Шам еліндегі шырғалаң: Башар Асад 20 жылда Сирияны қандай елге айналдырды?

0
6290

Биыл Сирия президенті Башар Асадтың билік құрғанына 20 жыл толды. Орта ғасырларда әлемдік білім мен ғылымның һәм ақыл-ойдың негізгі орталығына айналған Шам елінің бүгінгі ахуалы көңіл көншітерліктей емес. Он жылға жуықтаған қанқұйлы соғыс, бейбіт тұрғындардың елден босып, жан сауғалап кетуі, жемқорлық жайлаған жүйе, ашаршылық, өзге мемлекеттермен текетірес, қираған қала, аңыраған ана, жетім қалған бала… Әлемдік ақпарат кеңістігінде «Сириялық арыстан» деп ат қойып, айдар тағылған Башар Асад билік ететін бүгінгі Сирияның келбеті осындай.

КӨЗ ДӘРІГЕРІ ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ?

Асад әулеті жарты ғасыр бойы Сирияны билеп-төстеп келеді. Қазіргі президенттің әкесі, әскери қолбасшы Хафез Асад 1971-2000 жылдар аралығында Шам елін басқарды. Хафез қайтыс болғаннан кейін, билікке 34 жастағы ортаншы ұлы, көз дәрігері Башар Асад  ойламаған жерден келді. Бұлай деп тәмсілдеуіміздің өзіндік себебі бар. Үлкен Асадтың орнын Башардың ағасы, сол кездегі есімі елге белгілі саяси және әскери тұлға болған Басиль Асад алуы керек еді. Десе де, тақ мұрагері 1994 жылы жол-көлік апатынан қайтыс  болады. Хош.

Башар Асад – Сирияның 16-шы президенті. 1965 жылғы 11 қыркүйекте ел астанасында дүние есігін ашқан. 1988 жылы Дамаск университетін «дәрігер-офтальмолог» мамандығы бойынша үздік бағамен бітірген. Еңбек жолын Дамасктің іргесіндегі Тишрин қалашығындағы әскери госпитальда дәрігер болып бастайды. 1991 жылы Ұлыбританиядағы Әулие Мария ауруханасының жанындағы Western Eye Hospital офтальмологиялық орталығында біліктілігін жетілдіруге кетеді. Лондонда тұрған жылдары кіші Асад Сирия президентінің ұлы екендігін көпшіліктен жасыру мақсатында бүркеншек есім алады. «Батыс көрген» Башар Англиядағы тағылымдама кезінде ғылыми жиындарға тұрақты қатысып, уақытының көбін зиялы ортада өткізеді. Кәсіби тұрғыдан білікті маман болуға біржола бет бұрған Асад өз саласының қыр-сырын егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеуге ден қояды.  Десе де, талайлы  тағдыры  мен  өмір  жолы  оны  басқа арнаға бұрды.

Ағасының қазасынан кейін Асад Сирияға оралады. Ол Хомстағы әскери академияға оқуға түсіп, 1995 жылы капитан шенін алады. Алғашында танк батальонының командирі қызметін атқарса, кейіннен Республикалық гвардияны басқарады. 1999 жылы Башар Асадқа полковник атағы беріледі. 2000 жылы 10 маусымда отыз жыл бойы ел басқарған әкесі Хафез Асад жүрек талмасынан ойда-жоқта қайтыс болады. Келесі күні Башар Асадқа бірінші вице-президент Хаддам генерал-лейтенант шенін беріп, Сирия армиясының бас қолбасшысы қызметіне тағайындайды. Бірер аптадан кейін ел парламенті конституцияға өзгеріс енгізіп, президенттікке үміткердің жасын 40-тан 34 жасқа қысқартады. Бұл кезде Башар Асад 34 жаста еді. Сонымен 20 шілде күнгі жалпыхалықтық референдумда кіші Асад электораттың 97,2 пайыз дауысына ие болып, жеңіске жетті.

