Курил аралдары жапондарға қайтарыла ма?

0
6658

Жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де, Екінші Дүниежүзілік соғысы туындатқан кейбір мәселелер әлі де шешімін таппай келеді. Бір мемлекет қарызын дауласа, енді бірі өзгенің тақымында кеткен, ата-бабасынан мұраға қалған жерін даулауда. Сондай елдердің бірі – тар заманда аралдарынан көз жазып қалған Жапония.

ЖАПОНИЯ КУРИЛЬ АРАЛДАРЫНАН ҚАЛАЙ КӨЗ ЖАЗЫП ҚАЛДЫ?

Куриль аралдары – барлығы 56 аралдан тұратын Жапония мен Ресей шекарасының аралығындағы аралдар тізбегі. Аралдар екі параллельді жоталарды құрайды: Үлкен Куриль және Кіші Куриль. Жалпы ұзындығы – 1 200 шақырым, жалпы ауданы – 10,5 мың шаршы метр. Куриль аралдары ең үлкен төрт аралдан тұрады. Төртеуі де даулы аралдар: Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомай. Аралдардың ең үлкені Итуруп – 3 187 шаршы км, Кунашир – 1 490 шаршы км, Шикотан – 252,9 шаршы км, ал ең кішісі Хабомай – 100 шаршы км.
Ресейлік басылымдар 2018 жылы аралдағы тұрғындардың санын жариялады. Ең көп тұрғыны бар арал – Кунашир, онда шамамен 8 800 адам қоныстанған. Итурупта – 6 409 адам тұрса, Шикотанда – 2 820 адам бар. Ал Хабомай аралында тұрғындар жоқ. Арал әлі игеріле қоймады.
Ресей Шикотан аралын толықтай игеруге күш салуда. Аралда «Крабазаводск» теңіз терминалы, «Кіші Куриль» порты бар. Ресейдің Федералды балық аулау агенттігінің хабарлауынша, 2018 жылдың 9 айында бүкіл оңтүстік Курильдің Тынық мұхиты аймағында 113 мың тонна балық ауланған. Бұл сандар сол уақытта ресейлік балық аулау өндірісінің шамамен 2,9%-ын құраған. Демек, аралдардың Ресей экономикасына тигізген пайдасы айтпаса да түсінікті.
Осыған дейін Ресей 2005 жылы ресей-қытай шекараларындағы аумақтық дауды демаркациялауға келіскен. Дау екі елге де тиесілі Амур өзені маңындағы аймақтар жайлы. Келіссөздің нәтижесінде Қытай Ресейден Тарабаров аралын және Амур мен Уссури өзендері-нің қосылған жақтағы үлкен Уссурий аралының бір бөлігін алды. Қытайға берілген жердің жалпы ауданы – 337 шаршы шақырымды құрайды. Яғни, Шикотан және Хабомай аралдарының ауданына сәл жетіңкіремейді. Жапондар осы жағдай үшін де аралдарды қайтарып алудан үмітті болып келеді.
1855 жылға дейін Куриль аралдарының қай елге тиесілі екендігі анықталмаған. 1855 жылы Қырым соғысынан кейін Ресей мен Жапония арасында «Симод шарты» жасалды. Жасалған шарт Жапония мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастың орнауына әсер етті. Екі ел арасындағы шекара анықталды. Кунашир, Итуруп, Хабомай, Шикотан аралдары Жапонияның иелігіне өтті. Сахалин Жапония мен Ресейге ортақ меншік аралға айналды. Тек 20 жыл өткен соң, 1875 жылы екі тарап «Петербург келісімшартын» жасады. Нәтижесінде Куриль аралдары Жапонияға, Сахалин аралы Ресейге тиесілі болды.
1905 жылы болған орыс-жапон соғысы 30 жыл бұрынғы шарттың күшін жойды. Соғыстан жеңілген Ресей Сахалиннің оңтүстік аймағының жартысын Жапонияға беруге мәжбүр болды. Ал 40 жылдан кейін жағдай мүлдем өзгерді. 1945 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Кеңестер Одағы Жапонияға соғыс ашатын болса, Куриль аралдарын толықтай алып беретіндеріне уәде берді. Сахалинді қайтару және Курильді алу үшін Кеңес Одағы соғыс ашты. Мәскеу жеңіске жеткен соң, Сахалинді қайтарып қана қоймай, Куриль аралдарын Жапониядан 1905 жылы орыс-жапон соғысында келтірген шығынның өтемі ретінде тартып алды.

