Алдағы сәуір айының 25-ші жұлдызында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бостандығы үшін күрес жолында құрбан болған Нығмет Нұрмақовтың туғанына 125 жыл толады. Оның өмір жолы мен Отанына, халқына сіңірген еңбектері тарихи құжаттарда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүр. Дегенмен, сұрапыл отыз жетінші жылдарда репрессияға ұшыраған Нығмет Нұрмақовтың және басқа зиялыларымыздың өмір жолдары жан-жақты және терең зерттелді деуге болмайды. Тіпті, жыл өткен сайын олардың аттары жас буындар арасында ұмытылып бара жатқанға ұқсайды. Оған көзім де жетті. Осыдан бірер жыл бұрын Қарқаралыда болғанымда Нұрмақов атындағы көше тұрғынынан «Бұл көше кімнің құрметіне аталған? Ол кім болған?» деп сұрағанымда жауап бере алмағаны есімде. Осындай жағдайды Қарағандының қала әкімшілігі қызметкерлерімен әңгімелескенде де байқадым. Бұл жағдай өте өкінішті-ақ. Оның әрі қарай дамып өрбуіне жол бермеу керек. Өйткені, еліміздің маңдай алды ерлерін, алаш арыстарының өмір жолдарын, олардың тәуелсіздік жолындағы істерін бүгінгі жастарға жеткізу – оларды патриоттық сезімде тәрбиелеудің бірден-бір тәсілі деген пікірдемін. Әсіресе, уақыт өткен сайын олар туралы материалдар туындыларда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп, сонымен қатар, ол тұрақты жалғасып, жаңа фактілермен толықтырылып халыққа, оның ішінде жастарға жеткізіліп тұрғаны абзал іс болар еді.
Сталин және оның жендеттерінің ХХ ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдары жүргізген сұрқия саясаты ешқашан ұмытылмауы керек. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып, ондай саясатқа жол бермеу әрбір заман азаматтарының мойнындағы парыз десе де болатын сияқты. Сонымен қатар, сол жылдары құрбан болған зиялыларымыз туралы жарияланып жүрген туындыларда кейбір фактілер түрлі баяндалады. Ондай жағдайлар, менің пайымдауымша, аяулы азаматтарымыздың өмір мазмұндарын, сол заманға, кеңес үкіметіне деген көзқарастарын толық қалыптастыруға, істеген істерін, ойлаған ойларын дұрыс бағалап, дұрыс түсініп, талдауға кедергі тудыратын тәрізді. Осы тұрғыдан қарағанда өткен заманды, сол кезде өмір сүрген, қызмет еткен тарихи тұлғаларды сипаттауда мүмкіншілік жеткенше, деректі құжаттарға көбірек сүйенген абзал. Бұл мәселенің өзектілігі оларды көздері көрген адамдар саны жылдар өткен сайын азайып бара жатқанында. Ал, ол аласапыран заманның «ерекшеліктері» туралы әңгіме әлі де болса шегіне жеткен жоқ. Әлі де тың жатқан тараулары аз емес. Бүгінгі таңға дейін сол жылдары орын алған сталиндік репрессияға ұшырап, өмірлері қиылған көптеген зиялылардың сондай қиянатқа түсу тарихы әлі толық ашылмай келеді. Бүгінгі жас буын одан бейхабар. Сондықтан жас тарихшылар, саясаттанушылар, жеке азаматтар бұл мәселе бойынша ізденіс жұмыстарымен тұрақты шұғылдануы қажет деп ойлаймын.
