Отарбаев феномені

0
4816

Рахымжан Отарбаев – әдебиетке өткен ғасырдың 70-ші жылдардың соңында өзінің дара мінезімен, айқын қолтаңбасымен келген толқынның өкілі. Жазушының ең алғашқы прозалық жинағы – «Құпия түн» 1987 жылы жарық көріпті. Содан бастап, өмірінің соңында толық аяқтай алмай кеткен романы «Қызданайдың қырғынын» қоса есептегенде, оннан астам кітабы оқырмандар қолына тиіпті. Бұл – сөз жоқ, үлкен олжа. Ұлт руханияты үшін де, қазақ қара сөзінің қазыналы қамбасы үшін де, бір-біріне жалғасқан осы бір шығармалар желісіне шола көз салғанда, жазушының қазақ тарихында өткен үлкен тұлғалардың өмір-тіршілігіне баса назар аударғаны айқын көзге ұрады.

Ертеде өмір сүрген Бейбарыс сұлтанды айтпағанда, бергі замандағы Сырым батыр, Жәңгір хан, Исатай,  Махамбеттен басталатын тізбек М.Бабажанов, Құнанбай, Абай, Мұстафа Шоқайлармен толығып, соңы Д.Қонаевпен түйінделеді. Бұған дейін де талай қаламгерлердің шығармасына арқау болған бұл тұлғалар, сәтіне қарай, Отарбаев туындыларында айрықша сипатта, өзгеше көркемдік шешіммен көрініс табады. Қалам ұстағанның қара сөздегі қарымын ғана емес, жазушылық дарынын да сынайтын әдебиеттің бұл саласында (тарихи тақырыпты игеру) белгілі бір жетістікке жеткеніне күмән жоқ. Кейіпкер табиғатын терең тану және оның шеберлікпен жүзеге асуы тұрғысынан да биік көркемдік эстетикалық деңгейдің бағындырылғаны анық. Оған мысал ретінде алғаш «Жұлдыздар құлаған жер» жинағына, кейін басқа да кітаптарына енген, өз заманында қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов «Қазақ интеллектуал прозасының озық үлгісі» деп жоғары баға берген «Бесқасқа Беріштің хикаясы» хикаятын атауға болады.

Повесте бір адамның бүкіл ғұмыры, бүкіл бір рулы елдің, бүкіл қазақтың тағдыр-талайы, ол тағдыр тегінен айрылу мен айрылып қалмау, тегіңді тану мен танымау, бұл біздің, сіздің алдыңызда берісі болашақтың да, адамзаттың да алдында тұрған мәңгілік сұрақ. Шығарманың эпилогындағы «Сен, осы біздің «Бесқасқа Беріштің хикаясын» білуші ме едің?» деген бір сөйлем жазушының астарлы ойымен астасқан философиясы.

Жазушының деректі тақырыпта қалам тартқан шығармасының бірі – «Жұлдыз-дар құлаған жер» повесі.

