Сәбденов салған сара жол

0
3137

90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өткенінен сабақ алып, болашаққа көз жүгіртіп, сол кезеңдегі маңызды оқиғаларға тоқтала отырып, көп жылдар бойы осы жоғарғы оқу орнында елеулі қызмет атқарған зиялы ерен еңбектерін атап өту үлкен парыз.

Қазақстанның ауылшаруашылық білімі мен ғылымының көшбасшысы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тарихы терең, мазмұны бай. Университет іргетасының қалануы 1929 жылы еліміздегі екінші жоғары оқу орны – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының құрылуынан басталып, 1930 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының  құрылуымен жалғасын тауып, 1996 жылдан бастап аталған екі жоғарғы оқу орнының негізінде алдымен Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, ал 2001 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылып ауыл шаруашылығына білікті мамандар дайындауда елеулі үлес қосып келеді.

Мал шаруашылығы мен мал дәрігері мамандарын дайындау бағытында алғашқы кезде әр сала бойынша қажетті кафедралар ашылып, оларға тәжірибесі мол белгілі ғалымдар шақырылды. Олардың қатарында малды қолдан ұрықтандыру әдісін жасақтап, өндіріске алғашқы енгізген профессор И.И.Иванов, математик профессор А.А.Ермеков, паразитолог Н.Порлов, академик С.А.Василецский, ғалым П.Н.Крупенинков, агрономия кафедрасына академик Д.Л.Зыков, мал азығы кафедрасына профессор Ф.И.Беднягина тағы басқа ғалымдар болды.

1930-1932 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының қазақ-орыс тілі кафедрасында қазақ халқының біртуар қаламгері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың еңбек етіп, студенттерге дәріс беруі, сол кездегі институттың орнының ерекше жоғары болғанын көрсетсе, екіншіден ұлы ғұламаның ауыл жастарын мал маманы ретінде дайындауға қосқан үлесі екендігін айта кеткен де жөн.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының дамуына айрықша үлес қосқан институт шәкірті, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, 1983-1996 жылдардағы институт ректоры Сәбденов Қалдыбек Сәбденұлы болатын.

Қалдыбек Сәбденұлы 1932 жылы 20 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жылға станциясында дүниеге келген. Ол 1952 жылы Қапланбек малдәрігерлік техникумын, 1957 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік дипломдармен бітірген. Еңбек жолын 1957 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының бас мал дәрігері қызметінен бастап, аудандық атқару комитетінің төраға орынбасары, колхоз төрағасы, кеңшар директоры, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып еңбек еткен Қалдыбек Сәбденұлы қандай лауазымда еңбек етпесін барлық білімін, өмір тәжірибесін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамгершілік қасиетінің нәтижесінде жоғары табыстарға қол жеткізеді. Нарын құмында орналасқан, негізгі бағыты мал шаруашылығы болатын Жаңақала ауданында институтты жаңа бітіріп барған Қалекең өзімен бірге Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында бірге оқыған зайыбы Әмина Зейредінқызы Қуанышева екеуі ауылдық жерде жас, жігерлі, білікті, білімді мал мамандардың жоқ кезінде қысқа курстарды бітірген жауапты азаматтарды үйретуді ұйымдастырып, жұмылдырып, малдәрігерлік-зоотехникалық жұмыстарды жүйелі ретке келтіріп жолға қойды, әрі мал шаруашылығы мәдениетін көтерді.

Өндірісте ысылып, ауыл халқының сый-құрметіне бөленген Қалдыбек Сәбденұлының бар ойы ғылыммен айналысу, әрі осы салаға өз үлесін қосу болатын. 1968 жылы ол қазақ елінің мал шаруашылығының кемеңгер ғалымы, академик Медеубеков Қилыбай Үсенұлына жолығып, ғылыммен  түбегейлі айналысу жөніндегі өзінің ой-пікірін ортаға салады. Қалекеңнің алдында таңдау тұрды – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының бірінші хатшысы қызметі және мал шаруашылығы ғылымымен айналысу. Әрине, екі ұлы тұлға ғылым жолын таңдап, Қалекең сол жылы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жаңа ұйымдастырылған технологиялар бөліміне меңгеруші болып тағайындалады.

