UFC-ДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

0
3876

Абсолютті жекпе-жек чемпионаты (UFC) – бүгінгі таңда әлемнің таңдаулы ержүрек спортшыларының басын қосқан беделді ұйым. Конор Макгрегор, Хабиб Нурмагомедов, Даниэль Кормье, Макс Холлоуэй, Генри Сехудо сияқты «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылардың бағы осы UFC-де жанды. Жалпы, UFC-мен келісімшартқа отырған тұңғыш қазақ Жұмабек Тұрсын еді. Дегенмен, Қытайдағы қандасымыз 2014 жылы UFC-де үш кездесу өткізіп, сол үш кездесуінде де жеңілістің ащы дәмін татты. Осылайша, UFC қатарынан шығып қалды. Ал, әзірге отандастарымыздың арасында UFC-мен келісімшарт жасасқан ешкім жоқ. Есесіне, Ресейде туған этникалық қазақ Дамир Ысмағұлов өткен жылы атағынан ат үркетін осы ұйымның мүшесі атанып, қазақтың атын аспандатып, алғашқы жеңісіне де қол жеткізді. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті ережесіз жекпе-жектен АҚШ және өзге де елдерде өткізілетін ең беделді абсолютті жауынгерлік чемпионатына қатысуға мүмкіндік алған екінші қазақ және UFC төрінде жеңіске жеткен тұңғыш қазақ Дамир Ысмағұлов туралы сөз қозғайды.

UFC ЖҰЛДЫЗЫ ФУТБОЛМЕН НЕГЕ ҚОШТАСТЫ?

Жат жерде жүрсе де, жанкүйерлеріне қазақтың тектілігі мен мықтылығын паш етіп, спорт әлемінде зор беделге ие болған қандастарымыз аз емес. Солардың бірі – орынборлық қазақ Дамир Ысмағұлов.
Талай байрақты бәсекелерде Ресей Федерациясының, соның ішінде ондағы қазақтардың намысын қолдан бермеген спорт саңлағы 1991 жылы Орынбор облысына қарасты Первомай ауданының шалғайда жатқан Ударный ауылында жарық дүниеге келеді. Атасы Амангелді мен апасы Кәусария ұлттық құндылықтарды оның бойына сіңіреді. Ертелі-кеш доп қуған ойын баласы бала күнінен футболшы болуды армандап өседі. Ала допқа деген адалдық пен құштарлықтың арқасында көп ұзамай орынборлық танымал футболшылардың қатарына қосылады. Алайда, кезекті бір жаттығуда ауыр жарақат алып, футболмен қоштасуына тура келеді.
Сырқатынан сауыққаннан кейін қандасымыз жаттығу залына бас сұғады. Ережесіз жекпе-жекпен шұғылдануды құп көреді. Бастапқыда жасы 20-ға келген жігіттің келешегіне жергілікті мамандар сенімсіздікпен қарайды. Уақыт оза ол өзінің мықтылығын бәріне мойындатады.
Ең алғашқы турнирінде жеңіп алған азын-аулақ ақшасын әжесіне беруге асыққаны да кейіпкеріміздің әлі күнге есінде. Ал, жекпе-жектен көлік ұтып алғанында оны атасына сыйлапты. Осының бәрі де қазақы тәрбиенің жемісі болса керек.
«Ресейде туып-өссем де, менің ұлтым – қазақ. Жүрегім әрқашан қазақ деп соғады»,– дейді.
Жалпы, кейіпкеріміздің үлкен спорттағы алғашқы қадамының футболмен басталғаны да түсінікті. Неге десеңіз, өзі туып-өскен бар-жоғы 60 түтіні ғана бар ауылда доп қуудан басқа ермек те болмапты. Ал, осындай кішкентай ғана ауылдан әлемдік деңгейдегі үлкен спортшы шықты.

