«Saumal» қазақтың ұлттық брендіне айнала ма?

0
6974
Күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары аясында «Eurasia Invest LTD» ЖШС мен «Jamjoom Pharma» фармацевтикалық компаниясы арасында Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісімге қол қойылды

Экономикасы шикізатқа тәуелді елдің алысқа бармайтынын соңғы қаржылық дағдарыс тағы бір дәлелдеді. Өйткені, мұнай мен газдың бағасы құлдыраған сайын шикізат экспорттаушы елдердің де экономикасы шатқаяқтайды, бюджет түсімдері кемиді. Бұл елдердің қатарында мұнай-газ секторының үлесі ЖІӨ-де 20%-ды құрайтын Қазақстан да бар. Мұнай-газ экспорты мемлекет кірісінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Демек, еліміздің экономикасы мұнай-газға қаншалықты тәуелді екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ал, шикізатқа тәуелді болмау үшін алдымен жеке өндірісті дамыту керек. Сондықтан билік басындағылар «Made in Kazakhstan» сауда белгісімен өз өнімдерімізді шығаруға, отандық зауыт-фабрикаларды қолдауға мүдделі болуға тиіс. Бір қуаныштысы, «Made in Kazakhstan» деген тауарлық белгісі бар өнімдерді шығарып жатқан өндіріс орындары баршылық. Солардың бірі – «Saumal» сауда белгісімен биенің сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ өндіруді қолға алған «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясы. Жаңа ұлттық брендті қалыптастырып, қазақстандық өнімді әлемдік нарыққа шығаруды мақсат еткен қарағандылық зауыт әлемге Қазақстанның тек мұнай-газ елі ғана емес, бие сүтінің отаны екенін дәлелдегісі келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін француз шарабы мен неміс сырасы сияқты қазақтың ұлттық брендіне айналуға ниетті «Saumal» өніміне тоқталады.

«Еуразия Инвест ЛТД» компаниясының «Saumal», «Saumet», «Saumal Fresh», «Saubota», «Qazbota» өнімдеріне қатысты сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар: +7 (700) 836 06 46 (WhatsApp)

ГЕРМАНИЯҒА САУМАЛДЫ АЛҒАШ АПАРҒАН КІМ?

Биенің сүті – саумалды бірден құрғатып, ұнтаққа айналдыру Франция мен Германияда ертерек қолға алынған көрінеді. Саумалдың бұл құрғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, фармацевтика саласында да таптырмайтын шикізат. Өкінішке қарай, мұны Қазақстан емес, алдымен Германия қолға алды. Ал, саумал неміс жерінде қалай пайда болды? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Қырқыншы жылдардың соңында әскери тұтқын Рудольф Шторх КарЛАГ-та (Қарағанды түзеу-еңбек лагері) отырып, өкпе ауруының (туберкулез) ауыр түрімен науқастанады. Дәрігерлер басқаларға жұқтырмас үшін «Бәрібір тірі қалмайды» деген сылтаумен оны лагерьден шығарып тастайды. Өлуге шақ қалған неміс солдатын шопан ақсақал үйіне алып келеді. Бәйбішесіне мән-жайды түсіндіріп, екеуі науқасты емдеуге кіріседі. Жаңа сойылған қойдың жас терісіне орап, саумал ішкізу сияқты халық емдерін қолданып, өлім аузында жатқан немісті жарты жылда аяғынан тік тұрғызады.

Тұтқыннан босағаннан кейін Рудольф Шторх Германияда тұрақтанып, өз ісін ашу үшін 10 бие сатып алып, қымыз өндіре бастайды. Оның ісі оңға басып, бүгінде бұл 450 гектар жайылымдық жері мен 500-дей биесі бар кәрі құрлықтағы үлкен фермаға айналады. Еуропа үшін тың кәсіпті қазір Шторхтың қызы Джетт пен күйеу баласы Ганс Цольмандар жалғастырып келеді.

«Саумал ішіп емделу үшін халықтың жайылымдарға арнайы баратынын жиі естісем де, оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін, организмге қалай әсер ететінін білмейтінмін. Германиядан келген серіктесіміз Ганс Цольман бие сүтінің пайдасы туралы ғылыми және медициналық тұрғыдан айтып бергенде, біз үшін бұл үлкен жаңалық болды. Германияда саумалға қатысты клиникалық зерттеулер жүргізген тісқаққан маманның 60 жылдық тәжірибесі бар. Содан біз саумалдың Қазақстанда дамуы тиіс бірегей өнім екенін түсініп, жұмысымызды 2014 жылы бастадық», – дейді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС бас директорының орынбасары Қайыржан Мейрамбеков.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруаны қолға алғанда компания бірден жоғары сапа стандарттарына ұмтылған. Мысалы, олар кәсіпорынды «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жақын экологиялық таза ауданнан ашқан, Еуропадан заманауи жабдықтар мен Ганс Цольманнан сауу және өндіру технологиясын сатып алған. Соның арқасында «Saumal» қазір жаз мезгілінде ғана емес, жыл бойы қолжетімді. Осылайша, «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС қазақстандық жаңа бренд құрды.

Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген нақ көшірмесі. «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясының меншігіндегі зауыттың үлесіне 35 мың гектар жайылым жер тиесілі. 2,5 мыңнан аса бие тәулігіне 5 мың тонна сүт береді және сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 50 тоннаға дейін жетеді

ГЕРМАНИЯ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨШІРМЕСІ

Рас, Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы қазақстандық зауыт – неміс зауытының кеңейтілген нақ көшірмесі саналады. Барлық шаруашылық – орналасатын жерінен бастап, жылқылар мен қызметкерлерді үйретуге дейін тікелей Рудольф Шторхтың тәсілімен жүргізіледі. Зауытта 150-ден астам адам еңбек етеді.

Осыған ұқсас өнімді шығаратын еуропалық өндірушілерге қарағанда қарағандылық зауыттың айтарлықтай басымдығы бар және бұл салада дамудың әлеуеті өте зор. Мұны Қазақстанның географиясы да, климат жағдайы да, азық қоры да дәлелдей түседі. Малды қорада бағумен шектелетін еуропалық жылқы зауыттарына қарағанда біздің жылқылар өзіне тән табиғи ортада мекендейді, бұл айқын басымдық және жылқы бағуға әрі бие сүтін өте жоғары сапада алуға зор септігін тигізеді.

«Еуразия Инвест ЛТД» компаниясының меншігіндегі зауыттың үлесіне 35 мың гектар жайылым жер тиесілі. 2,5 мың биеден тәулігіне 5 мың тонна сүт алынады. Соның арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 50 тоннаға дейін жетеді. Неміс технологиясын енгізу өндіріс көлемінің жоғары көрсеткішіне жетуге ғана емес, шығарылатын өнімнің жоғары сапасын бақылауда ұстауға да мүмкіндік береді.

Әрине, биенің ашымаған сүтін ішу үшін арнайы жайылымға бару уақыт пен ақша тұрғысынан тиімсіз саналады. Сондықтан «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясы сияқты саумалды дәрі-дәрмек немесе ұнтақ күйінде дайындау сыртқы нарық үшін де, ішкі нарық үшін де тиімді. Ал, саумал экспорты мұнайға қарағанда 5-6 есе көп пайда беруге қабілетті көрінеді. Өйткені, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерде пайдаланылатын құрғақ саумалға Еуропа елдерінде сұраныс жоғары. Кәрі құрлықта құтыдағы қымыздың литрі – шамамен 10 еуро болса, құрғақ саумалдың келісі – 30 еуро тұрады. Бірақ, дәрі-дәрумен бағытындағы өнімнің құны әлдеқайда қымбатырақ болатыны даусыз.  Демек, құрғақ саумалға құрақ ұша ұмтылатын елдермен келісім жүргізе отырып, өнімді экспорттауға жол ашқан дұрыс болмақ.

Бие сүті ұнтағы шетелде негізінен косметология, фармецевтика, балалар мен диеталық тағамдарға қолданылады

«SAUMAL» ЭКСПОРТ ГЕОГРАФИЯСЫН ТАҒЫ БІР ЕЛГЕ КЕҢЕЙТЕДІ

Экспорт демекші, күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сауд Арабиясына ресми сапары аясында Араб түбегіндегі елдің іскер топ өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысқан болатын. Сол екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастығын нығайту мақсатында өткен кездесуде бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған «Eurasia Invest LTD» ЖШС мен «Jamjoom Pharma» фармацевтикалық компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, «Saumal» өзінің сыртқы нарықтағы географиясын тағы бір елге кеңейтті.

«Біз бүкіл әлемге танылатын қазақстандық бренд құрғанымызды мақтан етеміз. Біздің өнім қазірдің өзінде Гонконг, Ресей, БАӘ елдерінің нарығына шығып үлгерді. Еуропалық Одақ, АҚШ және Қытай елдері тарапынан да үлкен сұраныс бар. «Saumal»-ды басқа елдердің де нарығына шығаруға болады. Бірақ, сүт өнімдерін экспорттау үшін үкіметаралық келісімдер қажет», – деп санайды Қайыржан Мейрамбеков.