Үлкен ізденістердің нәтижесінде қасына білімді, белсенді, ізденімпаз, өнертапқыш жастарды жинап, болашағы бар ғылыми жұмыстардың бағыттарын белгілеп алды. Ендігі мақсат ғылыми зерттеулерде алынған нәтижелерді өндіріске енгізу. Осы ойларын нақты істе өндіріс жағдайында  көрсету үшін Ақсеңгір тәжірибе шаруашылығына директор болып барды. Шаруашылықтың көп салалы жұмысында негізгі ғылыми жұмыстарды басшылыққа ала отырып, жоғарғы нәтижелерге қол жеткізді. Шаруашылық жан жақты дамыды, табысы артты, ең бастысы ғылыми жаңалықтар өндіріске ендірілді. Мал азығын дайындау, өңдеу, оны малға әзірлеп беру жөніндегі ғылыми жетістіктерді пайдаланып, малды топтап үлкен механикаландырылған алаңда бордақылау технологиясы өндіріске ендірілді.

Зерделі ғалым, іскер азаматтың еңбектері ескеріліп, ол 1973 жылы Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ал 1978 жылы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Қалдыбек Сәбденұлының Алматы облысында еңбек еткен 1973-1983 жылдары оның іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті айқын көрініп, ізденімпаз, белсенді басшы ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлесін қосты. Нәтижесінде колхоздар мен кеңшарлар саны облыста 120-дан 180-ге жетті.

Қалдыбек Сәбденұлы 1983 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры болып тағайындалды.   Оның келуімен институт өмірі қайта жандана бастады, әр қызметкердің, ұстаз-профессорлардың жауапкершілігі артты, мамандар дайындау жұмыстары жақсарды.

1983-1996  жылдар аралығында Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының штаттық қызметкерлерінің және аспиранттарының ішінен 128 адам кандидаттық, 35 адам докторлық диссертация қорғады, 15 адам мемлекетік сыйлықтарға ие болды. Ветеринариялық және зоотехникалық ғылымдарының көрсеткіштері жоғары көтеріліп, өндіріске көптеген нақты ұсыныстар берілді. Үш жаңа қой тұқымы, екі ірі қара мал тұқымы және ондаған жануарлар мен құстардың індеттік ауруларына қарсы биопрепараттар шығарылды. Отбасылы қызметкерлерге арналған екі жатақхана, 18 мың шаршы метрлік оқу-зертханалық ғимарат салынды. Қалған оқу ғимараттары, жатақханалар және стадион күрделі жөндеуден өтті. Үй кезегінде тұрған қызметкерлер (200-дей адам) жаңа пәтерлер алды.

Сол жылдары ескірген ғылыми-зерттеу лабораториялары барлық кафедраларда қайта құрылып, түбегейлі өзгеріске ұшырады. Ғылыми жұмыстардың тақырыптары қайта қаралып, нақты қажеттілікке, өндіріс талабына бағыттандырылды. Институтта аспирантура және докторантура қайта құрылып, диссертациялық тақырыптарға экспертиза жүргізіліп, өзекті тақырыптар таңдап алынды. Көптеген жұмыстар ғылым академиясымен және ВАСХНИЛ-дің шығыс бөлімшесімен бірлесіп, үйлестіріліп жүргізілетін болды.

Ұстаз профессорлардың деңгейін, жауапкершілігін көтерумен бірге оқу-материалдық базаларын да жақсарту, жетілдіру қолға алынды, оқу-техникалық, зертханалық жабдықтар жаңартылды, компьютерлер алынды. Оқу процесінде микроскоп, электронды микроскоп, лупа, көптеген дәрігерлік құралдар, приборлар, басқа да жабдықтардың жаңартылып тұруына көп көңіл бөлінді. Тірі жәндіктер: бақа, тышқан, қояннан бастап қой, сиыр, жылқы, түйеге дейін ветеринариялық клиникаға әкелінді. Міне, осылардың бәрі оқу барысына, сапасына оңтайлы әсер етті. Олардың ұдайы жаңарып тұруы қадағаланып отырылды.

Оқу орнының басқа ғылыми-зерттеу институттарымен келісім-шарт жасап, студенттерді тәрбиелеуге белгілі ғалымдар бірге тартылды. Осы орайда Ақсай оқу-тәрбие шаруашылығының өндірістік және экономикалық тиімділігіне ерекше назар аударылып, оның өндірістік көрсеткіштері ұтымды жолдарға қарай өзгертіліп, алған өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге қол жеткізілді. Осы шаруашылықта асыл тұқымды ірі қара мал фермасы өмірге келді. Сонымен қатар, бұл шаруашылықта студенттердің оқу және өндірістік тәжірибелерден өтуіне мүмкіншілік туғызылды.  

