Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Бүгінгі күні Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 383 ұйым бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлес қосуда. Елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Осыған орай қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді.
Отандық ғылымды дамыту мақсатында шаралар, конкурстар қабылданып жатқанымен, ғылым саласы біршама ақсап тұрғаны мәлім. Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейін бағалау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалған. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 16-65 жас аралығындағы ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының нәтижелеріне сүйенсек, Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Қазақстанның нәтижелері ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің және Ресей Федерациясының орташа көрсеткішінен (оқу бойынша 9-орын және математикалық сауаттылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл ахуал өзгермейтін болса, ұлттық адами капитал нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің әлсіреуі орын алуы мүмкін.
Дегенмен, бұл деградация дегенді білдірмейді. Еліміз етек-жеңін жинап, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әлемдік рейтингте бәсекеге қабілетті болуға ұдайы ұмтылуда. Қазақта ғылым кейін ғана пайда болған жоқ. Қазақ ғылымы сонау ғасырлар қойнауынан өріс алады. Өнертапқыштар халқымызда бұрыннан болған. Әйтпесе, бірнеше таспа қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, бүгінгі күнге ұмтылмас мұра қалдырмаған болар еді. Қанша ғасыр бұрын зәулім-зәулім кесенелер мен күмбездер орнатып, күннің түсу бағыты негізінде жылынуды қамтамасыз ететін сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысын ойлап, іске асырғаны тарихтан белгілі болса, ғылым мен өнертабыс ХХ ғасырда пайда бола қалды деп қалай нүкте қоямыз?! Домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен саз сырнайдың әуелеген үні құлақтың құрышын қандырғанда, «пах, шіркін, нағыз физика, нағыз акустика, нағыз өнертабыс деген осы екен-ау» деген ойға қаласыз.
Ал, ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адамзаттың өмір сүру дағдысы ауырдан жеңілге ойысқан сайын, адам бір ғана түймешік арқылы бүкіл әлемді басқарғысы келеді. Адам армандайды. Адамның қолынан бәрі келеді. Ұшатын кілем болса, айшылық жерден жылдам хабар алсам дейді. Ақырында, ұшақтың да, ұялы байланыстың да сан түрін ойлап табады. Жарықты қосасыз ба, теледидарды басқа арнаға бұрасыз ба, қиындығы жоқ. Тіпті, орныңызда отырып басқара беріңіз. Пультті өзіңізбен алуды ұмытпасаңыз болғаны.
Бұның бәрі ғылым мен білімнің дамығандығының нәтижесі. Отандық ғылым мен өндірісті сөз ететін болсақ, салыстырмалы түрде даму деңгейіміз төмен. Үйіңіздегі теледидарыңыз атақты LG компаниясыныкі болса, компания Оңтүстік Кореяға тиесілі. Қолыңыздағы смартфоныңыздың сыртында тістелген алманың суреті бейнеленсе, ол АҚШ-қа тиесілі. Көлігіңіздің құжатында «Hyundai» деген жазу болса, ол да кәрістердің өнертабысы.
ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
Рас, отандық ғылымның қазіргі деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Себеп – қаржыландыру жүйесі мен ғылымды басқару мәселелері. Маңыздысы – ғылымның елге, өнеркәсіптің дамуына қосатын үлесі, әкелер пайдасы. Бұл ретте біз әлемде 61-орындамыз. Бұл көрсеткіш дамыған елдер деңгейінен 24 есе төмен дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім мен ғылым дамуының әлсіз тұстарының бірі – ғылым, білім және өндірістің нашар байланысы деп көрсетілген. Ғылым-білімнің дамуында ғалымдар саны мен сапасы да басымдыққа ие. Осы ретте статистикаға сүйенсек, елімізде 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда (2 852) 4,3 есе, Беларуське қарағанда (1 805) 2,7 есе және АҚШ-қа қарағанда (4 256) 6,4 есе аз.
Отандық ғылымның қарыштауына тағы бір кедергі – ҚР жоғары білім беру жүйесінде ғылыми қызметкерлерді еңбекке ынталандыру деңгейінің төмендігі. Ғылымды ақшамен бағалауға болмайтындығы белгілі. Яғни, бір ғалымға белгілі қаржы ұсынып, «жаңалық ойлап тап» деп тапсырма беру нәтиже бермейді. Дегенмен, бүгінгі нарық заманында болашақтың іргетасын қалаушыларға алаңсыз ғылыммен айналысуға жағдай жасалуы тиіс.
