Шапақ Үнзила: «Басты назарда – әйел мен бала құқығы»

0
1388

Бүгінде қоғамдағы кез келген құқық бұзушылыққа бей-жай қарамайтын әлемнің 155 мемлекеті өздерінің заңдарын қатаңдатқан. Біздің елде де осы мәселені ақпан айында Мәжіліс депутаттары көтеріп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды мақұлдаған болатын. Өткен аптада аталмыш заңдар Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында әзірленген заңдар барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Құжатта зорлық-зомбылыққа, басқа да қатігездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар бар. Мәселен, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Ұрып-соққаны үшін – 80 АЕК-ке дейін айыппұл салуға, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу ескерілген. Сондай-ақ, отбасы институтын нығайту жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды және басқаларды анықтау әрі оларға жан-жақты қолдау көрсету көзделген.

Осы орайда жаңа Заңның қабылдауына тікелей атсалысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Шапақ Үнзиланың пікірін білген едік.

«Жаңа заңда физикалық жәбірден басқа, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды белгілеген норма бар. Бұған не жатады? Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот өзінің бастамасы не қылмыстық процеске қатысып жатқан тараптардың өтініші бойынша психологиялық көмек өтуді көздейтін үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілеуі мүмкін. Мысалы, жәбірленушінің еркіне қайшы кәмелетке толмағандарды және оның отбасының әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де әдіс-тәсілдермен байланысқа шығуға болмайды. Атыс және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге тыйым салынады. Алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды қолдануға жол берілмейді. Және мынандай тағы бір норма жазылған. Сотталған адамның немесе сотқа дейін тергеп-тексеріп жатқан тараптардың татуласуы үшін мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды қолданылу мерзімінің ішінде оған айына бір реттен төрт ретке дейін профилактикалық әңгімелесу үшін ішкі істер органдарына келу міндеті де жүктеледі.

Отбасылық, тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушыларға ерекше талап белгілеген кезде жәбірленушінің және оның отбасы мүшелерін қорғау және қорғау үшін сот ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де басқа бір тұрғын үйлерде тұруына тыйым салу түрінде  де шараларды қолдануға (ол отыз тәулікке дейін) құқық беріледі.

Сондай-ақ өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу норма бойынша үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге дейін бас бостандығынан айыру бар. Адамдар қылмысты алдын ала топпен жасайтын болса, телекоммуникация желілерін пайдаланған болса, онда бес жылға дейін деп, кінәлі адамды дәрменсіз күйде екенін көрінеу белгілі, не кінәлі адамға материалдық немесе өзгедей тәуелді адамға қатысты жазаны қатайтты. Аяғы ауыр әйел адамға қатысты мәселе бойынша да қатайтты.

Ұруға қатысты нақтыланған бір норма бар. Оған не жатады? Егер ұру әрекеті денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлық зиян келтіруге әкеліп соқпаса, жәбірленушіні азаптауды жеткізу мақсатында ерекше қатігездікпен, қорқытумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық немесе психикалық азап шектіретін болса, бұл жерде де жаза қатайтылған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау мақсатында заң жобасында біраз шаралар көрсетілген. Балалар құқығын қорғауды жазалау шараларын қатаңдатты. Сонымен бірге қоғамның моральдық және этикалық қағидаттарын тереңдетіп берді. Яғни, он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балаларға жыныстық сипатта тиіскені үшін – 200 сағатқа дейін  қоғамдық жұмыстарға жегу және 40 күнге дейін қамауға алу жазасы енгізілді.

Әлеуметтік зорлық-зомбылық бүгін пайда болған құқық бұзушылықтың түрі емес. Бұл бұрыннан бар. Бірақ қазір әлеуметтік желінің дамуына байланысты бұл ашық шығып жатыр деп ойлаймын. Оған қоса, адамдар бұрынғыдай жасырынып, отбасындағы мәселені ешкімге көрсетпей тығылмайды. Қазір қоғамда зорлық-зомбылыққа, біреудің құқығы мен шекарасына қол сұғушылыққа төзбеушілік күшейіп келеді. Осыны тоқтату мақсатында да бұл мәселе өршіп тұр деп ойлаймын. Негізі оның жария болып жатқаны бір жағынан өте ауыр сияқты сезілгенмен, қоғамды тәрбиелеу үшін, адамдардың санасының қайтадан қалыптасуы үшін бұл орынды болып жатқан әрекеттердің бірі», – дейді халық қалаулысы, заң ғылымдарыньң докторы.

Жазып алған
Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here