РЕСЕЙ-ЖАПОНИЯ: ӨЛІМ КЕЛІСІМШАРТЫ

Куриль аралдары 1945 жылы КСРО-ның иелігіне өткенін жоғарыда айттық. Жапон үкіметі аралдарды Кеңес үкіметіне өз еркімен бергенін растайтын құжатқа мәжбүрлі түрде қол қойды. Соғыс шарты бойынша жеңілген тараптың жеңімпаздың талабын орындауы заңды құбылыс. Әйтсе де, соғыстан кейін Күншығыс елі қысқа мерзімде ес жинап, етек жапты. Дамыған озық елдердің қатарына енді. Кешегі кеткен есесін бүгін қайтаруды көздеді. Бабадан қалған мирастың қолды болуын сүйекке түскен таңбадай көрді. Ал бұған Кеңес Одағының заңды мұрагері саналатын Ресей Федерациясының да айтар өз уәжі, алға тартар құжаты бар. Екінші Дүниежүзілік соғыс бітсе де, Ресей мен Жапония арасында бейбітшілік шарты туралы бітімге қол қойылмады. Бұл мәселе әлі де шешімін таппаған геосаяси жағдайға айналды. Келіссөздер бүгінге дейін жалғасып келеді.
30-31 мамыр күндері Күншығыс елінің астанасы Токиода ресей-жапон келіссөздері өтті. Ресейдің Сыртқы істер мен қорғаныс министрлері Сергей Лавров пен Сергей Шойгу өздерінің жапондық әріптестерімен кездесті. Екіде-екі форматындағы келіссөз әдеттегідей өз мақсатына жетпей сәтсіз аяқталды.
Төрт адамнан құралған кездесулер 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал бұл кездесу төртіншісі болды. Мұндай форматтағы кездесу барлық сыртқы саяси мәселелерді шешу үшін тиімді саналады. Жапон министрі Таро Коно Лавровпен сөйлескісі келмей, әңгімені Шойгумен бастады. Бірақ, бұл кездесуде жапондықтар екеуімен де сөйлесуге дайын болмады. Төртінші келіссөзде төрт министр аптаның төртінші күні кездесті. Күншығыс елінде төрт санының айтылуы өлім сөзіне ұқсас. Жапондар аталмыш санды қарғыс атқан сан ретінде көреді. Мүмкіндігінше төрт санына ертеден жоламауға тырысады. Әрине, бұл сіз бен біз ойлағандай кездейсоқтық емес. Мұның ар жағында Кремльдің жымысқы саясаты тұрғанын айтады сарапшылар. Өйткені, төрт санына қатысты кездесу жапондарға психикалық соққы беріп, ырымшыл халық ол күні батыл шешімдер қабылдай қоймайды.
Рас, жер дауының шешілуі Жапонияға, ал аяқсыз қалуы Ресейге тиімді. Сондықтан да, Ресей «Куриль дауына» келгенде күні бүгінге дейін ұзын арқан, кең тұсауға салып келеді. Іс жүзінде келіссөз нәтижелері жапондықтардың «Куриль дауына» қатысты ымыраға келу ұмтылыстарының өліміне ұқсады.
Саммитте Жапония сыртқы істер министрі Таро Коно Куриль аралындағы ресейлік әскери жаттығулардың салдары жайлы мәселені көтерді. Оның пікірінше, бұл Жапонияға деген әскери агрессия іспеттес. Таро Коноға жауап ретінде Сергей Лавров арал Ресейге тиесілі болғандықтан, Мәскеу өзі қажет санаған әрекетін жасауға құқылы екендігін алға тартты. Сондай-ақ, ресейлік министр Жапонияның Ресейдің мүддесі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін зымырандық қорғаныс жүйесін құру жоспарларын сынға алып, жапондық зымырандарға қарсы екендіктерін мәлімдеді. Жапон Қорғаныс министрі Такеше Ивайа зымырандардың қорғаныс сипатына ие екенін, Жапонияны Солтүстік Корея зымырандарынан қорғау үшін құрылғанын айтты. Сондықтан да, өз әрекеттерінен Ресей мен басқа елдерге қауіп төнбейтіндігін алға тартты. Бір-біріне осылай сын айтқан келіссөздер нәтижесіз аяқталды.

РЕСЕЙ ЖАПОНИЯҒА КУРИЛЬ АРАЛДАРЫН ҚАЙТАРМАЙТЫНЫН
НЕГЕ АШЫҚ АЙТПАЙДЫ?

Иә, классикалық дипломатиялық тұрғыдан ашық айтылған және баспасөз конференцияларында көрсетілген осы көріністерден кездесудің сәтсіз аяқталғанын біле аламыз. Алайда, ресей-жапон қатынастары біршама шиеленіскен жағдайда өтетінімен ерекшеленеді. Жапондықтар Куриль аралына қатысты мәселені ушықтырғанымен, бұл үйреншікті жағдайлар. Жапон үкіметі мойындағысы келмесе де, аралдың заңды иесі Ресей екенін жақсы біледі. Аралды пайдалануға Мәскеудің заңды құқығы барын да естерінен шығармайды. Десе де, жапон билігі бұған үнсіз қарап, Ресейдің әрекетіне наразылық білдірмейтін болса, олар аралдың Мәскеуге тиесілі екенін толықтай мойындаған болады. Ал мұндай мойындау Жапонияның сыртқы саясаттағы беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, жапон халқының билікке деген наразылығын туғызады. Сондықтан Жапония Қытайдың жолын ұстануға мәжбүр. Қытай сияқты сыртқы саясатта мағынасыз, нәтижесіз ескертулер жасауда. «Жапон ескертуінің» нақты қай елге бағытталғаны және одан не ұтатындықтары белгісіз болып қала бермек. Ескертулер тек сыртқы саясаттағы беделі үшін, халықтың сенімінен айырылмау үшін ғана ойлап табылған жапон үкіметінің қулығы екендігі анық.
Ресейдің негізгі мақсаты Жапонияның зымырандық қорғаныс жүйесін жою болмаса да, жапондардан оны жоюды талап етеді. Кремль бұл жүйенің Токио үшін маңызды екенін жақсы түсінеді. Оларға зымырандар Солтүстік Кореядан қорғануға және Ресейге қажет жағдайда сес көрсету үшін қажет. Мәскеу үкіметі Жапонияның АҚШ-пен бірігіп өздеріне сес көрсетуіне жол бермеуді жөн санайды. Жапонияның қауіптенетіні егер Ресеймен қарым-қатынасты тоқтататын болса, Ресей Қытай және Солтүстік Корея сияқты стратегиялық одақтастарының көмегі арқылы Жапонияға күш көрсетуі әбден мүмкін.
Сергей Лавров Ресейдің АҚШ пен Жапонияның қарым-қатынастарына баса мән беретіндігін мәлімдеді. АҚШ өзінің доктриналық құжаттарында Ресейді қарсылас әрі жау деп есептейтінін, Ресейден төнер қауіпті сейілту үшін алдын ала әскери шаралар жасалуы керек екенін ресми түрде мәлімдегенін растады. Вашингтон мен Токио көшбасшыларының әскери одақ құру туралы келіссөздері күдік тудырарлық. Жапонияның зымырандық қорғаныс жүйесін орнатуы және АҚШ-пен байланысының жиілеуі Ресейге қарсы антиресейлік қимылдардың бастамасы ретінде тұжырымдауға болады. Мұндай жағдайларда Ресей мен Жапония арасында аумақтық мәселелерді шешу туралы әңгіме қозғап та керек емес. Жапония мен АҚШ қатынастары сыныққа сылтау болды. Ресей Токионың 1956 жылғы декларациясына қатысты талаптарын қабылдамауға сылтау тапты. 1956 жылғы декларацияға бойынша Кеңес Одағы мен Жапония Куриль аралдарындағы әскери әрекеттерді тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Енді Ресейге аралдағы әскери қимылдарын жалғастыра беруіне болады. Ал, Мәскеудің аралдарды беруге ниеті жоқ болса, Токио да зымырандарынан бас тартпайды.
