Посткеңестік кеңістіктегі ондаған республика ұзақ жылдардан бері өз егемендігін аңсап келеді. Ресей Федерациясының бір өзінде Қырымды қосқанда 22 республика бар. Бұған Грузиядағы Оңтүстік Осетия мен Абхазияны, Өзбекстандағы Қарақалпақстанды қосыңыз. Украинадан Ресейге «өткен» Қырым республикасындағы, өз тәуелсіздіктерін жариялап үлгерген Донецк, Лугансктегі күрделі жағдай өз алдына бөлек әңгіме. Ал, Таулы Қарабақ Әзербайжанның, Приднестровье Молдованың бас ауруына айналғанына 30 жылдан асты. «Qazaq» газеті сол кішкентай елдердің үлкен мәселелеріне тоқталады.
МОЛДОВА ПРИДНЕСТРОВЬЕДЕН ҚАЛАЙ КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫ?
Приднестровье Молдова Республикасы – отыз жылдан бері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы мойындамаған Еуропаның оңтүстік-шығысындағы мемлекет. Дегенмен, Молдова Конституциясы бойынша Приднестровье – Молдова Республикасы аумағының ажырамас бір бөлігі.
Кеңес Одағы тарар-тарамас тұста тіл мәселесінің ушығуы Молдованы екіге бөлді. Айталық, 1988 жылғы КСРО Жазушылар одағының құрылтайында республикаларды құраушы ұлт тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі көтерілгеннен кейін Молдовада румын тілі мен молдован тілінің айырмасының жоқтығына байланысты екі елдің бірігуі туралы бастама көтерілді. Осылайша, молдованның зиялы қауымы бастаған көпшілік Румыния мен Молдованың қосылу идеясын жақтады.
Сол жылы Молдова Жазушылар одағының «Нистру» журналында молдован-румын тілдерін бір санап, молдован тіліне мемлекеттік мәртебе беру, латын әліпбиіне көшу туралы бағдарлама жарық көрді. Әрине, бұған кеңестер заманында республиканың өндірісті аймақтары шоғырланған Днестр өзенінің негізінен сол жағалауын мекендеген славяндар (әсіресе, орыстар) қарсылық білдірді. Олардың қарсылығының күшеюіне сол кездегі Молдовада жанданған ұлтшылдардың «Молдова – молдовандар үшін», «Чемодан – вокзал – Ресей» деген сыңайдағы көзқарастардың ашық айтылуы себеп болды. Бұл – бір.
Екіншіден, сол жылдың аяғында Молдова халықтық майданы құрылды. «Бір халық – бір тіл» деген олар Румынияға қосылуға үндеді. Келесі жылы тағы да молдован жазушыларының елдегі тіл қолданысына қатысты әзірлеген заң жобасы жарыққа шықты. Онда ата-аналардың балаларын тек молдован тілінде білім беретін мектепте оқытулары көрсетіліп, егер ресми жағдайда молдован тілінен өзге тіл қолданылса, әкімшілік жауапқа тартылу қарастырылды. Үкімет әзірлеген заң жобасында да молдован тіліне мемлекеттік мәртебе берілетіндігі, іс қағаздарының тек қана осы тілде жүргізілетіні жазылды. Сол жылдың тамыз айында тілге қатысты заң жобасына қарсылық білдірген халық алаңға шықты. Ана тіліне мемлекеттік мәртебе сұрағандар алаңға шыққандарға қысым көрсетіп, өліспей-беріспейтіндерін аңғартты. Осылайша, екі ортада қарулы қақтығыс орын алып, соғыс өрті тұтанды. Бұл соғыс өрті 1992 жылы Ресей әскерінің араласуымен өшкендей болды. Дегенмен, Тирасполь Кишиневтің ырқынан шығып кетті.
Приднестровье Молдова Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған 1992 жылдан бері Мәскеуден экономикалық, саяси және әскери қолдау көріп келеді. Приднестровьеде Ресей Федерациясының 1 200 әскери қызметкері орналасқан. Даулы аймақта 2006 жылы арнайы референдум өткізіліп, халықтың 97 пайызы Ресей Федерациясына қосылуды қолдапты. Тіпті, 2013 жылы Приднестровье аймағының билігі елде Ресейдің федералдық заңдарын мойындау туралы конституциялық заң қабылдады. Аймақ тұрғындары 2017 жылы Ресей Федерациясының құрамына субъект түрінде енуге тағы да үндеу тастады. Қырымдағыдай референдум да өткізбекші болды. Алайда, оған Қырым, Донбас секілді Кремль тарапынан нақты ұсыныс түскен жоқ.
Әрине, Тираспольдің мұндай бағыттағы кез келген шешімдерімен Кишинев келіспейді, бірақ Молдованың көл тартылғанда шалшықтың арасында қалып қойған шортандай қанша туласа да, Мәскеудің қолдауына ие Приднестровье аймағына билік жүргізуге дәрмені қалмай барады. Дегенмен, Кишинев Приднестровьеден ешқашан бас тартпайды. Неге десеңіз, аймақты өзіне қайтарса, елдің экономикасы айтарлықтай жақсарады. Өйткені, Кеңес Одағы ыдырап, бір ел екіге бөлінген тұста Молдованың экономикасына елеулі үлес қосқан металлургия зауыты, су электр стансасы секілді ірі кәсіпорындар Приднестровьенің аумағында қалып қойды.
ҒАҒАУЫЗИЯНЫ ТҮРКИЯ НЕГЕ ҚОЛДАЙДЫ?
Кішкентай Молдованың тағы бір үлкен мәселесі бар. Ол – Ғағауызия автономиясы.
1994-ші жылдары Молдова жерінде бүлік болып, ел тоқырау кезеңін бастан кешіріп жатқанда мемлекеттің оңтүстік аймағында тағы бір автономиялық аудан пайда болды.
Шағын ғана аймақ бүгінде Молдованың саяси өмірінде Приднестровье аймағы секілді үлкен орын алмаса да, территориялық тұрғыда ол кәдімгідей әсер етеді.
Бір айта кетерлігі, ғағауыздарға Молдова үкіметі 2000-шы жылдардың басында жеке автономиялық аймақ ретіндегі мәртебе берді. Алайда, Молдованың 2001-2009 жылдардағы президенті Владимир Воронин ғағауыздарды автономия мәртебесінен айыру мәселесін талай көтерді. Бұл кейбір көрші елдер, әсіресе, түркі тілдес халықтар тарапынан қолдау таппады. Тіпті, Түркия мен Ресейдің жақсы достық қатынасы арқасында бұл бастама Кремль тарапынан да қолдау тапқан жоқ. Нәтижесінде, Воронин ғағауыздарға тиіспеу жөнінде шешім қабылдады.
Жалпы, ғағауыздарға жиі материалдық қолдау көрсетіп келе жатқан жалғыз ел – Түркия Республикасы. Мәселен, ғағауыздармен бауырлас саналатын түріктер берген ақшаға автономияның жолдары жөнделіп, мектеп, аурухана, үйлер салынды. Халықтың әлеуметтік жағдайының артуына да себепкер болды. Бұл бір жағынан Молдова үкіметіне де тиімді болғаны жасырын емес. Себебі, Ғағауызия Түркиядан қайтарымсыз ақша алу арқылы Молдованың оңтүстік өлкесін дамытып жатыр.
Ғағауызия – мемлекет ішіндегі мемлекет. Автономия 3 аудан мен 32 ауылдан тұрады. Халық саны – 135 мың. Халқының 82 пайызын ғағауыздар, 5 пайызын болгарлар, тек 4,8 пайызын ғана молдовандар құрайды.
ӘЗЕРБАЙЖАН ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫ УЫСЫНАН ҚАЛАЙ
ШЫҒАРЫП АЛДЫ?
Әзербайжан туралы сөз қозғалғанда оның мұнай-газынан бұрын алдымен Таулы Қарабақ қақтығысы ойға оралады. Өйткені, отыз жылдан бері бұл жер дауы Әзербайжанның «бас ауруына» айналды.
