Ұстазым менің, ұстазым!

0
6746

Жер беті, адамзат атаулыны құлпыртып, жанарландырып, кең дүниеге, өсімдік пен жан-жануарға жарық, жылу беретін күннің нұры, шапағы, шуағы қалай аталады? Әрине, бәріңіз бір ауыздан «сәуле» десеңіздер, еш қателеспейсіздер…

Жүзінен мейірімділік, жүрегінен жылулық, қолынан жұмсақтық, мінезінен жайсаңдық, көзінен сүйіспеншілік лебі есетін, анадан кейін күн сәулесіндей жарық тұлға кім десе, әрине, бәріміз «Ұстаз» деп жар саламыз…

Осы орайда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының “Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады” деген сөзі еріксіз есіңе оралады.

Бүгін қауырсын қаламым менің жарық сәулем – ұстазым жайлы тебіренбек.

1949 жылы 15 наурызда Чапаев колхозының күнгейінде (қазіргі Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылы) Смағұлов Нұрбек пен Жалдыбаева Сараның шаңырағында дүниеге келген тұла бойы тұңғышына Сәуле есімі бұйырыпты. Сәуле Нұрбекқызының бойындағы өткірлік, қайсарлық мінезі комсомол хатшысы, партия ұйымдастырушысы, төраға орынбасары, колхоз басқарушысы қызметтерін атқарған ҰОС ардагері Нұрбек әкесінен, сабырлығы мен байсалдығы бастауыш сынып мұғалімі болған Сара анасынан дарыса керек.

Масаншы ауылында орыс сыныбын аяқтаған балғын Сәуле Алматы шет тілдері институтын бітіріп, 25 жыл үздіксіз неміс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Сыныпқа жетекшілік ете жүріп, бізге саналы білім мен сапалы тәрбие берген Сәуле тәтейдің менің жүрегімде алатын орны ерекше. 20 жасында жолдасы Маратпен отау құрып, 7 құрсақ көтерді. Адал жар, қос ененің тәлім-тәрбиесін көрген әдепті келін болды. Бүгінде 4 ұл, 3 қыздың аяулы анасы, 18 немере, 5 шөберенің асыл әжесі. Осындай ұстаз болу – бір ғұмырға татитын рухани күш пен ерен еңбектің арқасы болса, сондай ұстаздан білім алу мен үшін үлкен бақыт! Ұстаздықтың ауыр жүгін нәзік иығымен арқалап, отбасы отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырақтың құламауын, сәбиінің жыламауын тілеген Сәуле тәтейдей ұстаз кем де кем!

Расында, Сәуле Нұрбекқызы отбасының берекесі, ағайынның мерекесі, ортасының гүлі, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің қайсар бұлағы бола білді, сәуле десе сәуледей, жүрген жерін нұрландырып, жадыратады, айналасына жылу шашады.

Балалықпен қателік жасасам – кешірімді, еркелесем – мейірімді, күлсем – жаны нәрлене түсетін, тіршілігіме нәр берген ұстазымның алдында адамдық парыз-міндетім өлшеусіз, өйткені ұстаздың қадір-қасиеті шексіз, орны биік. Сол себепті де ұстазымды қатты жақсы көремін, сыйлаймын, амандығын тілеймін, көңілі шат, жүзі жарқын, дені сау болсын деймін.

Бағлан Бақбергенұлы ҮСЕНҚҰЛОВ, Сәуле Нұрбекқызының түлегі, Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектептің түлегі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here