Коронавирус пандемиясы ЕАЭО елдерінің экономикасына қалай әсер етті?

0
4676

Коронавирус пандемиясы әлем елдерінің сыртқы саудасына да кері әсер етті. Алыс-беріс, барыс-келіс көктемде мүлдем тоқтап, жазда саябырсып қалғанда барлық елдердің экспорт пен импорт көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Ал, халық даналығында «Балапанды күзде санайды» деген түсінік бар. Яғни, қазіргі тілмен айтсақ, осы күзде барлық елдер пандемияның экономикаға келтірген шығынын санап жатыр. Өкінішке қарай, экономикалық шығын шаш-етектен. Бюджет тапшылығы, жаппай жұмыссыздық белең алды. Демек, локдауннан әлемдік экономиканың «нокдаунға» түсіп кетуі ғажап емес. Экономикалық сарапшылар осылай болжам жасайды.

Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің президенттері арасында 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған келісім негізінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құрылып, 2015 жылдың 1 қаңтарында шарт күшіне енген еді. Қазір бұл экономикалық одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдері мүше. Бес елде 186 млн халық тұрады. Яғни, бұл – үлкен нарық. Ал, әлемдік экономикаға соққы берген коронавирус пандемиясы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасындағы сауда-саттыққа қалай әсер етті? Сарапшылар болжамы қандай? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті ЕАЭО елдері арасындағы сыртқы сауданың негізгі нәтижелерімен танысты.

Түрлі әлемдік институттар коронавирус пандемиясы әлемнің барлық елдерінің, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің сыртқы сауда белсенділігіне айтарлықтай кері әсер еткенін айтып та, жазып та жатыр. Карантин шараларына байланысты ішкі іскерлік белсенділікті тоқтата тұрудан басқа тағы бір теріс фактор, ол – сыртқы сауда көлемінің қысқаруы болып отыр. Бұл ЖІӨ өсуін ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттерге түсетін түсімдер көлемін де тежейді. Сауда қатынастарының дамуы кем дегенде алдағы 3-6 айда белгісіз болып қалуда, бірақ түрлі институттар оларды біртіндеп қалпына келтіруге мүмкіндіктің барын да жоққа шығармайды.

2020 жылдың бірінші жарты жылының қорытындысы бойынша жаһандық сауданың жай-күйі дабыл қағарлықтай. Маусым айында Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) арнайы индекстің тарихта болмаған минимумға, яғни 84,5%-ға дейін төмендегенін жария етті. Соңғы рет көрсеткіштердің бұлай құлдырауы 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде байқалған болатын. Сауда индекстерінің қатты төмендеуі автокөлік өнеркәсібі (-71,8%) мен әуетасымал (-76,5%) салаларында байқалды. Контейнерлік тасымалдар 86,9%-ға және экспорт көлемі 88,4%-ға дейін төмендеді.

Жалпы, ЕАЭО мүшелерінің жағдайы да айтарлықтай жақсы емес. Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сүйенсек, олардың үшінші елдермен сыртқы саудасының жалпы көлемі 2020 жылдың 7 айында 342 млрд долларға, яғни 17,3%-ға дейін құлдырапты. Экономикалық одақ елдері өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тауарларды шамамен 23%-ға немесе 59,5 млрд долларға аз экспорттап, ал импорт көлемі 8%-ға немесе 12,1 млрд долларға төмендепті. Нәтижесінде сыртқы сауданың профициті екі есе қысқарды – бір жыл бұрынғы 63,8 млрд доллардан 111,2 млрд долларға дейін.

Қазақстан экспортының көлемі 2019 жылғы қаңтар-шілдедегі деңгеймен салыстырғанда 87,4%-ды құрады. Еліміз өзінің негізгі тауары − минералдық ресурстарды жеткізуді 16,2%-ға қысқартуға мәжбүр болды, оларға барлық экспорттың шамамен 73%-ы тиесілі. Металдар мен металл бұйымдарын сату 5%-ға, ал азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізатын сату 9,6%-ға қысқарды. Дегенмен, оң нәтиже химия өнеркәсібі өнімдерінің сегментінде тіркелді. Оларды сату көлемі 37,2%-ға артты (саланың өзі экспорт құрылымында тек 4,7%-ды ғана алады).

Ел импорты 6%-ға ғана қысқарды. Мемлекет автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдарын 1%-ға (тауарлардың бұл санатына импорттың жартысынан сәл азы келеді), металдар мен олардан жасалған бұйымдарды 3,5%-ға, азық-түлік пен ауыл шаруашылық шикізаттарын 8,6%-ға, тоқыма бұйымдары мен аяқ киімдерді 16,3%-ға аз сырттан сатып алды. Бұл ретте химия өнеркәсібі өнімдерін әкелу 8,1%-ға ұлғайды (ол барлық импорттың 16,4%-ына тиесілі). Біздегі сыртқы сауданың көрсеткіші осындай.

Көрші Қырғызстанның қазіргі жағдайда ЕАЭО мүшелерінің арасында экспорт көлемін 14%-ға ұлғайта алған жалғыз мемлекет болып шықты. Бірақ, бұл негізінен қымбат металдарды жеткізудің 34,1%-ға өсуіне тікелей байланысты болды (бұл тауарлар санатына ел экспортының 74%-ы тиесілі). Бұл ретте минералдық өнімдерді сату 24,4%-ға, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы шикізатын сату – 23,6%-ға, ал автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдары – 12,7%-ға қысқарды. Алайда, елдің импорты 41,8%-ға, негізінен автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алудың 39,2%-ға төмендеуіне байланысты қысқарды. Химия өнеркәсібі өнімдері – 21,2%-ға, сондай-ақ тоқыма бұйымдары мен аяқ киімдердің көрсеткіші үш есеге жуық төмендегені белгілі болды.

Өкінішке қарай, айыр қалпақты ағайын елінде соңғы уақыттағы демократияға деген ұмтылысынан соң сыртқы сауда айналымының одан сайын әлсірей түскенін бағамдау қиын емес. Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықтың салдарынан ел экономикасы 8 млрд сом мөлшерінде шығынға ұшырады. Саяси тұрақсыздыққа байланысты жергілікті кәсіпкерлер мен шетел серіктестері бірлескен жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бизнес-қауымдастық бірлестігінің мәліметінше, 210 млн долларға бағаланған 20-дан аса келісімшарт пен жобаның күші жойылды. Енді осының салдарынан елде жұмыссыздық артып, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін.

Қазірдің өзінде Алатаудың арғы жағындағы елдің экономикалық жағдайы күрделі. Өйткені, Ресей Федерациясы саяси жағдай тұрақталып, мемлекеттік органдардың қызметі қалпына келгенге дейін Қырғызстанға қаржылай қолдау көрсетуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Ал, Мәскеу Бішкекке 2019 жылы 30 млн долларды қайтарымсыз көмек ретінде берген болатын. 2005 жылдан бастап орыстар қырғыздардың 700 млн доллардан артық қарыздарын кешірді. Бұл – бір. Екіншіден, коронавирус пандемиясына байланысты Ресей мен Қазақстандағы қырғыз мигранттарының отандарына ақша аударымдары азайды. Содан Қырғызстанда бюджет тапшылығы орын алды. Жыл соңына дейін әлеуметтік шығындарды жабуға бюджетке қосымша 30 млрд сом керек. Ал, 2021 жылдың бюджеті де әлі бекітілген жоқ. Үшіншіден, Қырғызстанның сыртқы қарызы 5 млрд долларға жетті. Бішкек Бейжіңге 1,7 млрд доллар қарыз. Сол қарызды 2021 жылы қайтаруды бастауға міндетті. Өйткені, төлеуді кейінге қалдыруға болмайды. Қырғыздар ондай мүмкіндікті биыл пайдаланып қойды. Қытай Ресей сияқты кешіре салмайтынын Бішкек жақсы түсінеді. Содан билік қарызды қайтаруға халқынан көмек сұрап жатыр. 

