Алғыс пен қарғыс: Горбачевке Нобель сыйлығы неге берілді?

1
7894
КСРО президенті Михаил Горбачев (оң жақта) және АҚШ президенті Джордж Герберт Уокер Буш. Хельсинки, Финляндия, 1990 ж.

Нобель сыйлығы Альфред Нобельдің өсиетнамасына сәйкес 1895 жылы құрылған. Сондықтан ол швед өнертапқышы және өнеркәсіп иесінің атымен аталады. Сыйлық әдебиет, физика, физиология және медицина ғылымдарына енгізген жаңалық пен бүкіл әлемде бейбітшілік жасауға іс-әрекет еткен тұлғаларға марапат ретінде беріледі.

Сыйға лайық деп табылғандардың тізіміне көз жүгіртсек, Нобель әркімге-ақ бұйырмағаны белгілі болады. Марапат маңдай тер мен ерен еңбектің үлгісін көрсеткендерге ғана үлестіріледі. Бұл – халықаралық сыйлықтар ішіндегі ең беделдісі.

Осыдан отыз жыл бұрын, 1990 жылдың 15 қазанында КСРО Президенті Михаил Горбачевке Нобель сыйлығы табысталды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Горбаечевке бұл сыйлықтың қалай бұйырғанын байыбына бара баяндайды.

БЕЙБІТШІЛІК БІТІМГЕРІ

Горбачевтің кезінде марапатқа лайықтыны таңдау үшін қойылатын талаптар басқаша еді. Нобель комитеті бұл сыйлықтың «оның бейбітшілік үдерісіндегі жетекші рөлін ескеру үшін» беріліп жатқанын ресми түрде мәлім етті. Басшылық Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастарда айтарлықтай өзгерістер орын алып, мәселелердің бітімгершілікпен аяқталғанын және көптеген еуропалық мемлекеттер «еркіндікке ие болғанын» да сөзге қосты. Жиын барысында қару-жарақты бақылауға бағытталған прогресс, бірқатар аймақтық жанжалдардың сәтті шешілгендігі, кеңестік қоғамның ашықтығы және Горбачевтің осы өзгерістерге қосқан үлесі атап өтілді.

1985 жылы 54 жасында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып сайланған Михаил Горбачев кеңес қоғамын реформалауға бағытталған жариялылық және қайта құру саясатын жүргізді. Одақ көшбасшысының жаппай қырып-жоятын қару қорын азайту, Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару сияқты еткен еңбектерін ешкім жоққа шығармайды. КСРО-ның сыртқы саяси ұстанымдары негізінде Батыспен арадағы жағдайдың тұрақталғаны да шындық. Елде алғашқы еркін сайлаулар өтіп, компартияның «жетекші әрі бастаушы» рөлі жойылды. КСРО президенті қызметі енгізіліп, Горбачев оның тұңғыш әрі соңғы президенті ретінде тарихта қалды.

Батыс елдеріндегі серіктестерімен достық қатынасты нығайта түскен Горбачев сыртқы саясаттағы қадамдарының социалистік қоғамдастықтың ішкі жағдайына қалай әсер ететіндігін ескере бермейтін еді. Бұндай күрт өзгерістер Шығыс Еуропа мемлекеттерімен дәстүрлі байланыстың үзілуіне әкелді. Бұған бір жағынан бұрынғы одақтастармен экономикалық есеп айырысудың долларлық негізге ауысуы да ықпал етті.

НЕМІСТЕР НЕГЕ ГОРБАЧЕВТІ ҚАТТЫ ҚҰРМЕТТЕЙДІ?

Қырғи қабақ соғыстардың азаюымен жер бетінде саяси өзгерістер орын алды. Бірақ, Горбачев жоғары бағалаған «жаңа саяси ойлауға» негізделген саясат тұрақты бейбітшіліктің бастауы бола алмады. Кеңес Одағына қарсы тұру үшін құрылған Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) Варшава келісімі күшін жойғаннан кейін өз мақсаты мен міндетін өзгертіп қана қоймай, одан әрі күш алып, құлашын шығысқа қарай сермей бастады. Жалпы алғанда 1990 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта одаққа бұрынғы социалистік лагердің 15 елі қосылған.

Бейбітшілікті нығайту турасында сөз болғанда Горбачевтің Германияны біріктіру туралы әрекетін ерекше атап өткен жөн. Бұл бастама «Берлин қабырғасы» құлағаннан кейін жылдам іске аса бастады. Әлемдік саясатқа көз жүгіртіп, шолу жасасақ, түрлі себеппен қаққа бөлініп, бір ұлт болса да еншісі бөлек екі мемлекетке айналған Корея, Судан, Конго сияқты елдер қатарына бір кездері Германия да кірген. Сол кезеңдердегі КСРО басшысы Сталин Германияны бөліске салғанмен, болашақта оның қайта бірігуіне ешқандай ел тосқауыл бола алмайтындығын көрегендікпен болжаған еді. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен державалардың ықпалымен ГДР және ГФР болып екіге бөлінген немістердің араға 40 жыл салып қайта бірігуі тарихи жағдай болды. Осынау оқиғаның ортасында КСРО-ның алғашқы және соңғы басшысының тұруы өз алдына бөлек әңгіме.

