Төле би мен Балуан Шолақ бабаларымыздың кіндік қаны тамып, Керей мен Жәнібек хандар хандық құрған қасиетті мекен – шуақты Шу өңірі күннен-күнге көркейіп келеді. Биыл тоғыз жолдың торабына айналған Шу ауданына – 90, ал Шу қаласына – 60 жыл толды. Осыған орай ауданда ауыз толтырып айтарлықтай игі істер атқарылуда.
Аудандағы жағымды жаңалықтардың бірі – Алға және Бірлікүстем ауылдық округтерінде көптен күткен мектептердің құрылыстары аяқталып, білім алушыларға есігін айқара ашты.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылған Алға ауылдық округіндегі 300 орындық Амангелді атындағы орта мектеп іске қосылып, пайдалануға берілді. Жақсыны көрмекке асыққан аудан әкімі Нұржан Календеров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева жаңа білім ордасын аралап, ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
«Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білім саласына баса назар аударып келеді. Заман талабына сай салынған жаңа ғимаратта пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана және медициналық бөлмелер бар. Қысқасы, оқимын деген жанға барлық жағдай жасалған.
Амангелді атындағы орта мектептің директоры Дана Тілеужанова мекеме басшысы ғана емес, аталмыш білім ордасының түлегі, осында отыз жылдан астам уақыт қызмет етіп, шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан жоғары санатты ұстаз ретінде ой бөлісті.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Өскелең ұрпақ заман талабына сай білім алуы үшін барлық жағдай туғызылуы керек» деген болатын. Сондықтан да тәуелсіз еліміздің келешек ұрпағын тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2019 жылдың соңғы айларында мектебіміздің құрылысы басталып, бүгін іске қосылып, барлығымызды қуанышқа бөледі. Білім беру жүйесінің мақсаты – жан-жақты, білімді, шығармашылық қабілеті және танымдық белсенділігі жоғары тұлғаны қалыптастыру. Біздің ұжымдағы білікті де білімді мұғалімдердің тәжірибесі бұл істі одан әрі жандандырады деп сенемін», – деді мектеп директоры.
Сонымен қатар, өткен аптада ауданның 90 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілген аудандық емхананы көру үшін аудан әкімі Нұржан Календеров арнайы барды. Аудандық орталық ауруханаға жапсарлас салынған емхана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерді. Ал, заман талабына сай салынған нысан құны 261 млн теңгені құрады.
Міне, бұл тарихы терең, шаруасы келісті ауданда атқарылып жатқан игі істердің бір парасы ғана. Ал, 100 мың халқы бар тоғыз жолдың торабындағы өңірде атқарылып жатқан шаруа толайым екен.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН, шолушы