ЖӘМИЛӘ СТЕХЛИКОВА: «ҚАЗАҚСТАН – ӨЗ ҮЙІМ, ЧЕХИЯ – ЕКІНШІ ОТАНЫМ»

0
2927

«Кейіпкер келбетінің» бүгінгі қонағы – Жәмилә Стехликованың есімі 2007 жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Сол кезден бастап «Тұңғыш» дейтін сөз бұл саясаткер ханымға қарата айтылатын болды. Неге десеңіз, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, Құдай-ау, Чехия дейміз, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтеріліп отыр. Ал, Қазақ елінің тарихында Жәмилә Алмасқызы Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ ұлтынан шыққан алғашқы саясаткер атанды. «Qazaq» газетінің тілшісіне берген сұхбатында чехиялық саясаткер саясаттағы алғашқы қадамын, жеңістері мен жеңілістерін, халықтың махаббатын қалай жаулап алуға болатынын айтты.

«ШЕНЕУНІКТІ БИЛІК ТАҒАЙЫНДАЙДЫ, АЛ САЯСАТКЕРДІ ХАЛЫҚ ТАҢДАЙДЫ»

– Жәмилә Алмасқызы, Сіздің саясаттағы мансабыңыз қалай басталды? Қазақ қызына Чехияда шенеунік болу қаншалықты қиын болды? Ұлтыңызға немесе жеке басыңызға қатысты кедергілер кездесті ме?
– Саясаттың өзі әділетсіздіктен және тұрғындарға қиындық тудыратын мәселеден тұрады. Ал, саясаткер дегеніміз – сол мәселенің атын атап, түсін түстеп, себебін түсіндіретін, шешімін табатын, сол мәселені шешуде жол бастайтын адам.
Мен Чехословакияға (1918-1993 жылдары Орталық Еуропада болған мемлекет, – ред.) 80-ші жылдардың басында келдім, сол кездері Солтүстік Чехияның ашық көмір өндіруі қоршаған ортаны, табиғатты, мәдени ескерткіштерді, халықтың үй-жайын құртып жатқаны маған қатты әсер етті.
«Масаты көтерілісінің» (Бархатная революция) бастауында Чехияның солтүстігінде орналасқан Теплица қаласының «Таза ауа жұтуға мүмкіндік беріңдер!» деп ұрандатып, бейбіт шеруге шыққан тұрғындары тұрды. Сапасыз көмір жаққаннан қоршаған ортаның жағдайы жүрек айнытарлық жағдайда-тын.
Ары қарай не болғанын Өзіңіз естіген боларсыз, елдегі коммунистік үкімет келмеске кетті, алғашқы демократиялық сайлау нәтижесінде Вацлав Гавел (Чехословакияның соңғы (1989-1992), ал Чехияның (1993-2003) тұңғыш президенті, – ред.) президент болып сайланды. Вацлав Гавел маған азаматтық алып бергеннен кейін мен өзімнің саяси мансабымды бастадым.
Алдымен азаматтық қозғалыс, кейін қалалық кеңес, облыстық кеңес, «Жасылдар» партиясы, «Жасылдар» партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісі және министр секілді қызмет баспалдақтарынан өттім. Осы жүріп өткен саясаттағы жолыма 10 жылдан астам уақытым кетті.
Мен ешқашан шенеунік болған емеспін, мен – саясаткермін. Шенеунікті билік тағайындайды, ал саясаткерді халық таңдайды. Бұл – өзгермейтін заңдылық.
Алғаш рет сайлау тізімінде 15-ші үміткер болдым. Ешқандай кедергілер болмады, керісінше халық таңдаған соң жолым болды. Қазір, өкінішке қарай, «Жасылдар» партиясы сайлауда жеңіліске ұшырап жүр, бірақ біз алға нық мақсат қойған оппозиционерміз және болашақта біздің күніміз қайта туатынына сенімдіміз. Саясаткер жеңіліп тұрса да, өзінің жеңісті күндері алда екеніне сенуге міндетті.
– Саясатқа келуді басынан жоспарладыңыз ба, әлде бұл Өзіңіздің белсенді азаматтық көзқарасыңызды білдірудің бір тәсілі ме?
– Социалистік Чехословакияда менің бір артықшылығым болды: Чехияның солтүстігінде орналасқан кішкентай қалашыққа мен қайнап тұрған Мәскеуден бардым ғой. Демек, мен ешнәрседен қорықпайтынмын, шерулерге баруға жүрексінбейтінмін, менің айналамдағы чехтар бұған сенгісі келмейтін және таң қалатын. Кейін демократиялық билік кезінде тұрғын үйлерді сүруге және көмір өндіруге қарсы шерулер жиі болып тұрды. Халық үйлерін босатып беруден бас тартты, солтүстікке президент Вацлав Гавел келіп, менің саясатқа барам деген ұмтылысыма қолдау білдірді, азаматтық алуыма көмектесті. Өйткені, мен жергілікті билікке үміткер болғым келді. Ондағы мақсатым – мәдени ескерткіштер мен табиғаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, солар үшін күресу еді. Қуанышыма орай, халық мені таңдады, сайлауда маған дауыс берді. Саяси мансапты алдын-ала жоспарлай алмайсың, сені халық не таңдайды, не таңдамайды. Мойындауым керек, мені алғаш рет қалалық кеңеске сайлаған кезде абдырап қалдым. Бірақ, одан кейін қайтадан сайлану үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым.