Өркениеті озық елдерде ғалымдар ең жоғарғы зиялы топ өкілдері ретінде бағаланады. Соған сай олардың еңбектерін жеткілікті дәрежеде бағалап, өздеріне де құрмет көрсетіледі. Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның жалпы ішкі өнімінің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаржы бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал, көрші Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны 0,12% деп көрсетеді статистикалық мәліметтер. Бүгінгі таңда ғылыми қызметкерлердің айлық жалақысы төмен. Тіпті, ашқан жаңалықтарын ғылыми айналымға енгізу де оңайға соқпайды. Халықаралық академиялық кеңестің мәліметі бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаражаты 1,5 пайыздан артық болған жағдайда ғана ғылым дамиды. Сандарды сөйлетіп, пайыздық мөлшерге салатын болсақ, отандық ғылым саласының «әттеген-ай» тұстары ап-анық шыға қалады. Бірақ, бұл тұралап қалу емес.
Отандық ғылым бүгінгі күні дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде ғылымды қаржыландыру жеті есеге дейін ұлғайғандығы, бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқандығы қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөліп, конкурстар, форумдар ұйымдастырады. Бұндай маңызды шараларға шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады. Сондай-ақ, бұрын ғылыми жобаларға конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Егер ғалым грант ала алмаса, келесі мүмкіндік тек үш жылдан кейін ғана беріледі. Соның салдарынан көптеген білікті ғалымдар ғылым айдынынан алыстап кету мүмкіндігі жоғары болатын. «Енді конкурстар жыл сайын өткізіледі» деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде бөліскен жазбасында. Бұл да ғылым мен техникаға ұмтылған қазіргі кезеңде алға басушылықтың бір көрінісі. Сонымен қатар, Ғылыми комитеті ашық түрде қызмет ететін болды. Бұған дейін ол жасырын дауыс беру арқылы қаржыландыру туралы шешім қабылдаса, енді нақты критерийлермен, балл қоюмен ашық дауыс беру енгізілді. Және бірлескен отырыстардың көрсетілімі жүргізіледі. Бұл қабылданатын шешімдерге жауапкершілікпен қарауды арттыратындығы сөзсіз.
ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ
Аталған бағдарламада отандық ғылымды дамытудың төмендегідей басты бағыттары мен міндеттері анықталып, соған сай жұмыс жүргізу көзделуде.
Білім және ғылым жүйесінің кадрлық әлеуетін дамыту. Бұл тұста ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту басты мәселенің бірінен саналады. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында конкурстар өткізу (конкурстық гранттар негізінде), PhD мен тағылымдамаларға арналған гранттар санын көбейту, жас ғалымдарға арнайы ғылыми гранттар бөлу, қазақстандық жобаларды іске асыруды шетелдік ғалымдарды тарту арқылы жүзеге асыру отандық ғылым дәрежесінің көтерілуіне үлес қоса алады.
Жастарды ғылымға тарту мақсатында жас ғалымдар қауымдастығын құру, ғылымға деген қызығушылықты арттырып, ғылым дәрежесін өсіру және жас ғалымдардың санын арттыру үшін өңірлік ғылыми форумдар өткізіп, ғылыми-танымдық журналдарды қолданысқа енгізу және ғалым кәсібінің беделін барынша насихаттауды жүзеге асыру да мәселенің оңтайлы шешу жолынан болмақ.
Бұл тұста бағдарлама үш бағытты көздейді: ғылыми әлеуетті дамыту, кадр резервін күшейту және көшбасшыларды дамыту бойынша стратегиялық HR-менеджментті енгізу жөніндегі жұмыстарды кешенді түрде жүргізу.
Білім мен ғылым инфрақұрылымын дамыту және цифрландыру. «Цифрландыру трендтерін ескере отырып, ғылыми инфрақұрылымды жаңарту және жаңғырту жөніндегі шаралар кешені әзірленетін болады» деп көрсетілді аталған құжатта.
Ғылым инфрақұрылымын жаңғырту және ғалымдардың сандық дағдыларын дамыту шараларын жандандыру да көзделуде.