Социалистік лагерьдегі өзгерістер 1985 жылы КСРО басшылығына Михаил Горбачевтің келуімен орын ала бастады. Нәтижесінде 1989 жылы  шығыс пен батыс қарама-қайшылығының, капитализм мен социализм күресінің көрінісі іспетті 155 шақырымға созылып жатқан бетон қабырға бұзылды. 1990 жылы қыркүйекте Германия канцлері Гельмут Коль мен Кеңес президенті Горбачев өз әскерлерін Германиядан шығару туралы келісімге қол қойды. Келісім бойынша қабылданған заң жыл соңына дейін іске асуы  қажет еді. Нәтижесінде 1990 жылдың 3 қазанында ГДР мен ГФР ресми түрде біріктірілді. Бұл тарихи істі ұйымдастыруда Одақ басшысының атқарған қызметі ерекше еді. Сол себептен де немістердің Горбачевке айтар алғысы зор. Мысалы, күні кеше Германияның Дессау-Росслау қаласында Горбачевтің ескерткіші қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қаланың бұрынғы басшысы Ханс-Георг Отто: «Горбачевсіз бейбіт революция және немістің бірлігі болмас еді», – деп ашық айтты. Бұл тас мүсіннің ашылу салтанаты неміс бірлігінің 30 жылдығына орайлас келуі де кездейсоқ емес. Кеңес Одағының алғашқы және соңғы басшысы елді өз ішінен біріктіріп қана қоймай, Германияның НАТО-ға мүшелікке өтуіне де ықпал етті. Деректерге сүйенсек, бұл келісімнің негізінде Германияның КСРО-ға ауқымды несие беру туралы уәдесі тұруы мүмкін. Бірақ, бұл тек уәде күйінде қалған. Себебі, одан кейін КСРО-ның өзі де тарих қойнауына кетті.

1991 жылдың күзінде Горбачев Германия Федеративті Республикасының болашақ президентімен және сол кездегі Қаржы министрлігінің хатшысы Хорст Кёлермен кездесті. Отырыс барысында ол өзінің адамзат алдындағы қызметтерін еске салуға тырысты. Кейінірек Кёлер Горбачев туралы: «Ол коммунизмді іс жүзінде жойды. Зорлық-зомбылықсыз. Қан төгілген жоқ. Менің ойыма басқа ештеңе келмейді», – деп атүсті пікірін білдірді. Осы тұста канцлер Горбачевтің Германияны біріктіру және Кеңес әскерлерін елден шығару үшін өтемақы талап  етпегенін, Мәскеу жағы әрекет етпесе, әскерлер Германия шенінде әлі де болуы мүмкін екендігін түртіп өтуге тиіс еді.  

ГОРБАЧЕВТІ КІМ МАҚТАДЫ, КІМ ДАТТАДЫ?

Бұрынғы кеңестік республикалар мен социалистік лагерь елдері Михаил Горбачевті «саясаты Шығыс Еуропада, сондай-ақ КСРО-ның өзінде де жергілікті қақтығыстардың пайда болуына әкелді» деп айыптайды. Әйгілі «Берлин қабырғасын» құлатқаны үшін Германия өзін Горбачевқа қарыздар санаса, Ресей үкіметі бұл істі о бастан құп көрмеген. Екіге бөлінген бір ұлтты біріктіруге күш салған КСРО президенті «Польшаны – поляктарға, Венгрияны – венгрлерге, Германияны – немістерге бергенім үшін кінәлімін бе?» деп кезінде ақталған еді. Бірақ, Михаил Сергеевич жаһандық бітімгер ретінде танылғанға дейін ұлтаралық даулар орын алып тұрғаны тағы бар. Шиеленістің алғашқы легі 1986 жылы Якутияда (Саха) көрініс тапты. Онда орыс пен якут жастары арасында жаппай қақтығыстар болды. Осыдан кейін бізде де Желтоқсан көтерілісі орын алды. 1988 жылғы Қарабақ қақтығысы ең ірі көтеріліс ошағы ретінде тарихта қалды. Өзара этникалық «тазартудан» кейін армяндардың Әзербайжаннан, әзербайжандардың Армениядан кетуі басталды. Бұл жанжал әлі де жалғасып келеді. Қазір Әзербайжан мен Армения арасында соғыс жүріп жатыр. Этникалық негіздегі мұндай қақтығыстар Грузияда, Молдовада, Орта Азияның бірқатар республикаларында орын алды.

Алайда, Кеңес Одағында Горбачевке Нобель сыйлығын беру туралы шешім ешқандай ашық қарсылық тудырмады. Кеңес Одағы көшбасшысының әлемдік шиеленісті бәсеңдеткені және Германияның қайта бірігуіне ықпал еткені үшін марапат алғандығы халық тарапынан қарапайым нәрсе ретінде қабылданды. «От басында, ошақ қасында» ғана Горбачевті даттағандар болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Горбачев сый алған сәтте КСРО-ның ыдырауына бір жылдай уақыт қалған еді. Нобель сыйлығы соңғы кеңес басшысының осы «жетістігі» үшін алдын ала марапат болған секілді. Не болса да, Михаил Горбачев екінің бірі қол жеткізе бермейтін Нобель сыйлығына ие болды. Және бейбітшілік пен бітімгерлік бағытындағы ерен еңбегі үлкен марапатқа лайық-ақ еді. Кеңес көшбасшысының келісті саясаты тарих толқынында «таңбалы басты адамның» аңызға бергісіз шындығы болып қалары сөзсіз. Горбачевке қырық жылдан кейін қайтадан бүтін бір елге айналған немістер, бодандықтың құрсауынан шыққан бұрынғы кеңестік республикалар алғыс айтса, импералистік көзқарастағы орыстар қарғыс айтып жүр.

Айта кетейік, биыл 10 сәуірде Михаил Горбачев «ең ұзақ өмір сүрген ресейлік билеушісі» атағын иеленді. Бұған дейін бұл атақ Александр Керенскийге тиесілі болған еді. Ол 1881 жылы дүниеге келіп, 1970 жылы 89 жасында қайтыс болды. Кеңес Одағы тарихындағы тұңғыш әрі соңғы президент Горбачев 1931 жылы 2 наурызда дүниеге келген. Яғни, бүгінгі таңда ол 89 жаста.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here