Жеңісті жақындатқан жан

0
933

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары 73 мыңнан артық қостанайлық жауынгер елін қорғауға аттанып, олардың жартысынан астамы майдан даласынан оралмағандығы белгілі. Майдандағы жауынгерлерге тылдағылар да қолдан келген жәрдемін аямады. Бұған қазіргі Жанкелдин (соғыс жылдары Торғай ауданы, – авт.) ауданы тұрғындары да өз үлестерін қосты. Торғайлықтар аудан жерінің басым бөлігінің құрғақшылық аймақта болғандығына қарамастан суарма егін салып, тары егіп, одан мол өнім жинады.

Мұрағат құжаттарында сақталған деректерден, соғыстың алғашқы жылында шыққан «Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советі мен ҚКП/б/ Орталық Комитетінің 1941 жылғы 21 қыркүйектегі Республика колхоз-совхоздарында мал қыстатуға әзірлігі туралы Қаулысын» орындауға Торғай ауданының еңбекшілері де белсене атсалысқаны байқалады. Астық өндіруде Шұбалаң, Түйемойнақ, Сужарған, Ақшығанақ колхоздары зор табысқа жетіпті. Олар 1941 жылы астық түсімін 2-3 есе арттырған болатын. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 14 наурыздағы санында жарияланған «Жергілікті кеңестер мал өсіру күресінде» атты мақалада «Торғай ауданы Шөмішкөл колхозы (төрағасы – Бидаш Қонарбаев) мен Аманкелді колхозы (төрағасы – Шәймен Құлпейісов) мал өсірудің мемлекеттік жоспарын төрт түліктен асыра орындады. Жоспардан тыс көптеген мал өсірді» деп, атап көрсетілген болатын. Соғыс жылдары Торғай ауданының Шөмішкөл, Сужарған колхоздарының төрағасы болып еңбек еткен Бидаш Қонарбаев есімі Қостанай облысына да кеңінен танымал басшылардың бірі болды. Ол 1902 жылы Торғай уезінің Шұбалаң ауылында дүниеге келген. 1940 жылдан бастап Торғай ауданының Тереңсай колхозының төрағасы болған еді. Ал, Ұлы Отан соғысы басталғанда Шөмішкөл колхозының төрағасы Б.Қонарбаев өз ұжымында жартылай шөлейт аймаққа тары егуді алғашқы болып бастады. Тары дақылы сол жылдары майдандағы Қызыл Армияның басты ас мәзірі болғандығы белгілі. Сонымен қатар, торғайлықтар «Отан қорғау қорына» мемлекеттік жоспардан тыс 17 тонна ет, 3 тонна сары май, 5 446 дана жылы киім жинап тапсырған еді. Б.Қонарбаев 1945 жылы Сужарған колхозын басқарып тұрғанда бұл ұжым бірнеше рет облыстық социалистік жарыстың жеңімпазы болып, Сужарған колхозының төрағасы Б.Қонарбаевтың есімі Қостанай облысының Құрмет тақтасына жазылған болатын.

Сужарған колхозының төрағасы Бидаш Қонарбаев 1943 жылы «Отан Қорғау қорына» 100 мың сом қаржы аударып, Қостанай облысындағы «Қонарбаевшылар бастамасы» аталатын қоғамдық қозғалыстың бастаушысы болды. Бұл бастама туралы мақала республикалық «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланды. Оның майданға көмек беру үшін бастаған бастамасы Торғай ауданының өзге азаматтары тарапынан да қолдауға ие болыпты. Архивте «1943 жылы соғыс заемына жазылып, ақшасын қолма-қол тапсырған 13 тұрғынның есімі Қостанай облысының Құрмет тақтасына жазылғаны туралы дерек сақталған. Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің 1943 жылғы 8 маусымдағы санында жарияланған мақалада: «Олардың 7-еуі Торғай ауданының тұрғындары. Сужарған колхозының төрағасы Бидаш Қонарбаев – 100 мың сомға, Албарбөгет ауылдық кеңесінің төрағасы Кенжеғара Досымов – 15 мың сомға, Тамқамыс колхозының төрағасы Шәйім Ормағанбетов – 15 мың сомға, Шұбалаң колхозының ферма меңгерушісі Атығай Жармағанбетов – 15 мың сомға, Сталин колхозының төрағасы Қабылда Жақабаев – 10 мың сомға, Қызыл Жұлдыз колхозының төрағасы Кәрбоз Теміров – 10 мың сомға, Шұбалаң колхозының мүшесі Әмірхан Кәрібаев – 10 мың сомға заемға жазылды» деп жазылған болатын.

