1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанда алғаш рет егемендіктің символы, мемлекеттің ақша жүйесінің негізі – ұлттық валюта айналымға енді. Бастапқыда кеңестік рубльдің қазақша атауын «сом» деп қалдыруды жоспарлайды. Бірақ, 1993 жылы 3 мамырда Қырғызстан бұл атауды қолдана отырып, өзінің ұлттық валютасын енгізді. Сол кезде шешім тамыры моңғол билігіне жайылған теңгенің ежелгі атауының пайдасына шешілді. Идеяны экономист Сауық Тәкежанов ұсынды.
Бүгінде ұлттық валютаның қалай жасалғаны туралы action жанрында толыққанды фильм түсіруге болады. Декорациялар сұрғылт болуы тиіс: бұл жаппай тапшылықтың уақыты болатын, бос тұрған дүкен сөрелері үрей тудырып, электр, газ, жылу сынды өркениеттің игілігі жиі өшіріліп тұрған шақта жұрт адам айтса нанғысыз қауесетпен бір-бірінің зәресін алды. Бұлай болуы да заңдылық еді.
Сонымен, 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің Орталық банкі 1961-1992 жылдардағы үлгідегі кеңестік ақша белгілерін, сондай-ақ 1992 жылғы үлгідегі 5 және 10 мың рубль номиналындағы ресейлік купюраларды айналымнан шығару үшін акция өткізді. Бұл, шын мәнінде, ескі рубльдің құлдырауын білдірді. Соның нәтижесінде Қазақстанға ескі үлгідегі ақша ағыны құйылды. Тауарлар мен қызметтердің бағасы бірден 50 есеге аспандап кетті, ал салымдар тез құлдырай бастады. Сол кезде ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі ақша реформасын жүргізу және өз валютасын енгізу туралы шешім қабылдады.
«Ұлттық валютаны енгізу объективті қажеттілікке айналды. Экономикалық бірлестіктің қашан да ұтымды екені даусыз. Бірақ, нарықтық негіздегі интеграция – бұл тіпті күшті әрі бай мемлекеттер үшін де өте күрделі мәселе. Еуропалық Одақты алайық. Ортақ валютаны енгізу үшін көп уақыт қажет болды. Шындығында, біз, сол уақытта, тоқсаныншы жылдардың басында интеграцияға дайын болмадық. Конфедерация туралы да әңгіме жүрді. Яғни, республикаларға саяси тәуелсіздігін беріп, бірақ бірыңғай ақша бірлігін қалдырып, қаржы жүйесін сақтауға болатын еді. Бұл бір жағынан ТМД-ның барлық елдері үшін пайдалы болды. Бірақ, Ресей үкіметі өз валютасын құруға шешім қабылдағандықтан, Қазақстан жаңа рубль аймағына өту үшін тек Татарстан немесе Башқұртстан атынан ғана кіре алатындықтан, бұл мүлдем тиімсіз шешім болды», – деп еске алады Қазақстан Ұлттық банкі басқармасының бірінші төрағасы Ғалым Байназаров.
Мұндай жағдай Қазақстанда алдын ала болжанып, оған дайын болды. 1992 жылдың ақпан айында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Байназаровты шақырып, оның алдына ұлттық валютаны дайындап, енгізу жөнінде аса маңызды міндет қойды.
«Сол кезде Қазақстан мен Ресей экономикалары бір-бірімен тығыз байланыс орнатты әрі біздің еліміз рубль аймағында болғандықтан, бұл тапсырма құпия сақталды. Егер мұны жария еткенде, онда бұл қоғамда біршама толқулар тудырар еді де, біз үлкен шығынға ұшырайтын едік», – деп түсіндірді Ғалым Байназаров.
Мемлекеттік тапсырманың құпия сақталғаны соншалық, ұлттық валютаны дайындау мен енгізудегі ауқымды жұмыс туралы жоғары лауазымды шенеуніктерді айтпағанда, оны тіпті кейбір вице-премьерлер де білмеген. Әлемдік тәжірибені зерделеу, дизайн әзірлеу бойынша отандық кадрларды іріктеу және оларды оқыту, құпияны сақтай отырып, салыстырмалы түрде арзан, сапалы әрі жылдам купюралар жасай алатын шетелдік компанияны таңдау – осының барлығы лаңсыз әрі жағымсыз салдарсыз һәм жариялаусыз өтті.