Таққа отырған Башар Асадқа әкесінен мұра ретінде тұралаған экономика, тамырын тереңге жайған жемқорлық, әл-ауқаты төмендеген халық пен тұрақсыз саяси жүйе қалды. Мемлекеттің сыртқы қарызы 19 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық идеология жоқтың қасы болатын. Билік «Баас» партиясының қолында қалды. Бұл партияның негізгі тірегі һәм өзегі болып алауиттер саналады. Олар елдегі жалпы халық санының 10 пайыздан астамын құрайды. Тұрғындардың басым көпшілігі болып табылатын сунниттік арабтар мемлекеттік қызметке қабылданбады.

Бастапқы жылдары батыстық демо-кратиялық басқару тәсілін қолдануды көздеген сыңайдағы Асад елде көпшіліктің көңіл үдесінен шыққан бірқатар реформаларды қолға алады. Сырттан қомақты инвестиция тартады, Шам елінің тұрғындары үшін айтарлықтай жаңалық болған интернет желісін іске қосады, жүздеген саяси тұтқындарға бостандық береді, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған шектеулерді алып тастайды, жеке банктер мен қаржылық ұйымдардың көптеп ашылуына ұйытқы болады. Алайда, жас президентке ондаған жылдар бойы қалыптасқан қасаң жүйені өзгерту оңайға түспеген сыңайлы. Уақыт өте келе ол оппозиция серкелерінің елден кетуіне тыйым салып, бірнеше сайтты бұғаттады. Сондай-ақ, оны Ливан премьер-министрі Рафик Хариридің өліміне басты кінәлі деп те айыптады.

«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, Башар билік басына келгеннен кейін АҚШ Сирияны халықаралық террорды қолдайтын елдердің санатына кіргізді. 2006 жылы америкалық «Parade» журналы Башар Асадты әлемдік диктаторлардың тізіміне қосты. Ол рейтингте Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Куба көсемі Фидель Кастродан кейін тұр. Осы тақілеттес жағдаяттар бүгінгі Сириядағы ахуалға себепкер болғанын жоққа шығармайды әлемдік саясаттың «жілігін шағып, майын   ішкендер».

СИРИЯДАҒЫ СОЙҚАН ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Шам елі – ежелгі өркениеттің ошағы, қайнар көзі. Шам елі – дала даналары мен әлемдік ғылымның корифейлері білімін жетілдіріп, ұлағатты да өміршең еңбектерін жазған мекен. Таяу Шығыста орналасқан Сирия үздік өркениет үзіктерінен там-тұмдап сыр шертетін еді. Кеше. Ал, бүгін… Бүгін басқаша. Неге? Тарқатайық.

2011 жылы әлемдік саясатта «араб көктемі» деген атау алған бұлғақ басталды. Бұлғақ емес, түбегейлі төңкеріс деуге саяды. Қисынға салсақ. Тунистен басталған жаппай халық көтерілістері араб елдерін бірінен кейін бірін жаулады. Бір мезгілде, бір уақытта бірнеше мемлекетте орын алған наразылықтар ондаған жылдар бойы ел билеген көсемдер мен президенттерді тақтан тайдырды, ажал құштырды, темір торға қаматты. Мәселен, Египетті 30 жыл басқарған Хосни Мүбарак бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды, Тунистің абсолютті көсемі Бен Әли биліктен қуылды, Ливияны 40 жылдан астам уақыт бойы басқарған Муаммар Каддафи өлтірілсе, Йемен президенті Әли Абдалла Салех биліктен өз еркімен кетті. Көп күттірмей «араб көктемі» Сирияға да келді. Бастапқы толқу-лар 2011 жылдың 26 қаңтарында басталды. Ал, 15 наурызда елдің бүкіл аймағында жаппай наразылық шерулер өтті. Бұл көтерілістер президент Башар Асадқа қарсы бағытталған жалпыхалықтық дүрбелеңге ұласты. Наразылық танытушыларға қару қолданып, көтерілісті түбегейлі басамыз деген мемлекеттік әскердің әрекеті оң нәтиже бермеді. Армияның ел азаматтарына қарсы күш қолдануы Сирияда азаматтық соғысқа жол ашты.

