Қырғыздар төңкеріс жасауды неге әдетке айналдырды?

1
4496

1967 жылы режиссер Андрей Тутышкиннің «Свадьба в Малиновке» атты музыкалық комедиясы кеңестік экранға шықты. Картинада актер Евгений Лебедев сомдаған кейіпкер Нечипор ата «Опять власть меняется!» дейді. Фильмге Азаматтық соғыс тұсындағы биліктегі кезекті ауыс-түйістер арқау болады. Ал, Нечипор ата жүз жылдан кейін болғанда заманауи Қырғызстанға тап болып, өзінің Малиновкасындағыдай сезінер еді. Өйткені, 5 қазан күні Қырғызстан астанасы Бішкекте кезекті жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, шерушілер үшінші рет Ақ үйдің тас-талқанын шығарды.

Бішкек. 2005 жыл. Сөз сөйлеп тұрған Алмазбек Атамбаев.

АҚАЕВТЫҢ АҚЫРЫ

Асқар Ақаев ел тізгінін қолына алғаш 1990 жылы ұстады. 1991 жылғы сайлауда тәуелсіз Қырғызстанның тұңғыш президенті атанды. Алғашқы сайлауда халықтың 95,3 пайыз дауысын иеленді. 1995 жылғы президент сайлауында 71,5 пайыз дауыспен қайта сайланды. 2000 жылғы сайлауда 74,4 пайыз дауыспен үшінші рет мемлекет басшылығында қалды.

2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда халық көтеріліп, елді 15 жыл басқарған Асқар Ақаев елден қашуға мәжбүр болды. Тарихта «қызғалдақ революциясы» деген атпен қалған оқиғаға қатысты Асқар Ақаев түсініктеме берген-ді. Экс-президент көп қан төгілмес үшін елден кеткенін, бұл өзінің жеке шешімі болғанын айтып және Ақсы оқиғасына Құрманбек Бакиев бастаған оппозицияны кінәлап, атысты солар ұйымдастырғанын мәлімдеген.

Қазір Асқар Ақаев отбасымен Мәскеуде тұрады. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сабақ береді.

Бішкек. Екінші президент елден қашқан кез. 2010 жыл.

БАКИЕВТІҢ «БАНДАСЫ»

«Қызғалдақ революциясынан» кейін билік басына Құрманбек Бакиев келді. 2005 жылғы президенттік сайлауда 88,7 пайыз дауыспен елдің екінші президенті атанды. Содан билікті «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Маңайына туыстарын, достарын жинады. Билік тұтқасы солардың қолына өтті. Ал, 2009 жылғы сайлауда Құрманбек Бакиев 90 пайыздан артық дауыс алды. Бұл жолғы сайлауда оның қарсыласы Алмазбек Атамбаев болды. Дегенмен, кландар арасындағы таққа талас, халықтың төмен тұрмыс деңгейі, Атамбаевтың қарсылығы 2010 жылдың көктемінде екінші революцияға ұласты. Алайда, Бакиев Ақаевқа қарағанда оппозиция өкілдеріне жылы қабақ таныта қоймады. Шерушілерге оқ атылды. Жүзге жуық адамның қаны төгілді. Бірақ, оппозиция бәрібір жеңіске жетті. Бакиев отбасымен Беларусьтен пана тапты. Екінші президенттің үстінен туған елінде бірнеше қылмыстық іс қозғалып, ол 25 жылға сырттай сотталды.

Бішкек. Болмай қалған революция. 5 қазан, 2020 жыл.

АТАМБАЕВТЫҢ БОЛАШАҒЫ

Бакиевтен кейін өтпелі кезеңде Қырғызстанды Роза Отынбаева басқарды. Кейін 2011 жылғы сайлауда 63,2 пайыз дауыспен Қырғызстанның төртінші президенті Алмазбек Атамбаев болды. Кезінде өзі қуғынға ұшыратқан экс-президенттер Ақаев пен Бакиевтің кебін енді Атамбаевтың да өзі киді. Қазір экс-президент түрмеде отыр. «Өгізге туған күннің бұзауға да туатыны» рас екен. Қазіргі президент Жээнбеков пен Атамбаев арасындағы талас-тартысты қозғасақ сөз ұзарады. Оның үстіне бұл тақырыпқа былтыр кеңінен тоқталғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Қырғызстанда бәрі де болуы мүмкін екенін соңғы жағдай анық байқатты. Сондықтан Атамбаевтың да, Жээнбековтің де алдағы тағдыры белгісіз. Әлемдік қауымдастықты әлі талай «қызықтар» күтіп тұр.

Шерушілер үшінші рет Ақ үйдің тас-талқанын шығарды. 5 қазан, 2020 жыл.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қос бірдей төңкеріс жасаған айыр қалпақты ағайын қанша тырысса да, күні бүгінге дейін Қырғыз Республикасын дамудың даңғыл жолына түсіре алмады. Демократияға деген ұмтылыстары елдегі тұрақсыздықтың орын алуына, экономиканың құлдырауына алып келді. 4 қазандағы Парламент сайлауынан кейін көрші елде тағы бір төңкерістің белгілері орын алды. Ақ үй құлаудың аз-ақ алдында қалды. Дегенмен, Жээнбеков те оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Елден қашпады. Шерушілерге қарсы оқ та атпады. Үнсіздік ұстады. Сол арада таққа талас басталды. Сайлауда жеңілген партиялар ортақ шешімге келе алмады. Өкінішке қарай, бұл жолы да 2005, 2010 жылдардағы шеруден кейінгі тәртіпсіздіктер, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, тонау қайталанды. Мәселен, шерудің алғашқы күні Джеруй алтын өндіретін кен орнын жергілікті тұрғындар басып алып, мүлкін тонады, ол аздай бір ғимаратын өртеп жіберді. Соның салдарынан кен орны жұмысын тоқтатты. Бүгін компания басшысы Асқар Сыдыков 25 млн доллар шығынға батқандарын жария етті.

Бәрін айт та, бірін айт, төңкерістің жырын айт. Бір күнде Садыр Жапаров түрмеден Үкімет басына келді. Парламент сайлауының қорытындысы жоққа шығарылды. Сөйтіп, барлық тарап заңды белшесінен басты.

Иә, бұл қырғызша демократия!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, саяси шолушы

 

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here