«КАРИКАТУРАДА БОЛМАҒАНЫҢ – САЯСАТТА ІЗ САЛМАҒАНЫҢ!..»

– Жәмилә Алмасқызы, жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, Сіздің саяси мансабыңыз сынға көп ұшырайды. Сізге пародия көп жасалынады, жиі карикатуралардың бас кейіпкері де болып тұрасыз. Осы ретте еріксіз сұрақ туындайды: саясатта жүргенде қандай мәселелермен жиі бетпе-бет кездесетін едіңіз? БАҚ өкілдерінің назарын аударатындай қандай іс-әрекеттеріңіз болды? Ал, тілшілердің бұл тірлігіне қарсы іс-шара (мәселен, сотқа беру) қолдандыңыз ба?
– Иә, менің әр басқан қадамым мен қабылдаған шешімдерім сынға ұшырап отырғаны ешкімнен жасырын емес. Адам құқығы үшін күресетін саясаткер барлығына ұнай бермейді. «Мұндай қадамға өзінің бас пайдасы үшін барып отыр» деп түсінетіндер де аз емес. Салмақты, сұранысқа ие газеттердің өзі кезінде мен туралы «Чехтардан ақша алып, сығандарға таратып бергісі келіп жүр» деп те жазды. Есімде бір газет былай жазған: «Сонда чехтар еңбек етеді де, ал сығандар олардың ақшасын алады ма?». Сол кезде бүкіләлемдік сығандардың құқығын қорғап жүрген Джордж Сорос маған қолдау білдіре отырып: «Мен Венгрияға кетіп бара жатырмын, ондағы сыған балаларының оқу бағдарламасын қаржыландырғаным үшін айтқан «алғыстары» ғой, ұлтшылдар әуежайдан күтіп алып маған аузына келгенін айтады», – деп мұңын шаққан еді.
Одан кейін «Балаларға күш көрсетіп, соққыға жығуға тыйым салу туралы» заңның қабылдануына тырысқаным чехтарды қатты ашуландырды. Егер әкесі немесе анасы айтқанын тыңдамаған баласына шапалақ салса, үлкен айыппұл төлейді екен деген секілді ойдан шығарылған нәрселерді газеттер жарысып жаза бастады. Өкінішке қарай, бұл заңды іске асырып үлгермедік. Мені премьер-министр өзіне шақырып, бұл заңды қабылдаудан бас тартуым керектігін айтып түсіндіруге тырысты. Бірақ, мен өз айтқанымнан қайтпадым. Шыдамы таусылды ма білмеймін, бір кезде маған дауыс көтеріп: «Маған қара, мен осы күнге қалай жеткенімді білесің бе, әкемнің қатаң тәрбиесінің арқасында осындай тұлға болдым, ал сен осыған тыйым салғың келе ме?» – деді. Сол кездері маған рухани қолдау көрсеткен ағылшын жазушысы Джоан Роулинг еді, ол тіпті менімен бетпе-бет жүздесу үшін арнайы Прагаға да келді.
Карикатура мен саясат бір-бірімен тығыз байланысты. Карикатураға кейіпкер болмаған атақты саясаткер жоқ шығар. Менің саясаттағы әріптестерім айтпақшы: «Карикатурада болмағаның – саясатта із салмағаның!». Айта берсең карикатураның небіріне ілінгенмін, тіпті кейбіріне Боратты да қыстырып қойған. Теледидардан пародиялық қойылымдарды да көргенмін, мойындау керек кейбірі расымен күлкілі. Мен үшін бұл қалыпты нәрсе, халық ақпарат таратуға толық құқылы, оның үстіне сөз бостандығы тағы бар. Саяси билікті күлкі ету қоғамды сауықтырады. Менің бұған етім әбден үйреніп кеткен, бір газеттер мені сумо палуаны ретінде де бейнелеп қойған-ды.