Сарапшылардың айтуынша, Шам еліндегі азаматтық соғыстың тұтануына Түркия, АҚШ, Сауд Арабиясы, Катар, Франция сияқты мемлекеттердің де қатысы бар. Аталған елдер сириялық оппозиция өкілдерін қолдап-қуаттаған, армияны қаржыландырған деседі.

Бұл елдердің Сириядағы жағдайды жете бақылауының да өзіндік себебі бар. Таяу Шығыстың осы аймағында Ресей, Қытай, Иран сынды азулы державалардың ықпалы басым. Бұл – біріншіден. Екіншіден, елдегі күрдтердің жағдайы. 2011 жылғы дерек бойынша Сирияда 2,5 млн күрд өмір сүрген. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін күрдтер дәрігер, заңгер, құрылысшы сынды мамандықтарда жұмыс істеді. Билікке «Баас» партиясы келгеннен кейін күрдтердің құқықтары мен бостандықтарына шектеулер қойылып, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерден айырылды, құқықтары қорғалмады. Жылдар бойы билікке деген ішкі қарсылық пен қыжыл күрдтердің жаппай көшеге шығуына алып келді. Үшіншіден, Сирия билігіне батысқа оң көзқарастағы адамдардың келуіне мүмкіндік беру. Осындай жағдайлар мен себептер Шам еліндегі шырғалаңға жол ашты. Бұл соғысқа өзге мемлекеттер де араласты.

Ресми деректерге назар аударсақ, Сирияны ұзын саны 45 мемлекет пен ірілі-ұсақты ұйым өз талаптарын қою арқылы бөліктерге бөліп, билеуге талпыныс жасаған. Оппозицияны қолдайтын кейбір мемлекеттер Сирияның Ирак сияқты бөлшектеніп кеткені керек. Себебі, Шам елі Ресей сынды мемлекеттің басты одақтасы ғана емес, аймақтық геосаясатта Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан да өзекті. Осы орайда тоқтала кеткен ләзім, Башар Асад үкіметі мен оппозиция арасындағы текетіреске өзге елдердің араласуы – жағдайды одан әрмен шиеленістіре түсті.

2014 жылы лаңкестер Сириямен қатар Ирактағы биліктің де әлсіздігін пайдаланып Ирак Шам Ислам Мемлекетін жариялады. Бұл – Сириядағы сойқанды одан әрмен ушықтырғаны бесенеден белгілі. Алайда, 2015 жылы Ресейдің Асад жақтастары жағында соғысқа араласуы Таяу Шығыстағы жағдайдың аз-кем тұрақтануына себепкер болғанын жоққа шығара алмаймыз.

Ресейдің бұл қанды қырғынға араласуының да өзіндік себебі мен ішкі есебі бар. Сарапшылардың пайымына сүйенер болсақ, бастапқыда Катардан Еуропаға  тартылатын газ құбыры осы Сирия жері арқылы өтуі тиіс еді. Алайда, бұған Башар Асад қарсы болды. Себебі де жоқ емес.

Газ қорына аса бай Катардың көгілдір отыны Сирия арқылы Еуропаға жол тартар болса, онда кәрі құрлық елдері тұтынып отырған Ресей газынан түбегейлі бас тартары айдан анық жайт еді. Еуропаның Ресей газына деген тәуелділіктен құтылуы солтүстіктегі көршіміз үшін тиімсіз. Осыған орай Мәскеу одақтасы Башар Асад билігін сақтап қалу үшін соғысқа араласуға мәжбүр болды. Екінші жағынан Ресей билігі жаңа-дан шығарып жатқан қару-жарақты, ұшақ, тікұшақ, танк, әуе қорғаныс кешендерін осы соғыста жан-жақты сынап көруге де мүмкіндік алды. Үшінші жағынан Сирияның Тартус портында Ресейдің әскери базасы орналасқан. Бұл Ресейдің Жерорта теңізін-дегі соңғы базасы. Ал, әскери база дегеніңіз, аймақты қадағалап отыратын тетіктің бірі.

