Коронавирусты адыраспанмен аластаған Түркіменстан

0
5627

Жаһанның күллі елдері пандемияның салдарынан тұрақсыздыққа, одан әрі қаржылық дағдарысқа ұшырап титықтаған тұста, сынақтың сыбағасынан «құр қалған» мемлекеттер де бар. Солардың бірегейіТүркіменстан.

6 млн халқы бар елдің ресми статистикалық мәліметіне сенсек, республика азаматтарының бірде-бірі COVID-19 вирусын жұқтырмаған. «Індеттің белгілерін анықтайтын тест жеткілікті. Ал, Түркіменстанның «жабық есік» саясатының арқасында вирустың шекарадан өтуі мүмкін емес» деп санайды билік басындағылар.

Түркімен халқын осыған сендіргісі келетін президент те бұқаралық шараларды өткізуден тартынған емес. Тіпті, мұндай шараларға президенттің өзі мұрындық болып, белсенді қатысады. Дегенмен, түркіменстандық БАҚ пен әлемдік БАҚ-тың жариялап отырған індет туралы ақпараттары бір-бірімен сәйкес келмейді. Әлемдік сарапшылардың айтуынша, ақиқатында пандемия Түркіменстанды айналып өтпеген. Елдегі өлім-жітім, індеттің таралу деңгейіне қарамастан, Түркіменстан азаматтарының аурудың алдын алуға еш құқылары жоқ. Себебі, қауіпсіздік шараларын сақтағысы келгендер үкімет тарапынан қысым көріп, қудалауға ұшырайды.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін пандемия кезіндегі Түркіменстан билігінің ұстанған саясатына тоқталады.

БАС ДӘРІГЕР ТҮРКІМЕНБАСЫНЫҢ ӨЗІ

Түркіменстан президенті Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің мамандығы – дәрігер. Ол президенттік мансабына дейін тіс дәрігері, кейін бір аурухананың бас дәрігері болған. Сонымен қатар, медициналық институтта ұстаздық етіп, Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін ұстаған. Президент әрдайым медицина саласындағы бай тәжірибесін, қол жеткізген жетістіктерін өзінің артықшылығы санаған. Санап та келеді. Денсаулық сақтау саласынан хабары бар президентке сайлаушылары да кезінде қызығушылық танытқан. Бірақ, Бердімұхамедовтің білімі мен біліктілігіне табынушылар ол билік басына келгенде ғана төбе көрсетті.

Бердімұхамедов президенттік пен дәрігерлікті қатар алып жүрген саясаткер. Оның әншілік, сазгерлік қыры өз алдына бөлек әңгіме. Түркімен  басшысы дәрігерлік пен президенттікті өзара ұштастыруға тырысып бақты. Түрікменбасы жыл сайын медицина жайында ғылыми сипаттағы кітаптар жазады. Мемлекет басшысы болған 2007 жылдан бері судың, жергілікті шөптердің, шәйдің, тіпті түркімен қауынының емдік қасиеттері туралы 35-тен аса шипагерлік еңбегін жарыққа шығарды. Президенттің кітаптарын сыйлыққа алуды мәңгілік өмірге ие болғандай қуана қабылдайтын табынушылары да бар. Түрікменбасының іс-әрекетіне орай халық оны «Аркадаг» (барша түркімендердің қамқоры) деп атайды.

Түркіменстанның ресми дереккөздерінің мәлімдеуінше, Бердімұхамедов тамыр соғысын саусақпен басып, қарапайым халықты ауру-сырқаудан ада етіп, бәле-жаладан аластайды. Әлем елдері коронавирусқа төтеп берер вакцина таппай сарсаңға түсіп жатқанда, түркімендерге Аркадаг көмекке келді. Өзге елдер өз шекарасын қымтап, карантин режимін жариялап жатқанда, Аркадаг өзінің баяғы әуеніне басты. Дәстүрлі медицина саласындағы пайдалы кеңестерді халқының құлағына құюмен болды. Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз айында өткен үкімет отырысында ел азаматтарына үйлерді, дүкендерді, қоғамдық орындарды кептірілген гармала шөбін (адыраспан) тұтатып, аластауға кеңес берді. Келесі аптада 63 жасқа толатын Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов: «Бағзы заманда дана түркімен халқы жаңа үйге көшкенде, шаңырақ көтергенде, жұқпалы індет тарағанда гармаланы тұтатып, үйді аластаған. Әлем Қытайдан шыққан вирустан дүрлігіп жатқанда, гармаланы тұтатып, үйді аластаған жеткілікті» – деп, әлемдік қауымдастықтың таңданысын тудырды. Дәл мұндай мәлімдемені түркімен халқы да күтпесе керек.