Мен, өз басым тарихшы емеспін, дәрігермін. Дегенмен, біздің отбасы да сол жылдардың қасіретін көргендіктен және белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов туысым болғандықтан ол туралы материалдарды сексенінші жылдардан бастап жинастыра бастаған едім. Бүгінгі таңда біраз деректі құжаттар өзімнің жеке мұрағатымда бар. Солардың ішінде репрессия құрбандары Ассоциациясының президенті болып көп жыл қызмет еткен, ел ақсақалы Бекболат Мұстафиннің, еңбек және партия ардагерлері А.Бутиннің, академик Қ.И.Сәтбаевтың естеліктері, жазбаша таңбалары бар. Сонымен қатар, Ресей ФСБ-сынан, Мәскеудегі «Мемориал» қауымдастығынан, Н.Нұрмақов тұрған және сол үйден тұтқындалған атақты «Жағалаудағы үй» мұражайынан алынған құжаттар да баршылық. Доцент Б.Кабдөшовтің Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қызметіне арналған диссертациясы мен Б.Нәсеновтің «Халық жаулары» атты еңбегінде Қазақстан КНБ-сінің архивінен алған деректер де бар. Аталған құжаттардағы материалдардың бәрі деректі. Олардан аяулы жандар, отыз жетінші жылдың құрбандары туралы ел арасында көп таралмаған, тіпті мүлдем белгісіз біраз деректі фактілерді кездестірдік. Осы мақаланы Нығмет Нұрмақовтың туғанына 125 жыл толу қарсаңында сол деректі фактілермен қалың жұртшылықты таныстырайын деген оймен жазып отырмын.
Бүгінгі таңда аталған құжаттардан бізге аяулы ағамыздың атылған күні, жатқан жері белгілі болып отыр. Бұл мәліметтерді Нығметтің жұбайы – Зүфнүн жеңгеміз, ұлы – Ноян, әкем (Нығметтің інісі) – Жәмел, немере інісі – Мұқаш кезінде әр жерлерге хат жазып, хабар тосып, дамыл таппай іздестірген болатын. Өкінішке қарай, ақыры оларға жауап таба алмай аталған туыстары о дүниелік болып, арманда кетті. Міне, бүгінгі таңда тәуелсіз ел болуымыздың арқасында Нығмет Нұрмақовтың жатқан жері табылып отыр. Оған да көзі тірі туыстары, жерлестері тәубә дейміз.
Сол құжаттар бойынша Нығмет Нұрмақов пен Әлихан Бөкейхан 1937 жылы 27 кыркүйекте бір тізіммен (1-ші категориялық тізім) Мәскеуде атылған көрінеді. Бір тізіммен бір күнде атылған екі арыс Мәскеудегі Дон монастрінің зиратына көміліпті. (Бұл жерде сыпайы «жерленген» деген сөздің орнына «көміліпті» деген сөз қолайлы деп ойлаймын. Өйткені, атылған адамдарды осы жерге әкеліп, киім-кешегін де шешпей төге берген).
Сол зұлым тізімде Әлекең 16-шы, ал Нығмет Нұрмақов 76-шы болып тіркелген. Енді Ресей ФСБ-сінен алынған жазалау үкіміне көңіл аударсақ, мына бір факті таң қалдырады. Әлекең мен Нығмет ағамызға жазалау үкімін шығарған КСРО жоғарғы әскери коллегиясы сотының құрамы да бір. Олар: диввоенюрист Голяков (төраға), мүшелері бригвоенюрист Ждан, бірінші және екінші класты юристер Кандыбин мен Кудрявцев. Екеуінің де жазалау үкімі бір күні, яғни 1937 жылдың 27 қыркүйегінде толтырылған. Аталған тізімге Сталин мен Молотов та сол күні қол қойған және ату үкімі сол күні орындалған. Сонда оларды қатар қойып атып, бір көлікпен жоғарыда аталған зиратқа апарып төккен болу керек. Міне, тағдырдың тәлкегі! Бір замандарда Нығмет Омбыда оқып жүргенде танысып «аға» тұтатын, «ұстаз» деп сыйлайтын Әлекеңдей ұлы жерлесімен бір күнде атылып, оларға бір жерден топырақ бұйырған.