Азаматтық яки халықаралық соғыстың әрқашанда себебі болады. Сириядағы себеп – геосаясат. Шам елі – Түркия, Израиль, Ливан, Ирак пен Иорданияның ортасында орналасқан аса маңызды мемлекет. Міне, Сирияның әлемдік және аймақтық геосаясаттағы маңыздылығы ондағы шиеленістің оңтайлы шешілуіне негізгі кедергі болып тұрғанын жоққа шығара алмаймыз.

АҢЫРАҒАН АНА, ЖЕТІМ ҚАЛҒАН БАЛА

Жыл басындағы мәлімет бойынша, Сириядағы қақтығыстардан 380,6 мың адам ажал құшқан. Соның ішінде 21,9 мың бала ішкі лаңның кесірінен өлген. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенер  болсақ,  2011 жылдан 6 млн-ға жуық Сирия азаматы елден қашқан. Мәселен, осы уақытқа дейін бір Түркияның өзі 3,5 млн-нан астам сириялықты қабылдаған. Босқындардың басым бөлігі Еуропа мемлекеттерін бетке алуда. Қазіргі күнде босқындар санының күрт артуынан кәрі құрлықта бірқатар мәселелер пайда болды: қылмыс күрт көбейді, жұмыссыздық белең алды. Сириялық кәсіпкерлер мен саудагерлердің басым бөлігі көрші елдерге қоныстанған. Ал, тұрмысы төмендері Түркия, Иордания және Ливандағы босқындар лагерлерін паналауға мәжбүр. Олардың көбісі шатырларда тұрып жатыр. Тұрмыс ауыр, талғажау етер тамақ тапшы. Аштық салдарынан түрлі ауруларға шалдыққандардың қарасы көп. Нәпақа табар жұмыс болмағандықтан қылмыс та өршіп тұр. Осы тақілеттес шатырлы қалашық тұрғындарының 90 пайызға жуығы атақонысқа оралуға дайын. Бірақ, босқындардың көпшілігі билік тарапынан қысым көреміз деп қауіптенеді. Себебі, лаңкестік топ бақылауындағы аймақтан келгендер содырларға қатысы жоқ екендігін дәлелдеуі тиіс.

БҰҰ-ның дерегіне сенсек, 2018 жылы Сирияға 37 мың босқын оралған. Ал, 2019 жылы олардың саны шамамен 230 мыңға артқан.

Туған елді, атажұртты тастап кетуінің өзіндік себебі де жоқ емес. Үздіксіз әскери ұрыстар, мыңдаған өлім-жітім, қалалар мен ауылдардың жермен жексен болып қирауы сөзімізге айқын дәлел.

Соңғы деректерге назар аударсақ, бүгінде 3 млн-ға жуық сириялықтың басыбайлы баспанасы жоқ. Сондай-ақ, 13 млн азамат тұрғын үй бойынша жедел көмекке мұқтаж. Үйінен айырылғандар сауда орындарын мекендеуге мәжбүр.

Азат етілген аймақтардағы қираған елдімекендерді қайта қалпына келтіру ісі жасы егде тартқан адамдар мен әйелдерге жүктелген. Елде қалған жастардың басым бөлігі Асад әскерінің құрамында лаң-кестермен соғысып жатыр.

Қазіргі күнде шырғалаңға түскен Шам елін соғыспен қатар экономикалық дағдарыс та титықтатуда. Бұған әлемді шарпыған коронавирус індеті де айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Бүгінде ел тұрғындарының 85%-ға жуығы кедейлік деңгейінде өмір сүруде. Әлеумет әлеуетінің күрт кеміп, тұрмыстарының төмендеуіне Сирия валютасының құнсыздануы да кері әсер етті. Мәселен, АҚШ долларының Сирия фунтына шаққандағы бағамы үш мың америкалық көк қағазды құрайды. Орташа деңгейдегі жалақыға бір  қарбыз  немесе  бір келі лимон ғана алуға болады.

Қақтығысты азайту аймақтарының ең соңғысы болып табылатын Идлиб аймағындағы жағдай тіпті нашар. Дәрігерлер лаңкестермен қиын-кескі ұрыс жүргізіліп жатқан Идлиб аймағындағы тұрғындардың аштықтан немесе коронавирустан жаппай қырылу қаупі бар екендігін жоққа шығармайды. Ақ халаттылар босқындар лагерінде кәдуілгі қол жуатын орындардың жоқтығын алға тартады.