Үкімет отырысында президенттің берген бұл кеңесі іле-шала ел аумағында бұйрық ретінде қабылданды. Мемлекеттік мекемелер, балабақшалар, мектептер, жоғарғы оқу орындары мен сауда орталықтарының бәрінде жаппай гармаланы түтету науқаны басталып кетті. Түркіменстанның ішкі нарығындағы гармаланың бағасы да шарықтады. Алайда, гармала және халықтық медицинаның өзге де шөптері мен Аркадаг кеңестерінің пайдасы қаншалықты тигені әлі белгісіз. Өйткені, сыртқа есігін аша бермейтін «жабық елдегі» нақты жағдайды білу мүмкін емес. Бір анығы, бүкіл әлем пандемиямен алысып жатқанда, Ашхабад «Індет Түркіменстанды айналып өтті» деуден танбай келеді.

Түркіменстанда коронавирусты ауызға алуға тыйым салынған. «Жаман ауру» деп аурулардың атын атамайтын қазақ үшін бұл таңсық болмас. Дегенмен,  оңтүстік-батыстағы көрші елдің билігі «шаш ал десе, бас алатын» әдетіне қайта басты. Індет туралы сөз қозғаған журналистер де, дәрігерлер де, мұғалімдер де, шенеуніктер де жұмысымен қош айтысады. «Пандемия жайлы ақпарат таратуы мүмкін» деп саналған шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі де уақытша тоқтатылған. Коронавирус туралы мәлімет беретін медициналық хабарландырулар бірден жойылады. Тіпті, көшеде бетперде (маска) тағып, медициналық қолғап кигендерге «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» айыппұл салынады. Құқық қорғау органдары қауіпсіздік құралдарын күшпен тартып алуға, сөйтіп жоюға құқылы. Көшеге екі мәрте қауіпсіздік шараларын сақтап шыққан адам дереу қамауға алынады. Мұндай жағдайлар бізге күлкілі болып көрінгенімен, Түркіменстандағы қазіргі ащы ақиқат осы.

АҚИҚАТТАН АЙНАЛЫП ӨТКЕН АШХАБАД

Иә, Түркіменстан билігінің ресми мәлімдемелерінде коронавируспен ауырғандардың нақты саны туралы ешбір ақпарат жоқ. Індетті жоққа шығарғандарын жоғарыда жаздық. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінде де індет туралы ақпарат кезікпейді. Тіпті, аурудың жеңіл деңгейі де тіркелмеген. Оның бар құпиясы – Аркадагтың жасаған ұсыныстары халықаралық ұйымдардың кез келген ұсыныстарынан ұтымды. Билік тарапынан азаматтарын аурудан сақтау үшін жасайтын жалғыз әрекеті – сырттан келгендерді екі аптаға  карантинге жабу.

Ресми мәлімет бойынша, Түркіменстанда коронавирустың нөл жағдайы тіркелді. Бейресми мәліметтер бойынша, сырттан келген адамдарға арналған карантиндік лагерьде жеті науқас болған. Карантиндік лагерь жасақтау мақсатында тұрғын үй алаптарынан шалғай аудандарда контейнерлер орналастырылған. Контейнерлердің ішінде бірнеше қабатты төсектер қойылған. Оның ішінде адамдарға қашықтықты сақтауға мүмкіндік беретін қалқа жоқ. Бөлмелер жайсыз. Санитарлық талаптар сақталмаған. Коронавирус болмаса да, өзге аурулардың жұғып, өршімейтіндігіне ешқандай да кепілдік жоқ.

Карантинге жабылған адамдардың вирусты анықтау үшін сынама тест тапсыратындықтары да шын мәнінде белгісіз. Денсаулық сақтау министрі Нұрмұхамет Аманнепесовтің сәуір айының соңындағы сөзінше, дәрігерлердің қолында 30 мың тест бар. Сондай-ақ, үкімет тағы 40 мың тестке тапсырыс берген. Бірақ, іс жүзінде оқшауланғандардың саны қанша, барлығының сараптамасы бар ма, тест саны жеткілікті ме – ол жағы беймәлім. Мысалы, наурыздың басында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың алғашқы легі туралы хабарлар пайда болды. Алайда, олар емделді ме, жоқ па – тағы да белгісіз. Халық емшісі Аркадагтың пайдалы кеңестерінің көлеңкесінде сол күйі қала берді.

Мәскеудегі Карнеги орталығының кеңесшісі Тимур Умаровтың пікірінше, Түркіменстанда коронавирус жұқтырғандар шынымен аз болуы мүмкін. Себебі, ол бұрыннан алыс-берісі, барыс-келісі аз «жабық мемлекет».

