Медицина ұйымдарының лауазымды тұлғалары жаңа туған баланы тастап кету фактісін полицияға хабарламаса, онда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне осындай өзгеріс енгізетінін мәлімдеді.
23 желтоқсанға дейін қоғам талқысына ұсынылған жобадағы жаңа өзгерістер бойынша аналар жаңа туған сәбиін тастап кетсе, болмаса жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар келіп түссе, бұл туралы жасырған медициналық ұйымдар мен балаларға арналған мекеме басшылары мен қызметкерлеріне айыппұл салынады:
- жеке тұлғаларға – 5 АЕК (15 315 теңге);
- лауазымды тұлғаларға – 10 АЕК (30 630 теңге).
Егер осындай заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, онда айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 20 АЕК-ке (61 260 теңге), лауазымды тұлғалар үшін 30 АЕК-ке (91 890 теңге) дейін өседі.
Айта кетейік, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің аға жедел уәкілі Нұрбол Ашақұловтың мәліметінше, соңғы бес жылда бала сатудың 44 дерегі анықталып, 44 тұлға жазаланған, биыл 9 қылмыстық іс тіркелген. Ал, бала сату ауыр және аса ауыр қылмыстардың түріне жатады. Ең ауыр жаза 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қарастырылған.