А.С.Пушкин 1833 жылы Пугачев көтерілісін зерттей келе, Петербургтен Орынбор шекара комиссиясына келіп, осы сапарында жанына досы, әдебиетші әрі шекара комиссиясының полковнигі Владимир Дальды алып, қазақ жерін қоса арбамен басып өтеді де сол кезде Яицк аталған қазіргі Орал өңіріне келіп, Ақ Жайықтың жағасында өткен қысқа ғана үш-төрт күннің ішінде Пугачев көтеріліс жасаған жердің, Шаған өзені бойындағы жердің, қару-жарақ соқтырған ұста дүкенінің орнын, орыс батырының тұрған ағаш үйінің орнын аралап көріп, сондағы ескі көздермен әңгімелесіп, көп деректерді хатқа түсірген, сол сапардан кейін атақты «Капитан қызы» повесін жазыпты. Сол жолы Пушкин Бөкей ордасына өткен 1833-1838 жж. көтерілісті бастаушылардың бірі, қазақтың хас батыры, ақын Махамбет Өтемісұлымен кез-деседі. Ол жанында Жанкісі жырау бар, өзінің Нұрсұлтан есімді ұлын Оралдағы Кадет корпусына түсіруге келген беті еді. Махамбет пен Пушкиннің жақын танысуына дәнекерлік танытқан, ортақ таныс-тары Владимир Даль болған. Сол кездесуде Пушкин Жанкісі жыраудан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының мазмұнын жазып алған, осы деректерді «Русский вестник» журналынан тауып, 1990 жылдардың ортасында осы деректерді 150 жылдан соң «Жұлдыздар құлаған жер» повесінің бірінші бөлімінде осындай тарихи деректердің көзін ашты. Ал екінші бөлімі орыс отаршылдығына қарсы 1833-1838 жылдардағы Бөкей ордасындағы Исатай-Махамбет көтерілісі, қазақ дала-сындағы отаршылдық саясаттың көрінісі, Жәңгірдің ақ патшаның саясатына көнгісі келмеуі әңгіме өзегіне тартылса, ал үшінші бөлімі қазақтың тағы бір талантты перзенті, географ, Кадет корпусын үздік бітірген патша офицері, орыс география қоғамының Шоқан Уәлихановтан кейінгі екінші мүшесі Мұхаммед-Салық Бабажановтың 1860 жылғы қазақ депутациясының құрамында Петербург сапарында этнограф Павел Небольсиннің дәнекерлігімен Шоқан Уәлихановпен кездескен соңғы әрі бірінші сәті, сол кездегі жазған Мұхаммед-Салықтың тебіреністі, әсерлі ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «бұрынғы ауруым ертелі-кеш мазалап әрі біраз қолжазбаларым мен салған суреттерімді Қашқар жерінде жасырған орнынан кетер кезде ала алмай… 8 ай сен деспеген қаракөз сұлуда қалды» деген өкінішті көркемсөз кестелері арқылы бейнеленеді. Павел Небольсин Бабажанов туралы мынадай сипаттама береді: «25 жаста, келбетті, атжақты, өңі қараторы, ботакөзді, Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін еркін меңгерген, сөздері өткір әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызынып кетіп шешен сөйлейді…». Шығарма, міне, осындай тарихи деректерімен құнды.

Жазушының қазақ қоғамындағы өт-кір әлеуметтік философиялық мәселені көтерген әңгімелерінің бірі – «Қашқын хаттары». Формалық жағынан хат формасында жазылған аталмыш шығарма Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» повесімен үндес. Әңгімеде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы болып жүрген жазушыны бір әйел іздеп келеді де күйеуінің жазған хаттарын тапсырады. Ол әңгімеде «мен» – Кәдірақын Оразғалиевтің атынан жазылады. Әңгімедегі «мен» дәрігерлік техникумды бітіріп, кеңшардың фермасында еңбек етеді де кейін жекешелендіру басталып, кеңшар тарағанда кеңшар директоры ортақ дәулеттің қаймағына ие болады, қалған ферма меңгеруші-лері қалағанын бұлдап-тонайды. Ал бұл сияқты адал еңбек иелеріне қазанның түбіндегі қаспағы да қалмайды. Сөйтіп, ол бір құрылыс орнына қарауыл болып тұрады. Әңгіме сол қарауыл боп тұрғаннан басталады. Зәулім ғимараттың құрылысы аяқтала бере, бұл қарауыл болған түні аулаға жарық беретін үлкен дизельді мотор жоғалады. Сонымен не керек, жын көтергендей айғай басталады. «Кранмен әрең көтеретін көк темірдің ұрысы сенсің» деп бастық келе сала жағасына жармасады, жандайшаптары жұлқылап, сүйрейді. Бастығының алдауы мен арбауына түскен бұл түсініктеме жазып береді, бірақ өз қылмысын бұған аударуды көздеген айлақор да аяр басшы түсініктемені полиция басқармасына тапсырады да, бұл полицияның шақыруымен тергеле бастайды. Ұрлық жасамадым, миллионерді мойныма мінгізуге тиісті емеспін деген бұл ақыры: «Осы қаладан алысқа аттап баспаймын», – деген кепілхатпен бостандық-қа шығады. Артынан аңду мен қуғын басталады, тергеуші бар, КГБ-ның полков-нигі бар, аттап-басқанын қалт жібермей-ді. Ақырында ізін білдірмей, үйінен қашып шығады. Атасын баяғыда КГБ құртқан. «Әжем айтар еді: 1937 жылдың күзі-тін, ауданнан бір әсіре белсенді кеп, жиналыс ашты, әшкерелейміз дейді. Індеріне су құямыз дейді. Сөзінің көбін түсінбейміз, құлағымыздың сыртынан жібердік. Соңында: – Болашағымыз зор, бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр, – дейді. Атам жарықтық әзілқой еді: – Айтыңызшы, қашанға талтайып тұра береміз, шатымыз айырылып кетер… Бұл сөз сорына көрінді, артынша жұмаға жеткізбей халық жауы деп ұстап кетті. Жапонияның «шпионы» деп мойындапты, картадан ол елді тауып бере алмаса да, қайдан танысын, екі кластық білімімен… Ақыры сүйегі терусіз қалды. Әжем осыны айтып, сағым шалған құла-түзге қарап ұзақ телміретін» («Біздің ауылдың амазонкалары», 252-бет).