Ағамыз туралы осы уақытқа дейін менің ойымда тұрақты орын алып жүретін бір жәй болушы еді. Ол атақты ел азаматы, белгілі қайраткер, алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақов жеті-сегіз жыл бір қалада, Мәскеуде, тұрғаны маған белгілі болатын. Сонда олар бір-бірімен кездесіп, әңгіме құрып жүрді ме? Оны дәлелдейтіндей фактілер бар ма? Осындай сауалдар бойымды тұрақты мазалаушы еді. Қолымызға түскен материалдарға жүгінсек ондай қарым-қатынас болған сияқты. Оған дәлел ретінде құжаттардан табылған кейбір фактілерге көңіл аударалық. Біріншіден, оларды бір күнде жазалап, бір зиратқа көмілуі бекер болмаған болу керек. Жазалаушылар олардың байланысын, қарым-қатынасын білген деген ой туады.
Екінші факт. Әлихан Бөкейханның күйеу баласы Смағұл Сәдуақасов белгісіз жағдайда кенеттен сырқаттанып, Кремль ауруханасында қайтыс болған. Оны кремациялау кезінде Әлекең есінен танып қалған екен. Сонда ол кісіні қолтығынан ұстап көтерген Н.Нұрмақов пен Т.Рысқұлов болыпты. Бұл да бір дерек. Бұл факт сол заманда Мәскеуде тұрған Қазақстанның көрнекті зиялылары бір-бірімен тығыз араласып, бір-бірінің жағдайларын біліп тұрғанын дәлелдейтін фактілер деп түсіну керек.
Үшінші факт. Әлихан Бөкейханның інісі Азиханның немересі Сырым Райымжанұлының кітабынан («Нельзя о прошлом позабыть», Алматы, 2005, 184 б.) және Сырекеңнің өзінің айтуынша жеңгеміз Зүфнүн мен Әлекеңнің қызы Елизавета Мәскеуде жақсы араласып тұрған екен. Елизавета Әлиханқызы жұбайы Смағұл Сәдуақасов қайтыс болғаннан кейін Большой Кисловский пер. көшесіндегі 4 үй, 15 пәтерде әкесі екеуі тұрған. Ол апамыз медицина ғылымдарының докторы, Отан соғысының ардагері, көп жыл КСРО дәрігерлер білім жетілдіру институтында КСРО денсаулық сақтау ісінің алғаш наркомы Н.Семашконың кафедрасында істеген және сол институттың партия ұйымын басқарған. Ал, ол кезде Нығмет Нұрмақов ВЦИК Президиумының хатшысы, Президиумының Ұлттар бөлімінің төрағасы, Н.Семашко екеуі ВЦИК Президиумының мүшесі ретінде қызметтес болып, араласып жүрген адамдар (олардың қатар отырып түскен суреттері бар). Әрине, қызметтес болған олардың арасында Әлекең мен оның отбасы туралы әңгіме болмады деп ойлау қиын. Ендігі бір жәй Елизавета Әлиханқызы қатерлі сырқатқа ұшырап, өмірінің ақырғы күндерінде жаңағы Сырым ағамызға Зүфнүн жеңгеміздің адресін беріп шақыртып, екеуі жылап көрісіп, қоштасқан екен. Сондағы екеуінің бір-біріне «Біздің жақындарымызды қырды ғой. Енді біздің де уақытымыз келгенге ұқсайды», – деген сөздері әлі есінде екенін айтып еді Сырекең.
Міне, осы аталған фактілер менің көкірегімдегі күдікті ашатын жол сияқты. Яғни, Әлекең мен Нығмет және басқа зиялы ағаларымыз Мәскеуде өзара кездесіп, тіпті отбасыларымен араласып тұрғандығының тікелей дәлелі болатын сияқты…
Репрессияның зұлымдығы ағаларымыздың отбасыларын да тыныш қалдырмады ғой. Нығмет ағамыз ұсталған соң бір айдан кейін жеңгеміз Зүфнүн (Жақып Ақпаевтың немере қарындасы) тұтқындалып, «халық жауының» әйелі ретінде оны тоғыз жылға бас бостандығынан айырады. Ол кісі әуелі Мәскеудің Бутырка түрмесінде, одан соң Карелия еліндегі лагерьде, ал Отан соғысы басталған соң атақты Карлагқа ауыстырылады. Одан босаған жеңгемізге Мәскеу, Алматы сияқты үлкен қалаларда тұруға тыйым салынады, сондықтан ол 1956 жылға дейін Қарағандыда тұрды. Шахтада жұмыскер болып істеп жүргенде біздің үйге келіп тұратыны есімде. Содан болар ол кісі Нығметтің інісі Жәмелді жақсы көруші еді. Сол көңілінің шақыруы болар, ақыры 1991 жылы Мәскеуден қайтып келген соң өмірінің төрт-бес жылын Алматыда тұратын менің туған қарындасым Рәбиғаның қолында өткізді, солардың қолдарында 94 жасында өмірден өтті.
