой. Өксіп-өксіп жылағаныңа қарағанда жаныңыз сондай нәзік болғаны ғой. Рақмет, Жартыбас, рақмет! Ал, Бұзауке…

– Ау, жарты әлемді жаулап алған Шыңғысханның текті ұрпағы Қисық Түзелмесұлы, сіздің күш-қуатқа толы таудай тұлғаңыз, жарқ-жұрқ етіп оттай жанған екі көзіңіз, Күндей жарқыраған Ай маңдайыңыз, елім, халқым деп соққан аяулы жүрегіңіз ұлы ханның ұрпағы екеніңіздің айқын дәлелі. Сіз бізге Алланың берген сыйысыз. Сізді қала халқы зар илеп, ботадай боздап жүріп Құдайдан сұрап алды. Сіздің қала халқын, қала ғана емес елімізді, елімізді ғана емес әлемді таңқалдырған кемел шешімдеріңіз бүгінгі ұрпақтың болашағы жарқын болатындығының кепілі. Сіздің дарқан даламыздай жомарттығыңызда шек жоқ. Осы жарысқа «жағымпаздық» министрлігінен қояр да қоймай жүз елу миллион теңге сұрап алуыңыз – осының айғағы. Сіз қашанда адамдарға қамқорлық жасауға бәйге атындай тыпыршып тұрасыз. Бәрімізді балапандай баптап, қызғыштай қорып келе жатқан кемеңгерсіз. Бойымызға қан жүгіртіп, жан бітірген сізсіз. Сіз өзіңіздің осындай керемет қасиетіңіздің барын сезіндіңіз бе? Жоқ, сезінбедіңіз. Өйткені, ұлы адамдар көбіне аңқау келеді, ұмытшақ келеді. Өзінің ұлы адам екенін де ұмытып кетеді. Ешқашанда ұлымын деп ойламайды. Сіз де сондай ұлысыз.

– Апыр-ай, аяғымды жерге тигізбей кеттіңіздер ғой. Мен өзі мақтауды жақтырмайтын адам едім. Менің тақырыпқа айналуым ыңғайсыз болды-ау. Ал, Жартыбас…

– О, қаламызға бақ болып бұйырған Қисық Түзелмесұлы, бұл жерде сіз ыңғайсызданатындай ештеңе жоқ. Біз бар болғаны шындықты айтып жатырмыз. Сіз мың жылда бір туатын құбылыссыз. Арғы-бергі заманда қала халқының басына мұндай бақ қонған жоқ. Сіздің мұхиттай терең ақыл-ойыңыздың, ғарышқа самғап кеткен арман-мақсатыңыздың, Күн жарығындай ұшқыр қиялыңыздың, мейірімділік пен ізгілікке құштар көл-көсір көңілініздің бүгінгі ұрпақ ақылы жетпес құпиясын жүз жылдан кейінгі ұрпақ көз майын тауысып, зерттейтін болады. Сіз туралы әлі талай кітаптар жазылады. Сіздің қаланы көркейтудегі ұлан-ғайыр еңбегіңізді, қажымас қайрат-жігеріңізді жазушы біткен таласып жазады. Ақындар «бұрқылдатып» керемет поэмалар жазу үшін тебіренеді, толғанады, «толғатады». Сіздің атағыңыз жер жарады. Құдайым соған жеткізсін. Осы қаланы өмір бойы басқарыңыз. «Аттан» түссеңіз де, тақтан түспеңіз.

– Рақмет, рақмет, Жартыбас, айтқаның келсін. Ал, Бұзаубай…

– О, менің Қисық ағам, асыл ағам,
Ешқандай қиындықтан жасымаған.
Көл-көсір мақтау естіп жатсадағы,
Лепіріп, масаттанып тасымаған.
О, менің әділ биім, асыл ағам,
Шындықты қалай айтпай, жасыра алам.
Шапқылап күні-түні дамыл таппай,
Өзіңізсіз қала халқын асыраған.

– Апыр-ай, Бұзауке, өзіңіз ақын екенсіз ғой. Қалай білмегенбіз.

– О, әулием, – деді Бұзаубай, – өзіңіздей аса мәртебелі адамның нар тұлғасы, нұрлы жүзі бойыма шабыт құйып, «қалғып кеткен» азды-көпті ақындық талантымды «оятып» жіберді. Сізге рақмет!

