Бари Алибасов: «Есімімді көшеге берген қазаққа мың алғыс»

0
3116

Ресейлік шоумен, «На-На» тобының жетекшісі Бари Алибасов 1947 жылы 6 маусымда қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарма ауданының Шар қаласында дүниеге келген. Әкесі Кәрім Қасымұлы – қазақ, ал анасы Ираида Ибрагимқызы – татар. Бала күнінен өнерге жақын болған ол алпысыншы жылдардың ортасында, студент кезінде «Интеграл» музыкалық аспаптар оркестрін құрып, өнерімен Өскемен жұртшылығына таныла бастаған. Кейіннен Мәскеуді бағындырған жерлесіміз бүгінде Ресейдің шоу-бизнес әлемінде өзіндік орны бар тұлға. Жерлестерінің оны мақтан тұтатыны сондықтан болса керек. Бүгінде өзі оқыған № 232 мектепте мұражайы, Шарда Бари Алибасов көшесі, Өскеменде ескерткіш-мүсіні бар. РФ Еңбегі сіңген әртісі Бари Алибасовтың туған еліне қатысты ойларын төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ЖЕТІ ЖЫЛДАН БЕРІ ТУҒАН ЖЕРГЕ ЖОЛЫМ ТҮСПЕЙ ЖҮР»

2012 жылы мен 65 жасқа толдым. Оған қоса мен оқыған Шардағы мектептің 80 жылдығы болды. Осыны ескерген жерлестерім қонаққа шақырды. Ал шақырған жерден қалмау керек, оның үстіне алтын бесігіме аяқ баспағалы бірнеше жылдардың жүзі болған еді. Осы ағаттықтың орнын толтырмақ болып «На-На» тобымен бірге 2012 жылы туған жеріме бардым. Осылайша, жерлестеріммен қауышып, сағынышымды басып қайттым.
Шіркін-ай, өз еліңнің ауасы да, суының дәмі де, адамдары да тым өзгеше, айтып жеткізе де алмайсыз! Туған жерге деген махаббат, сағыныш ештеңеге ұқсамайтын ұлы сезім ғой!
Жерлестерім әдеттегідей бізді жылы қарсы алды. Сол кездегі қала әкімі Серік Тәукебаевтың қабылдауында болдық. Қала басшысы Қабанбай батыр бейнеленген «Восточный Казахстан: 20 лет независимости» атты кітапты сыйға тарта отырып: «Бари, Сіз өнер саласындағы батырсыз», – деп ағынан жарылды. Әкімнің бұл ілтипаты мені қанаттандырғаны да рас.
Біз мектеп оқушыларының соңғы қоңырауында «Шығыс» стадионында он мыңнан астам шәкірттерге арнап концерт бердік. «Жорға» әнін шырқаған кезде оқушылар сахна төріне шығып, билеп кеткендерін өздері де аңғармай қалса керек. Ертеңінде Ботбай тауына шығып, «Қазақстан» деген жазуы бар биік тау басында оқушылармен бірге естелікке суретке түстік. Осылайша, 65 жылдық мерейтойымды кіндік қаным тамған Шар қаласында бірге оқыған достарыммен, туыстарыммен, жерлестеріммен атап өттім.
Иә, зымыраған уақыт, одан бері жеті жыл өте шығыпты-ау. Қазақстанның басқа қалаларына жиі барсам да, өкінішке қарай, туған қалама жолым түспей жүр…

Ресейлік «На-На» тобы Шардағы Бари Алибасов көшесінде, 2012 жыл

«ЕСКЕРТКІШ МҮСІН КӨЗГЕ ОҒАШ КӨРІНДІ, КӨШЕ АТАУЫ ҚҰЛАҚҚА
ОҒАШ ЕСТІЛДІ»

Негізі тірі адамға ескерткіш орнатып, көше атауын бергенге қарсымын, алайда туған жерімде ескерткіш-мүсін орнатып, есімімді көшеге берген қазақ халқына алғысым зор. Өзім оқыған мектепте мұражайдың барын бұрыннан білетінмін. Бұған қуаныштымын, қарсы болған да емеспін. Ал ескерткіш-мүсін, көше атауы…
Әрине, бастапқыда бұл жаңалықтарды естігенде ескерткіш-мүсінді көру үшін интернетке үңілдім. Ақиқатын айтқанда, бастапқыда Өскемен қаласында маған орнатылған сол ескерткіш мүсін көзге оғаш көрінді, ал көше атауы оғаш естілді. Содан көше мен ескерткіш-мүсінді өз көзіммен көруге асыққаным рас. 2012 жылы туған жерге баруымның да негізгі мақсаты сол болды.
Мектептегі мұражайда мен және менің құрған топтарым «Интеграл», «На-На» туралы сыр шертетін жәдігерлер жинастырылыпты. Бір қызығы, тәртіп ережесі мен оқу меңгерушісіне бағынбағаным үшін үш күнге мектептен шығару және көркем өнерпаздар концерттерімен аудандарды аралау құқығынан айыру туралы 1964 жылдың 25 сәуіріндегі №52 бұйрық қойылыпты. Мұны көргенде көкірегімді балалық шаққа деген беймәлім сағыныш кернеп кетті. Ал шәкірттерім («На-На» тобының әншілерін айтады, – ред.) мұражайдағы естелік кітапшасына: «Біздің және барша халықтың игілігі үшін таяқтың күшімен есерсоқтан ер азамат тәрбиелеп шыққандарыңызға үлкен рахмет!» деген естелік сөз қалдырды (күлді).

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

РЕДАКЦИЯДАН: Ғашықтар аллеясындағы Бари Кәрімұлының алтын түстес ескерткіш мүсініне вандалдар «тым үйір» болыпты. Мүсіннің біресе аяғын, біресе қолы мен гитарасын сындырып кетеді. Сәуір айында «Өскемен тәртіп» жұмысшылары ескерткіш мүсінді ретке келтірген еді. Дегенмен, тағы да сындырылды. Ретке келтіруден шаршаған кәсіпорын мамандары енді оны мүлдем алып тастауға шешім қабылдады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here