Нығмет ағамыздың екі баласын (Ноян, Тамара) 1937 жылы әке-шешесін ұстаған соң бір-бірінен бөліп, екеуін Ресейдің екі қаласындағы (Саратов пен Пенза) детдомға айдады. Тамара детдомда қайтыс болыпты. Атамыз Нұрмақ 1937 жылы Қарағандыда «үштіктің» үкімімен НКВД түрмесінде атылады, ал Нығметтің інісі Құрманғали Коми АССР-ның Воркута қаласына жер аударылды. Ол кісі сонда сырқаттан қайтыс болған екен. Міне, сонда біздің отбасымыздан алты адам сталиндік репрессияның тікелей құрбандары болған. Осы деректермен танысқанда төбе шашың тік тұрады. Не деген зұлымдық, не деген қатыгездік?! Өз халқын қырып-жойған нендей жан түршігерлік саясат?! Сол саясаттан алшақ болған атамыз Нұрмақтың, ағамыз Құрманғалидің, жеңгеміз Зүфнүннің, тіпті олардың балаларының қандай жазығы бар еді?! Нұрмақтың отбасынан еркек кіндіктен тірі қалған тек менің әкем Жәмел. Біздің отбасымыз да ақтау (реабилитация) қағазы келгенше (1956 ж.) талай қиыншылықты бастан кешіріп өтті.
…Енді мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет туралы жоғарыда аталып кеткен үлкен адамдардың естеліктеріне көңіл аударсақ. Ол ағамыз өте білімді, білікті, сонымен қатар, ешкімнен қаймықпай шын-дықты тура айтатын адам болыпты. Ол кісінің сол кездегі Қазақстанның партия ұйымының басшысы Ф.Голощекиннің саясатына тұрақты қарсы шығып отырған адамның бірі болғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған құжаттардан белгілі.
Сол жөнінде Мустафин мен Бутин ақсақалдар былай әңгімелейді: «Орталық комитеттің (ОК) кезекті бір Пленумуында Голощекин жиналысты жүргізе отырып Сырғабековті (жер наркомы) әшкерелеу мақсатымен Нұрмақовқа: «Мынау қойға түсіндірші, бұл түсінбей отыр», – дейді. Совнарком төрағасы Нұрмақов орнынан ұшып тұрып: «Сіз абайлап сөйлеңіз, наркомды малмен теңестірмеңіз. Сырғабеков жолдас өте білікті, тәжірибесі мол, жұмыс жағдайын білетін кадр», – деп тойтара сөйлейді. Голощекин үндеместен бөлмеден шығып, ішкі бөлмеге кіріп кетеді де, жарты сағаттай жоқ болады. Содан қайта келіп Пленумды таратып жібереді. Біреулер: «Ол Сталинмен ақылдасып келді», – деген пікір айтты. Бұл сол Пленумге қатысып отырған, болған жәйді көзімен көрген адамдардың айтуы. Осындай Нұрмақовтың Голощекинге қарсы тұрған және Мәскеудегі орталық органдарда байқаған кейбір дөрекі саясатқа қарсы тойтара сөйлеген эпизодтар архивтік құжаттарда аз емес. Мысалы: ВЦИК-тің 13-ші шақырылған үшінші сессиясында (24-26 ноябрь 1928 ж.) сөйлеген өткір және батыл сөзінде орталық аппараттың жұмысын әшкерелеуі, шынында таң қалдырады».
