Қазақстан коронадағдарыспен қалай күресіп келеді?

0
4411
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау...»

Коронадағдарыстың халықты сарсаңға салған тағы бір салдары – жұмыссыздық жайы. Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) есеп жүргізіп, ол бойынша коронавирус таралуының бірінші толқыны шарықтау шегіне жеткенде бүкіл әлемде жұмыс жасалатын сағат саны жұмыс орнына шаққанда 500 млн-ға, ал табыс 10 пайызға төмендейтінін көрсеткен. Жақында жарияланған ұйымның соңғы деректеріне сенсек, коронадағдарыс кесірінен жұмыссыздар қатары 800 млн адамға жетеді. Ресми деректерге сүйенсек, жұмыссыздық көрсеткіші АҚШ-та 13 млн, Еуропалық Одақта 16 млн адамға тең  болса, Қазақстанда 454 мыңды көрсетеді. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша, әлем елдері халық пен бизнесті «шашыратып» алмау үшін 12 трлн доллар жұмсаған.

ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ: КІМДЕР ЗАРДАП ШЕКТІ?

Дертке шалдыққандардың дерегі тіркеле бастағаннан коронавирустың таралуын тежеу мақсатында көптеген жұмыс орындары өз қызметін тоқтатқан болатын. Бұл бір жағынан денсаулықты сақтаудың алғы шарасы болса, екінші жағынан халықтың «қысқартуға» ілініп, қаржыдан қысылуына әкелді. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар қатты зардап шеккен. Тіпті, өнеркәсіптік кәсіпорындарға да шектеу қойылды. Қызмет көрсету мен сауда саласы үшін бәз-баяғы қалпына көшу әлі де мүмкін болмай тұр. Аталған қызметтердің негізгі жұмыс орындары екендігін ескерсек, әлемде жаппай жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелердің белең алу қаупі бар екендігі айдан анық шыға келеді.

Шындығында, COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикаға ауыр соққы болды. Халықаралық валюта қорының болжауынша, әлемдік экономика 4,4%-ға төмендеген. Оның ішінде Италияда ЖІӨ 10,6%-ға, Ресейде 4,1%-ға кемісе, тәлкекті тоғыз ай қазақстандық көрсеткішті 2,8%-ға дейін төмендеткен. Дегенмен, Қазақстан жұмыссыздықтың өсуіне тежеу қоя алды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі жұмыссыздар саны экономикалық белсенді халықтың 5%-ын құрайды. Ал, дағдарыс кезінде бұл көрсеткіш тек 0,2%-ға өскен. Қазіргі күнгі есеп елдегі ресми жұмыссыздардың санын 454 мың адам деп көрсетсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 441,8 мың адамды құраған. Айта кететін жайт, өткен жылмен салыстырғанда елдегі экономикалық белсенді халық саны 9 204,7 мыңнан 9 157,7 мыңға дейін азайған.

Жұмыссыздар санын тұрақты ұстап тұру – күрделі мәселе. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша мемлекет жұмыс орындарын сақтауға жағдай жасауда. Бағдарлама аясында трлн теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығын дамытуға тағы 50 млрд теңге бөлінді.

Қыркүйек айының ортасында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі индустриаландыру картасы жобасы туралы есеп бере отырып, елдегі өңдеу өнеркәсібіне сегіз айда 28 жоба, соның негізінде 4,3 мың жаңа жұмыс орны іске қосылғанын мәлімдеген болатын. Бірақ, статистика «өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібінде жұмыспен қамтылғандар саны көбейген жоқ, керісінше 3,5 мыңға азайған» деген ақпарат ұсынып отыр. Бүгінде бұл барлық саланың «бас ауыртатын» мәселесіне айналды.

«ҚЫСҚАРТУДА» ҚАЙ САЛА КӨШ БАСТАП ТҰР?

Коронавирустың кесірінен бағы тайып, сәтсіздікке ұшыраған салалардың бірі – қонақ үй мен мейрамхана бизнесі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүкіл республика бойынша рестораторлардың жартысына жуығы қызметкерлерінің 40 пайызын қысқартуға мәжбүр болған. Алайда, бұл сандар ресми деректерге енбеген. Аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны 2%-ға ғана, яғни 204,6-дан 200,3 мың адамға дейін азайған. Сондай-ақ, көлік саласындағы жұмысшылар саны айтарлықтай кері кетіп отыр. Биыл карантин кесірінен көлік қатынасы бойынша қызметкерлер саны 638-ден 616 мыңға дейін азайған. Бортсеріктер мен ұшқыштар әлі де қызметіне толық орала алмай отыр.

