Өнертапқыштың еңбегі неге еленбейді?

0
4259

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің назарына!

Баспасөз болған соң «Qazaq» газетінің редакциясына түрлі тақырыптағы хаттар келіп жатады. Сондай хаттың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Марат Аюбаевтан екен.

Иә, Марат ақсақалдың өнертапқыштық қасиетін, оның ішінде экология, жылу және баламалы энергетика, құтқару қызметі салаларында ашқан жаңалықтарын ғаламтордан, редакцияға жазған хатынан білдік. Ол кісі біздің көркемдеп жазған мақаламызға зәру емес, оның түн ұйқысын төрт бөліп шырылдап жүргендегі мақсаты – тиісті орындардың өзі тапқан 30-дан астам жаңалығына мойын бұрмауы. Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына талай рет хат жазыпты! Әрине, өнертапқыштың хаты Елбасыға жетпеген, әйтпесе оңды шешім қабылданар еді.

«Менің тапқан жаңалықтарымды іске асырсақ – Елімізге көптеген миллиард теңге пайда келер еді. Жүздеген адам өмірін, мал-жануарларды, табиғатымызды өрттен құтқарар едік. Алайда, осы жаңалықтарымды 30 жылдан астам уақыт іске асыруға қанша тырыссам да, еш нәтиже алмай келемін. Осы талпынысыма көмектессеңіздер, техникалық прогресс алға жылжысын», – деген хат иесінің жазбасынан арнайы мекемелердің есігін тоздырып, әбден тауы шағылғанын байқадық.

Хат иесі өз сөзін былайша өрбітеді: «Бұл арада тапқан жаңалығымның бәрін тізбектеп жатпай, тек бүгінгі қоғамның сұранысындағы жаңалықтарымды ғана атап өтейін:

Өрт машинасы – өртті тоқтаусыз 7 тәсілмен 24 сағаттан артық өшіруге қабілетті. Біздегі Ресей машинасы 1 ғана тәсілмен 20  минут өртті өшіре алады. Ал, бағасы Ресейден 180 миллион теңгеге алатын өрт машинасынан аспайды.

Өрт тікұшағы – мұндай өрт тікұшағы дүние жүзінде жоқ. Бұл техника шалғай, таулы жерлердегі болған өртті, аса биік ғимараттарда болған өртті өшіруге қабілетті.

Жанармай қоймаларында өртті 100-200  жылдай болдырмайтын құрылғы. Бұл құрылғы да әлемде жоқ. Егер жанармай қоймаларында өрт болса, адамдардың еш қатысуынсыз өртті екі-үш минутта өшіреді. Ал, өрттен жанармай сапасы мүлде бұзылмайды.

Сауда дүкенінде, қоймаларда, паркингте өртті 100-200 жылдар болдырмайтын құрылғы. Бұл құрылғы қойылған жерде өртті болдырмайды. Ал, өрт болған жағдайда екі-үш минутта өшеді және өрттен аз шығын болады».

Сондай-ақ, өнертапқыш экология мен жылу энергиясын арзандату жолында тапқан жаңалықтарын бірнеше рет сынақтан өткізгенін, ол сынақтардың оң нәтиже бергенін айтады. Мәселен, «Мұнай сыйымдылығындағы өртті инертті газ (көмірқышқыл газы мен азот) көмегімен автоматты түрде сөндіру» деп аталатын жоба-әдісі арнайы грантқа ие болыпты. Осынау жаңалықтарды жүзеге асыруға қыруар қаражат қажет. Ал, ондай қаражат көзі инженер-өнертапқыш зейнеткерде қайдан болсын.

Расында, Марат Аюбаевтың елімізге, қоғамға қажетті  жаңалықтарын ғылыми тұрғыда қайыра бір зерттеп, арнайы сараптамалардан өткізіп, оң нәтиже беріп жатса, жаңалығын Үкімет пен тиісті тараптарға ұсынып, неге өндіріске енгізбеске?!

Жетілдірілген өрт сөндіру техникасы – автордың сөзіне қарағанда жаһандану дәуіріне аса зәру техника сияқты.

Иә, өнертапқыштар ұсынған жобалар жаңа қоғамның жаңаша идеялары болып табылады және елдің экономикасын дамытуға зор үлес қосады. Мүмкін зейнеттегі қарапайым өнертапқыштың өндірістегі жаңалығын әлем мойындап, елімізге қыруар пайда түсірмесіне кім кепіл?!

«Qazaq» газетінің редакциясы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here