БАТЫЛДЫҚ ПЕН БАТЫРЛЫҚ

Ережесіз жекпе-жекке келген аз уақыттың ішінде қазақтың ұлы орынборлық «Новый поток» командасының «Боец» клубындағы ең белді спортшылардың біріне айналады. Өзі қатысқан бірқатар жарыстарда жеңімпаз атанып, көпшілік назарын өзіне аударады.
Дамир Ысмағұловтың кәсіпқойлар арасындағы көрсеткішіне тоқталар болсақ, осы күнге дейін ол 14 жекпе-жек өткізіп, соның 12-сінде жеңіске жетіпті. Бұл тек ірі халықаралық додаларда тіркелген нәтижелер. Ал, оның сыртында түрлі коммерциялық турнирлер барын да естен шығармаған жөн. Мәселен, 2017 жылдың желтоқсанында Алатау баурайындағы Алматыда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық жарыс өтті. Сол кезде ресейлік қандасымыз 70 келі салмақта сайысқа түскен Темірлан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт және Мұрат Бақтыоразов секілді жергілікті сайыпқырандарды сан соқтырып, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды тізгіндеді.
2018 жылы Санкт-Петербордағы «Юбилейный» спорт кешеніндегі «М-1 Challenge 74» деп аталатын халықаралық турнирде күш сынасқан Дамир Ысмағұлов Францияның сақа спортшысы Морган Эроны үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады. Сол жекпе-жек аяқтала салысымен сөз кезегі қандасымызға беріледі. Сол сәтте микрофонды жүргізушінің қолынан жұлып алған қандасымыз: «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «М-1» ұйымының басшыларына өз өтінішімді білдіргім келеді. Рейтингтік бәсекелермен мені әбден «тойдырдыңыздар». Рақмет! Енді чемпиондық тәж үшін таласқым келеді. Маған сондай мүмкіндік беріңіздер. Бұл сәтті бүкіл Орынбор халқы тағатсыздана күтіп отыр», – деп ақтарыла сөйлейді. Сонда кештің жүргізушісі: «Қолымнан микрофонды жұлып алғаныңызға қарағанда көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз», – деп әңгімені әзілмен бастағаны сол еді, тағы да микрофонды жұлып алған қазақ ұлының: «Бүгін мен сіздің қолыңыздан микрофонды тартып алсам, ертең өзге жауынгердің қолынан «М-1» ұйымының алтын белбеуін жұлып әкетемін. Оған еш күмәніңіз болмасын», – деп батыл сөйлегені де әлі жадымызда.
Кейін қандасымыз бұл туралы: «Көпшілік алдында осылай батыл сөйлеуден басқа амал қалмады. Өйткені, мен соңғы жеті жекпе-жегімнің барлығын жеңіспен аяқтадым. Осы нұсқа бойынша күш сынасып жүрген бірқатар мықты спортшыларды соққыға жықтым. Оған дүйім жұрт куә. Бірақ, ұйым басшылары екі рет уәделерінен тайқыды. Басқа жігіттер чемпиондық тәж үшін таласып жатқанда, мен рейтингтік кездесулер өткізумен ғана шектеліп келдім. Шыдамның да шегі бар емес пе?! Осы жолы сан мың көрермен алдында өз ойымды еш бүкпестен ашық айттым. Осы әрекетім арқылы «М-1» басшыларын тығырыққа тіреген болсам керек, олар көп ұзамай менің бұл уәжіме құлақ асты», – деген пікір білдірген-ді.
Дамир Ысмағұлов өзінің титулдық жекпе-жегін туған жері Орынборда сарапқа салғаны бізге мәлім. Ол «М-1 Challenge 78» аясында отандасы Максим Дивничпен кездеседі. Жекпе-жек 5 минуттан 5 раундқа созылатыны жоспарланады. Сол жекпе-жекте алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алған кейіпкеріміз бесінші раундтың соңында қарсыласын сұлатып түсіреді. Рефери оны техникалық нокаут деп тіркеді. Сол кезде де қандасымыз қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтуды ұмытпаған болатын. Ал, бұл жекпе-жектен кейін дара туған дарын өз атағын 4 рет қорғады.
2017 жылы бразилиялық Рожерио Матиас да Консейсаумен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың 15 маусымында өткізгенін білеміз. Кейіпкеріміз Артем Дамковскийді бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңді. Артеммен жолығар алдында спортшы Таиландта дайындалыпты.
Жалпы, кейіпкеріміз «М-1» аясында 18 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жеткен. Ал, оның ішінде тоғызын нокаутпен ұтқан.