Осы жылы аз да болса өсімді көрсеткенімен, құрылыс саласындағылардың да саны қысқарғаны белгілі болды.

Есесіне медицина қызметкерлерінің саны 15 мыңға өскен. Сондай-ақ, «мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметттік қамсыздандыру» бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 487-ден 492 мыңға дейін өскені, шындығында, күтпеген жағдай болды. Білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар 9 мыңға дейін көбейген. Жалпы мектеп оқушыларының қашықтықтан оқыту режиміне көшкеніне жарты жылға жуық уақыт өтсе, жаңа оқу жылынан бастап кей сыныптар дәстүрлі оқу формасына көшкені белгілі. Ал, елдегі балабақшалар карантиндік талаптарды сақтай отырып өз жұмысына кірісіп кетті. Мемлекеттік балабақшалар карантинге жабылғанда, жеке білім беру орталықтары жұмысын жалғастырды. Сондықтан болар, елдегі белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 25 мыңға өскен. Бұл көрсеткіш жыл басында жұмыс істегендердің шамамен 2%-ы дегенді білдіреді.

 МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫЛЫҚ АУЫРТПАЛЫҚҚА ТӨТЕП БЕРЕ АЛАДЫ МА?

Әрине, бұл «жұмыс орындарының саны өссе, жұмысшылар да көбейеді» деген сөз емес. Тіпті, олардың кіріс көзі төмендеуі де мүмкін. Әңгіме жалпы кәсіпкерлік турасында ғана емес. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да жалақының төмендеуі мен мереке күндеріне төленетін қосымша ақының болмауы туралы дабыл қағыла бастады. Халықтың табысы төмендесе, демек олар қажетінің бәрін сатып ала алмайды. Бұл өз кезегінде экономиканың әлсіреуіне апарады. Тұтыну бағасының өсуі де халық кірісінің көлеміне ықпал етеді. Тек бірінші жартыжылдықтағы инфляция азаматтардың нақты табысын 1,5%-ға төмендеткен. Екінші жартыжылдықтағы жағдай оларды кем дегенде тағы бір пайызға азайтуы мүмкін.

Коронавирус жағдайында жоғарыда сөз болған жұмыссыздықпен күреске, бизнесті, халықты әлеуметтік қолдауға кеткен шығындар бюджетке салмақ салатыны сөзсіз. Қазақстан Парламенті 2014 жылғы мұнай бағасының құлдырауынан бастап бюджет тапшылығының ұлғаюы мен сыртқы қарыз төлемдерінің өсіп жатқандығын талқылап келеді. Депутаттар «мемлекет ендігі мұндай қаржылық ауыртпалыққа төтеп бере алмауы мүмкін» деп қауіптенуде. Алайда, экономистер қауіптенудің қажеті жоқ дейді. Мемлекет өз міндеттемелерін орындай алады. Әсіресе, ұзаққа созылған дағдарыс жағдайында Үкіметке артылар үміт пен жүк ауыр болмақ.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» жоба негізінде Қазақстан бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуға ниетті екендігін білдірді. 2020 жылы ол ЖІӨ-нің 3,5%-ын, ал шикізаттық емес сала бойынша ЖІӨ-нің 10,8%-ын құрайтын болса, 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш тиісінше 2,1% және 5,5%-ға дейін төмендейді. Сонымен бірге, Қаржы министрлігі республикалық бюджетті 2021 жылы 14,04 трлн-нан 2023 жылы 13,88 трлн теңгеге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Парламент осы сандарды сапқа тізумен елдің бюджет тапшылығын ғана емес, сырттан қарыз алуды азайтуы керектігін де алға тартып отыр.

ҮШ ЖЫЛДА БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЖҰМСАЛАДЫ

Күні кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарады. Алдағы үш жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды іске асыруға арналған.

«Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қаржыландыру жалғаса береді. Бюджетті қарау барысында алдағы үш жылда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес 2021 жылы бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат төрағасы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индексациялауға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көбейтуге және халыққа медициналық қызмет көрсетуге бағытталады.

Стратегиялық бағыттардың қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де өзекті екені белгілі.

«Еліміз үшін аса маңызды болып саналатын – инфрақұрылымды дамыту, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен айтарлықтай қаржы шағын және орта бизнесті қолдауға және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған баспана құрылысына бөлінеді», – деді Сенат төрағасы.