«Нығмет Нұрмақов нағыз патриот еді, – деп жалғастырады әңгімесін Бекболат Мустафин ақсақал. – 1925 жылы қазан айының 19-да Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мәжілісінде ҚазКСР құрамындағы Орынбор губерниясын Ресейге қосу туралы мәселе қаралды. Сондағы негізгі себеп ретінде онда тұратын орыстардың саны болыпты. Сол бюрода сөйлеген сөзінде Совнарком төрағасы Н.Нұрмақов: «Жер мәселесі бізде өткір мәселе… Онымен Республикамыздың, ондағы тұратын халықтың тағдыры тікелей байланысты… Губернияның жартысынан астамы орыстар деген не дәлел? Егер олай ойласақ, онда біздің Республикамыздың барлық жерінде сондай жағдай. Сонда ол жерлердің бәрін Қазақстаннан бөліп алып Ресейге қосу керек пе? Оның не қажеті бар? Мұнымен біз ешқашан келісе алмаймыз және оған үзілді-кесілді қарсылық білдіруіміз керек. Бұл Республикамызды жоюмен пара-пар, сондықтан, ол ешқандай сын көтермейді», – деген. Бұл сөзінде қаншама патриоттық сезім байқалып тұр десеңізші. Осындай пікірлерді Нығмет әр жерде жасаған баяндамаларында, (соның ішінде орталықта, Мәскеуде) еш қаймықпай айтқаны ақпарат көздерінен белгілі».
Бүгінгі күні табылып отырған құжаттарға (Б.Басенов КГБ архивінен алынған) терең көңіл бөлсек, Алаш партиясы мен кеңес үкіметінің органдарында қызмет істеген арыстарымыздың көңіл ойы, іс-қылықтары, түпкі мақсаттары (бостандық, жеке республика болып бөліну) ортақ болғанға ұқсайды. Оған бірнеше дәлелдер келтіруге болады. Мысалы: 30-шы жылдары марксизм-ленинизм институтының директоры болған А.Лекеровтің бір мақаласында (1932 ж.) «…Н.Нұрмақов Қазақстан міндетті түрде капитализмдік даму кезеңінен өтуі керек деген пікірде. …Ол кезеңнен өтпеген жағдайда Қазақстанның қоғам даму жолында жоғарғы сатыларға жетуі мүмкін емес. Бүгінгі таңдағы жүйе қоғам даму заңына сәйкес келмейді, сондықтан ол өткінші… Ерте ме, кеш пе Қазақстан капиталистік даму жолына түседі. Біз сол кезде аса қатты экономикалық дағдарыс болмауына күш салысуымыз керек» деп жазылған. Бұл айтылған пікір олардың сол кездегі іс-әрекеттерін түсіндіретін сияқты. Еліміздегі бүгінгі күнде болып жатқан өзгерістер осы пікірдің дұрыстығын дәлелдемей ме? Шынында еліміз қазір қоғам дамуының капиталистік жолында екені анық.
Екінші дәлел, ол Голощекиннің Н.Нұрмақовтың бетіне жиі басатын айыбы – Нықаң Ыбырай байдың қызына, Алаш арысының бірі Ж.Ақпаевтың немере қарындасына үйленгені. Ал, байлардың малдарын толық конфискацияға түсіруге қарсы шығуы Нұрмақовтың Кеңес үкіметінің саясатын толық қолдаған деген ойға күмән тудырады. Ол 1937 жылы ҚК(б)П-ның съезінде О.Исаевтың сөйлеген сөзінен де байқалады.
