Үйдің интерьер дизайнын ұлттық нақышта жасайтын шеберхана

0
8650

Жаһандануға адамзат өміріне тек қана саяси-экономикалық өзгерістер әкелетін кұбылыс деп қарауға болмайды. Бұл – әлеуметтік қатынастар жүйесін тұтас өзгертумен қатар ұлттардың рухани әлеміне, ұлттық құндылықтарына кері әсері бар үрдіс. Жаһандану Шығыс елдеріне ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ғаламдық қатынастарға бейімделу дейтін үлкен мәселе тауып берді.

Рас, Қазақстан халқына жаһанданудың кері әсері материалдық мәдениетте көрініп тұр. Біздің қазіргі киіміміз бен еңбек құралдары, тұрмыс бұйымдары, архитектура, дизайн, көлік, тағы басқа күнделікті өмірдегі материалдық мәдениетіміздің барлығы да Батыс елдерінің стандарттарына сәйкестендірілген. Бұдан, әрине, біз енді құтыла алмаспыз. Десек те, мемлекет алдында күштілермен есептесу, сонымен бірге, өз ұлттық болмысын, бет-бейнесін, күнделікті тұтынатын заттарда ұлттық нақышын сақтап қалу міндеті тұр. Бұл ең алдымен жаһанданудың алып апанында жұтылып кетпеу үшін қажет. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің бұл тақырыпты жиі көтеруінің мәнісі де осында жатыр.

«ArtELІ» шеберханасының директоры Эльзат Мұқашев

«Qazaq» газетінде ұлттық бұйымдарымыз ұрпақ мұрасына айнала алмай отырғанын, есесіне сырт елдердің дүниесі баса-көктей еніп, қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары көзден тасада қалып жатқандығын, ұлттық бұйымдар сатылатын дүкендердің аздығын, бұл ұлттық бұйымдарды жасайтын он саусағынан өнер тамған шеберлердің аздығынан емес, бар гәп – істің көзін таба білмеуімізде, яғни бұл салаға кәсіпкерлер көптеп келіп, бұған бизнес ретінде қарау керектігін жиі жазып жүргенімізді көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осылайша, бұл саланың дамуына (ақпараттық қолдауды айтамыз, – ред.) аз болса да өз үлесімізді қосу басты мақсатымыз санаймыз.

Таяуда «Qazaq» газетінің  редакциясына  «ArtELІ» шеберханасының директоры Эльзат Мұқашев хабарласты. Жеке үйдің интерьер дизайнын ұлттық нақышта жасайтын шеберхананың қызметімен танысқанда марқайып қалдық. Неге десеңіз, үйіңіздің іші заманауи үлгіні сақтай отырып, ұлттық нақышта безендірілсе, оюмен өрнектелген жиһаздарыңыздан ұлттың иісі аңқып тұрса, бұл ең алдымен ұлтқа деген ұлы сезімді, құрметті, отансүйгіштік қасиетті, қазақи келбетті байқатады. Сондықтан да, «ArtELІ» шеберханасының бастамасын құптамасқа тағы болмайды.

«ArtELІ» компаниясының негізін 2012 жылы тамыз айында Эльзат Мұқашев пен Эльмира Қондыбаева қалаған екен. Осы уақытқа дейін «ArtELІ» шеберханасы заманауи интерьер дизайн бағытында жұмыс жасап келеді. ArtELІ сөзінің мағынасы «халық өнері», art – өнер (ағыл.), elі – халық (қаз.) дегенді білдіреді.

«Мұндай бастаманы, яғни жеке үйдің интерьер дизайнын ұлттық нақышта жасауды қолға алуымыздың ең басты себебі қазақи үлгіні әлемге таныту болды. Менің ойымша, Қазақстанда интерьер дизайн саласы дамымаған. Біздің көптеген азаматтарымыз ұлттық үлгіні бағаламай, шетелде сәннен шыққан дизайн үлгілерін көптеп қолданады. Сондықтан біз қазақ үлгісіндегі интерьер дизайнын қазіргі заман құрылыс материалдарын қолдана отырып, оны жаңа бейнеде көрсеткіміз келеді», – деген Эльзат Мұқашев шеберхана қызметінің бағасы да қолжетімді, сапасы да жоғары екенін айтты.

«Шығармашылық танымы заманауи әрі қазақи дизайнерлер, өрнектерді гипсокартоннан жасайтын құрылыс бригадалары, ұлттық нақышта жиһаз жасайтын шеберлер, яғни біздің бәріміздің ойларымыз бір жерден шыққан соң осы салада басымызды біріктірдік», – деген Эльзат Мұқашев өз командасының кәсіби біліктіліктері жоғары әрі тәжірибелі екендігін айта отырып, ұлттық нақышты жақсы меңгерген талантты дизайнерлердің есімдерін ерекше атап өтті.

«ArtELІ» шеберханасының қызметкерлері үйдің ішін бастан-аяқ ұлттық үлгіде жасауды көздемейді, тек заманауи үлгідегі элементтерді қазақи нақышпен үйлестіріп жасауды мақсат етеді.

«Қазақи үлгідегі интерьер дизайны басқа дизайн үлгілеріне қарағанда ерекшелікті, жаңа көзқарасты талап етеді. Себебі, өзге дизайн үлгілерінің жасалу механизмі бұрыннан дамыған болса, ал біздің дизайнымыз өзгеше жасалу процессін қажет етеді. Сондықтан біздің тобымызда сәулетшілер мен дизайнерлерден бөлек тәжірибесі мол құрылыс бригадасы мен жиһаз жасайтын шеберлер бар», – деп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген архитектор аталған шеберхананың бірнеше жұмысын бізге ұсынды. Соны «Qazaq» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Иә, қазақи үлгіде жасалған үйдің интерьер дизайны көздің жауын алады. Жиһаздың қай-қайсысы да ұлттық оюмен өрнектелген. Қазақилықтың иісі аңқып тұр. Бұл элементтер қазіргі заман үйлерінде қазақ рухын баяндайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ХVІІІ ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада», ХХ ғасырдағы кеңестік саясаттың салқынынан үштен екісінен айырылса да, тарих көшінен түсіп қалмай, ХХІ ғасырға жеткен қазақ ұлты жаһандану заманында жұтылып кетпеу қарекетін қамдануы қажет. Жаһандану жағдайында ғасырлар бойына сақталып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарға қауіп төніп тұрған шақта «ArtELІ» шеберханасы ұлттық нақыштағы дүниелерге заманауи рең беріп, тұрмыста қолжетімді әрі сапалы үйдің интерьер дизайнын жасау арқылы ұлттық құндылықты ұлықтаудың жолын тауыпты. Бәрекелді!

«ArtELІ» шеберханасының байланыс деректемесі:

WhatsApp +7 778 140 55 88    Instagram art.eli 

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here