Қазақстан теріден неге табыс таппайды?

0
7386
Аймақтағы ірі тері зауыттарының бірі – «Ырыс-Бақыт» ЖШС. Жамбыл ауылы. Қордай ауданы. Жамбыл облысы.

Кеше тері илеп, былғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ бүгін былғарыны түстеп тани алмайтын күйге түсті. Қазір біздің тері және оны өңдеу саласы туралы түсінігіміздің де таяз екені жасырын емес. Тері өндірісі жүйелі жолға қойылмағандықтан ауылдағылар оны қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Себебі, бұрынғыдай теріні қабылдау бекеттері жоқ. Содан тері саудасы тоқтап, ауылдағы ағайын қосымша табыс көзінен айырылды. Әйтпесе, Ұлы дала елінде мал терісінің көп екені әлімсақтан белгілі. Кезінде Қазақстан сапалы былғарымен күллі КСРО фаб­рикаларын қамтығанын аға буын жоққа шығара алмайды. Өткен ғасырдың соңын­дағы тоқыраудан ес жия алмас­тай есеңгіреген саланың бірі де осы тері өндірісі деуге болады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) берген статистикалық мәліметтер бүй дейді. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында елімізде 5,5 млн дана ірі қара, жылқы және ұсақ мүйізді мал терісі алынған. Олардың ішінде ресми түрде қайта өңдеушілерге және сауда желісіне 0,7%-ы ғана жеткізілген. Сандық мәліметтерден аңғарғанымыздай, бізде тері көп, бірақ оны қабылдайтын бекеттер мен өңдейтін орындар аз. Жоқ деуге аузымыз бармайды. Статистика комитетінің есептері былғары және оған қатысты өнімдер өндіретін кәсіпорындар санының күрт төмендегенін көрсетеді. Егер 2019 жылы осындай 42 компания болса, 2020 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны беске дейін азайған. Тіпті, сол бесеудің де басына қара бұлт үйірілген, экономикалық жағдайы мүшкіл.

ИИДМ 2016 жылдың бірінші қарашасынан бастап Қазақстан аумағынан ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуге тыйым салған еді. Бірақ, бұл бұйрық 2017 жылдың бірінші мамырына дейін ғана қолданыста болды. Бар болғаны 6-ақ ай қолданыста болған экспорттық тыйым жергілікті кәсіпорындардың тері өңдеу мөлшеріне қаншалықты әсер етті? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін түйткілі көп тері өңдеу саласының өз мамандарының пікіріне сүйене отырып, бұл тақырыпқа шолу жасайды.

ҚАЗАҚ ТЕРІСІНІҢ ҚЫЗЫҒЫН НЕГЕ КӨРШІ ЕЛДЕР КӨРЕДІ?

Әлқисса. Қазақтың қара мал терісінің пайдасын қырғыз бен қытай, түріктер мен өзбектер көріп отыр. Соңғы бес жылда Қазақстандағы былғары аяқ киім шикізатының экспорт көлемі 20 есеге артқан. Тері және тері өнімдерінің сыртқа көптеп кетуі қазір елімізде үкіметтік деңгейде талқыланып жатыр. Елдегі 5,5 млн мал шаруашылығы терісінің тек 0,7 пайызы ғана сатылымға шығады, қалғаны – қоқысқа кетеді. Ал, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мүшелері керісінше экспорттық салыққа тиіспеу қажеттігін айтып шырылдайды. Олар Үкіметке ұжымдық хат та жазыпты. Сала мамандарының бұл мәселеде айтатын ең басты уәждері – «тыйымның алынуы жеңіл өнеркәсіп саласындағы барлық кәсіпорындарға орны толмас шығын алып келеді, барлық қазақстандық шикізат шетел асып кетеді, ал отандық өндіріс орындарына өңдейтін дым да қалмайды».

«Егер тыйым алынып тасталса, онда былғары және аяқ киім саласының дамуы туралы мүлдем ұмытуға болады. Өзбекстанның шикізат көзіне айналып қана отырамыз», – дейді қауымдастық мүшелері.