Уақыт қысып барады. Төл ақшаны қайда басып шығару керектігі туралы сөз болғанда, бар назар Батысқа ауды. Сапарлар, мамандармен кездесулер басталды. Испания, АҚШ, Ұлыбритания, Франция өз қызметтерін ұсынды. Таңдау «Harrison & Sons» шағын ағылшын компаниясына түсті. Бұл фирманың Банкнот фабрикасы төрт ғасыр бойы пошта маркалары мен банкноттар шығарады. Бірақ, ең бастысы, шағын ұйым ақпараттың тарап кетуіне жол бермейді және құпияны сақтауды қамтамсыз етеді.
Банкнот фабрикаларының қызметкерлерімен алғашқы кездесулерден кейін Қазақстан өкілдері ақша дизайны өзіндік құнның 35-40 пайызын құрайтынын анықтады. Былайша айтқанда, бұл купюра шығарудың ең қымбат жолы. Үнемдеу мақсатында дизайнды әзірлеу қазақстандық суретшілерге сеніп тапсырылды.
Ең алдымен, болашақ теңгенің бейнесін жасайтын суретшілер қажет болды. Және өте қысқа мерзімде. Мәселен, суретшілер ағылшын фунтын алты жыл бойы салса, қазақстандық мамандарға бір жылдан да аз уақыт берілді. Теңгені жасап шығару бойынша шығармашылық топқа Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымысалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов кірді.
Олар банкноттардың бірнеше эскиздерін әзірледі. Бірінші нұсқада қазақ ою-өрнегіне басымдық берілді. Екіншісінде – банкноттар американдық долларға, үшіншісінде – ультра заманауи баян етілген голланд валютасына ұқсас сурет болды. Төртінші нұсқа – қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың, қазақтың ғылым және мәдениет қайраткерлерінің портреттерімен толықтырылды. Осы соңғы нұсқа таңдалды. Теңгеге таңбаланатын тұлғаларды таңдау кезінде тарихшылармен кеңескен. Купюралардың өлшемдері кеңестік үлгідегі есептеу машиналарының көлеміне сәйкес келуге тиісті болғандықтан ұзақ талқыланбады. Оған қоса, қымбат қағаздың қалдықтары аз болатындай параметрлер таңдалған.
«Портрет галереясын ұзақ уақыт бекітті. Ең үлкен қиындық сәйкестендіру болды. Тарихи қайраткерлер жеке тұлға ретінде мұрағат құжаттарымен салыстырылды, олардың портреттерін Ғылым академиясы мақұлдауы керек еді. Жалпы, мемлекет қайраткерлерінің портреттерін банкноттарға салу дәстүрі мұндай ақшаның көшірмесін жасау қиынға соғатындығымен түсіндіріледі. Ұлы адамдардың тұлғалары көпке таныс. Оған қоса, тәрбиелік, тарихи, саяси аспектілер де болуы керек. Мысалы, Әбілқайыр хан Ресеймен одақтастық шартқа қол қойды. Абылайхан – қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы. Ұлы ғалым әл-Фараби туралы Шығыс пен Батыс біледі. Оның портретін біз, номиналы бір теңгелік купюраға қойдық, өйткені мұндай банкнот валютаның негізі болып есептеледі», – дейді Ғалым Байназаров.
Оның ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің портреті де болды. Бірақ, Назарбаев бұл нұсқаны қабылдамады. Алайда, президент басқа ұсынылған нұсқаларды мақұлдап, тапсырыс беруге рұқсат берді.
1992 жылдың қарашасында басталған теңге өндірісі 1993 жылдың сәуірінде аяқталды. Алматы-Ақтау-Лондон арнайы бағыты әзірленді. Жаздың басында валюта Қазақстанға жеткізілді. Банкноттар Жамбыл қоймасына жөнелтілді. Бұл да құпия түрде жүзеге асты.
Ұсақ монета-тиынды соғу туралы да сұрақ туындады. Көптеген металлургиялық зауыттар мен мыс, мырыш, күміс кен орындары бар Өскеменде теңге сарайын құру туралы шешім қабылданды.