Сергей Лавров пен Сергей Шойгудың да жұмыс кестелерінде бос уақыт бола бермейді. Сонда мұндай кездесулер өткізудің мәні бар ма? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
Кездесулердің екінші жағы да бар. Ресей мен Жапония аумақтық мәселедегі қайшылықты мойындайды, бірақ сонда да екі тарап басқа мәселелерді реттеп, дамыту үшін «Куриль дауын» айналып өтуге тырысады. Жапонияға Ресей-Қытай одағының күшеймеуі, Ресейдің келешекте Қытайға Жапониямен қақтығысуына көмек көрсетуіне жол бермеуі керек. Ал Ресей Қытайға Азияда одан да басқа елдермен стратегиялық одақ құра алатындығын дәлелдеу үшін жапонмен достық қатынаста болуы маңызды. Мәскеу осылайша Қытайсыз да күн көре алатындығын көрсетеді. Және жапондардың озық технологиясы мен инвестицияларынан дәмелі. Сол арқылы Қиыр Шығысты дамытуды көздейді. Мысалы, Ресей Жапонияның оңтүстік құрлықтарымен бірлес-кен экономикалық даму жоспарын ұсынуда. Қазіргі уақытта бес бағыт бойынша келіссөздер жүргізілуде: теңіз өнімдерін өндіру, көкөністерді өсіру, туризм, қалдықтарды көму мен оларды қайта өңдеу және жел энергетикасы.
Соңғы кездесу жабық форматта өткізілді. Және екі тарап та «келіссөз процесінің құпиясын сақтау» туралы келісімге қол қойды. Бұл Жапонияға да, Ресейге де қажет. Куриль аралдарының мәселесі бұрыннан-ақ екі елдің күн тәртібінің бір бөлігі болып саналады, ал халық кез келген ұстанымға қарсы.
Еске сала кетейік, премьер-министр Синдзо Абэ бірнеше ай бұрын бұл мәселені Жапонияның пайдасына шешетінін, Токио мен Мәскеу Оңтүстік Куриль тұрғындарының тағдырын талқылап жатқандығын мәлімдеген кезде, Ресейде наразылық толқыны бай-қалды. Нәтижесінде ресейлік билік жапон басшылығымен қабылданған Курильдегі ресми позицияны күрт күшейтуге мәжбүр болды. Бірақ, сол уақытта жапон тұрғындары Абэнің сөзінде тұратынына шын жүректен сенген еді. Содан жапондар премьер-министрге сенімсіздікпен қарай бастады. Артынша Жапонияда наразылық шерулер болды. Бұл жағдай жапон премьер-министріне әрі қарай келіссөз жүргізуіне кедергі жасады.
Осылайша, төрттіктің төртінші кездесулері де сәтсіз аяқталды. Бірақ екі тараптың да келіссөзді жалғастыру дайындығы бар. Алдағы 29 маусымда Владимир Путин Осакада «Үлкен жиырмалық» саммитінде Синдзо Абэмен кездеседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тамыры тереңде жатқан қос тараптың дауы – әлі талай саяси, тарихи оқиғаларға толы болуы ықтимал. 29 маусымда болатын саммитте «Куриль дауына» қатысты келіссөздер өз жалғасын табады. Дегенмен, екі елдің бір тоқтамға келетініне орыс халқы да, жапон халқы да күмәнмен қарайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here