Сала мамандарының айтуынша, сыртқа кететін теріге экспорттық тыйым болмаса, шетелдік инвесторлардан да айырыламыз. Мәселен, Арқалық былғары зауытының базасында қытайлық инвесторлармен ІҚМ терісінен желатин өндіретін құрылғының тасымалы үшін 500 мың АҚШ долларына келісімшартқа қол қойылған. Қауымдастық мәліметінше, дәл осындай өндіріс Қазақстанның оңтүстігінде бой түзеп жатыр. Егер тыйым алынып тасталса, онда инвесторлар қашып кетеді. Себебі, оларға дәл осындай қазақстандық шикізатты салықсыз-ақ импорттап, өз елдерінде жүргізгендері әлдеқайда тиімді болмақ.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТӘЖІРИБЕ НЕНІ КӨРСЕТТІ?

Рас, қайта өңдеушілер мен салалық қауымдастық өңделмеген тері экспортына тыйым салуды енгізуге байланысты ұсынысты бұрыннан айтып келеді. Мамандар шикізат шетелдерге тасымалданбай, саланың дамуы үшін орта құруды сұрайды.

Дегенмен, Статистика комитеті экспорттық тыйым жалпы былғары саласындағы өнімділіктің артуына еш әсер етпегенін хабарлайды. Мәселен, былғары және соған қатысты өнімдердің өндірісі 2016 жылы 155 млн шаршы дм-ден 102 млн шаршы дм-ге немесе 30%-ға төмендеген. 2017 жылы бұл көрсеткіш одан әрі азайған. Сол жылы бар болғаны 88 млн шаршы дм немесе 14,1%-ы өндірілген. 2019 жылы көрсеткіш 2018 жылдан 8%-ға төмен болды. Яғни, тері өңдеу кәсіпорындары өнімді үлкен көлемде өндіре алмады. 2019 жылы заттай мәнде 102 млн шаршы дм былғары өндірілді, бұл 2018 жылғы көрсеткіштерден 29%-ға төмен.

Енді мәселеге екінші қырынан үңілсек. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мәліметіне сенсек, 2016-2017 жылдарға тыйым салу ірі кәсіпорындарға өндіріс тиімділігі мен жүктемесін арттыруға көмектескен. Мысалы, «Тараз былғары аяқ киім» компаниясында аяқ киім өндірісі екі есе, ал салық аударымдары төрт есе өсіпті. Семей комбинатында тұтынылатын шикізат көлемі сегіз есе артыпты.

«Экспорттық тыйым 2019 жылдың наурыз-қыркүйек айларында да қолданылған болатын. Ол бізге – өндірушілерге қиын кезеңде жақсы көмектесті. Ең бастысы – шикізат бағасы арзандады. Айталық, егер бұрын бір тері үшін 6-7 мың теңге төлесе, бүгінде ең көбі 1,5 мың теңге. Мемлекеттік реттеу өндірушілерге пайда әкелді, бірақ сатушыларға үстеме пайда алуға кедергі жасады. Қазір көтерме сатушылар бағаны тұрақты ұстап отыр», – дейді «Almaty Tannery» былғары комбинатының бас директоры Қуат Аманжолов.

ОТАНДЫҚ АЯҚ КИІМГЕ НЕГЕ ЖАРЫМАЙ ОТЫРМЫЗ?

Бізге республикадағы тері өндірісінің қаншалықты ілгерілегенін немесе кері кеткенін долбарлау үшін отандық былғары өнімдері мен аяқ киім кәсіпорындарының соңғы уақыттағы нәтижесімен бөліссек те жетіп жатыр. Айталық, 2020 жылдың қаңтар-маусымында 549 мың жұп аяқ киім тігіліп, ол ел қажеттілігінің бар болғаны 1,8%-ын ғана қанағаттандырған. Былғарыдан жасалған бұйымдарға деген қажеттілік өсіп келе жатқан импорттың есебінен өтелуде. ҚР Ұлттық банкінің төлем балансының деректеріне сүйенсек, өткен жылы импорттық аяқ киім жеткізу көлемі 22%-ға ұлғайып, 367 млн долларға жеткен.

Иә, шымбайға батса да, үстіміздегі киіміміз, тұтынып отырған өніміміз, аяғымыздағы етігіміз де шетелдікі екені шындық. «Әрбір азамат қолжетімді бағамен отандық өнімді тұтынатын болса, еліміздің дамуына үлес қосар еді» деп дабыл қағамыз. Бірақ, әлемдік фабрикалармен иық тірестіруге бізде қабілет жоқ.

Республикада аяқ киімнің қаншалықты аз өндірілетінін түсіну үшін өнеркәсіптің ұлттық қауіпсіздігінің базалық көрсеткіштерін келтірсек те жетеді.

«Жеңіл өнеркәсіптегі тепе-теңдікті сақтау үшін Қазақстан тұтыну көлемінің 30% мөлшерінде өнім (киім және аяқ киім) шығаруы тиіс. Егер бұл үлес төмен болса, онда жеңіл өнеркәсіп саласы мүлдем құрдымға кетуі мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша, жыл сайын қазақстандықтарға кем дегенде 55 млн жұп аяқ киім қажет. Демек, біз шамамен 20 млн жұп өндіруіміз керек, ал ағымдағы жылдық көрсеткіш бар болғаны 1 млн жұп аяқ киім. Яғни, біз қажеттіліктің бар болғаны 1,8%-ын өтеп, қалғанын импортпен жауып отырмыз. Бұл аяқ киім өнеркәсібі үшін апатты жағдай», – дейді «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС бас директоры Еркебұлан Ералы.

Жеңіл өнеркәсіптің «күрета­мыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры алаңдауға тұрарлық. Олай дейтініміз, жылына еліміз­ден 7,5 млн тонна тері шикізат қалпында арзан ба­ға­мен шетел асады. Не­гіз­гі себеп – өнімді өңдейтін қазақ­стан­дық кәсіпорындар санының аздығы.

Қазақстан жеңіл өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Любовь Худова өндіріс дағдарысының негізгі себептерін шикізаттық фактордан көреді. Мал шаруашылығымен айналысатындар үй жағдайында мал сойғанда қажетті сапалы теріні ала алмайды. Содан терінің 80%-ы үшінші-төртінші сорттарға жатады. Бұл терілерге нарықта баға да белгіленбейді. Көптеген терілерге дұрыс күтім жасалмайды. Мал сойылғаннан кейін тесіліп, кесіліп кеткендері жиі кездесіп жатады.

Сала мамандарының сөзінен ұққанымыз, өңделмеген теріні экспортқа немесе өңдеуге жеткізу үшін малдың сәйкестендіру нөмірі болуы керек. Басқаша айтқанда, сиыр мен жылқыны бірыңғай ветеринарлық базада тіркеу қажет. Бірақ, ауылдарда сойылған малдың көпшілігінде мұндай нөмірлер жоқ немесе деректер дұрыс енгізілмеген, сондықтан теріні жинауға болмайды, сөйтіп олар кәдеге аспайды.

Мақаламыздың кіріспесінде былғары және оған қатысты өнімдер өндіретін кәсіпорындар санының тым аз екенін тілге тиек еткен болатынбыз. Қазір мұндай кәсіпорын бар болғаны бесеу ғана. Оның өзінің экономикалық ахуалы ауыр.

Жоғарғы сот алқасы осы жылдың 1 қыркүйегінде «Семей былғары-тері комбинаты» ЖШС-ін банкрот деп таныды. Сот құжаттарының деректері бойынша барлық кредиторлар алдындағы жалпы берешек 5,3 млрд теңгеден асады. Өткен жылы кәсіпорынның өндірісі тоқтап қалды. Маусым айының басында «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ проблемалық активтің теңгерім ұстаушысы ретінде мүліктік кешенді жаңа инвесторға – «Semey Tannery» компаниясына жалға берді. Кәсіпорын директоры Асхат Мирманов «Semey Tannery» ЖШС өзінің даму жоспарларын кем дегенде жалдау кезеңінің соңына, яғни 2021 жылдың желтоқсанына дейін тыныш жүзеге асыра алатынына сендіргендей болды.