Жаншу жылдамдығына төтеп бере алатын иілгіштігі жоғары, сондай-ақ таттануға шыдамды құйма керек болды. Бұл ретте ол металл монетаның өзіндік құны номинал бағадан асып кетпейтіндей арзан болуы тиісті. Көптеген сынақтар жасалып, қаншама қателіктер жіберілсе де мұндай құйма ақыры қорытылып шықты. Бірақ, оны құпия ұстау қажет болды да, бірден тиын соғу мүмкін болмады. Сондықтан, уақытша қағаз түрінде шетелде басып шығаруға шешім қабылданды. Дегенмен, қағаз түріндегі майда ақша тез тозып қалатын, сондықтан кейінірек одан бас тарттық.
Рубльдерді теңгеге ауыстырардан 2-3 күн бұрын жаңа қағаз ақшалар облыстар мен аудандарға таратылды. Ұлттық банктің жылжымалы кеңсесі ретінде арнайы ұшақ бөлініп, ҰҚК мен ІІМ оның күзетін қамтамасыз етті.
Ақша жеткізілген соң, Қазақстан Президенті бұл жаңалықты халыққа хабарлады. 1993 жылы 13 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы ұлттық валютаның енгізілгені туралы жария етті. Бұл ел өміріндегі бүтін бір дәуірдің аяқталып, жаңа заман басталғанын айғақтаған ерекше күн болды. Ал, 15 қараша күні теңге қолданысқа енгізілді. Содан бері бұл күн ресми түрде «Ұлттық валюта күні» деп аталады.
Сол уақыттан бері төл теңгеміз көптеген өзгерістерге ұшырады: елімізде жеке Банкнот фабрикасы пайда болып, купюралар жаңа дизайнмен және номиналмен басып шығарыла бастады.
1995 жылға дейін 1-ден 100 теңгелікке дейінгі қағаз ақшалар қолданыста болды. 1000 теңгелік купюралар 26 жыл бұрын пайда болса, 2000 теңгеліктер 1996 жылы шықты. Ал, 1998 жылы 5000 теңгеліктер айналымға шыға бастады. 2006 жылы 200-ден 10 000 теңгеге дейінгі жаңа сериялы банкноттар басылды. Бүгінгі таңда ең ірі қағаз ақша болып 20 мың теңгелік банкноталар саналады.
Әрбір девальвация сайын жаңа купюралар жасауға тура келді. Сол кезеңдерде теңгеден біртіндеп адам портреттерін алып тастауға мүмкіндік туды. Себебі, ақшадағы адамдардың суреті мұсылмандықты ұстанатындардың көңіліне тиген еді. Сондықтан да дизайнерлер бейтарап пейзаждар мен сәулет ескерткіштерінің суретін қоюды жөн деп шешті.
Теңге девальвацияға алғаш рет 1999 жылы сәуірде ұшырады, сол кезде ұлттық валютамыз 64,6%-ға құнсызданып, 1 долларға шаққанда 88-ден 160 теңгеге бір-ақ арзандаған болатын. Үкімет теңгенің айырбас бағамы еркін құбылып тұру керек деп шешім қабылдады. Осы хабарландырудан кейін келесі күні айырбастау пункттері долларды 150-160 теңгеден сата бастады. Төрт айдан кейін бағам түзеліп, долларға шаққандағы құны 130-135 теңгені ұстап тұрды.
Екінші девальвация Қазақстанға 2009 жылдың ақпан айында келді. Сол кезде доллар бағасы 25%-ға көтеріліп, 128-ден 170 теңгеге дейін күрт секірді. Бес айдан кейін доллар 150 теңге деңгейінде белгіленді.
Ұлттық валюта құнының үшінші күрт төмендеуі 2014 жылғы ақпанда орын алды, бұрынғы 155 теңгенің орнына жаңа бағам бір американдық доллар үшін 182-188 теңгені құрады.
Төртінші девальвация 2015 жылы тамызда болған еді. Бір тәулікте теңге бағамы 26%-ға төмендеп, бір доллар құны 255 теңгеге көтерілді.
Содан бері Қазақстан валюта бағамының тіркеп отыру тәсілінен бас тартып, оны еркін жүзуге жіберді. Бүгінгі таңда 1 АҚШ долларының бағамы 424 теңгені құрайды.
Біздің ұлттық валютамызбен мақтанарлық себептер аз емес. Мәселен, теңгеміз қолдан жасаудан ең бір қорғалған купюралар саналады. Сонымен қатар, ол әлемдегі ең бір әдемі ақшалардың қатарына енеді. Осылардың бәрінен бұрын төл теңгеміз тәуелсіздігіміздің экономикалық негізі, егемендігіміздің материалдық айғағы.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі