«Қазақты» қазағымен қауыштырған қаламгер

0
4087

«Тарих – танығанға тағылым» дейді. Рас. Өткенді қайыра еске алып отыру – парыз. Ал парыз – ұрпақтың ой-санасын жаңғыртып, өткеннің ащы қайрағына салып жанып отырады. Жанымаған ұрпақ ертеңін қалай жалғамақ? Ертеңі тек өткенмен байланысып жатқанын ұғыну керек, дұрысы, ұғындыру керекпіз. Бұл байланыстың негізгі көпірі өз кезегінде, өз дәуірінде, өз қоғамында шығып отырған газет-журналдар екенін де ұмытпауға тиіспіз. Осындай басылымның бірі де бірегейі – «Қазақ» газеті.

«Қазақтың» – қазағымен қауышқанына ғасырдан асты (биыл 111 жыл толды). «Қазақ» тұңғыш жарыққа шыққан – 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бұл – «Қазақтың» ұлттық мінезіміздің, тіліміздің, дініміздің, діліміздің сау, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи жеңісі! Ал осы «Қазақты» «елеусіз қалған» архивтен алып, қазағына қайыра ұсынған, «Қазақпен» қоса артынан «Айқапты» шығарып (қазір «Айқап» журналы 2015 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің меншігінде жарық көреді), Алаш ардақтыларына адалдық танытқан белгілі қаламгер Қоғабай Сәрсекеев болатын. Ұлт жанашырының мына жарық дүниемен қош айтысқанына биыл (17 қараша) он жылдың жүзіне бет бұрыпты… Тірі болғанда, үстіміздегі жылдың бірінші сәуірінде 85 жасын қарсы алар еді… Ресми айтсақ, мерейтойы!

Жазушының жазудағы бағыт-ізіне үңілсек, университет қабырғасынан соң еңбек қадамы «Қазақстан пионері» газетінен бастау алып, «Социалистік Қазақстанда» әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиетінде» бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Кітап жаршысы» – «Друг читателя» газетінің редакторы, «Жалын» баспасының бас редакторы, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінің бас редакторы, республикалық Кітап таратушылар қауымдастығының президенті лауазымына дейін биіктегенін көреміз.

Бұл басылымдар мен баспалар маңындағы қызмет жазушының аса білгір редактор және тәжірибелі баспагер болып қалыптасуына мықтап әсер еткенін көреміз. Оған дәлел – «Қазақ» пен «Айқапты» қайта жандандыруы.

Бүгінгі «Қазақ» қайта жарық көргенде заң ғылымдарының негізін қалаған академик Салық Зиманов «Тәуелсіздік жылдарында Алдан Айымбетов «Казахская правданы» шығарды. Жаңа заманда Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта жаңғыртты. Бұл – зор елшілдік жұмыс, қазақ баспасөз тарихында үш анық, болашақта зерттелер саяси құжат» деп, тарихи құнды материалдардың жарыққа шығуына себепкер болатын газеттің қайта оралғанына оңды пікірін білдіріп еді. 

Ұлт ұстаздарымен өз үнінің үндесуі, әсіресе «Қазақ» газетінің шығуына және тарихта қалуына зор еңбек сіңірген Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтардың (бірі саясатқа шолу жасаса, бірі оқу-ағарту мәселесін көтерді, ал бірі әдебиет пен өнер саласына қалам тартты) демократиялық бағыттағы идеясын, яғни сол идеяны, сол танымды жалғастыруы, арада 88 жылдан кейін (2006 жылы 22 наурызда), өз қаражатымен «Қазақты» №267 санынан бастап жаңа заманға лайықтап, оқырманға ұсынуы дер едік.

Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы! Өйткені, «Қазақты» тұңғыш шығарушылардың бірі әрі газеттің жауапты хатшысы болған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тарихи басылымды мойындап, қолына ұстағанда, үйіне әкесі кіріп келгендей әсерде болғанын өз естелігінде жазған болатын. Ал газеттің ғасырлық мерейтойында ҚР Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен еді.

Ұлт басылымдарының атасы «Қазақтың» 105 жылдығында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Идеясы отаршыл империяның еркіне сай келмейтін «Қазақ» газеті түбінде жабылып, жұмысын тоқтатқанымен көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен Тәуелсіздікпен бірге түлеп, оқырмандарымен ұзақ жылдардан соң қайта табысты. Басылым өткен тарих пен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпірге айналды», – деп арнайы құттықтау хатын жолдаған болатын.

Ата басылымның атағын аспандатқан Қоғабай Сәрсекеевтің шығармаларының дені Алаш арыстарының ғұмырына құрылған екен. Мәселен, «Алаштың Ахметі – Ахмет Байтұрсынов жайлы ой-түйін», «Міржақып Дулатов», «Портреттер», «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды кітаптары және «Үш арыс», «Үш таным» атты әңгіме эсселерін атауға болады. Тіпті ертеректе жазылған (1979 жылы) ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Амангелді Имановтың өмірі мен күрес жолы жайлы, алғаш «Қызыл жалау» (Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен) деп, кейінірек «Ызғырық», «Қақтығыс», «Шер», «Кек» деп аталатын төрт бөлімнен тұратын «Заманақыр» деген атпен шыққан тарихи романында да ұлт тақырыбына қатысты елеулі жайттарды қозғайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мақаланың жазылуына себеп – қаламгердің мерейтойы. Осы даталы күнге орай Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» және Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, сондай-ақ «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өмірінің соңына дейін (2014 жылы) «Қазақ» газетін шығарып, оның кең таралуына күш-жігерін аянбаған Қоғабай Сәрсекеевтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттің тиісті мекеме (Жазушылар Одағы, қалалық әкімшілік) орындары марқұмның өзі тұрған (1980-1990 ж.) Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 166 үй қабырғасына естелік-тақта орнатуға ұйытқы болып, мәселенің шешілуіне оң шешім жасаса екен дейміз. Қостанайдың құрметті азаматы Қоғабай Сәрсекеевтің Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Тобыл-Торғай өңірінің тумасы болғандықтан даталы күнін ескерусіз қалдырмай, туған жерінде мерейтойына орай іс-шара өткізуге мұрындық болса дейсің.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
«Қазақ» газетінің қазіргі бас редакторы,
Ақпарат саласының үздігі,
Қоғабай Сәрсекеевтің шәкірті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here