Исаевтың сөзінен: «Нұрмақов Қазақстанда Совнаркомның бастығы болып отыратын, бір жағынан, совет үкіметінің саясаты дұрыс деген болып, екінші жағынан, Троцкийдің тыңшысы болып, солармен Жапонияға, Германияға сатылмақшы болған…». Бұл сөзде жала жағы басыңқырау болғанымен, Нығметтің Кеңес үкіметінің саясатына деген көзқарасын сипаттайды. Аталған үкіметтің кемшіліктерін ол жасырмай айтатыны оның «Строительство Казахстана» деген еңбегінде ашық жазылған. Үшіншіден, өзінің большевиктер партиясы қатарына кештеп кіруі және сол партияның Қазақстандағы басшысы Ф.Голощекиннің саясатын қолдамай тұрақты қарсы болуы, әрине, Нұрмақов туралы Кеңес үкіметі уақытындағы жазылған мақалалардағы пікірлерден бөлек ой тудыратын қылықтар. Нығмет Нұрмақовтың большевиктер партиясына кеш өтуінің бір себебі сол кезде саяси горизонтта сол партияның идеясынан артық идеяның болмауы деген ой туады. Ол өзінің досы С.Сейфуллинге жазған хатында өзінің большевиктер партиясына кіру себебін ашық айтады. «Езілген халыққа тек большевиктер теңдік әперетініне менің көзім жетті. Сол себептен мен де большевик болдым» деп жазады ол досы Сәкенге.
Нығмет Нұрмақов Совнарком төрағасы болып тұрған жылдары Алаш партиясы қатарындағы Ермеков, Байтұрсыновтарды Кеңес үкіметіне қызметке алуы және солармен пікірлес болуы Алаш пен Кеңес жолында жүрген зиялылардың бір-біріне, Кеңес үкіметі тұсында жазылғандағыдай, жау болғанына сену қиын. Осымен қатар, О.Жандосовтың, Ә.Досовтың, Н.Нұрсеитовтің, Х.Кошанбаевтың, т.б. репрессияға түскен зиялылардың тұтқындағы тергеушілердің қойған сұрақтарына берген жауаптарына терең көңіл аударсақ, Рысқұлов пен Нұрмақов шын мәнісінде ұлтшылдар тобын құрып, сол топтарды басқарғанға ұқсайды. Олардың негізгі мақсаты Кеңес үкіметінің сеніміне кіріп, оны әлсірету болған тәрізді. Қазақстанды жеке мемлекет ретінде бөлу мақсаттарына жету үшін Кеңес үкіметінің саясатына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізгенге ұқсайды. Не себептен? Оның себебі, менің пайымдауымша, басында большевиктік ұрандарға толық сеніп қалып, одан соң жаңа үкіметтің қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан хал-күйіне қол сұғушылық саясаты, қолдарындағы малдарын тартып алу, дәстүрін бұзу, дінін, мәдениетін жоюды көздегені көзі ашық зиялыларға түсінікті болып қалды. Осы себептен олар ондай саясатқа шыдап отыра алмай, одан шығатын жол іздеген болу керек. Бұл жағдайлар жоғарыдағы әскери коллегияның сотының үкімінде келтірілген пункттерінде анық көрсетілген. Бұрын, Кеңес үкіметі кезінде бұл жағдайларға сенімсіздікпен қарасақ, бүгінгі таңда олар шындыққа ұқсайды.
Қолдағы деректерге қарағанда отызыншы жылдардағы маңдай алды білімді қазақ зиялыларының көбі Алаш партиясының идеясын ұстанып, сол партияның лидерлерімен бірге еліміздің бостандығы, тәуелсіздігі үшін сол кездегі бар мүмкіншілікті қолдануға тырысқан тәрізді. Сондықтан бүгінгі күні олардың негізгі істері біртұтас қозғалыс ретінде қаралуы қажет сияқты. Менің бұл жобалау ойым жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдарда қоғамда орын алған аномалиялық жағдайларды (басқаша бағалау қиын) алдағы уақытта әлі де терең және объективті зерттеуді қажет ететін жағдайды көздейді және сондай зерттеу қажеттілігі туып отыр. Ол, әрине, тарихшылардың, саясаттанушылардың, зерттеушілердің ісі және оның күрделілігі мен маңыздылығына қарай солардың қолы-нан келетін жұмыс.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы қарсаңында айтқым келгені, оның есімі елімізде, әсіресе туған өлкесінде ұмытылып бара жатқанға ұқсайды. Осындайда «Ер елінің атын, ал ел ерінің атын шығарады» деген сөз ойға оралады.
Аман НҰРМАҚОВ, Нығмет Нұрмақовтың немере iнiсi, профессор