Торғай ауданының халқы соғыс кезіндегі түрлі қиыншылықтарға қарамастан мал басын көбейтті. 1940 жылы бұл ауданда 9 065 ірі қара, 21 273 қой-ешкі, 130 түйе болған еді. Ал, 1945 жылы 13 664 ірі қара, 12 930 қой-ешкі, 219 түйе, 2 063 жылқы болыпты. Бұдан соғыстың ауыртпалығына қарамастан мал басының өскендігін аңғара аламыз. Сонымен қатар, торғайлықтар жаудан азат етілген Ресейдің Орлов облысына жәрдемге 9 450 сом қаржы жинап, фашистерден азат етілген Ресей, Украина, Белоруссия мемлекеттеріне 1 740 бас ірі қара апарып берген болатын.

Б.Қонарбаев та осы игі істердің басты ұйымдастырушыларының бірі болды. Ол кісі өзі зейнетке шыққан кезде соғыс жылдарында тылдағы еңбектің ауыртпалығын өзімен қатар көтеріскен Торғай ауданының азаматтарын жиі еске алатын.

«Сол жылдары колхоз төрағалары болған: Шәймен Құлпейісов, Омарбек Раисов, Міркемел Сейтқазиев, Шәйім Ормағанбетов, Мұқан Жұмағалиев, Үсенбай Оразалин, Білкен Қошанов, Қали Әшенов, Үсенбай Мұратов, Хамидолла Бәйкемелов, Кәрбоз Теміров, Түйебай Жарқынбеков, Досмаил Тонтақаевтар мен аудандағы мекеме басшылары: Хамитбек Қапанов, Бекмағанбет Құлпейісов, Бейсенбай Ералин, Қайырбек Нәлібаев, Асан Тілеубергенов, Тайфа Сафарғалиева, Ахметқали Мейірмановтардың тылдағы еңбекті ұйымдастыруға қосқан үлесі зор болды», – деп үнемі айтып отырушы еді.

Ол 1954 жылы Тың игеру басталып, колхоздар кеңшарға айналған кезде де түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Қостанай облысын басқарған Даниял Керімбаев, Сағалбай Жанбаев, Әубәкір Қасымханов, Оразалы Қозыбаев сияқты мемлекет қайраткерлерімен өзі өмірден өткенше сыйластықтың жібін үзген емес.

Бидаш – Торғай өңірінің танымал, туған өлкесінің тағылымды тарихын жетік білетін шежіре қариялардың бірі болатын. Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев сияқты зиялы қауым өкілдері ол кісімен үнемі хат алысып, байланыс жасап, ел тарихына байланысты деректерді анықтап тұрғандығын жерлестері жақсы біледі. Мұны торғайлық көнекөз қариялар күні бүгінге дейін айтып отырады. Б.Қонарбаевтың әкесі Сейдахмет Байсейітұлы 1916 жылы ұлт азаттық қозғалысының басшысы, А.Иманов басқарған сарбаздар жасағының мыңбасы болған. Осындай елге тұтқа болған әкеден тәлім алған Бидаштың өзі де ұрпақ тәрбиесіне де айрықша мән берген еді. Ол інісі Қарағұл мен балалары – Ерік, Серік, Күлдірді ұлттық тәрбиенің кәусарымен сусындатуға тырысты. Өнегелі жанның тәрбиесін алған олар да өмірден өз орнын таба білді. Мен де сол кісінің тәрбиесінде болдым. Әкеміз бізді тапсырылған істің жауапкершілігін сезіне білуге баулыған еді. Әкеміздің: «Уәде – Құдай аты, уәде берсең, оны орындауың керек», «Үлкенге құрмет көрсете біл, кішіге ізет жасай біл» деген ұлағатты өнегесі біз үшін ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани қазына болып саналады.

«Ер есімі – ел есінде» дейді дана халқымыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты жарық көрген «Қостанайлықтар – тыл ерлері. Жеке үлес» атты жинақта майдандағы жауынгерлерге қолдағы барын жәрдемге берген әкем – Бидаш Қонарбаев туралы деректі очерк жарияланған болатын. Бұл оның соғыстың отты жылдарында ел ырысын еселеуге сіңірген ерен еңбегінің туған елінің есінде мәңгі сақталғаны деп санаймыз.

Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here