UFC-ДЕГІ АЛҒАШҚЫ ТАРИХИ ЖЕҢІС

Өткен жылы Дамир Ысмағұлов Абсолютті жекпе-жек чемпионатымен (UFC) келісімшартқа отырды. Сөйтіп, осы ұйымның мүшесі болған екінші қазақ атанды. UFC-дегі бірінші жекпе-жегін 2-ші желтоқсан күні Аустралияда өткізіп, қарсыласы жергілікті жауынгер Алекс Горджесті төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді.
Жеке жаттықтырушысы Игорь Фунтиков: «Дамир Ысмағұлов соңғы 3 жыл бойы үздіксіз дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде осындай жеңіс шыңын бағындырды. Біз Таиландта әлемнің әр түкпірінен жиналған ММА шеберлерімен бірге дайындалдық. Еңбектің жемісті болғаны жақсы ғой», – деп ағынан жарылған еді.
Дамир Ысмағұловтың өзгелерден ерекшелігі − оның соққысы өте мықты. Бұл туралы шетелдік спорт сарапшылары да айтқан еді. Мәселен, белгілі спорт сарапшысы Калум Кристи: «UFC тізіміне енді ғана енген Ысмағұловтың кәсіби шеберлігіне сөз жоқ. Қарсыласын күшінен бұрын оның мысы басып кетеді», – деп кейіпкеріміздің шеберлігіне жоғары баға беріпті.
Сонымен қатар, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат Хамитов: «Аустралияда өткен Дамирдің жекпе-жегін көрдік. Жанкүйер болдық. Ресейде дүниеге келгенімен, қаны қазақ қой. Бізге бөтен емес. Оның үстіне жақын досым. Таиландта бірнеше рет бірге жаттығу өткіздік. Жұдырықтасқаны ұнады. Алғашқы жекпе-жегі болғандықтан қобалжу да болды. Өте мықты жігіт. UFC-де жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Болашақта бұл ұйымда қазақтардың көбірек болатынына үміттенемін», – деп лебіз білдіріпті.
Әрине, Дамир Ысмағұловтың UFC-дегі спорттық карьерасы енді басталды. Талай мықты спортшылардың қол жетпес арманына айналған UFC-дің беделін ескерсек, ресейлік қандасымыздың алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетіп, күллі әлем көз тіккен додада қазақтың намысын қолдан бермегеніне қуанғанымыз рас. Неге десеңіз, UFC-де «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Сол кіл мықтылардың қатарына бір қазақтың қосылуы – Қазақстандағы және әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған барша қазақ үшін үлкен бедел әрі зор мақтаныш болса керек. Мұны спорт сүйер қауым жақсы біледі. Сондықтан да, алдағы уақытта да қандасымыздың UFC-де жұлдызының жанатынына қазақтың сенімі зор. Ал, қазақтың бұл сенімін Дамирдей дарабоздың ақтайтынына еш күмәніміз жоқ.
Кейіпкеріміздің UFC-дегі екінші жекпе-жегінің қай күнге қойылғаны өткен аптада белгілі болды. Бұл қуанышты жаңалықты естіген спорт сүйер қауым Дамир Ысмағұловтың қайсарлығына сенетіндерін жасырмайды. Кейіпкеріміздің өзі де: «Бойымда күш-қуат бар, бастысы ниет бар, мен дайындықтан жалықпаймын», – деді.
Сонымен, Дамир Ысмағұлов алдағы 23 ақпан күні Праганың (Чехия) O2 аренасында UFC-дегі екінші жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – испандық Джоэль Альварез.

