Дауасыз дерт: «Испан тұмауы» мен COVID-19 арасында ұқсастық бар ма?

0
3778

Бүгінде қайда барсаң да алдыңнан «Қорқыттың көріндей» боп COVID-19 шығады. Жыл басынан басталған вирус сұр жыландай жаһанға уын шашып, бүкіл әлемнің берекесін қашырды. Бір ғасыр сайын планетада пандемия өрши түседі деген теорияны ескерсек, адамзат COVID-19 сияқты дауасыз дертпен осыдан жүз жыл бұрын кездескен. Тарихта тіркелген деректерге сүйенсек, бұл індетті «испан тұмауымен» салыстырамыз. ХХ ғасырда белең алған бұл пандемия екі жылға созылған. Бүкіл адамзаттың есін алған екі инфекцияның жалпы ұқсастығы неде және олар несімен ерекшеленеді? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

КӨРІНБЕЙТІН ЖАУ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА…

Статистика бойынша, испан тұмауымен 550 млн-нан астам адам ауырған, қайтыс болғандардың саны жөнінде нақты дерек жоқ, алайда мамандар 20-25 млн-ға жуық адамның дерттің құрбаны болғанын болжайды. Демек, өлім-жітім 3,6-4,5%-ды құраған. Ал, дауасы табылмаған дертке көбіне 20-40 жас аралығындағы адамдар шалдыққан.

Жүз жыл бұрынғы індеттің атауына  қарап,  оның ошағы Испания болғанына еш күмәніңіз болмауы мүмкін. Оның үстіне 8 млн испандық бұл індетпен ауырды. Олардың арасында Испания патшасы XIII Альфонс та бар. Дегенмен, індеттің ошағы – Канзас штаты (АҚШ). Ал, жұқпалы ауру бұл атауды кездейсоқ алды. Белгісіз тұмау туралы алғаш Испанияның басылымдары жазғандықтан ел арасында «испандық тұмау» аталып кетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, Испаниядан алыста, мұхиттың ар жағында орналасқан АҚШ әлем халқын қырғидай қырған індеттің ошағы саналады. Белгісіз індет алғаш 1918 жылы 11 наурызда Канзастағы Форт-Райли әскери базасында тіркелді. Қатты жөтел қысқан қатардағы жауынгер Альберт Гитчелл дәрігер көмегіне жүгінеді. Дәрігерлер оған суық тигенін айтып шығарып салады. Бірнеше сағаттан кейін лазареттің іші сондай ауру белгісі  бар жауынгерлерге толады. Бір апта ішінде 500-дей науқас қырылып қалады. Бұл Бірінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағы. Соғыстың бел ортасында жүрген Франция, Германия, Ұлыбритания сияқты елдер онсыз да қырғыннан қажыған халық арасында дүрбелең туғызбау үшін індетті өз басылымдарында жазғызбады. Ал, соғысқа қатыспаған Испания алғашқы болып дабыл қақты.

«Испан тұмауымен» ауырған науқастар саны коронавирусқа шалдыққандарға қарағанда 10 есе көп. Ал, қайтыс болғандар 20 есеге артық (дүйсенбі күнгі мәлімет бойынша коронавирустан 1,4 млн адам көз жұмған). 

Жоғарыда көрсетілген сандарға қарап денең түршігеді, оған қоса, бұл сандардың соңы еместігін естен шығармау керек. Өйткені, пандемия аяқталғанға дейін науқастар мен қайтыс болғандар саны артатыны белгілі. Коронавирус қанша уақытқа созылады? Дерттің дауасы қашан табылады? Бұл сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Қазір екінші толқынның қызған шағы, үшіншісі болады деген де болжам бар.

Мамандар келесі толқын  2021 жылдың наурызында болуы мүмкін дейді. Болса да қазіргідей жойқын емес ( кезінде «испан тұмауының» екінші толқыны да жойқын болды). Бірақ, коронавирус бұдан кейін тоқтай ма, жоқ па, оны ешкім нақты айта алмайды. Бүгінде біз көзге көрінбейтін қауіпті жаумен алысып жатырмыз.

ТҰМАУ ТҮБІ – ҚҰРТ

«Испан тұмауы» мен COVID-19 арасындағы өлімнің басты себебіндегі ұқсастық цитогенді дауылда екен. Бұл термин – иммунитеттің өзгеруінен пайда болатын адамға қарсы агрессия дегенді білдіреді. Бір ғасыр бұрын да, қазір де өкпеде өзгерістер болып жатыр. Иммундық жүйенің шамадан тыс реакциясынан тыныс алу қиындап, көптеген науқастар көз жұмады.  Сол кезде мұны тез тарайтын бактериялық пневмония, кейде тіпті өкпе обасы деп санады. Соның салдарынан науқастар қазіргіге қарағанда көп қайтыс болған. Аурудың негізгі себебі гемофильді таяқша (Haemophilus influenzae) болып саналды. Содан кейін бұл бактерия «Пфейффер таяқшасы» деп аталды.