Біз бұл абзацты бекерге бөліп-жарып алып отырған жоқпыз. Ел аман, жұрт тыныш, айдың-күннің аманында, жазықсыз жала, басқалардың алдын ала жасап қойған қылмысын арқалап кеткендер қаншама. Расын айтпақшы, қарауыл қоқиған ағаш құралын көріп мәз боп жүріпті. Ішіндегісін әлдеқашан жымқырып кеткен, білдіртпей жасалған қылмыс анықталғанда, қорқып, көк темірді қарауылдың мойнына іліп жібергісі келген бастық пен бұғалтыр келіншек неше миллиондық көк темірдің ұрланғанынан шатысып, жаздық-жаңылдық деп жазадан құтылып шығады.  Әңгіме  аяқтала бере «қапты маған қалдырыңызшы» дейді бұл. Есіктен екпіндей кірген хатшы келіншекке жармасады: «…Шығыңыз тез! Бастық командировкадан кешікті. Лондонның рейсіне тіркеу аяқталып жатыр». «Сіз де қашып бара жатырсыз ба?» деген үрейді шикіл-сары келіншектің көзінен оқыдым. «Қандай ақыл қосасыз? Көмегіңіз бар ма?» – деді қоштасып тұрып, оңай сұрақтың қиын жауабы көп қой, біздің елде әзірге айта алмаспын, сосын болмаса…», – дейді жазушы, әңгіме осымен аяқталады.

«Қашқын хаттарын» оқып отырып, алма-кезек ауысып отырған ішкі жан толқынысы, көңіл-күй толқуларына кіре отырып, «біз кімбіз осы?» деген сұрақ көкейде тұрады. Кейіпкердің: «Кешір, сүйікті Отаным! Мен сенің дизельді моторыңды қорғауға да жарамадым!» – дейтіні бар. Сұмдық сөз! Біз Отанымызды, жерімізді қорғай алып жүрміз бе? Бұл – әр адамның жүрегінде болуға тиісті сұрақ емес пе?! Жалған патриотизм мен интернационализмнің топырағында есейіп жатқан ұрпақтың мұны сезіне қоюы мүмкін емес-ау… Жазушы өзінің ұлттық идеологиясы жоқ елдің болашағының қалай  болатындығын меңзеп  кетті ме,  кім білсін?!