Қырғызстанның жаңа билігі тығырықтан шығар жолды қарастырып жатқаны да рас. 19 қазанда Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Еуропалық Одақтың Орта Азиядағы өкілі Петер Бурианмен телефон арқылы сөйлесті. Қырғыз министрі Брюссельден материалдық көмек сұрады. Дегенмен, кәрі құрлықтан көмек бола ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Өйткені, Еуропалық Одақ та Жапаров билігіне жылы қабақ таныта қойған жоқ.

Беларусь экспортының көлемі алғашқы 7 айда 27,6%-ға төмендеді. Бұл негізінен химия өнеркәсібі өнімдерін жеткізудің шамамен 19%-ға төмендеуіне, минералды өнімдер саудасының 2,5 есе қысқаруына және автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдарын сатудың 6,6%-ға төмендеуіне байланысты болды. Соған қарамастан Шығыс Еуропадағы ел азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатының экспортын 1,5 есеге арттыра алған.

Беларусь импорты да 8,7%-ға төмендеді. Бұл негізінен автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алудың 5%-ға, әкелінген азық-түлік пен ауыл шаруашылығы шикізаты көлемінің 11,5%-ға төмендеуімен, сондай-ақ тоқыма бұйымдары мен аяқ киімге сұраныстың 28,1%-ға қысқаруымен байланысты. Бұл ретте Беларусь минералды өнімдер импортын 4 есеге жуық ұлғайтты. Алайда, екі айдан бері Беларусь елінде де саяси тұрақсыздық орын алды. Бұл, әлбетте, ел экономикасына кері әсер етеді.

Армения экспортының көлемі соңғы 7 айда 2,6%-ға азайды. Азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізатын сату 1,5%-ға (ел экспортының 17,6%-ы осы салаға тиесілі), ал металдар мен олардан жасалған бұйымдарды сату 19,5%-ға қысқарды. Сонымен қатар, минералды өнімдерді жеткізу 19,5%-ға өсті (Армения экспортының құрылымында бұл көрсеткіш 45,8%-ды құрайды). Ал, ел импорты 22,7%-ға негізінен автокөлік, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алудың 35,8%-ға төмендеуі есебінен қысқарды (оларға Армения импортының үштен бір бөлігі тиесілі). Сонымен қатар, ел азық-түлік пен ауыл шаруашылығы шикізатын 8%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерін 7,7%-ға және тоқыма бұйымдары мен аяқ киімдерді 31,8%-ға аз импорттады.

Өкінішке қарай, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс кішкентай елдің экономикасына үлкен мәселе тудырды. Ал, Ереванның тығырықтан қалай шығатыны алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Нақты болжам айту қиын.

ЕАЭО елдерінің арасында ең үлкен нарық Ресей Федерациясына тиесілі. Үлкен экономикасы бар елдің мәселелері де сәйкесінше үлкен болады. Сол айтқандай, солтүстіктегі көрші елдің экспорты 24%-ға қысқарды. Ал, экономикасы шикізатқа тәуелді ел сыртқа мұнай-газ өнімдерін 34%-ға аз сатты (ел экспортының 58%-ы осы салаға тиесілі). Импорт 7 айда 7,5%-ға төмендеді.

Еуропалық Одақ ЕАЭО елдерінің экспорттық тауарларын негізгі сатып алушы болып қалуда. Оған жиынтық экспорттың 39,4%-ы тиесілі. Ең үлкен сұраныс Нидерландыға (8,4%), Германияға (5,2%) және Италияға (4,8%) келеді. Азия-Тынық мұхиттық экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдері ЕАЭО елдері экспорттайтын өнімнің 30,8%-ын тұтынады. Тауарлардың басым бөлігі Қытайға (16,6%), Оңтүстік Кореяға (3,9%) және АҚШ-қа (3,2%) жеткізіледі. ТМД елдеріне ЕАЭО қатысушылары тауарлардың тек 5,5%-ын ғана сата алды.

ЕАЭО елдері арасындағы тауарлардың өзара саудасына келетін болсақ, оның көлемі өткен 7 айда 13,4%-ға немесе 29,3 млрд долларға дейін қысқарды.

Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) зерттеуіне сенсек, ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасы жаппай ЖІӨ өсімінің әлеуетті қарқынының өзгеруімен емес, циклдік құлдыраумен бетпе-бет келді. Институттың есептеулері егер әлем коронавирус пандемиясына тап болмаса, Қазақстанның ЖІӨ-нің әлеуетті өсімі 2,7%-ға, Ресейде – шамамен 1%-ға, Қырғызстанда – 3,6%-ға, Беларусьте – 1,5%-ға, Арменияда – 4,8%-ға дейін құрауы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл өсімді көп жағдайда ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасы қамтамасыз етуге тиіс болатын. Бірақ, аталған елдер өсімнің орнына 3-11% шегінде экономиканың құлдырауына тап болды. Пандемияның ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық көрсеткіштеріне әсері ЕАДБ-нің қазіргі және өте салмақты есептеулеріне қарағанда анағұрлым елеулі болуы мүмкін. Экономикалық өсуді қалпына келтіру көбінесе мемлекеттердің экономикалық саясатының тиімділігіне байланысты болады. Дегенмен, ұзаққа созылған құлдырау жағдайында инвестициялық белсенділік депрессияға ұшырайды, бұл сыртқы сұраныстың әлсіздігін көрсетеді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы, өз кезегінде, қыркүйектің ортасына қарай қызметтердің әлемдік сауда индексінің 95,6%-ға дейін төмендегенін мәлімдей отырып, кейбір негізгі секторлардың тез қалпына келе бастағанын жариялаған болатын. Атап айтқанда, пандемия кезінде 49,2%-ға төмендеген әуе тасымалы индексі құлдыраудың төменгі нүктесіне жетті. Жақсару белгілері кейбір салаларда байқалып келеді. Алайда, сыртқы сауданы қалпына келтіру қарқыны жоғары болмайды – индекстердің көп бөлігі осы жылдың екінші жартысында төмен болуы мүмкін. ДСҰ жағдайдың тек авиация саласында ғана түбегейлі жақсаруын болжайды. Бірақ, бұл болжамдар алдағы 3-6 айда карантин шаралары күшейген жағдайда ақталмауы да мүмкін.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанның Ұлттық банкі болжамдарға оптимистік көзқараспен қарайды. Елдің негізгі сауда серіктестері арасында экономикалық жағдайдың көп бағытты дамуын атап өте отырып, реттеуші оң нәтижелерді тауар нарығын, ең алдымен мұнай нарығын қалпына келтірумен байланыстырады. Соңғы үш айда көмірсутектер бағасының құбылмалылығы ОПЕК+ мәмілесіне қатысушылар арасында жасалған келісіммен және АҚШ пен Канадада мұнай өндірудің төмендеуімен, әлемдік тұтынудың өсуімен тоқтатылды. Осының барлығы Ұлттық банкке 2020-2021 жылдары мұнайдың орташа бағасы болжамының базалық сценарийін барреліне 40 доллар деңгейінде құруға мүмкіндік берді. Бірақ, қазақстандық реттеуші онсыз да 2021 жылы Қытайдың, Ресейдің және елдің басқа да сауда серіктестерінің өсу траекториясына оралуын күтуде.

ЕАДБ өзінің базалық сценарийіне әлемдегі және ЕАЭО елдеріндегі карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдету перспективасын да қосады. Сауда ағындарының ұлғаюына институт жұмыс істейтін елдер билігінің дағдарысқа қарсы стратегиялары да ықпал ететінін алға тартады. Алайда, эпидемиялық жағдайдың нашарлау қаупінен басқа, Ресеймен, мүмкін Беларуське қатысты санкциялармен, сондай-ақ шетелдік нарықтардағы протекционистік саясатпен байланысты геосаяси шиеленістің күшею қаупі бар. Осыған байланысты ЕАДБ экономистері өндірістік және сауда тізбектерін аймақтандыру процесін жеделдетуді күтуде. Олар ЕАЭО елдері үшін сыртқы саудадағы қадамдарды жеңілдетудің басты тәсілі болуы мүмкін деп санайды.

Бір анығы, коронавирус пандемиясы ЕАЭО елдерінің экономикалық көрсеткіштерінің оң нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді. Ал, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдеріндегі бүгінгі саяси жағдай жығылғанға жұдырық болады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here