ТАРИХИ ОТАНҒА ТАҒЗЫМ

Дамир Ысмағұлов әрбір сұхбатында Қазақстан жайлы үнемі жағымды пікір айтады. Тіпті, ол Аустралияның Аделаида қаласында өткен UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде де қазақтың әнімен шықты. Сондай-ақ, сол сында кейіпкеріміз екі елдің (Қазақстан мен Ресейдің) туын көкке көтерді.
Аустралияға сапарында өзімен бірге қазақтың ең сүйікті тағамы саналатын қазыны апарып, сонымен қуаттанғаны да мәлім.
Кейіпкеріміз еліміз жайлы: «Қазақстан – менің тарихи Отаным. Қазақстанға барғанда мені жылы қарсы алады. Ол жерде бәрі бауырлары келгендей күтеді. Өзімді ешқашан ол жақта бөтен сезінген емеспін. Үнемі маған қолдау көрсетеді. Әрбір жекпе-жегімнің алдында алаңдап отырады. Мен Қазақстанға жаттығуға көп барамын», – депті бір сұхбатында.
«М-1» промоушенінде чемпиондық белбеу қажет және оны бірнеше рет қорғау керектігі белгілі. Дамир Ысмағұловтың айтуынша, қазақстандық спортшылардың аяқ алысы жаман емес. Ал, Fight Nights чемпионы Жалғас Жұмағұлов әр жекпе-жегінде UFC-ге жақындап келеді. Яғни, Қазақстанда UFC-ге үміткерлер көп. Тек оларға көп еңбектену қажет.
Дамир Ысмағұлов әлі отбасын құрмаған. Оның: «Басым бос. Мұндай режиммен жеке өмірге көңіл бөлуге уақыт жоқ. Бәрі өз уақытымен», – деген жауабы осы сөзімізге дәлел.
Қазақтың қара баласының алдына қойған жоспарлары көп екен. Оны қандасымыз жасырмай айтады. Басты мақсаты – АҚШ-ты мойындату, ал АҚШ-ты мойындату деген сөз – әлемді мойындату.
Алдағы бес жылын тек ережесіз жекпе-жекке арнайтынын айтқан Дамир Ысмағұлов сол аралықта үлкен жетістіктерге жетуді көздейді. Жалпы, Қазақстанға көшіп келіп, елімізде күрес мектебін ашу, шәкірттер тәрбиелеу де ойында бар екен.
«Алдыңа мақсат қойдың ба, оған жету үшін көп тер төгу керек. Қиындықтан қорықпа! Шыдамды болған жөн», – деген қарапайым ғана ұстанымды өмір салтына айналдырған Дамир Ысмағұловтың әлемі осындай.
Бұл орайда «Ресей ішінде ғана емес, халықаралық бәсекелерде аты озып жүрген Дамир Ысмағұловтың жеңіске жетуінің кілті неде?» дейтін сұрақтың пайда болуы заңды. Біздің ойымызша, оның жеңісінің тұғыры – намыс. Ормандай орыстың ішінен топ жарып, аз қазақтың абыройын көтеру үлкен жігер мен күшті қажет етеді. Артында тақымын қысып, қиқу салып отырған қазақ тұрғанда қанжығасының бос қайтқаны оған сын. Оны қандасымыз жақсы түсінеді. Және ұлттың ұяты мен бойындағы иманы оған жеңіс әкеледі.
Міне, 28 жастағы Дамир Ысмағұловтың осы күнге дейін қол жеткізген табыстары толағай. Дегенмен, кейіпкеріміздің бұдан да биік белестерді бағындыруға күш-жігері жетеді. Майталман мамандардың өздері Орынборда тұратын қандасымыздың жұдырықтасудағы ерекше мәнерін, сауатты өнерін, төзімділігі мен табандылығын, шыдамдылығы мен өжеттігін байқап, оның спорттағы жолының ашық болатынын айтуда.
Рас, Дамир Ысмағұлов сайыс алаңына шыққанда қазақтың баяғы батырларындай көкжал қасқырды елестетеді. Ол бокс пен күрес техникасын жетік меңгерген, сондай-ақ тек қара күштің ғана емес керемет шеберліктің де иесі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақта: «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар», – дейтін даналық сөз бар. Ресейдің Орынбор облысында жарық дүниеге келіп, дүбірлі додаларға сол көрші елдің атынан шығып жүрсе де, жекпе-жекке шығар алдында қолынан Қазақстанның туын тастамайтын Дамир Ысмағұловтың түбі бір тарихи Отанына оралатынына сенейік, ағайын!

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here