Батыс Қазақстан облысында 300-ден астам әскери қызметшісі су тасқынымен күресуде

0
908

Десантшылар Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Магистральный кентінде Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстарын жүргізуде. Жайық өзені Магистральный ауылының тұсында екі шақырымнан астам аумаққа жайылды. Тасқын су тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Жайық өзенінің жағасын нығайтып жатқан еріктілер мен жергілікті тұрғындарға десантшылар көмекке келді. 

Татьяна Исакова 15 жылдан бері Магистральный кентінде тұрады. Ол осы уақыт ішінде мұндай көлемдегі су тасқыны болмағанын айтады. 

– Басында судың бізді айналып өтетініне сенімді болдық. Бірақ қарқыны қатты тасқын су жақындап келеді. Тұрғындарды үрей биледі. Бұл шынымен де қорқынышты еді. Әкімдік бөгет салу жұмыстарын ұйымдастырды. Оған барлық жасөспірімдер, әйелдер мен қаладан келген еріктілер қатысты. Ал бүгін немерелерім жүгіріп келіп, сарбаздар келіп жатқанын айтты. Олар қазір бәрі жақсы болатынына сенімді. Өйткені біздің осындай қорғаушыларымыз бар. Аздап тынышталдық, бәрі жақсы болатынына сенімдімін, – дейді Татьяна Исакова.

Жұмыс аумағы екі жарым шақырымды құрайды. Биіктігі – төрт метр. Алдымен арнайы техника жағалауды биіктетіп, үйінді құрайды. Содан кейін бұл үйіндіге құм салынған қапшықтар төселіп, берік целлофан пленкамен жабылады. Қолдан жасалған бөгет сол қапшықтармен нығайтылады. Бөгет салу үшін шамамен бес мың қап құм қажет. 

11 сәуірде Қорғаныс министрінің нұсқауымен Батыс Қазақстан облысына Алматы, Жетісу гарнизондарынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 300-ден астам әскери қызметшісі келгенін естеріңізге саламыз. Олардың міндеті – су тасқынына қарсы күресте жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету. Десантшылар Жайық, Көшім және Дерқұл өзендерінің жағалауларын нығайтуға жұмылдырылған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here