Инватакси игілігі: Қазақстанның 20 қаласында инватакси қызметі бар

0
5177

Инватакси. Аты айтып тұрғандай, бұл мүгедектерге арналған такси қызметі. Аталған такси қызметінің қарапайым таксиден не айырмашылығы бар? Ерекшеліктері неде? Бүгін осы тақырыпқа үңіліп көрсек.

Иә, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін әлемнің көп елдері мен қалаларында осындай инватаксилер пайда болды. Қазақстан да мұндай жаңалықтан шет қалған жоқ. Қазір мұндай қызметтер Қазақстанның әрбір ірі қаласында бар.

Денсаулығының мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау – кез келген қоғамның өткір мәселесі. Бізде де бұл күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселенің бірі. Егер үлкен қалаларда бұл сала әупірімдеп қолға алынып жатса, ірі қалалардың төңірегіндегі шалғай елді мекендердегі жағдай алаңдатарлық күйде.

Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар ел халқының 10%-ын құрайды. Азаматтардың бұл бөлігі тұрақты алдын-алу немесе емдеу шараларына аса мұқтаж. Ал, арнайы мамандандырылған мекемелер облыс орталықтарында немесе астанада болғандықтан, науқасты тиісті жеріне жеткізуде де қиындықтар кездеседі. Сондықтан да, инватакси қызметі ауадай қажет екені сезілуде.

Елімізде инватакси алғаш 2009 жылы Алматы қаласында пайда болды. «Сәби» қайырымдылық қоры Алматыдағы қалалық мүгедектер қоғамына арнайы 14 автокөлікті сыйлағаннан кейін бұл қызмет жандана түсті. Көліктер демеушілер есебінен және отандық суретшілердің қайырымдылық аукционында суреттерін сатып тапқан қаржысына алынған. 2011 жылға дейін инватакси ақылы түрде жұмыс істеді. Кейіннен мемлекеттен қолдау көрсетіліп, қазір бұл қызмет ақысыз. 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның 20 қаласында инватакси қызметі, ал жалпы автопаркте 183 көлік бар.

Әдетте, инватакси қызметінде жүк тасымалдауға арналған үсті жабық көлік пен арнайы колясканы көтергіші бар шағын автобустар жүреді.

Біз Нұр-сұлтан қаласындағы «Инватаксиді» мысалға алсақ. Елордалық инватакси мүгедектігі бар балаларға көбірек көңіл бөлмекші. Биылғы жылы инватакси 3 және 18 жас аралығындағы мүгедек балаларға бұрынғыдан да жақсы қызмет көрсететін болады.

«Мейірім» корпоративті қорының инватакси қызметі 3 және 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді. Өткен 2018-2019 оқу жылында бұл қызметке күн сайын Елорданың 12 мектебінен 90-ға жуық оқушы жүгініпті.  Ал, биыл бұл көрсеткіш одан да артады деген болжам бар.

«Бірінші кезекте мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдаймыз. Одан кейін емханаларға, емдеу-сауықтыру орталықтарына, бассейндер сияқты өтінімдерді орындаймыз. Ал, мектеп оқушыларына келсек, олардың өтінішін білім ордалары бізге өздері толтырып жібереді. Жүргізушілерге, әсіресе, таңғы және түскі уақыттарда көп салмақ түседі. Себебі, күннің дәл осы бөлігінде мектепке апарып, түсте алып қайту қажет болады. Алайда, «час пик» уақытында көлік барлығына бірдей жете бермейді. Жүргізушілер күніне 10 айналымнан жасайды», – дейді «Мейірім» корпоративті қорының Инватакси қызметінің аға диспетчері Гүлмира Ыбыраева.

Қордың қарамағында 343 инватакси пайдаланушысы тіркелген. Олардың қатарына кіру үшін мына құжаттарды алып келу керек: ата-ананың немесе заңды қараушысының өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, әкесінің немесе анасының жеке төлқұжатының көшірмесі, №035 формасындағы анықтама және мекенжай анықтамасы.    