Тоқтап қалған оқу-лабораториялық корпустың құрылысы жалғастырылды. Соның сыртында ауыл балаларын түгелдей жатақханамен қамтамассыз ету үшін екі 9 қабаттық 900 орындық жатақхана және бір асхана салу жоспарланып, жүзеге асты. Ескіріп кеткен ғимараттардың бәрі қайта жөнделді. Сондай-ақ, қалалық Кеңес атқару комитетімен келісіліп, жыл сайын 10-15 пәтер алып тұру туралы шарт жасалып, оны Мәскеуден бекітіп жоспарлауға қол жеткізілді.

Қалдыбек Сәбденұлы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры болған жылдары іргелі қара шаңырақтың мерейін өсіріп, еліміз үшін небір саңлақ кадрлар даярлауға барынша үлес қосты. Бұл еңбегінің арқасында оқу орны түрлі марапаттауларға ие болды.

Ол Қазақстанға, Одаққа белгілі әлемдік деңгейдегі ірі тұлғалармен жақын, достық қарым-қатынаста болды. Солардың бірі Нобель сыйлығының және Сталиндік, Лениндік сыйлықтардың иегері, екі рет Социалистік Еңбек Ері Михаил Александрович Шолохов болатын. Михаил Шолохов 1964 жылы  Калдыбек Сәбденұлы Орал облысында жұмыс істеп жүрген кезінде сол елдегі жаңа ғана іске қосылған жайлы қонақ үйдің төрінде отырып, ағамызға «Ел көркейіп қалыпты ғой, үйлер көптеп салынған екен, қадамын қайырлы болсын, жас директор» дегенде Қалдекең өзінің табиғи ұяңдығымен жымиып: «Облысымыздың бір қиырында жатқан біздің кеңшарға келгеніңізге аса қуаныштымыз. Біз сіздің «Көтерілген тыңнан» жаңа өмірді құруды үйренудеміз. Құрметті қонағымыз болып, аунап-қунап демалыңыз. Менің алғашқы қадамымды бағалап айтылған жақсы лебізіңізге көп-көп рақмет» дегенін жиі еске алып отырады.

Оның аса іскерлігі әрі көрегенділігі – Орта Азия мен Қазақстанның зоотехникалық-малдәрігерлік институттарының ішінде ортақтандырылған кандидаттық, докторлық диссертация қорғау жөніндегі кеңесті институтта ашуы. Нәтижесінде тек Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғалым-ұстаздары 37 кандидаттық, 27 докторлық диссертациялар қорғап, еліміздің ірі ғалымдары қатарына қосылды. Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келіп кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаған ғалымдардың саны да жеткілікті.

Қалдыбек Сәбденұлы ректорлық қызметін атқарған жылдары мал шаруашылығы және ветеринария мамандарының біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар кеңінен өрістетілді. Біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істеген уақытта онда 15 мыңнан астам адам оқыды, оның ішінде 7,5 мың өндіріс ұйымдастырушысы, 2 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшысы және аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары, 1,8 мың зооветмаман (оның ішінде 600 мал дәрігері), 1,2 мың ауыл шаруашылығы техникумдарының оқытушысы, 400 еліміздің ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының оқытушысы болды. Олардан басқа 170 маман, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, ғылыми қызметкерлер, шет елдерден келген жоғары оқу орындарының оқытушылары өз біліктіліктерін арттырды және тағылымдамадан өтті.

Қалдыбек Сәбденұлы мал шаруашылығы  мамандығы бойынша ғылым докторы, профессор атақтарының иегері болып, тағылым аларлық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, 10 ғылым докторын, 15 ғылым кандидатын дайынап, 350 ғылыми еңбектің, 7 монографияның, 18 оқулық пен оқу құралының авторы атанды. Генетикалық-селекциялық ғылыми-зерттеулерді жүйелі жүргізе отырып, қойдың екі жоғары өнімді, төлшіл тұқымын және үш сүлесін шығарған.