«МЕН КІШКЕНТАЙ ЧЕХИЯДА БОРАТТЫ ЖЕҢДІМ»

– Жәмилә Алмасқызы, бір рет әлеуметтік желіде 2007 жылы чехтардың ақпарат порталында жарық көрген ескі карикатура жарияланды. Ол жерде Сіз аты шулы «Борат» фильмінің бас кейіпкерімен бірге бейнеленгенсіз. Олардың Сіздің сол суретіңізді мұқабаға басуына не себеп болды?
– Боратпен карикатуралар тек бұл ғана емес, өте көп… Ол менің Қазақстаннан келгенімнің белгісі. Бір жағынан қарасаңыз, қазір кез келген чехты тоқтатып, «Қазақстан дегенде басыңа бірінші қандай ой келеді?» деп сұрасаңыз, ол «Борат» демейді, ол «Жәмилә Стехликова» деп жауап береді. Былай айтқанда, мен кішкентай Чехияда Боратты жеңдім десе де болады.
– Сіз Қазақстаннан 80-ші жылдары кетіп қалдыңыз. Ал қазір Қазақстанды өз үйіңіз, Отаныңыз санайсыз ба? Елге жиі келіп тұрасыз ба? Қазақстанда болып жатқан жаңалықтардан хабардарсыз ба?
– Әлбетте, Қазақстан – өз үйім, ал Чехия – екінші Отаным, жанұямның мекені. Менің келбетім қазаққа да, еуропалыққа да келеді және ол екеуі бір-бірімен керемет үйлесіп тұр.
Қазақстанға жиі барып тұрамын, биыл да баруды жоспарлап отырмын. Әрине, Қазақстанда болып жатқан жағдайлардың, жаңалықтардың бәрінен хабардармын. Қазақстан өсіп-өркендеу үстінде, мен оған өте қуаныштымын, сыртта жүрсем де елімнің тілекшісімін.
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз! Өмірде де, саясатта да жеңісті күндеріңіз көп болсын!

ЕУРОПАДА МИНИСТР БОЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ КІМ?

Жәмилә Алмасқызы 1962 жылы 6 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Алмас Ордабаев – сәулетші, мәдениеттанушы, этнограф. Ал анасы – Рауза Сембаева химия саласының ғалымы. Нағашы атасы Әбдіхамит Сембаев кезінде Қазақстанда Білім министрі болған саяси тұлға.
2007 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жәмилә ханым Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Қарақұрым ауылындағы (Жамбыл облысы) атамекені туралы былайша еске алған:
«…Мен үшін Қарақұрым ауылының маңызы өте ерекше. Қарақұрымда менің атам, яғни әкемнің әкесі туып-өскен. Сондықтан, атамекен дегенде менің есіме жиі түсетін жер – өзім туып, балалық шағым өткен әсем де сүйікті қала Алматы емес, алдымен сол Қарақұрым ауылы көз алдыма елестейді. Міне, сол ауылда өз құрбы-достарыммен бірге қыр-далаға шығып, өзен-көлге шомылып, атқа мініп, сайрандап жүрген кездерімді жиі аңсаймын. Менің қазіргі тіршілік-өмір жолым сол Қарақұрым қыстағынан бастау алады десем шындық болар».
Әкесі Алмастың жұмыс жағдайымен Мәскеуге қоныс аударды. 1986 жылы Бірінші медициналық институтының 1-ші емдеу факультетінде жоғары білім алды. 1985-87 жылдары аталған институттың психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкер және оқытушы міндеттерін атқарды.
Мәскеу университетіндегі оқу кезінде чех жігітімен танысты. Болашақ жарымен Кеңес Одағынан Чехословакияға қоныс аударған қазақ қызы 1987 жылы Прага қаласында аспирантурада оқыды. 1989-1992 жылдары Хомутов қаласында белді дәрігер-психиатр, 1992-1997 жылдар аралығында Прага халық денсаулық сақтандыру орталығында және Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
Саяси мансабын Жәмилә Стехликова 1998 жылы Хомутов қаласы Уәкілдігінің (маслихат) мүшесі болып бастады. Соңғы екі сайлауда Хомутов қалалық ратушасының (әкімдік) мүшесі болды, 2006 жылғы жергілікті уәкілдіктер сайлауынан бері Хомутов уәкілдігінің Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. «Жасылдар» партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды.
2007 жылдың 9 қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектің Жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалған Жәмилә Алмасқызы бұл қызметінен 2009 жылдың қаңтарында өз еркімен кетті. Қазір экс-министр Чехияның денсаулық сақтау министрлігінің жетекші қызметкері, «Жасылдар» партиясының жетекшілерінің бірі ретінде саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді.
1988 жылдың қаңтарында Милослав Стехлик деген чех жігітімен шаңырақ көтеріп, сол кездегі Чехословакияда көмір кені бар Хомутов қаласында тұрды. 1992 жылы Чехословакия азаматтығын алды. 1997 жылы жұбайымен белгілі бір себептерге байланысты ажырасты. Кәмилә (1989) және Асан (1995) есімді ұл-қызы бар.
Айта кетейік, 2016 жылы Еуропада министр болған қазақ қызы, медицина ғылымының докторы, чехиялық саясаткер Жәмилә Стехликова жайлы газеттің «Біз білмейтін қазақ» айдарында кеңінен жазғанымызды тұрақты оқырмандарымыз біледі. «Qazaq» газетіндегі сол «Еуропада министр болған тұңғыш қазақ қызы» атты мақаламызды 30-дан астам газет-журналдар мен порталдар көшіріп басқан еді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here