Ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру мәселелері талқыланды

0
1232

Мемлекетті алға сүйреуші, экономикалық тұрғыда дамытушы саланың бірі – ғылым. Өкінішке қарай, отандық ғалымдардың аграрлық әзірлемелері өндіріске жетпей, орта жолда қалып жатыр. Себебі, тиімділігі дәлелденген ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу жүйесі жоқ. Күні кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бірлесіп, ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру мәселелерін талқылады.

Диалог алаңының жұмысына Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессорлары, егіншілік және өсімдік шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және карантин, мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі, жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, агробизнес, шаруа және фермер қожалықтарының өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жоғары технологиялық өнімдерді ілгерілетудің болашағы мен технологияларды коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін талқылады. Ауыл шаруашылығы процестерін автоматтандыру, технологияларды коммерцияландыру және т.б. өзекті мәселер қамтылды. Шара аясында еліміздің 25-ке жуық ғылыми зерттеу институты мен орталықтардың ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған үздік ғылыми әдістемелері таныстырылды. Олардың қатарында өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын отандық биологиялық препараттар, қой жүнінің қалдықтарынан жасалған тыңайтқыш, бағалы және ерекше балық түрлеріне құрама жем сияқты өнімдер бар.

 Айта кетейік, іс-шара аясында ҚазҰАЗУ жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында түрлі ағаштың дақылдары, қой жүні қалдықтарынан жасалған тыңайтқыштар, балық түрлеріне арналған құрама жем, биологиялық белсенді шай өндіру үшін жабайы шырғанақ өңдеудің инновациялық технологиясы және көшеттер мен көкөніс тұқымдарын перфорацияланған тесіктерге отырғызудың тың үлгілері көрсетілді.

«Өсімдікті қорғауға арналған өзіміздің жасап шығарған неше түрлі жүйелердің бәрі өндіріске бару керек қой. Ол үшін жүйе керек, өйткені жаңа сорт шығарады, ал бізде тұқым шаруашылығы дамымаған, көбейту керек. Егер де осының бәрін енгізсек, менің ойымша, өнімділік ең аз дегенде 30-40 процент көбейеді. Қазақстанның өзінің өнімі арта түседі», – дейді ҚазҰАЗУ ректоры – Басқарма Төрағасы Ақылбек Күрішбаев.

Кездесудің соңында АӨК саласындағы ынтымақтастық және болашақтағы ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру мәселесі талқыланды. Ғалымдар мен диқандар аталған саладағы кемшіл тұстар мен маңызды бағыттарды ортаға салып, ұсынымдар әзірленді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here