Әзербайжанның қарауынан шығып кеткен даулы аймақ 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялап, Таулы Қарабақ Республикасын құрды. Әрине, Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде өзінше отау тігіп отырмайтыны белгілі. Түпкі мақсаты – алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін әлемге мойындатқызып, кейіннен Арменияға қосылу. Ереванның да ұстанған ұстанымы осы. Ал, Таулы Қарабақ – әлемдік қауымдастық үшін Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі. Дегенмен, әлемде мойындалмаған республиканың Бакуге берілетін түрі байқалмайды. Екі тарап та отыз жылдан бері жан алысып, жан берісіп жатыр. Ал, 1994 жылы Бiшкекте Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалған-ды. Дегенмен, осы 25 жылдан бері Баку, Ереван және Степанакерт «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмай келеді.
Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрді. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзербайжан КСР-ның құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасады. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнiнде, Әзербайжанға бағынатын аймақта 75 пайыздан астам армяндардың (қазір бұл аймақта 99,7 пайыз армян тұрады) тұратынында болды. Бұған тіл, діл мәселесі тағы қосылды. Уақыт өте келе бұл мәселелер ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды. Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн шеше алмаған күйi Кеңес Одағының өзі ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзербайжандар қудаланды. Өз кезегiнде Әзербайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлдерi де Арменияға қашты. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан Әзербайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, 1988-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған қарасты жеті ауданынан көз жазып қалды.
Таулы Қарабақтағы 1988-1994 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Қырғыз Республикасында Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан, Таулы Қарабақта ауық-ауық әзербайжан және армян күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады. Ал, мәселенің тығырыққа тірелгеніне екі тараптың екі түрлі көзқарасы себеп болса керек. Өйткені, Әзербайжан мен Арменияның қазіргі ұстанымдары дәл Крыловтың арбаны шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр.
1997 жылғы баспасөз конференциясында Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан Арменияның бірінші президенті Левон Тер-Петросян ара ағайындық міндетін атқарушы елдердің қос тарапқа даулы мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынғанын айтқан еді. Айталық, Әзербайжанға Таулы Қарабақтың Лачин ауданынан басқа жерлері кері қайтарылады, ал Лачин ауданы Арменияның тарихи жері ретінде Ереванға оралады және мұсылман елінің құрамына қайта енетін автономиялық республикаға өзінің жеке көзқарасы бар арнайы мәртебе беріледі. Бірақ, сол жылдары Баку Ереванға Таулы Қарабақтың бір сүйем жерін де бермейтінін және аймаққа арнайы мәртебе беруге мүлдем қарсы екенін мәлімдеді. Содан алғашқы келіссөздер нәтижесіз аяқталды.
Жалпы, тоқсаныншы жылдардың ортасында Арменияға өтуі тиіс болған Лачин ауданының халқы 10 мың армян болса, жер көлемі 1,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал, Баку жер көлемі біздің Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларын қосқанда бірдей болатын бүтін бір Лачин ауданын бергісі келмеді.
Арада 20 жыл өткеннен кейін де мәселені оңтайлы шешудің жолы ұсынылмады. Алайда, «Мадрид ұстанымы» бойынша Ереван Таулы Қарабақтың 5-6 ауданын (аймақта барлығы 10 аудан бар) қайтарады, ал Баку аймаққа арнайы мәртебе береді. Бірақ, қос тарап та мұнымен келіспейді. Оның үстіне өткен ғасырдың соңында өзінің бір ауданын бермеген Әзербайжан енді Арменияда 4-5 ауданды оңай қалдыра салмайтыны әу бастан белгілі. Ал, Армения да Таулы Қарабақтың 5-6 ауданынан бас тартып, Әзербайжанға қайтаруға жылы қабақ танытып отырған жоқ.
Демек, жерлері онсыз да кішкентай Кавказдағы қос ел Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданымен жері бірдей Таулы Қарабақ үшін әлі талай айтысып-тартысады.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті