Мемлекеттік Ту және «Борат-2»

0
3177

Мемлекеттік рәміздер – қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені, олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», – деп айтқан болатын. Биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 28 жыл толды.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, Мемлекеттік рәміздер бізді Отан тағдырындағы ең маңызды сәттерде – ұлттық мерекелерден бастап, спорттық жеңістерге дейін біріктіреді. Тарихымызда мемлекеттік нышандар, еңсерілмейтін құндылықтар ретінде, халқымызды жігерлендіріп, олар үшін ұлы ерліктер жасалған, олар үшін өмірлерін құрбан еткен мысалдар аз емес.

Бүгінде Қазақстанның көк Туы астында біздің адамдар ерлік жасап, ғылыми, мәдени және спорттық жетістіктерін көрсетеді. Біз түрлі салада жоғары жетістіктерімен еліміздің Көк байрағын көкте желбіретіп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл – нағыз қазақстандық патрио­тизм.

Біздің Ту ғаламшарымыздың әр түкпірінде халықаралық олимпиадаларда көтерілді, ол БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, Венадағы ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр. Ол қазақстандық ғарышкермен ғарышта болып, әлемнің ең биік тау шыңдарын бағындырды. Осының барлығы Қазақстан қоғамының бейнесін біздің санамызда ғана емес, халықаралық аренада да қалыптастырылған.

2020 жылғы қазанның 23-і күні қазақстандық әлеуметтік желілерде Аустралияда «Бораттың» тас мүсіні орнатылып, оны қолдаушылардың флешмобы көрсетілді. Билеп жүрген ер адамдардың аяқ астында ҚР Мемлекеттік Ту эталонын пайдаланып, үстінен таптап жүргенін байқауға болады. Лондонда «Бораттың» үрленген қуыршағының жанында да екі жақтан ҚР Мемлекеттік Туымыз желбіреп тұрған фото және бейне материалдар таралған.

ҚР Сыртқы істер министрінің титтей намысы бар болса, көк Туымыз қорланған Австрия мен Ұлыбританияға қарсылық нотасын жіберер еді ғой. Біздің идеологтардың «байлаудағы әнші-бишілерін» жинап «Мен Туыммен мақтанамын» деп флешмоб ұйымдастырғаны не керек? Оны кім көреді? Біздің қазақ қазынасынан қаржы қарпып алып отырған орыс тілді сайт, газеттеріміз «Бораттың» флешмобтарын жарыса жарнамалап жазып жатыр, оған да ешкім назар аударар емес.

Екі жыл бұрын әйгілі Dior компаниясы кезекті брендінің таныстырылымын өткізіп, онда Қытайдың картасы бар слайд көрсетілген еді. Бірнеше секундтық роликте Қытай картасында Тайвань аралы бейнеленбей қалғанын қытайлар байқап қалды. Бірақ, ертесінде Қытай билігі Dior компаниясының бүкіл өнімін өз елінің аумағында сатуға тыйым салды. Бір күн өтпей тұрып Dior кешірім сұрады.

2015 жылы Мұхаммед Пайғамбардың карикатурасын салған француздық Charlie Hebdo журналының редакциясы өздерінің істері үшін қалай жауап бергені туралы білетін шығарсыздар. Әрине, ондай қантөгістің беті аулақ.

Бауырлас Түрік елінің әскерилері Грекияға іс-сапармен барып, өздері тоқтаған қонақ үйде Түркияның туына біреулердің балағат сөз жазып кеткенін көрген. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын БАҚ-та жазылды. Сарбаздар оқу-жаттығуға да, гректердің кешерім сұрауына да қарамай, сол сәтте елдеріне қайтып кетеді. Кейін Түркияның Сыртқы істер министрлігі ресми нота жолдап, балағат сөз жазғандарды тауып жазалауын талап етті. Гректер оларды тапты, жазалады.

Бізде «елдің Ыбырайы – Ыбырайы, біздікі – сұмырайдың» кері. Бораттар көк Туымызды борбайына қыстырып жүргенде, құзырлы орындар өздерінің шоумэндерімен флешмоб ұйымдастырып, соған разы болып жүр.

2016 жылы Геннадий Головкинге Jordan Brand спорт атрибутикасының өндірушісі табанында қазақтың көк Туы бейнеленген аяқ киім сыйлағанын көрдік. «Мынауыңды кимеймін де, қабыл алмаймын» дей алмады біздің жігіт. Сол жерде табанға бейнеленген Ту үшін деп компания өкілін талдырып түсірсе, қайта «халық батыры» атанып кетер еді.

Осы жағдайларды ескере отырып, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығы арнайы ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған болатын.

Қарашаның 12-сі күні аталған министрліктен ресми жауап келді: «ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл туындыны киноиндустрияның таза коммерциялық өнімі ретінде қарастырады және оның басты мақсаты – көрермендердің қызығушылығын арттыру арқылы пайда табу екенін атап өтеді. Фильмнің авторлары Қазақстан билігінің ресми наразылығын арандатып, өз фильміне жақсы жарнама жасамақ еді. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынғаны рас. Дегенмен, наразылық нотаны жолдау мағынасыз деп шешілді, өйткені оның нақты адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары қосымша табыс алады. Ал, ол өз кезегінде авторларды фильмді жалғастыруға итермелейтінін ескергеніміз жөн». Бұл хатқа Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы А.Абрахманов қол қойыпты.

ҚР Сыртқы істер министрлігі осыдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсініктеме бергендей, негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар және азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға деген наразылықтары заңды құбылыс.

Сонымен бірге, фильмнің елімізге ешқандай қатысы жоқ екенін әлемнің барлық сауатты адамдары жақсы түсінеді. Бұл жөнінде туындының авторлары да фильмнің соңындағы титрда және бұқаралық ақпарат құралдарына берген комментарийлерінде ашық түрде мәлімдеген болатын.

АҚШ-тың танымал The New York Times газетінде Саша Барон Коэн: «Фильмде көрсетілген «Қазақстанның» қазіргі уақыттағы қазақ еліне ешқандай қатысы жоқ. Менің бұл фильмде Қазақстанды таңдаған себебім – кезінде бұл елді АҚШ-та өте аз адам біледі. Бұл бізге жабайы, комедиялық, жалған «әлем» құруға мүмкіндік береді. Алайда, шынайы Қазақстан – замануи, намысты қоғамы бар. Борат нұсқасына қарама-қайшы келетін тамаша ел», – деп мәлімдеді.

Осы орайда, бұл фильмге қатысты қандай да бір ажиотаж, оған қосымша жарнама жасаудың қажеті жоқ деп ұйғарылды.

Фильмді жарнамалау акциясы барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қолдануына тоқталатын болсақ, аталған іс-әрекет елімізден тыс шет мемлекеттің аумағында орын алуына байланысты, оны жасағандарды ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына (Мемлекеттік рәміздерді қорлау) сәйкес жауапқа тарту мүмкін емес екендігін Сыртқы істер министрілігінен хабарлап, одан әрі «кеңінен таралған бейнероликтерде және фотосуреттерде ҚР Мемлекеттік рәміздерін қорлау (өртеу, таптау және т.б.) әрекеті көрінбейтінін ескерген жөн. Сиднейдегі жағажайда билеп жүрген ер адамдардың аяқ астында Қазақстанның Мемлекеттік Туы емес, фильмнің көк және сары түсті әріптермен жазылған жарнамасын қамтитын спортпен шұғылдану үшін кілемшелер жатты» деп көрсетеді.

Аустралия мен Ұлыбританияның құқық қорғау жүйесінде көрсетілген іс-әрекеттер заң бұзушылық болып табылмайды. Аталған мемлекеттердің билік органдары тарапынан қандай да бір нақты шара қолдану заңсыз болып есептеледі екен.

Жоғарыда атап көрсеткендей, Қазақстанның флешмобты ұйымдастырушыларға қарсы сотқа арыздану, не болмаса Аустралия мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомстваларына наразылық нотасын жолдауға заңдық тұрғыдан негіздеме жеткіліксіз болып шықты. Дегенмен, халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы А.Абдрахманов хаттың соңында: «Қазақстанның шет елдегі мекемелеріне Мемлекеттік рәміздерді тиімді насихаттау бойынша қосымша нұсқаулықтар жолданатын болады» деп түйіндеді.

Қазанның 28-інде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет екенін Twitter-дегі парақшасында жазған болатын.  

«Парламенттің бірқатар депутаты мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рəміздерін, атап айтқанда, Мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пəтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық жəне нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рəміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет» деп жазды Мемлекет басшысы.

Руслан ХАМЗА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталықтың атқарушы директоры

Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here