«СИРИЯЛЫҚ АРЫСТАН» ТАҚТАН ТАЙДЫРЫЛА МА?

Батыс елдері Башар Асадты тығырыққа тіреудің тәсілін біледі. Ол президенттік лауазымға тағайындала салысымен елдегі жемқорлықты түбегейлі жоюға уәде берген болатын. Алайда, бүгінде кіші Асад мемлекет қаржысын оффшор арқылы шетелге шығарып, Мәскеуден қымбат бағадағы пәтерлерді жаппай сатып алуда. Бұл – Батыс елдерінің Башарға тағар басты айыбы.

Сонымен қатар, олар президентті өз халқына қарсы бағытталған соғыс әрекеттеріне қомақты қаржы жұмсап келе жатқандығын, инфляцияны ауыздықтау мен елдегі жұмыссыздықты жоюға қауқарсыздық танытып отырғанын алға тартады. Сирия экономикасының тұралауына көрші Ливандағы банк нарығындағы дағдарыс пен ресми Вашингтонның биылғы маусым айында енгізген «Цезарь заңы» атты санкциясы да айтарлықтай ықпалын тигізді. Аталған санкция Сирия президенті мен оның отбасы мүшелеріне салынған.

«Башар Асад режимі Сирия халқына қарсы жүргізіп отырған мән-мағынасы жоқ соғысты тоқтатуы тиіс. Олай болмаған жағдайда біз де қарап қалмаймыз. Біз Еуроодақ елдерімен бірлесіп экономикалық және саяси қысымды жалғастыра береміз», – деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео «Цезарь заңын» таныстыру барысында.

АҚШ билігі санкциялар болашақта сириялықтардың жарқын өмір сүруіне өз әсерін тигізетініне сенімді. Ол уақыт еншісіндегі дүние.

Соңғы уақытта Башар Асад халықтың көңіл үдесінен шығатын бірқатар істерді жүзеге асыруға ниеттенуде. Мәселен, жуырда дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті шикізаттарға салынатын барлық салық түрлері алынып тасталды. Бұны ресейлік сарапшылар Асадтың сәтті жасалған саяси қадамдарының бірі екендігін айтады. Сонымен қатар, бұл – президенттің сириялықтарға көмек қолын созғысы келетіндігін айғақтайды. Екіншіден, ол жиені, Сириядағы ең ірі ұялы байланыс операторы саналатын «Syriatel» компаниясының қожайыны Рами Махлуфты салық төлеуден жалтарғаны үшін айыптап, оған 100 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді. Осы арқылы Асад өз имиджін көтеріп, отбасындағы жемқорлықпен күресуге бел шеше кіріскенін нақты іспен дәлелдегісі келетін сыңайлы.

Башар Асадтың айтуынша, тұралап қалған ел экономикасының соғысқа дейінгі қалпына келуі үшін кемінде көлемі 400 млрд доллар қаражат керек. Ол елінің инфрақұрылымын қалпына келтіру кезек күттірмес мәселе екенін, оған кемі 10-15 жыл уақыт кететінін айтады. Сондай-ақ, Асад Сирияның мұнай-газ саласында батыс компанияларының жұмыс істегенін қаламайтынын да әрдайым айтып келеді.

Шығыстағы ел билеушілері үшін  20  жыл аз да, көп те уақыт емес. Башар Асад 30 жыл бойы билік құрған әкесімен тепе-тең түсіп, тақта отыруына әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін он жылға жуықтаған қантөгісті тоқтатып, адам танымастай қираған қалалар мен ауылдарды қалпына келтірмек керек. Жер жаһанның қиырына босып кеткен отандастарын атажұртқа қайтарып, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттырғаны ләзім. Бір бұл ғана емес. Асад көрші мемлекеттермен қатар, Батыс һәм өзге де державалармен ымыраласып, алпауыттармен қарым-қатынасын дұрыстағаны да үлкен маңызға ие.

Уақыт – таразы.

Жандар АСАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here