«Коронавирус пандемиясынан бұрын билік онсыз да әркімге ашыла бермейтін шекарасын ертерек жапты. Қытай мен Иранда көлік қозғалысы қаңтарда тоқтатылды. Бұл уақыт ұттырып, вирустың таралуына жол бермейді», – деп түсіндіреді Тимур Умаров.

Әйтсе де, Түркіменстанды толықтай «жабық мемлекет» деуге тағы келмейді. Көршісі Тәжікстанға жүк көліктері қатынап тұрады. Әлемдік қауымдастықтан ұзақ уақыт коронавирусты жасырып келген сол Тәжікстанда ақыры індеттің тіркелуі, сөйтіп Душанбенің ресми түрде мойындауы, оның көршісі Түркіменстанға да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) күмәндануына себепкер болды. Сол үшін де ДДСҰ мен ЕҚЫҰ өз өкілдерін Түркіменстанға жібергісі келеді. Ал, оған Ашхабадтың келісе салмайтыны белгілі.

Ресми түрде Түркіменстанда коронавирус жағдайы әлі күнге дейін тіркелмеді. Тіпті, ДДСҰ да, ұйымның елдегі өкілі Паулина Карвовска да биліктің мәлімдемелерімен санасуға мәжбүр. Ұйым өкілдері көптеген өтініштерінен кейін ғана Түркіменабад және Түркіменбасы қалаларындағы контейнерлік лагерьлерге баруға рұқсат алды. Оларға өзге аймақтарға баруға тыйым салынды. Бердімұхамедовтің үкіметі мұны өзінше түсіндіреді: «Елдегі орын алған қатты дауылдың салдарынан көптеген аймақтарда жарық, су, байланыс жоқ. Билік қазір осыны реттеумен айналысып жатыр. Егер халықаралық ұйымдардың сарапшылары мұндай жағдайда ол жаққа бара қалса, жергілікті жерде зерттеу жүргізулері қиынға соқпақ».

ДДСҰ коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін кез келген елге тексеріс жасай алмайды. Тек билік ресми түрде шақырғанда ғана бара алады. Бірақ, түркімен билігі ондай қонақ шақыруға асығар емес.

ТҮРКІМЕНБАСЫНЫҢ ЖАНЫ ТӘТТІ ЕКЕН

Түркіменстан тұрғындарына жүріп-тұруына шектеу қойылмаған. Әлем елдеріндегідей төтенше жағдай да, карантин де болған жоқ. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында бұрынғыдай білім берілді. Республикадағы жаппай халықтық шаралар да жалғасып жатыр. Концерттер мен футбол чемпионаттарының есігі айқара ашық. Мәселен, 9 сәуірде Ашхабадта жаппай веложарыс өтті. Ал, 26 сәуірде ұлттық мейрам – Ақалтеке жылқысының күніне орай Ашхабадта үлкен мереке болды. Атақты атқұмар Бердімұхамедовке 8 тұлпар сыйға тартылды.  Тіпті, президент бірін мініп те көрді. Алайда, Бердімұхамедовтің сайран салып, тайраңдауы оның коронавирустан қорықпайтынын білдірмейді. Індеттен халық қана қорықпауы, сақтанбауы тиіс. Ал, Бердімұхамедовтің өзі болса, қауіпсіздік шараларын сақтауды жөн көреді. Президент баратын қоғамдық орындар мұқият дезинфекцияланады.

Жақында Мемлекет басшысы Фируза алқабындағы үлкен резиденциясынан шағын Мыңыш ауылына көшіп кетті. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, президент коронавирусты қарт ата-анасына жұқтырып алудан қорыққанынан көшкен. Сондай-ақ, Бердімұхамедов шенеуніктермен қарым-қатынасын барынша азайтқан. Тіпті, өзінің оққағарларымен де алыстан «араласуды» жөн көреді. Кез келген ауруды жұқтырып алмау үшін ара қашықтықты сақтау керектігін бұрынғы дәрігер жақсы біледі. Сондай-ақ, індет кезінде оқшаулану, қолды жиі жуу сынды шараларды халықтық медицина да жоққа шығармайды.

Қарапайым адамдар үшін қауіпсіздік шараларын сақтау еш мүмкін емес. Сәуір айынан бастап елдің кейбір аймақтарында азық-түлікті арнайы талон болғанда ғана сатып алатын тәртіп орнады. Азық-түлік алу үшін адамдар алдын-ала кезекке тұруда. Жалпы, барлық өнімдерді талонсыз-ақ жеке меншік дүкендерден де сатып алуға болады. Бірақ, нан сияқты өнімдердің бағасы үш есеге қымбаттаған. Сол үшін талондық жүйеге жүгінуге мәжбүр. Мұндай жағдайда адамдардың жиналуын болдырмау мүмкін емес. Вирустың жұғу қаупі артады. Одан дүкендегі гармаланың түтіні де құтқармайтыны анық.

Әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы түрлі әлемдік БАҚ-қа  түркімен ауруханаларындағы жұқпалы бөлімшелердегі науқастардың саны артып келе жатқандығы туралы ақпараттар түсіп жатыр. Елде жерлеу мекемелерінің қызметіне деген сұраныстың артуы да өлім-жітім деңгейінен хабар береді. Бірақ, билік жұмған аузын ашар емес.

БИЛІК АЛДАДЫ, ХАЛЫҚ АЛДАНДЫ МА?

Қарапайым адамдарға «коронавирус» сөзін айтуға тыйым салған биліктің өзі неге халыққа аурумен күресуде халықтық медицина тәсілдерін үйретеді?  Саралай келгенде, билік алдаған, халық алданған кейіп те жүр.

Республикадағы мемлекеттік насихат түрлі жағдайларға бейімделе алады. Себебі, елдегі ғаламтор жүйесі биліктің тұтастай бақылауында. Біздегідей YouTube жоқ. Оны ел билігі 2009 жылы бұғаттап тастаған. Сөйтіп, Түркіменстан YouTube бұғатталған әлемдегі Қытай, Солтүстік Корея сияқты жеті елдің бірі. Ғаламтор да ел тұрғындарының көпшілігіне қолжетімсіз. Бағасы удай қымбат. Сол қымбат ғаламтордың жылдамдығы тасбақадан да жаман. Әлемдегі ең соңғы орында. Сол үшін биліктің «коронавирус бар немесе жоқ» деп спектакль қоюына оңай.

Карнеги орталығының кеңесшісі Тимур Умаров пен Ортаазиялық сарапшы Рафаэль Саттаров Түркіменстандағы азық-түлік тапшылығына баса назар аударады. Олардың пікірінше, бұл елді үлкен тоқырауға ұшыратады.

«Иран, Қытай, Ресей – Түркіменстанға аса маңызды азық-түлік жеткізушілер. Шекаралар жабылғаннан кейін барыс-келіс тоқтады. Ал, Түркіменстан өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды», – дейді сарапшылар.

Саттаровтың байқауынша, Бердімұхамедов соңғы уақытта дипломатиялық келіссөздерді жандандыруға күш салуда. Ол ресми түрде ғаламтор арқылы Испания, Румыния, Ресей, Өзбекстан сынды елдермен байланысқа шығып жатыр. Келіссөз тақырыптары бірдей – көлік, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика сияқты түрлі саладағы экономикалық жобаларды талқылауда.

«Аркадагтың елге инвестиция тарту үшін тер төгіп жатқаны байқалады. Ақша болмаса, азық та болмайды. Азық-түлік тапшылығының салдары бұл елге індеттен де қауіпті», – деп санайды Рафаэль Саттаров.

Тимур Умаров Түркіменстан билігіне ендігі кезекте індеттің барын мойындай отырып, бомбаның жарылар уақытын белгілеу керектігін айтады: «Билік жаппай тексеру өткізіп, карантин режимін енгізіп, науқастарды емдеуі керек еді. Бірақ, Түркіменстанның денсаулық сақтау жүйесі бұған дайын емес».

Сонымен қатар, ел тұрғындарына аурудың қайдан және қалай пайда болғандығын, өзге елдердегі індеттің таралу, даму деңгейінің қалай болып жатқандығын түсіндіру керек еді. Дегенмен, ақпараттың жетіспеушілігі – Бердімұхамедов билігінің іргетасы. Билік ақпарат ағынының ауыздықталмауынан келетін қауіптен қорқады. Ал, ДДСҰ-ның Түрікменстанға сөзін өткізуі екіталай. Аркадаг ұйымға емес, гармалаға және халық медицинасының өзге де еміне сүйенеді немесе оған сенетіндей кейіп танытады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Түркіменстан билігінің «ауруын жасырған өледінің» кебін киіп отырғаны рас. «Сегіз қырлы, бір сырлы» президент саясатта да, коронавирус жағдайында да осы «қабілетін» пайдаланса, елін көштен қалдырмас еді. Өйткені, ХХІ ғасырда «жабық есік» саясатымен алысқа бару мүмкін емес. Соның нақты мысалын Түркіменстандағы әлеуметтік жағдайдан көруге болады.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here