108 жыл бұрын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді

0
2272

Осыдан 108 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1913 жылдың 2 ақпанында Алты алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газеті оқырманға жол тартты. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі дәл осы күні жарық көрді. Яғни, бүгін «Қазақтың» туған күні!

Өткен ХХ ғасыр басында ұлттың жоғын жоқтайтын, байтақ далаға қоныстанған ел арасына ендеп кете алатын, сол арқылы ұлттық идеяны, бостандық пен бірлікті насихаттайтын баспасөздің рөлі ерекше сезілген еді. Мұндай мақсат-мұратты бес жыл ғұмыр кешіп, 265 нөмірін жарыққа шығарып үлгерген «Қазақ» газеті абыроймен орындап шықты.

Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым Қазақ еліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды.

«Қазақ» газетінің ұстанған бағыт-бағдарына келсек, газет шығарушыларының бірі  Міржақып Дулатұлы 1918 жылғы 258-санында жарияланған «Орда гербі (таңбасы)» деген мақаласында тоқталып, былай дейді: «Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келетін жамандық болса, күзетші орнында газет қызмет қылсын делінген еді».

Міне, алдына осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды. Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті Кеңес өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here