Жетпіс жыл бойы он бес кеңестік республиканы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған КСРО-ның өткен ғасырда қалай күйрегені тарихтан белгілі. Сондықтан бұл деректерді қазір қайталап жату артық шығар. Ең бастысы, тоқсаныншы жылдардың басында әлем картасында Қызыл империяның орнында он бес тәуелсіз мемлекет пайда болды.
Содан кеңестік жүйенің бодандығынан босап шыққан республикалар «кеңестік», «социалистік» деген атаулардан бас тарта бастады. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ның атауы «Қазақстан Республикасы» болып өзгертілді. Бірер күннен кейін, яғни 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптер негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік күні ретінде бүкіл әлемге танылды.
Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами бастады. Еліміздің жаңа конституциясының жобасы дайындалды. Облыстардың, қалалардың және аудандардың басқару органдарына реформалар жүргізілді. Жаңадан әкімдер лауазымы енгізіліп, олардың алдына Президент пен Үкімет шешімдерін орындау, жергілікті жерлерде экономикалық, мәдени-әлеуметтік мәселелерін шешу міндеті қойылды. Әкімдерді тағайындау, оларды қызметінен босатуды Қазақстан Президенті мен жоғарғы әкімшілік органдары жүргізетін болып белгіленді. Ал, бюджетті бекіту, оның орындалуын қадағалау, депутаттармен жұмыс жүргізу, тұрақты комиссиялардың қызметіне басшылық ету, әртүрлі қоғамдық ұйымдармен байланыс жасау Кеңестердің қарауына берілді.
Қазақстан Республикасының тәуел-сіздігін дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т.б. ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) кірді. Сонымен қатар, Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды.
Осыдан 29 жыл бұрын Қазақстанның мемлекетік Тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптерін дербес айқындады.
Бүгінгі күнде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, сол уақыттарда тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Үкіметінің мүшесі, яғни Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған Қуаныш Сұлтанұлы өзінің 2005 жылы жарық көрген «Серпінді кезең» атты еңбегінде еліміздің даму қарқынына былайша баға береді: «Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған мүлде жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында дамып келеді. Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік. Тоталитарлық жүйенің құлдырауымен бірге КСРО-ның ұлттық саясатының тым идеологияландырылып жіберілген, түбірімен қате ұлттық стратегиясын 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі аяусыз әшкерелеп берген болатын. Сондықтан аяғынан енді ғана тұрған Қазақстан мемлекеті үшін мүлдем жаңа ішкі саясат жүргізуі тиіс еді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастырды. Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Ұлтаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Әрі оған басқа мемлекеттер де қызығушылықтарын білдіріп отыр. Бұл бір экономикалық формациядан басқа, үлкен экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға өтудің кезіндегі кедергілерге қарамастан адамдар арасындағы бір-біріне деген сенімнің болғандығының жарқын көрінісі болып табылады».
Елімізде Президент қызметінің енгізілуі қоғамдық-саяси өмірде терең саяси реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақстанда бір партиялық жүйенің орнына көппартиялық жүйе қалыптаса бастады. 1996 жылдың 30 қаңтарынан бастап екі палаталы Парламент жұмыс істеп келеді. Тауар тапшылығы жоғалып, өнім сапасы жақсарды. Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында меншік иелеріне айналды. 1993 жылы 15 қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға шықты. Жаңа мемлекет халықтың тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыра алды. Мұндай орасан зор өзгеріс оңайшылықпен келген жоқ еді. Жетпіс жылдай қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы табысты жүргізілді. Банк жүйесі батыл түрде реформаланды, халықтың банкке деген сенімі артты және жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары тұрақты түрде өсті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерін құрды. БҰҰ-ның шешімімен тарихқа «Бейбітшілік миссиясы» ретінде енген Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шараларға қол жеткізді.
Еліміздегі аса өзекті әрі кезек күттірмес басты мәселеміздің бірі болып саналатын тіл саясатын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз байыптылық танытып жүргізіп келе жатырмыз. Дегенмен, Қазақстан халқы мынаны түсінулері керек. Қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдылық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тіпті, қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет.
Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі екінші орында көрсетілген. Барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады.
Тәуелсіз даму кезеңінде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тән үлгісі қалыптасты. Халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде бізге өткен жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік берді және бұл, сөз жоқ, біздің маңызды стратегиялық ресурсымыз. Тек бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қоя аламыз.
Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шет елдермен арадағы шекараны дәйектілікпен бекітті. «Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес 1999 жылы Мемлекет басшылары шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Бұл келісімнің тарихи маңызы ерекше зор еді. Себебі, алып Қытай 15 мемлекетпен шектеседі. Олардың бізден басқа бір де біреуімен Қытайдың толық шекаралық келісімі әлі жоқ. Ғасырдан ғасырға созылған шекаралық дауға соңғы нүкте қойылды. Енді 1 782 шақырымдық шекара сызығындағы белдеу халықаралық деңгейде мойындалған заңмен қорғалады. Ал, 2005 жылы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан-Ресей шекарасы анықталып, БҰҰ тарапынан мойындалды. Қазақстан-Ресей шекаралары құрлықтағы ең ұзын шекара болып табылады. Оның ұзындығы 7 591 шақырымды құрайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны межелеу сияқты саяси салмағы ауыр мәселе әлемдік халықаралық құқықтық тәжірибеде өте сирек кездеседі, соған қарамастан қысқа уақыт аралығында шекара сызығының барлық нүктелері келістірілді.
Елімізде индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақ елінің дәл жүрегінен, Еуразия кіндігінен барша қазақстандықтардың мақтанышы әрі ұлттық жетістігіміз – жаңа Елордамыз бой көтерді.
Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары Елордамызда бас қосып, Астана доктринасын бірауыздан қабылдады. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің арқасында келгенін және бұл қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі екені анық.
Ғасырлар бойы армандаған азаттықты қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Азаттықтың таңы атқан осы 29 жылда Қазақстан талай белестерді бағындырды. Оның біразын жоғарыда атап өттік.
Иә, «артқа тастаған жиырма тоғыз жылдың ішінде не атқардық» деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал, бір мемлекетке жетерлік іс атқарылғаны айдан анық.
Руслан ХАМЗА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ ҚАЛАСЫ