Әрине, мемлекеттің қолдауынсыз өнімді сыртқы нарыққа шығару қиын. Сондықтан, жоғарыда жазғанымыздай, Үкімет «Made in Kazakhstan» сауда белгісімен шығып жатқан отандық өнімдерді экспорттау жолында кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге міндетті. Ал, Мемлекет басшысының Сауд Арабияға ресми сапары аясында қол қойылған 13 құжаттың ішінде «Saumal» экспортына қатысты келісімнің болуы қуантады. Енді осы игі іс жалғаса беруі керек.

SAUMAL – биенің жаңа сауылған сүтінен құрғату (сублимация) әдісімен алынған құрғақ ақ ұнтақ. Қолдану аясы кең қайталанбас шипалық өнім

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҚЫТАЙ МЕН АҚШ НАРЫҒЫНА ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Сонымен, АҚШ, БАӘ, Қытай, Ресей, Оман, Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Еуропалық Одақ елдері бүгінде Қазақстанның бұл бірегей өніміне қызығушылық танытып отыр. Енді әлемдік нарықтың назарын аударып отырған отандық өнімнің әлемдік нарыққа кеңінен шығуына қолайлы жағдай жасау керек.

Иә, біреудің қаңсығын таңсық көріп, алып сатарлықпен кәсіп дөңгелеткеннің ғұмыры ұзақ болмастығын нарық заңы әлдеқашан дәлелдеп берді. Заман ағымын аңғара білген, ата кәсіпті түлетіп, өркениет көшіне ілестіре білген Қадырбек, Теміржан, Ғалымжан Мейрамбековтер сияқты кәсіпкерлердің еңсе көтеруі қуанарлық жағдай. Германияның заманауи технологиясымен жабдықталған әлемдегі ең ірі бие сүтін сублимациялау зауытының жұмысы 8 жыл бұрын басталған. Жобаның құны – 1,4 млрд теңгені құраған. Бүгінгі таңда сүтті кептіру үшін компанияға тиесілі биелерден бөлек, жақын маңдағы шаруа қожалықтарынан да сүт алынады. Кәсіпорынның өндіріс көлемі ауқымды. Жабдықтар биені уақытылы саууға да, автоматтандырылған жүйе сүтті сублимациялауға да қауқарлы және кәсіпорынды сүтпен қамту да жүйелі жолға қойылған. Тек өнімді экспорттауда ғана сұрақтар туындайтындығы жасырын емес.

Аспан асты елінде құрғақ саумалға сұраныс жоғары. Әсіресе, фармацевтикалық компаниялардың қызығушылығы мол. Бірақ, келіссөздер бірнеше жылға созылды. Оған бюрократиялық тосқауылдар да себеп болды. Дегенмен, ұзақ келіссөздерден кейін ақыры «Saumal» Қытай нарығына шықты. Қазір отандық өнім Бейжің, Ланжоу қалалары мен тағы төрт провинцияда сатылады.

«Бұл қазақстандық өндірушілер үшін үлкен жетістік. Өйткені, ҚХР нарығы біздің қазақстандық өнім өндірушілер үшін күрделі, бірақ өте перспективалы және үлкен нарық болып саналады», – дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Отандық өнімнің экспортталу аясын кеңейтуде гонконгтық нарыққа артылған үміт зор. Егер Гонконг нарығына жол ашылса, ол бүкіл Қытай бойынша тұтыну орталығына айналады. Осыған орай «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясы ұнтақтың алғашқы партиясын Гонконгтың Салауатты өнімдер одағына сараптамаға жіберген болатын.

Қазақстандық кәсіпорын өнімді нарыққа шығару үшін Қытайға ғана иек артып отырған жоқ. Құрғақ саумал басқа да нарықтарға еніп жатыр. Бұрнағы жылы Ресейдің «Мираторг» дүкендер желісінің сөрелерінде отандық өнім пайда болды. Сонымен қатар, 2019 жылдан бері «Saumal» бренді АҚШ-та әлемдегі ең ірі интернет-дүкен – «Amazon» арқылы сатылып жатыр.