Келесі 2021 жылы инфрақұрылымды дамыту, газдандыру және ауыз сумен қамту жұмыстарына бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, сенатор Нұрлан Қылышбаев мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және пандемиямен күрес шараларына байланысты республикалық бюджет қаражатын жұмсау тәсілдерін қайта қарау керектігін айтты.

«Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1,5 мың өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда, 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал, қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды», – деді Нұрлан Қылышбаев.

Одан бөлек, сенаторлар бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты бюджет шығыстарының кейбір бағыттарын қайта қарауды ұсынды.

Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Бұдан басқа, сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын да қарады. Содан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 2021 жылға – 3,7 трлн, 2022 жылға – 2,4 трлн, 2023 жылға 2,2 трлн теңге болып бекітілді.

ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКА: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

Дүниежүзілік банк маусым айында болжам жасап, ол бойынша Орталық Азияның бес елінің үшеуі, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанда ЖІӨ төмендейді деп көрсеткен. Және аталған ел үкіметтері бірінші кезекте үш міндетті шешуге тиіс, атап айтқанда, еңбек нарығының қалыпты қызметіне оралу, әлеуметтік қорғау жүйесін жағдайға қарай жедел әрекет ете алатындай етіп жетілдіру, зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетуді қолға алу деп түртіп өтті.

Күннен күнге дағдарысты дендетіп жатқан пандемия әлемді жайлағанына тоғыз айдай уақыт өтті десек, осы уақыт ішінде ЖІӨ 2,8%-ға төмендеді. Бюджеттік шығын 1,1 трлн теңгені құраса, салық түсімдерінің көлемі 1,8 трлн-ға азайып отыр. Жыл соңына қарай экономикалық құлдырау күшейіп, ЖІӨ 3-3,2%-ға төмендеуі ғажап емес. Кәсіпорындардың қаржылық жағдайы нашарлап, нақты жалақы төмендеп, жұмыссыздық қазіргіден де көбеюі мүмкін. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қорқынышты болса да қауіптің қарқынына қарап жасалған болжам осылай.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк дамыған елдердегі дағдарыстың ауыр болатынын айтуда. Демек, дамушы елдердің де жағдайы мәз емес.

«Бүкіл әлем елдері үшін қазіргі дағдарыстың айрықша белгісі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қарай алғаш рет терең құлдырау болса, Орталық Азия елдері үшін 1990-жылдардан кейін көрмеген кедейлік деңгейі қайта оралуы мүмкін» дейді Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Дүниежүзілік банк әлемнің көптеген елдеріне қаржылық шығыстарын қысқарту ұсынысын ұсынуда. Бұл Қазақстанға 2014 жылы мұнай бағасының төмендеуі жағдайынан кейін белсенді түрде ұсыныла бастаған. Мемлекет шетелдік несие берушілер алдындағы міндеттемелерін орындау үшін қаржылық мәселеде нық қадамдар жасап, жоспарлы түрде күресуі қажет.

Қазақстан Парламентінің экономиканы қолдау үшін сыртқы несиелерден барынша бас тартуға тырысуы қолдарлық іс. Соның нәтижесінде көптеген жұмыс орындарын құруға болады. Жоғарыда сөз болған жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының да қолға алынып, жұмыссыздықпен күреске бағытталғаны көңіл қуантады. Дегенмен, экономистердің жаңа анықтамалық негіздеріне сүйеніп, оларды көп жылдар бойына экономикалық өсімді сақтайтын жүйе құру үшін қолдануға болады. Бұл бір ғана емес бірнеше әлеуметтік мәселелерді шешу жолында тиімді болмақ.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, жұмыссыздық мәселесі бұрыннан да күн тәртібінде еді. Әлемде орын алып жатқан соңғы жағдайларға орай жағдай одан әрі күрделеніп отыр. Десек те, дағдарыс деп деградация жетегінде кетуге болмайды. 17 қараша күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен болатын.  Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары шеңберінде бірқатар шаралар қабылданып, оның ішінде 21 қарашадан бастап қызметі келушілермен тікелей байланысты емес кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып тасталатындығы айтылды. Бұл бір жағынан көңіл қуантқанымен, коронавирус жұқтырғандардың саны қайта артып келе жатқандығы таразының бір басын төмен тартып тұр.

«Уақыт – төреші» дейміз. Осылайша, ептеп шектеу шетке ысырылса, біртіндеп барлығының «бетпердесі шешілері» анық. Жағдай жақсарып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманымызға көшер күн де қолсозым жерде екендігіне сенім кәміл.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here