Басқа да болжамдар айтылғанымен, ешкім вирустың байыбына бармады. Темекі теңбілінің алғашқы вирусын орыс ғалым Дмитрий Ивановский 1892 жылы ашқан. Сол жылы неміс Рихард Пфейффер өз есімін алған таяқша тәрізді бактерияны тапты.

Сол тұста тұмау пандемиясы жүріп жатқан, ғалым осы инфекциямен ауыратын науқастың мұрнынан бактерияны бөліп алды. Пфейффер оны инфекцияның себебі деп санап, алдымен инфлюэнца (жоғарғы тыныс алу жолдарының вирустық ауруы) таяқшасын атады. Тұмаудың бұл атауы сол кезде жиі кездесетін әрі 1933 жылға дейін адамзаттың тұмау вирусы анықталғанша жалғасты.

«ҚАРАҢҒЫДА» АДАСУ

Неліктен ғалымдар ұзақ уақыт бойы қателесіп, аурудың вирустық табиғатын аша алмады? Шынында да, 1918-1920 жылдардағы «испан тұмауы» пандемия кезінде адамның  сары безгек вирустық инфекциясы белгілі еді. Оны 1902 жылы американдықтар Уолтер Рид және Джеймс Кэррол ашқан. Мәселенің мәнісі мынада, олардың вирус туралы ойлары тұманды әрі тым  қияли болатын. Вирусты ешкім «ұстап» көре алмады. Кәдімгі оптикалық микроскоп «ақты ақ, қараны қара» деп көрсете алмады. Ал, электронды микроскоп 1933 жылдың аяғында пайда болды. Жаңа құрылғының көмегімен 1939 жылы 50 жыл бұрын Ивановский ашқан темекі теңбілінің вирусын көрді. Оған дейін 4 жыл бұрын американдық  Уэнделл Стэнли құр елес болып келген вирустың ақуыз табиғаты барын алғашқылардың бірі болып анықтаған еді.

Сол кезде өмір сүрген адамдардың «испан тұмауына» деген көзқарасы мен қазіргі біздікінің қаншалықты өзгеше екенін елестетіп көріңізші? Вирус біздің ғасырдың басында «ұсталды», оны пандемияда қайтыс болған адамдар арқылы анықтады. Ол үшін оларға эксгумация жасады. Осыдан кейін пневмонияның цитогенді дауыл болуы мүмкін екендігі белгілі болды.

ҚАРУСЫЗ ҚОРҒАНЫС

XX ғасыр. Өткен ғасырдағы пандемия кезінде бұл вирусқа диагноз қойып, ем де жүргізе алмады. Ешқандай дәрі болған жоқ. Сол уақытта цитогенді дауылмен ауыратын науқастарға көмектесетін гормондар, гепарин, вирусқа қарсы құрал, оттегі терапиясы, реанимация және терапия палаталары кейінірек пайда болды. Оған қоса, бұл диагнозбен ауырғандарды аспирин, стрихин, майсана майы және оймақгүл мен мышьяк сынды пайдасы аз құралдармен емдеген. Екпенің о бастан болмағаны анық.

XXI ғасыр. Медицина мамандарының айтуынша, «испан тұмауы» және COVID-19 салыстыру арқылы инфекциялардың ұқсастығын табуға болады. Екеуі де ауа тамшылары арқылы жұғады, екеуі де өкпеге әсер етеді, олардың қоздырғыштары жануарлар арқылы таралды. Бірақ, бұл қазіргі пандемия «испан тұмауы» сияқты ұзақ әрі өлім көрсеткіші көп болады дегенді білдірмейді. Бүгінде медицина дамыған, дәрі-дәрмектер бар, алғашқы вакциналар пайда бола бастады, медициналық көмек қолжетімді. Сондықтан қазіргі пандемияны «испан тұмауымен» салыстыруға келмейді. О заманмен бұ замандағы пандемияны салыстырсақ, қазіргі денсаулық сақтау деңгейі заманауи әрі дамыған.  

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бұдан қандай қорытынды шығады? Сол кезде «испан тұмауымен» ауырған науқастар қазіргі уақытта өмір сүргенде көбісі аман қалар еді. Ал, керісінше, COVID-19 пандемиясы сол уақытта өршігенде өлім-жітім бұдан да көп болар еді. Екі инфекцияны салыстырғандағы нәтиже – осы.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here