Жазушы Рахымжан Отарбаев әңгімелерінің тақырыбы, көтерген идеясы сан алуан. Онда қазақтың ғана емес, адамзатқа ортақ мәні бар мәселелер де жиі көтеріледі. Мәселен, сатқындық, ұрпақтың азуы, нашақорлық, тонау мен ұрлау, жемқорлық індеті. Жазушының осындай тақырыптарға құрылған әңгімелерінің бірі – «Сатқын» әңгімесі. Шығармада қарапайым киномеханиктің ұлы Асылбек әскер қатарына алынып, әскери ант беруден бас тартады. Әңгіме осылай өрбиді. Бас-аяғы 11-12 беттік әңгіменің үлкен салмағы бар. «Кішкентайынан көзі жалт-жұлт етіп, бір нәрсенің соңына түссе, із салып, ілмей қоймайтын» кейіпкерді әлдебір сұрақтар мазалап, есейіп жатады. Әңгімедегі мына диалогтарға назар аударыңызшы. «Әке, адам баласына шындық көп қызмет ете ме, әлде өтірік пе?» деп салыстыратынын айтсаңызшы… «Қамауда дейді… Құдай-ау, анты несі? Оның несі қиын, бере салмай ма, соны кім тексеріп жатыр, бұл күнде кім-кімге уәде бермей жатыр, түнде берген уәдеден күндіз тайғандар қазір де аяқ алып жүре аласыз ба, қайта солар дәурендеп тұр. Жастайынан адамдардың уәдесінде тұрмайтынын, сатқындығын сезініп өскен жас жігіттің әскери ант беруден бас тартуы неге?». Санаңда сан-алуан сұрақ тұрады. Сонымен Асылбек әскери ант беруден бас тартқаны себепті сотқа тартылады. Сот барысында жігіт мектеп қабырғасының жаттығуы жетегінде кеткен, санасы жастай уланған радио әуесқойларының үйірмесінде жүргенде: «Менің Отаным аса қауіпті жағдайға тап болды, құтқара көріңдер!» дейді. Бұл аз десеңіз: «Менің Отаным келімсектерге сатылып кетті, араша түсіңіздер!» деп радио толқындары арқылы ғарышқа хабар таратқан. Бұл ел ішіне салынған іріткі, бұзақылық, ұлт араздығын қоздыру, коррупционерлерді әшкерелеуден  бас  тартқан» деген  айыптаулар тағылады. Сот процесіне қатысып отырған Алматыдан келген журналист Алдан Айымбетов ақсақалдың: «Ойбай-ау! Коррупция деген алтын тұтқалы емен есіктің арғы жағында жатқан алты басты аждаһа емес пе? Оған жүрегі лүпілдеп тұрған айналайындардың әлі жете ме?» – деп шыр-пыры шығады. Ақыры сотталушы әскер Асылбек әскери тергеуші мен прокурордың: «Жасырмай айт! Не себепті ант беруден бас тарттың? Еліңді жау шапса да қорғамайсың ба?»  деген сұрағына:  «Бұл менің елім емес, байлардың өзі қорғап алсын, менің ортақ ештемем жоқ!» – деп жауап береді. «Бәрің сатқынсыңдар! Түгелімен!» деген ананың жанайқайы, Алдан ақсақалдың: «Соттаймыз дейсіңдер, аз ба еді осы күнге айдалған арыстарымыз, адам қолымен жасалған зұлматтар! Қазақстанға жаны күйетін осындай арлы азаматтар керек! Болашағымыз ғой… балауса ғой… бұларды ыстық құшақтарыңа алмаған өздерің кінәлі, содан өгей ұрпақ өсті!» – деген жанайқайына ұласады.

Әңгімеде жазушының азаматтық ұстанымы мен позициясы айқын аңғарылады. Жазушы әңгімеде астанадағы ақ жағалыларды, қазақ билігін қатты сынайды. Асылбектің Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартуы, «Бұл менің елім емес! Менің ортақ ештемем жоқ, байлардың өзі қорғап алсын!» деп әскери ант беруден үзілді-кесілді бас тартуы, халықтың билікке деген сенімсіздігі, күні кешегі шекарадағы Отан қорғаушы әскерлерді әріптестерінің жаппай қырып салуы, әскери бөлімдегі жас сарбаздар өлімінің жиілеуі, мемлекет құраушы қазақ ұлтының мүддесінің есебіне құрылған жалған интернационализм, коррупция, тонау мен жымқыру, халықтың мемлекетке сенімсіздігі, бәрі-бәрі жазушыны толғандырмай, алаңдатпай қоймайды.

