«QAZAQ» КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕГЕ «ҚАЗПОШТА» АҚ-НЫҢ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ ЖАУАП БЕРДІ

0
5425

«Qazaq» республикалық газетінің
бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы мырзаға!

Құрметті Жасұлан Мәуленұлы!

Сіздің «Qazaq» республикалық газетін (әрі қарай – газет) жазылымшыларына дейін «Қазпошта» АҚ-ның жеткізу қызметінің сапасына қатысты жолдаған 27.02.2019 жылғы № 17 хатыңызға келесідей ақпараттарды хабарлаймыз.
Газеттің 2019 жылғы № 08 (955) санында жарияланған «Qazaq» газетінің кешіктіріліп жеткізілуіне кім жауапты?» атты мақалада (әрі қарай – мақала) келтірілген мәліметтер негізінде «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы, Жамбыл облыстық филиалы және «Алматы поштамты» филиалы бойынша қызметтік тексеру жұмыстары жүргізіліп, келесідей ақпараттар анықталды.
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы бойынша:
Жазылымшы Р.Хамзаға газеттің 2018 жылғы жеткізілмеген № 30, 32-33, 38-39, 40, 45-46, 47-48 сандары бойынша тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген газет сандарының жеткізілмеу дерегі расталды әрі орын алған кемшілік Атырау қаласының Поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесінің сұрыптаушысы Ж.Мухамбеткалиеваның салғырт жұмысының нәтижесінде орын алғандығы анықталды. Бүгінде азаматша Ж.Мухамбеткалиева «Қазпошта» АҚ Атырау филиалында жұмыс істемеуіне байланысты тәртіптік шара қолданылмады, ал Поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесінің бастығына ауызша ескерту жасалды.
Осыған орай, 14.03.2019 жылы жазылымшы Р.Хамзаның және Атырау облыстық филиалының жауапты мамандарының қатысуымен жиналыс өткізіліп, жазылымшыға орын алған жағдайдың себептері түсіндірілді. Сонымен қатар, газеттің 2018 жылғы жеткізілмеген № 30, 32-33, 38-39, 40, 45-46, 47-48 сандары табысталып, осы сандар бойынша жазылымшының Атырау облыстық филиалына талап-кінәраты жоқ екендігін растайтын қолхат алынды (қолхаттың көшірмесі хатқа тіркелді).
«Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы бойынша:
Шу ауданы, Огородная көшесі, 36 үйінің тұрғыны жазылымшы – Ж.Бейімбетова шағымы негізінде тексеру жүргізілді. Тексеру барысында газетке жазылым Алматы қаласының № 059902 пошта байланыс бөлімшесінен рәсімделгені анықталды. Өз кезегінде жазылымның рәсімделгенін растайтын құжат – тасымалдау карточкасы жоғарыда көрсетілген өндіріс объектісінен Жамбыл облыстық филиалына уақытылы жіберілген. Әрі қарай Жамбыл облыстық филиалының Қызметтерді үйлестіру бөлі-мінде тіркеліп, тасымалдау карточкасы ПС-5 формасымен бірге Шу аудандық пошта байланыс торабына (әрі қарай – Шу АПБТ) жіберілген. Алайда, әзірге біздерге белгісіз себептермен тасымалдау карточкасы Шу АПБТ-на жетпегені анықталып отыр (аталған деректі растайтын Шу АПБТ-ның І-ші санатты маманы С.Назарованың түсініктемесінің көшірмесі хатқа тіркелді).
Осы ретте, Шу АПБТ-на бақылау және сұрыптау кестесі бойынша газеттің 1 данасы әр шыққан нөмірлерімен бірге артық түсіп тұрғандығы да тексеру барысында анықталды. Алайда, Шу АПБТ сұрыптаушысының газеттің артық данасын анықтау мақсатында тиісті шараларды қолға алмауы салдарынан газеттің әрбір саны Шу АПБТ-ның сұрыптау учаскесінде жинақталған (аталған деректі растайтын сұрыптаушы Л.Дюндиктің түсініктемесінің көшірмесі хатқа тіркелді).
Осыған байланысты газеттің 2019 жылғы 1-ші нөмірінен бастап 9-шы нөміріне дейінгі барлық жинақталған сандары №PP081303772KZ тапсырысты бандерольмен жазылымшыға жолданды.
Сонымен қатар, Шу АПБТ-ның сұрыптаушысы Л.Дюндикке қызметіне салғырт қарағаны үшін тәртіптік шара қолданылады.
«Қазпошта» АҚ «Алматы поштамты» филиалы бойынша:
Мақалада көрсетілген Алматы қаласының жазылымшылары Г.Сәрсекеева мен Р.Көк-саловаға газет сандарының жеткізілмеуі жөніндегі мәліметтер бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесінде келесідей деректер айқындалды.
Газеттің 2019 жылғы қаңтар айының 1-2 сандары жазылымшы Г.Сәрсекееваға кешіктіріліп жеткізілгендігі расталды.
Тексеру нәтижесі газетке жазылым «Алматы поштамты» филиалы № 050002 Қалалық пошта байланысы бөлімшесінде рәсімделіп, тасымалдау карточкасы жазылымшыға қызмет көрсететін № 050052 Қалалық пошта байланысы бөлімшесіне уақытылы жібергенін көрсетіп отыр. Алайда, тасымалдау карточкасы әзірге біздерге белгісіз себептермен № 050052 Қалалық пошта байланысы бөлімшесіне 2019 жылдың 21 қаңтарында кешігіп түскен.
Газеттің 1 және 2 сандары қосарланып 2019 жылдың 18 қаңтарында шыққанын ескеретін болсақ, газеттің 1-2 сандары жазылымшыға бір аптаға жуық мерзімге кешіктіріліп, газеттің 3-ші санымен қосып жеткізілген.
Газеттің бүгінгі күнге дейін баспаға шыққан сандарының жазылымшы Г.Сәрсекееваға дейін жеткізілу күндері туралы ақпарат берілген. Ал, жазылымшы Р.Көксалова газетке жазылымды 2019 жылдың 15 қаңтарында № 050051 Қалалық пошта байланысы бөлімшесінде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап маусым айы аралығына рәсімдеген.
Осы ретте, мақалада көрсетілгендей жазылымшы Р.Көксалованың газетті 5-ші санынан бастап алу дерегіне қатысты «Қазпошта» АҚ «Алматы поштамты» филиалының кінәсі жоқ екендігіне назарыңызды аударамыз. Себебі, Өзіңіз де көріп отырғаныңыздай жазылымшы газетке жазылымды 2019 жылдың басынан емес, ақпан айынан бастап алуға рәсімдеген және де газеттің №5 саны ақпан айында баспаға шығып, аталған жазылымшыға уақытылы жеткізілген.
Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ «Алматы поштамты» филиалы тарапынан жазылымшы Г.Сәрсекеева мен Р.Көксалованың атынан газеттің жеткізу қызметінің сапасына қатысты қолхат түріндегі жағымды пікірлердің алынғандығын атап өтеміз (қолхаттардың көшірмелері хатқа тіркелген).
Сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ аймақтардағы өзінің барлық филиалдарына газеттің жеткізу қызметінің сапасын қатаң бақылауға алуға нұсқау бергендігін де хабарлаймыз.
Өз кезегінде орын алған кемшіліктер бойынша нақты түзету және алдын алу шаралары қолға алынғандығын мәлімдей отырып, әрі қарайғы ынтымақтастық қарым-қатынасымыздың сақталатынына үміт артамыз.

Бауыржан Айнабеков,
Бизнес бойынша басқарушы директор – Басқарма мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here