«Ғылымды цифрландыруды дамыту мақсатында Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады. Жүйенің мүмкіндіктері ғалымдардың өзекті дербес бейіндерін құруға және қолдауға, әрбір ғалымның мемлекеттік көздерден қаржыландырылатын зерттеулерге қатысу тарихын қалыптастыруға, оңтайлы ғылыми әріптестікті ұсынуға, қаржыландыруға өтінімдер мен ғылыми зерттеулер туралы есептерді жіберуге, сараптамадан өту мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деген міндет баса көрсетілген.
Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесін трансформациялау. Әуелі, ғылыми қызметкерлерге төленетін еңбекақы төмен деңгейде. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметіне ынталандыру да жеткіліксіз жолға қойылған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелілігі төмен. Соған сай индустрия мен бизнес тарапынан ғылыми нәтижелердің талап етілмеуі орын алған. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мен қоса қаржыландырудың төмендігі сияқты проблемалар бар.
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша орташа жалақы 287 мың теңгені, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 157 мың теңгені, базалық қаржыландыру бойынша 72 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы гранттық қаржыландыруда – 51 мың теңге. 2018 жылы ғылымның мемлекеттік секторындағы жалақы 119 мың теңгені құрады, бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіштен (163 мың теңге) төмен.
Білім мен ғылымды қаржыландыру көлемі ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, ЭЫДҰ елдерінің қағидаттары мен стандарттарына сай келетін елдің стратегиялық міндеттеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымға арналған жалпы шығыстарды ЖІӨ-ден 5%-ға дейін ұлғайтуды қарастыруды тапсырды.
Ғылыми-зерттеу қызметін жаңғырту. Ғылыми-зерттеу қызметін жаңғыртудың бірден-бір жолы – ғылымды интернационалдандыру.
Мемлекетіміз ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау үшін жетекші шетелдік ғылыми орталықтар мен университеттерде жұмыс істейтін отандастарды тарту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеуді негізгі мақсат етіп отыр.
«Халықаралық зерттеулерді гранттық қаржыландыруға жекелеген конкурстар көзделетін болады, бұл ғылыми қызметкерлердің өндірістік және нәтижелі қызметке деген ынтасын, кәсіби өсуі мен ұтқырлығын арттыруға алып келеді» делінді Үкімет отырысында.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында отандық ғылымның дамуына барлық деңгейдегі білім беру мазмұнын жаңғыртудың әсері зор екендігі де айтылған.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ ҒЫЛЫМ САЛАЛАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ?
Елімізде қабылданған осындай бағдарламалар мен басшылықтың сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде мынадай ғылым салалары дамып, қазақ ғылымының жетістігі ретінде бағалануда:
– «Парасат» ғылыми-техникалық орталығы» АҚ тау-кен және металлургия саласы бағдарлама негізінде «отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясымен» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірледі;
– Ж.Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты ҚР Минералды шикізаттарын кешенді қайта өңдеудің Ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Минералды-шикізат ресурстары мен түрлі-түсті металлургияның техногенді қалдықтарын тиімді пайдаланып, отандық өндіріске қажетті өнім алу» бағдарламасы бойынша маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді;
– Іргелі ғылымдар бағдарламасы бойынша емдік дәрі-дәрмек жасауда «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ «Өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық белсенді қосылысы» тақырыбында алғаш рет бірегей дәрілік заттар алуды қолға алғаны еліміз үшін мақтан тұтарлық жаңалық;
– Қазақстан Республикасында атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы техногендік өзгерістерінің әдістемесі мен модельдік бағдарламасы әзірленді.
Алғаш рет Қазақстанда радон 222Rn изотопынан дозалық жүктемесі анықталып, қазақ ғалымдары оны алудың әдістемелік нұсқаулығын әзірлегенін де ауыз толтырып айтуға болады.
Бұнымен қоса ауыл шаруашылық, медицина салалары бойынша елімізде ірі-ірі жетістіктер орын алғандығы көз қуантады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары қойылған мақсаттар мен міндеттердің 93,4%-ға орындалғанын көрсетеді. Ендігі кезекте бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша орындалған міндеттердің пайыздық үлесі жоғары болатындығына сенім мол.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы
Күшті?
Өте жақсы жазылған екен
Кешіріңіз қысқаша жауап барма