Инватакси қызметіне жүгіну үшін тапсырыстар жеке көмекшінің әлеуметтік көмегіне медициналық көрсетілімдері, 2005 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №754 «Оңалту-сауықтырудың кейбір мәселелері, бөлмеішілік және серуендеуге арналған кресло-арбалармен қамтамасыз ету үшін медициналық көрсетілімдер» туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі №750 «Медицина-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерін бекіту» туралы бұйрықтарына сәйкес қабылданады.

Баян Мажитова – үш баланың анасы. Ол соңғы жылдар ширегінде инватакси қызметіне жүгініп келеді.  

«Біз логопед маманның сабағына барамыз. Ал, массаж курстарына басқа жерге жеке маманға жүгінеміз. Инватакси қызметін орталыққа қоңырау шалып, өтінім беруге мүмкін болған кездің бәрінде пайдалануға тырысамыз. Әзірге Ержан балам кішкентай, автобуспен қатынасақ та болады, алайда көбіне-көп арнайы осындай көліктерге мінеміз. Өйткені, мұндай көліктер өте жайлы. Өкінішке қарай, ұдайы өтінім бере алмаймыз. 9:30-да көлік қалмай қалады, сондықтан, 9:00-ден бірнеше телефоннан қатар қоңыраулатуға тура келеді. Олардың клиенттері өте көп деп ойлаймын», – дейді Ержанның анасы.

«Балалардағы церебралды сал ауруында емдеу курсын неғұрлым ерте бастаған маңызды. Егер бес жасқа дейін қолға алсаңыз, ағзаның көп қызметінің қалпына келу мүмкіндігі бар. Менің балам мезгілінен бұрын туылды да, оның көздеріне ота жасатуға тура келді. Содан кейін оған ДЦП диагнозы қойылды. Негізі бұл аурудың себебі көбінесе дәрігерлердің өз жұмысын білмеуі мен салғырттығынан болып жатады. Біз терапияны өте ерте бастадық және оң өзгерістер бар. Балам жүріп кетеді деген үмітім зор. Біз оны жалпы білім беретін орта мектепке берсек пе дейміз. Қазір ДЦП диагнозы қойылған балаларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға жақсы жағдайлар жасалынып жатыр. Жергілікті жерлердегі оңалту орталықтары жұмыс істеуде, инватакси қызметі қолға алынуда. Соңғы жылдарда жағдай тек жақсы жағына өзгеріп жатыр», – дейді Баян.

Қимыл-қозғалыс кезінде қиындықтарға тап болатын мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметі ел астанасында алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды.  

Қазір Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайтын 30 автокөлік жұмыс істейді. Инватакси қызметін 2 600-ден астам астаналық тұрғын, оның ішінде 1 000-нан аса бала қолданады.  

Елордада тегін тасымалдау қызметінің  алғаш рет 2010 жылы ашылғанын ескерсек, сол кезден бері инватаксидің 17 автөкөлігінің 5-еуі – арбадағы мүгедектерге, 8-і – балаларға, 4-еуі – көзі көрмейтіндерге қызмет көрсеткен. Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған тасымал қызметінің алғашқы жылында 435 адам оны тұрақты пайдаланған. Төрт жыл өткен соң бұл көрсеткіш 987 адамға дейін өсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 2 664 адам тасымалданса, оның 1 093-і – мүмкіндігі шектеулі балалар.

Инватаксидің жыл санап артып жатқан пайдаланушылары жергілікті билікті автокөлік санын 22-ден (2018 жылы) 30-ға (2019 жылы) дейін көбейтуге мәжбүр етті. Бұл қажеттіліктерге қалалық бюджеттен 129 млн теңге бөлінді.  

Инватакси қызметі Нұр-Сұлтанның үш ұйымына тіркелген: арбадағыларға бөлінген 5 көлік Мүгедектер қауымдастығына тиесілі, балалар пайдаланатын 15 көлік «Мейірім» корпоративтік қорына, 10-ы – Қазақ зағип жандар қоғамының меншігіне жатады.

Александр Хоркин елордалық инватакси қызметінде ұйымның негізі қаланған күнінен бері жұмыс жасайды.

«Мүгедектер қауымдастығы меншігінде арбадағыларға арналған көтергіші бар 5 көлік бар, ал базаға күн сайын ары-бері жүріп-тұру үшін 600-ден аса адам тіркелген, көп қоңыраулар қабылдаймыз, алайда оның барлығына физикалық тұрғыдан үлгере алмаймыз», – дейді ол.