«Жалдау туралы келісім жасалғаннан екі айдан кейін біз өндірісті бастадық. Шикізатты барабандарға салдық. Бүгінгі таңда біздің нарықтық мүмкіндіктерімізді бағалау мақсатында Еуропа және Қытай нарықтары үшін Wet blue жартылай фабрикаттарының шектеулі партияларын, отандық өндірушілер үшін дайын былғары, Украина, Беларусь және Ресей үшін бөлінген терілер шығардық. Өнімнің көлемі туралы айтуға әлі ерте, өйткені өткізу арналарын, логистиканы және барлық бағыттардың пайдалылығын түсіну қажет», – деп түсіндірді Асхат Мирманов.

Алматы былғары зауытының директоры Қуат Аманжоловтың айтуынша, өз басқарып отырған зауыттың толыққанды жұмыс істей алмауы халықаралық өткізу нарығының болмауына және жеткізу тізбегіндегі іркіліске байланысты. Компания әлі күнге дейін отандық серіктестер үшін көп тер төгіп келеді.

«Тараз былғары аяқ киім» ЖШС 500 мың жұп аяқ киім шығаруға қабілетті, бірақ қазіргі уақытта өзінің қуатының 20-25%-ын ғана пайдалануда. Мұны сұраныстың төмендеуімен және нарықта мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін арзан әрі сапасыз аяқ киімнің толығуымен түсіндіреді. Соңғы жылы былғары зауыты тоқтап қалды, жабдық басқа ғимаратқа көшірілді. Тек аяқ киім өндірісі жұмыс істейді.

«Қиындықтар тек бізге ғана қатысты емес, бұл – былғары және аяқ киім саласының дағдарысы. Бесінші жыл қатарынан аяқ киім өндірісі төмендеп келеді. Біріншіден, әрбір ірі өңдеушіде түпкілікті өнімнің өзіндік құнын арттыратын ескі несиелер бар. Сондықтан біз Қытаймен де, өзін аяқ киіммен қамтамасыз ететін көршілес Өзбекстанмен де бәсекеге түсе алмаймыз. Екіншіден, біздің ішкі нарығымыз қорғалмайды. Бізге экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыру бағдарламалары қажет», – деп ойын түйіндеді Еркебұлан Ералы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Расымен, қазақ еліне экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыратын бағдарламалар кешені қажет. Неге десеңіз, бізде тері көп. Ауылды жерлердегі әрбір үйде талай тері құр тулақ боп жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу ең­­бекті ақтамайды. Тым арзан. Өйт­кені, отандық өнімге сұраныс болмай отыр.

Әсілі, тері өте құнды зат. Бірақ, біз соны бағалай алмай жүрміз. Оның қызығын бізден арзан бағада шикізат күйінде сатып алып жатқан Қырғызстан мен Қытай көріп жатыр. Өзіміздің арзан теріміз бізге дайын қымбат аяқ киім, сөмке күйінде қайта келіп жатыр. Ал, терінің қаншасы өз елімізде қор болып, қоқысқа кетіп жатқанын айтпауға тағы болмайды. Қора-қорада үйілген терілерді өртеп құтылатын болдық. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп зар қағады.

Жоғарыда жазғандарымыздың басым бөлігі сол тері шикізаты мен өніміне экспорттық тыйым тоқтатылмаса деген ниеттен туындап еді. Яғни, экспортқа да, импортқа да тыйым салынса, барлығы өз елімізде өндірілер еді деген қиял ғой. Бірақ, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Бұл үкіметтік деңгейде шешілетін күрделі мәселе.  

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here