Қалдыбек Сәбденұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының, Батыс Қазақстанның Жаңақала және Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш аудандарының «Құрметті азаматы». Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеттің ғылыми кеңесінің шешімі бойынша «Технология және биоресурстар» факуьтетінің мал шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының бір аудиториясына профессор Қалдыбек Сәбденұлы Сәбденовтың аты беріліп, толық жабдықталған. Университеттің 90 жылдығына шығарылатын «Ғибратты ғұмыр – Жизнь замечательных людей» атты серия бойынша оның өмір және еңбек жолын қамтитын кітап баспадан шығуға дайын.  

Мен әр кезде Қалдыбек Сәбденұлымен аграрлық саланың жай-күйі мен университетті дамыту бағыттары бойынша пікір алмасып, ой бөлісіп отырамын. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының негізінде құрылған зоотехния және ветеринария факультеттерінің бүгінгі жұмыс барысында ұлағатты ұстаздың мол тәжірибесі мен ақыл-кеңестеріне сүйеніп келеміз. Бұл күндері ол бейнеттің зейнетін көріп, университет студенттері мен магистранттарына, PhD докторанттарына ақ тілек батасын беріп, өзінің әріптестерінің құрмет-қадіріне бөленіп жүрген ел ағасы.

Бүгінде осындай тұлғалы ғалымның бастаған игілікті істері заңды жалғасын тауып келеді. Қазіргі уақытта Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының бірнеше кафедраларының негізінде құрылған Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасында 142  бакалавр, 13 магистр, 17 PhD-докторы білім алуда. Кафедрада 2 ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1 – корреспондент-мүшесі, 1 – Ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1 – Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 11 ғылым докторы, 16  ғылым кандидаты және 3 PhD-доктор еңбек етуде.

Мал шаруашылығы бойынша университеттің оқу тәжірибелік шаруашылығында  «Асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығында Ақылды ферма (Smart ферма)» инновациялық ғылым-білім орталығын құру туралы арнайы жоба жасалынды. Оның негізгі мақсаты озық тәжірибеге бағытталған білімді, білікті ауыл маманын даярлау. Жобаға сәйкес аталған сүт өндіру фермасындағы барлық процестер әлемдік инновациялық технологиялармен қамтылатын болады.

Мал өнімдерін өңдеу мен оның негізінде азық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технолог мамандарын дайындау бағытында университетте жаңа кафедра ашылып, ол өз жұмысын жүйелі жүргізуде.

90 жылдық тарихы бар университеттің ғалым ұстаздарының еліміздің мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарымен бірлесе жүргізілген зерттеулерінің нәтижесінде етті бағытындағы ірі қара малдың – Әулиекөл; сүтті бағыттағы ірі қара малдың – Алатау, Әулиеата; биязы жүнді қойдың – Оңтүстік Қазақстан мериносы, қазақтың етті-жүнді жартылай биязы қой тұқымы; елтірілі қойдың – ақ Қаракөл тұқымы; етті-майлы қойдың –  Сарыарқа тұқымы, Ордабасы қой тұқымы; қылшық жүнді қойдың – дегерес қой  тұқымы шығарылды.

Қазіргі уақытта университеттің мал шаруашылығы және ветеринария салаларында білім беру бағдарламалары соңғы жылдары аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (HAAP/IAAR) және білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (БСҚТҚА) жүргізетін Республика жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес Ұлттық рейтингтерінде бірінші орындарды алып отыр. Сондай-ақ, білім берудің екі деңгейі (бакалавриат, магистратура) бойынша білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету «ACQUIN» (Германия)  Халықаралық институтында мамандандырылған аккредиттеуден өтіп, сапа сертификаттары алынды. Сонымен қатар, университет ғалымдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тығыз байланыс жасап, оларға консалтингтік қызметтер көрсетеді және фермерлік шаруашылықтар базасында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізеді.

Университет 2020 жылы 23 қазан күні Үкіметтің №707 қаулысымен зерттеу жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды. Жаңа мәртебе университетке білім, ғылым және өндіріс интеграциясын дамытуға, зияткерлік меншік өнімдері мен технологияларды коммерцияландыру үшін жағдайлар жасауға, инновациялық технологияларды тартып, енгізуге, аграрлық еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар дайындауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ұлттық зерттеу университеті мәртебесіндегі оқу орнымыз мал шаруашылығы және мал дәрігері мамандарын даярлауда жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, осы саланың өркендеуіне ықпал жасай алатын, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие білікті мамандар дайындау бағытындағы еліміздегі аграрлық саладағы ірі білім және ғылым ордасы.

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here