48-19-66 қалалық нөмірі бойынша диспетчерлік қызметке өтінімдер белгіленген жол жүруден бір тәулік бұрын сағат күндізгі 9-дан 11-ге дейін қабылданады. Әйтпесе, диспетчерлер бағыттарға бөліп үлгермеуі мүмкін. Арбадағыларға инватакси жұмыс күндері таңғы 8-ден кешке дейін қызмет көрсетеді. Жұмыс және мейрам күндері диспетчерлік орталық демалады.

«Күніне біз 50-дей сұранымды орындаймыз. Өтінім берушінің жол жүру мақсаты да ескеріледі, себебі, біреуге емханаға, ал екіншісіне жәй ғана дүкенге бару керек болады. Осындайда, әрине, біріншісіне басымдық береміз. Күнделікті 16-ға жуық адам таңертең жұмысына, кешке үйіне жетіп алу үшін біздің қызметімізге жүгінеді», – деп түсіндіреді Александр.

Ережелер бойынша бірінші ретте жұмыстағылар мен оқушылар, сосын қалғандарына қызмет көрсетіледі.

ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығымен мүгедектерді тасымалдау үшін автокөлік қызметін ұйымдастыру ережелері бойынша, диспетчер инватаксидің бағыттарын белгілеген кезде өтінім уақытын өтінім берушімен бірге нақтылайды.

Қызмет көрсету кезінде бір бағыт бойынша бірнеше мүгедекті тасуға шектеу жоқ. Егер өтінім кері қайтарылса, сұраныс берушінің өзі диспетчерге белгіленген уақыттан кемі бір сағат бұрын қоңырау шалып ескертуі керек.  

Инватакси белгіленген жерге келгеннен соң 20 минуттан артық күте алмайды. 20 минутта үлгермесе, инватакси келесі тапсырысты орындауға кете береді. Алдыңғы тапсырыс та орындалған болып есептеледі. Ал, жол жүру бағыты аяқасты өзгеріп жатса, онда оны да диспетчерге алдын ала қоңыраулатып айтуы тиіс. Баратын жерінің мекенжайы өзгеріп, ол инватаксидің жолымен сәйкес келмесе, диспетчер тапсырыстың мекенжайы өзгергені туралы өтінімін қабылдай алмайды.

Егер мүгедек белгіленген уақыттан кешіксе, оны да диспетчерге телефонмен ескертуге тиіс. Диспетчер өтінім уақытын өзгертеді немесе мүлде алып тастайды. Өйткені, инватакси қызметінің жұмыс кестесін бұзуы ықтимал.

Инватакси салонында мүгедек отырған орынға 20 келіден артық жүк салуға болмайды. Ал, қажет болған жағдайда мүгедекті қосымша тағы бір адам сүйемелдеуіне рұқсат. Ол адамның жол жүруіне ешқандай ақы алынбайды.

Жүргізушінің міндетіне мүгедекті ғимараттың ішінен шығару, кіргізу, жүгін көтерісу, сондай-ақ басқа да сауда-саттық жасауға көмектесу сияқты міндеттер кірмейді.

Белгіленген жерге келгеннен кейін мүгедек инватакси жүргізушісінің қолындағы өтінім қағазына қол қояды, ал егер оған мүмкіндігі болмаса, қасындағы адамның қол қоюына рұқсат.

Жиектас, баспалдақ, саты және басқа да кедергілерде көмек егер жүргізуші келіссе ғана көрсетіледі. Сондай-ақ, жүргізуші мүгедектің көлік салонында ұмытып қалдырған заттарына жауап бермейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байқағанымыздай, елімізде инватакси елеулі қызмет көрсетіп келеді. Оған қажеттілік те аса зор. Бірақ, әлі де «әттеген-айлардың» орнын толтыру қажет. Себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны көп, ал инватакси көлігі аз. Содан барып өзара түсініспеушіліктер мен кедергілер орын алып жатады. Енді жер-жердегі әкімдіктер Бас қаланың билігінен үлгі алып, өз аумағында инватакси қызметін жандандыра түседі деген сенім бар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here