Нағима Салихова: «Өткенді есіме алсам, желтоқсанның ызғары бойымды әлі де қарып өтеді»

0
2720

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,

Мұз бенен қар жылжығандай құздан бүгін.

Өттің де астан-кестен ойда-жоқта,

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың…

«Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева Желтоқсанды осылай жырлады. Бүгін сол «артына ұмытылмас із қалдырған» Желтоқсан көтерілісіне отыз төрт жыл, ал тәуелсіздік алғанымызға жиырма тоғыз толып отыр. Бұл екеуін бір-бірінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Өйткені, біз тәуелсіздікке талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп барып жеткен халықпыз.

Нағима Салихова

Желтоқсандықтар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кеңестік сорақы реформаларды, жүз мыңдаған қазақты қынадай қырған ашаршылықты, Алаштың асыл ұл-қыздарының өмірін жалмаған саяси қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғысты, одан беріде тың игеру мен жаппай орыстандыруды көзімен көріп, басынан өткізген аға буынның балалары мен немерелері еді. Және желтоқсандықтар тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалын сезінгенімен, оның илеуінде біржола жаншыла қоймаған ұрпақ болатын. Ал, қазір лайықты бағаланбай келе жатқан сол желтоқсандықтар осыдан 34 жыл бұрын өз елінің азаттығы үшін ең биік қамалдарды алуға даяр екендіктерін нақты іс-әрекеттерімен әлемге дәлелдеп берді. Осылайша, «ел басына күн туғанда, ерлер етікпен су кешті».

Өкінішке қарай, 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында сырттай бақылап тұрғандар қазір көпіріп сөйлейтін болды. Ондай «желтоқсандықтардың» талайын көріп те, естіп те жүрміз. «Ит жоқта, шошқа үретін» қазіргі заманда ондайларға таңғалудан да қалдық. Ал, нағыз желтоқсандықтардың басым бөлігі осыдан 34 жыл бұрынғы ызғарлы күнді еске алуды құп көрмейді. Жазылмаған жараны тырнай берген де дұрыс емес шығар. Дегенмен, батырлық дәріптелуі керек екенін ойлағанда, нағыз желтоқсандықтар жайлы тағы жазбай тұра алмайсыз. Мәселен, біз оқиға куәгері Нағима Салихованы сөйлете отырып, осыдан отыз төрт жыл бұрын болған көтерілістің шынайы болмысын аңғарғандай болдық. 

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан рухы мықты қазақ қызының алдымен қысқаша өмірбаянымен танысайық.

Нағима Асқарқызы 1962 жылы 23 шілдеде бұрынғы Семей облысының Көкпекті ауданына қараған, қазіргі Тарбағатай ауданының Құмкөл ауылында жарық дүниеге келген. Алматының Бас киімдер  фабрикасында бухгалтер-оператор болып еңбек етіп жүрген кезінде, яғни 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 3 жылға бас еркінен айырылады. Жазасын «Жауғашты» әйелдер колониясында өтеп, 1988 жылы 1,9 жыл өткенде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

Сағы сынбаған қайсар қызға қатысты соттағы бір-екі эпизодты айта кеткен дұрыс болар. Мысалы, «Нағима Салихова 1986 жылы 17 желтоқсан күні Қыздар педагогикалық институтының жатақханасындағы таныстарына барғанда қалада болып жатқан жаппай тәртіпсіздік жайлы естиді. Алматы бас киімдер фабрикасында бірге қызмет істейтін А.Г.Калимова атты құрбысы екеуі аталған кәсіпорынның өздері тұратын   жатақханасына қайтып келген соң ұлтшылдық тақырыбында үгіт жұмысын жүргізеді. Н.Салихова СОКП мүшесі бола тұрып, өзінің беделін пайдаланып жұмысшылар тобын жасақтап, «билік өкілдері студент жастарды ұрып-соғып жатыр» деп жұмысқа бармай, алаңға баруға шақырып, билікке бағынбаған…» деген сөздер сот айыптау хаттамасында жазылыпты.

Сот жазбаларына зер салсақ, «Кәсіподақ төрағасы Кучина топ ішінен Нағиманы алып шығып, «Сен коммуниссің ғой, мұның не?» деп бөгемекші болған. Алайда, Нағима Салихова есіктің құлпын бұзып, сыртқа шыққан топпен бірге алаңға бет алған. Сот залында 23 жастағы бойжеткеннің өзіне тағылған айыпты мойындап тұрып: «Жастарды ұруға кімнің қақысы бар? Біз өз қарсылығымызды білдірдік. Сол үшін соттайсыздар ма?» деп жауап бергені де сақталыпты. Сотта Нағима Салихова кінәсін мойындамаған. Қылмысы дәлелденбесе де: «…Вина Салиховой не доказано. Однако…» деп көп нүктемен сот үкімі шығарылған. Сөйтіп, сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болған ұлтжанды  қыз жазықсыз  үш жылға бас бостандығынан айырылып кете барған.

1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін толық ақталған Нағима   Салихова бүгінде Алматы қаласында тұрады. Тағдыры талай сынға алса да, сағы сынбаған қайсар қыз Алматы қалалық Тұрғын үй басқармасында қатардағы  мастерден директорлық лауазымға дейін көтерілді. Бақытты жар, асыл ана, ардақты әже.

Одақтың отаршылық жүйесіне қарсылығын бар болғаны 23 жасында ашық көрсетіп, сол кездің өзінде қызыл билеті мен жайлы қызметін  қазағының азаттығын алуы жолында жалтақтамай құрбан еткен кейіпкеріміз:  «Өткенді есіме алсам, сол желтоқсанның ызғары бойымды әлі де қарып өтеді» дейді.

Иә, Желтоқсан – жүректегі жазылмас жара…

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here