«Бұларды ыстық құшақтарыңа алмаған өздерің кінәлі, содан өгей ұрпақ өс-ті!». Бұл – кейіпкердің тағдырын суреттей отырып, қоғамдық өткір мәселені көтерген, өзегі өртене, жаны ышқына шыққан жазушының жан дауысы. Осындай көзқарастары үшін кезінде мемлекеттік сыйлықтың берілмегендігі анық. Бір сұхбатында жазушының өзі осындай азаматтық ұстанымы мен позициясы бола тұра биліктің маңында жүрген біреулердің: «Отарбаев қазақты сынайды, жамандайды, бұл басқа елдерге жетеді, Отарбаевты елден шығару керек!» – дегенін айтқан болатын.

Жазушының «Қырғыз дәптеріне» «Ыстықкөл» деп аталатын шығармасы енгізіліпті. Жазушы элегия деп көрсеткен бұл шығармадағы жалғыздық, оқшаулық тақырыбы бұған дейін де әлемдік әдебиетте жазылып келе жатқан тақырып, онда ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезов өмірінің біз білмейтін елге беймәлім қырлары сөз болады. Лирикалық кейіпкер «меннің» Әуезовтің елесі арқылы, даңқы мен дақпырты түйісіп жататын қазақтың ұлы ханы Абылай, Кенесары хан, Наурызбай батыр туралы да аңыз бен әпсанаға толы көркем картиналар бейнеленеді.

Иә, «Қырғыз дәптері» демекші, ұлы Әуезов пен Түгелбай Сыдықбеков арасындағы жібек жіптей үзілмеген байланыстың, сол ұлы Мұқаңның Айтматовты қанатының астына алып, әлемдік аренаға шығаруы, әйгілі қырғыз режиссері Болот Шәмшиевтің Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің негізінде «Қараш асуындағы атыс» атты көркем фильм түсіруі де, Сүйінбай мен Қатағанның, Үмбетәлі мен Тоғолоқ молданың, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Әлімқұлдың, Асанәлі мен Шәмшиевтің, Нұрпейісов пен Айтматовтың сабақтастығын қалай айтпасқа? Сол айыр қалпақты ағайын Рахымжан Отарбаевты 90-шы жылдардың басында Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін атқарған кезінен оның талантты жазушы, драматург екенін біле бастады. Сол жылдарда қырғыз театрларында талантты суреткердің пьессалары сахналанды. 1995 жылы Бішкекте өткен Ш.Айтматов атындағы халықаралық театр фестивалінің шымылдығын драматургтің «Абай соты» ашқанын біреу білсе, біреу білмес. «Абай сот», «Әбутәліп Әпенді», «Тағдыр» театр репертуарынан бүгінде түспей келеді.

Өмірінің соңғы жылдарында Рахымжан Отарбаев рухани сананы сілкіндіретін шығармалар жазып, суреттеудің биігіне көтерілді. Жазушы шеберханасына дендеп енген сайын, суреткердің сиқырлы әлемі, сөз сиқыры сені мен мені өзінің поэтикалық әлеміне тарта түседі.

«…Көңілінің кірі бар адам қолына қалам алып, алдына қағаз жаюға болмайды, өйткені ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді,  онысы  елге  жұғады.  Мен  әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше, сол ақ қағаздың бетіне сәулелі ойларымды төккім келеді» деп қазақ көркем сөзіне адалдық танытқан суреткердің: «Құйрық жалы төгілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағып бара жатқан…» – деп өзі жазып кеткендей, тірлігінде ешкімге дес бермеген Махамбет көкесінің өрлігіндей тарпаң мінез ханзадалық һәм зиялы болмысымен өзі де сол құйрық жалы төгілген сәйгүлік секілді, асау тұлпардай зулатып өте шығыпты…

Пейіште нұрыңыз шалқысын!

Сержан СӘРСЕНБАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here