Бар-жоғы 500 мл бие сүті ағзаның С дәруменіне бір күндік қажеттілігін қамтамасыз етеді

«SAUMET», «SAUMAL FRESH», «SAUBOTA», «QAZBOTA»…

«Еуразия Инвест ЛТД» компаниясы үшін осы 8 жылда атқарылған жұмыс аз емес, атқарылары одан да көп. Ұлттық брендті қалыптастыру жолында әрекет етіп жатқан Мейрамбековтер қазіргі жетістікке қанағаттанып тоқмейілсіп қалмайды. Тұтынушыларға өз тауарларының үлкен ассортиментін ұсынуды мақсат етеді. Мысалы, нарықта қазір «Saumal»-мен қатар «Saumet», «Saumal Fresh», «Saubota», «Qazbota» сияқты өнімдер бар.

Дамудың негізі кептірілген бие сүті өндірісінің көлемін ұлғайту ғана емес, өнімнің жаңа түрі – кептірілген түйе сүтімен де тікелей байланысты. Бүгінде «Saubota» бренді де қалыптасып келеді. Өйткені, әлемдік нарықта түйе сүті бие сүтіне қарағанда әлдеқайда танымал. Оны көбіне Таяу Шығыс елдері қолданады.

Тағы бір жаңа өнім – «Saumet». Экономика ғылымдарының магистрі Ғалымжан Қадырбекұлының айтуынша, құрғақ бие сүтін берудің жаңа форматы сатылым көрсеткішін арттыра алады. Өйткені, бұл ішінде ұнтағы бар капсула. Тасымалдау әрі ішке қабылдау үшін ауыз қуысына ыңғайлы етіп жасалған. Ұсынылған тәуліктік доза – екі капсула. Тіпті, сұйық сүт ішіп үйренбеген адамға да қабылдауға болады.

«Qazbota» – түйе сүтінен жасалған қоректік өнім. «Saubota» да осы қатарға жатады. Олардың тәтті және тұзды дәмдері бар. Өнімдер Қазақстан мен Қытайда қолжетімді.

Табиғи сұйық түрдегі жаңа бие сүті – «Saumal Fresh». Бұл өнімнің басты ерекшелігі ретінде жұмсақ пастеризациядан өтетінін айтса болады. Соның арқасында ол өзінің алғашқы пайдалы қасиеттерін 5 күнге дейін сақтайды.

«Біз ел үкіметіне қазақстандықтарды, әсіресе балалар мен науқастарды сауықтырудың мемлекеттік бағдарламасын жасауды ұсындық. Мемлекет саумалды фермерлерден сатып алып, оны балабақшаларға, мектептер мен ауруханаларға тегін беруі керек. Мұндай бағдарлама жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беріп, ауылда жұмыс орындарын ашып, фермерлердің кірістерінің өсуіне ықпал етер еді», – деп санайды Қайыржан Мейрамбеков.

Қазақ даласында саумалды өндіріс жолымен өңдеп, арнайы құтыларға жауып шығару бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақстан азаттығын алып, кәсіпкерлікке жол ашылғаннан бері отандық кәсіпкерлер де бизнестегі мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып жүр. Ол бірінші кезекте еліміздің шағын және орта кәсіпті дамытуға баса назар аударғандығының нәтижесі. Ал, саумалды ұнтақ күйінде шығару – тың әрі құптарлық бастама. Өйткені, Дүниежүзілік банктің аграрлық мәселелер бойынша кеңесші-маманы, экономика  ғылымдарының  кандидаты Айтуған Мұқашевтің айтуынша, біздің жазық даламыздың шексіз кеңістігінде жүрген жылқылар сол миллион еуро мен доллардың нақ өзі. Неге десеңіз, бір тонна мұнайды өндіру, сондай көлемдегі саумал өндірісіне қарағанда мемлекетке үш есе қымбатқа түседі.

Айта кетейік, Қазақстанда «Saumal»-дың табиғи сұйық түрі – 500 теңге (200 мл), ұнтақ түрі – көлеміне қарай (20-500 г) 1,4 мың мен 30 мың теңге аралығында сатылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, әлемдік нарықта қазақстандық бренд қалыптастыру – ел болып шаңырақ көтергелі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сыртқы нарық пен ішкі нарық – тұтастай бір механизм. Ал, «Saumal» брендін дамыту стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың Қазақстанға берері мол. Әсіресе, мал шаруашылығы саласының дамуына оң әсерін тигізеді. Былтырғы жылдың көрсеткішіне сенсек, еліміздегі жылқы саны 3,1 млн басты құрайды. Бұл, әрине, жылқының отаны саналатын Қазақстан үшін ұятты жағдай. Егер «Saumal» әлемдік нарықты толықтай жаулап алса, еліміздегі шаруа қожалықтарының да Қамбар ата түлігін өсіруге деген ынталары артатыны анық. Сөйтіп, ел экономикасының табиғи ресурстарға байланып қалуының алдын алуына да үлесін қосады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here