– Жарайды, – деді Қисық, – ал, Жартыбас…

– Қисық аға бәріміздің «көкеміз»,
Көш бастаған, жол көрсеткен текеміз.
Өсіп кетсе ойда жоқта ол «биіктеп»,
Айтыңдаршы, сонда біздер не етеміз?
Бәріміз де бір-бір дорба арқалап,
Көше кезіп, базар кезіп кетеміз.
Қисық көке, кетпеңізші ешқайда,
Біз бақытқа тек сізбенен жетеміз.

– Апыр-ай, Жартыбас, сіз де ақын екенсіз ғой. Біз қалада өскен орысшылдау адамбыз ғой, әлгі текеміз деген сөзіңізді түсіне алмадым. Ал, Бұзауке…

– Жартыбас, босқа сөйлеп, ерікпеңіз,
«Құтыртып», қызыл тілді желікпеңіз.
Асқар тау, жарық жұлдыз ағамызды,
Текеге теңеп, лағып, кемітпеңіз.
Осы ма сөзден өлең толғағаның,
Ілесе алмай соңыма жолда қалдың.
Алтындай қасиетті ағамызды,
Текеге теңегенің қорлағаның.

Бұзаубай өлеңін аяқтай бергенде, Жартыбас Қисықтың «нұсқауын» күтпей, жалғастырып әкетті.

– Жағынса басшыға адам өседі ғой,
Бұзаукең көбіне артық бөседі ғой.
«Көш» бастап, «жол көрсеткен» «қиындықта»,
Теке де ешкілердің «көсемі» ғой.
Көкемді текеменен теңегенім,
Оның да көсемдігін елегенім.
Бұзауке, арамызға от тастама,
Қисекең данышпаным, көрегенім.

Бұзаубай:

– Жартыбас, теке деген мал емес пе,
Ақылсыз, маңыраған «жан» емес пе?
Сыйласаң ғұлама бұл ағамызды,
Басқа да жақсы теңеу бар емес пе?
Асылды кеміту ме мұратыңыз,
Айтыңыз, қайда кеткен ұятыңыз?
Көңілі шықтай мөлдір ағамызды,
Кешірім сұрап енді жұбатыңыз.

Жартыбас:

– Бұзауке, дүр жағымпаз сабазым-ай,
Ешкімге дес бермейтін қазағым-ай!
Бас жүлдені алуға қызыққанмен,
Өзіңмен жарысудың азабын-ай!
Көп жылдар еліктеген «іңкәрім»-ай,
«Биіктен» саңқылдаған сұңқарым-ай.
Алыңыз бас жүлдені жеңілдім мен,
Бойына шаң жұқтырмас тұлпарым-ай!
Қисеке, осы болар шешіміңіз,
Жарқырай берсін атақ, есіміңіз.
Теке деп ұйқас қуып, артық кетсем,
Жағымпаз пендеңізді кешіріңіз.
Қай жарыс ұнасын не ұнамасын,
Шын жүйрік жеңген кезде қуанасың,
Халайық, қолын сүйіп, құттықтайық,
Қазақтың жағымпаздар ғұламасын!

– Мырзалар мен ханымдар, – деді сахнаға шыққан Қисық Түзелмесұлы, – бүгінгі жағымпаздар жарысы тақырыптан ауытқып кеткенімен жақсы өтті. Жағымпаздар өз өнерлерін барынша көрсетті. Мәселе кімді мақтағанда емес, қалай мақтағанда. Жартыбастың аты Жартыбас болғанымен, ақылды бас екен. Жарысты ушықтырмай, жеңілгенін мойындап, «сыпайы» аяқтады. Оның да сыйлығы аз емес. Отыз миллион теңге. Қалған жиырма миллион теңге осы жарысты ұйымдастырып, өткізген қазылар алқасына тиесілі. Ал, еліміздің бас жағымпазы Бұзауке, жүз миллион сыйлығыңыз құтты болсын! Өзіңізге тартқан тұлпар шәкірттеріңіз көбейе берсін! Халайық, бүгінгі жарысымызға нәр берген, сән берген жүйріктерімізді құттықтап, ду қол шапалақтап жіберейік! Жасасын, жағымпаздық, жасасын дүлдүл жағымпаздар!
Жұрт дуылдата қол соғып, «жасасын, жасасын, жасасынға» басып, айқайлап, зал ішін азан-қазан қылды.

Дамир ӘБІШЕВ,
сатирик-жазушы

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here